
Құлмұхаммед ишан
1916 жылы басталған ұлт-азаттық қозғалысының 100-жылдығына арналады.
Здесь есть иллюстрация
Зарегистрируйтесь или войдите, чтобы увидеть ее и другие изображения
Ислам дінінің қазақ еліне тарау процесі VII ғасырда басталып, бүгінгі күні әлі жалғасып жатыр. Ұлы даламыздың оңтүстік қалалық аймақтарына исламды араб халифтары түрік қағандарымен күресе отырып таратты. Нәтижесінде Х ғасырда Қарахан мемлекеті исламды мемлекеттік дін деп жариялады. 922 жылы халифтың елшісі ибн-Фадлан Бұлғар патшасын Исламға қабылдауға барды. Қалған көшпелі аймақтарымызда тіршілік еткен оғыздар, оларды батысқа ығыстырған қимақтар, қимақтардың мұрагерлері қыпшақтар түрік заманынан келе жатқан тәңірлік дінін ұстаным етті.
Шыңғыз қағанның жорықтарынан кейін қазақ жерінде Жошы үлесі орныққанда да ислам, христиан, будда миссионерлерінің өз діндерін тарату әрекеттері жүзеге аспай, Алаш елінің билігі ата-бабаларынан қалған Тәңірге сенімін басқа дінге қимады. Тек Жошы үлесінің ханы Беркенің кезінде Мысыр сұлтаны Бейбарыс екеуінің арасында саяси, сауда, дін және мәдени қарым-қатынас орнап, Алтын Ордаға ене бастаған ислам діні кейін Өзбек хан тұсында мемлекеттік дінге айналды. Бірақ, қара халық тәңірлік дінін әдеттегідей ұстаным ете берді.
Орыс патшайымы ІІ-Екатерина империяның қазақ жерінде билік жүргізу жоспарына сәйкес, жергілікті халықтың жауынгершілігін басу үшін, елді имандылық арқылы сабырлы, момынды қоғамға айналдыру мақсатында ислам дініне қолдау көрсетті. Сонымен қатар, орыстар мұсылман дін басшыларын татар халқының өкілдерінен сайлап, қазақтарды аль-Бұқари таратып кеткен Орта Азиялық дін басшылығынан айыруды көздеді.
1865 жылы орыс патшалығы, Ташкент қаласын жаулап алысымен, қазақ жерінде ашық отарлау саясатын жүргізе бастады. Батыс, солтүстік, Жетісу аймақтарында құнарлы жерлерден жергілікті қазақ руларын шалғайдағы шөлді далаға ығыстырып, қалалар салып, Оралдың ары жағынан орыс шаруаларын көшіріп, православ христиан дінін тарата бастады. Тіпті қазақ медреселерін салуға рұқсат алу үшін міндетті түрде орыс тілін оқыту талабы еңгізілді. Осы кезеңде дала аймақтарында тығыз шоғырланған қазақтан шыққан дін қайраткерлері, қазақ елінің сана-сезімін орыс ықпалынан аман алып қалу үшін, көптеген медресе, мешіт салуға ат салысты.
Ұлытау өңірінде ХІХ ғасырда он тоғыз мешіт болған деген мәлімет айтылады. Қорғасын жақта Яхуда ишан мешіті, Кеңгірдің бойында Қонысбай мешіті, Қорғантаста Ахмет ишан мешіті, Сарлықта Қырық құдық мешіті, Дүйсембайда Бұрмаша мешіті бой көтерді. Көптеген би-болыс, ишандар елдің рухани азығы — мешіт салу үшін ұйымдастыру және қаржыландыру жұмыстарына жарыса кірісті. Солардың бірі, бүгін біз қозғап отырған тақырыптың кейіпкері — Арыстанбайұлы Құлмұхаммед ишан.
Құлмұхаммед ишан қыпшақ елінің Бердікей тармағынан тарайды. 1841 жылы Ұлы Жыланшық өзенінің алабына кіретін Дулығалы өзенінің бойында Терісбұтақ деген жерде дүниеге келген. Бала кезінде хат танып, араб әліпбиін қолдануды өз әкесі Арыстанбайдан үйренген. Есейген сайын баланың бойында дін қызметін атқаруға талпыныс күшейді. Сол қызметтің оңды-солды аспектілерін игеру мақсатында 11 жасты жасөспірім өңірде сауда-саттық жасап жүрген саудагерлер керуенінің біріне қазаншы болып жалданып, түстікке аттанады. Әкесі Арыстанбай баласының талабына ақ батасын беріп шығарып салады. Сөйтіп, Құлмұхаммед ел аузындағы деректерде Бұхара мен араб елдерінің тәуір медреселерінен дәріс алып, ишан дәрежесін алумен қатар, медицинаны, қол өнерін, құрылыс салу машығын да үйреніп, елге оралады.
Ең алдымен ишан балалар мен жергілікті елдің сауатын арттыру мақсатында ХІХ ғасырдың 60 жылдары Дулығалы өзенінің бойында медресе салады. Жалпы ауданы 350 м2 құрайтын ғимарат 24 бөлмеден тұрған. Кіреберіс есігі оңтүстік-шығысқа қараған. Онда дін сабақтарымен қатар жағрафия, есеп негіздері оқытылып, араб тілі үйретілді.
Құмұхаммед Арыстанбайұлы медреседе мұсылманша білім берумен қатар, сол кездің саясатының талабына орай орысша оқытуға да мән беруге мәжбүр болды. Ол үшін татар жігіті Ғалиулланы арнайы шақыртып, үлкендердің наразылығына қарамастан ауыл балаларының арифметиканы, жағрафияны, орыс тілін үйренуіне мүмкіндік жасаған.
Медреседе ошақты Оразбай, көкмұрын Жапарқұл Қоңыратбайұлы, бердікей Жақсылық Батырбайұлы секілді молдалар дәріс берген. Дулығалы, Ащылы төңірегін жайлаған елдің балалары Құлмұхаммед ишан негізін қалаған медреседе 4-сыныптық білім алып, қазақша, орысша және Құран тілін үйреніп, кейіннен көпшілігі ел басқару ісіне араласты. Мұнда діни кітаптармен қатар, әдеби кітаптар, орыс тіліндегі оқулықтар да болған. Медресені оқып шыққан қазақ жастары Ұлытау өңірі елін сауаттандыру ісіне біршама үлес қосты. Бұл медреседе тәлім алғандардың қатарында 1916 жылы Торғай көтерілісінің сардарбегі Амангелді Үдербайұлы да бар.
Бүгінгі күні медресенiң орнында үйiндiсi ғана қалған. Медреседен кейін Құлмұхаммед ишан мешіт салуға кірісті. Алғашында мешіт Ақсуаттың жар қабағына табаннан шым ойылып, күмбезсіз салынған. Ол сапасыз болған соң күйдірілген кірпіштен қазір тұрған орнына қайта салынған.
Дулығалы мешіті («Терiсбұтақ мешiтi», «Бердiкей мешiтi», «Құлмұхаммет ишан мешiтi») 1902 жылы салынып біткен. Бұл ғимарат ишан ұйымдастырған діни орталықтың ең көрнекті сәулет туындысы еді. Мешіт тоғыз күмбезді, сыртқы қабырғасы үлкен қызыл кірпіштен, ал ішкі қабырғасы шикі кірпіштен, төбесі тіреусіз, бүріп өріліп тұрғызылған. Жалпы ауданы 360 м2. Ұзындығы 23,4 м., ені 15,4 м. Михраб Меккеге, яғни оңтүстік-батысқа қарайды. Азан шақыратын мұнарасының биіктігі 7 м., диаметрі 2,6 м. Мұнара таңғы азаңға қарап ғимараттың солтүстік-шығысында орналасқан. Ғимарат қабырғасының биіктігі 3,5 м. Іргетасының биіктігі 0,9 м.
Терезелері жерден 1 м. биіктікте орналасқан. Мешіттің төбесіндегі күмбездерінің орналасуына қатысты екі пікір бар. Бірі тоғыз күмбездің бірі есік мандайшасында, бірі мұнараның төбесінде, алтауы үш-үштен ғимараттың екі қанатында және бір үлкен күмбез төбесінің қақ ортасынан салынған десе, екінші жақ тоғыз күмбездің бәрі ғимараттың ортаңғы бөлігін жапқан дейді.
Құлмұхаммед ишан мешіттің жобасын, кесектерді дайындауды, құйылуын Түркістанға барып үйреніп келіп, қалыптарын өзі жасаған. Қызыл күйдірілген кесектерде оннан аса ою түрі, аяттар жазуы болған. Ғимарат Бұқара архитектура үлгісімен салынған. Намаз оқып, дәрет алатын, жайнамаз, киім ілетін және кітапхана бөлмелері болған. Онда арбша, парсыша, шағатайша, орысша кітаптар қойылған.
Дулығалы мешіті мен медресе құрылысына құйдірген кірпіштерінің өлшемдері де, ою-өрнектері де әртүрлі. Ғимараттардың терезелеріне әйнек жергілікті гипс қабаттарынан тілініп алынған. Құрылысқа сол төңіректегі Есенғұл, Таңат, Қаз, Бегімбет аталардың бас көтерер ер азаматтары бір кісідей қатысып үлкен көмек берген.
1916 жылдың 25 маусымында шыққан ІІ-Николайдың жарлығына қарсы көтерілісшілер осы мешітте жиналып, құрбандық шалып, ақсақалдар Аманкелді батыр бастаған сарбаздарға бата берген. Көтерiлiс басталарда, шешушi шайқастарда сарбаздар намаз оқып, Құран ұстап, салауат айтып, алған жолдан қайтпауға ант берген. Сол жиында құрбандыққа шалынған көк қошқардың және Торғайдағы жеңістің құрметіне шалынған қошқардың бас сүйектері Құлмұхаммед кесенесінде бүгінге дейін сақтаулы тұр.
Мешіт пен медресе жұмысы 1929 жылы ишандар әулетін қудалау кезінде тоқтаған. Ишандар елден қашып, Қызылордаға тақаған жерде алдынан қызыл әскері шығып малын алып, адамдарын қырғынға ұшыратқан. Шолақ белсенділер мешітті бұзып, кітапханадағы кітаптерді өзенге лақтырған. Белсенділердің біреуі төбеден құлап, бірі жерде мертігіп өлді. Мешiттен мүжiлген мұнара, жарты күмбезі мен қабырғалары ғана қалды. Дулығалы мешiтi Ұлытау облысының жергілікті маңызы бар тарих және мәдениет ескерткiштерінің мемлекеттік тізіміне тіркелген.
Құлмұхаммед ишанның діни қызметі патша үкіметінің христиан дінін таратумен қатар ислам дінін әлсірету саясаты кезінде орын алды. Мұсылман қоғамы христиан дінін кеңінен мойындату жолындағы басты кедергі болды.
Қазақтар араб елдерінде және Түркияда оқу құқығынан айырылды. Молдалар патша әкімшілігінің қатаң бақылауына алынды. Әр болыста бір ғана молда қызмет етуге рұқсат берілді. Молдаларды әскери губернатор ғана тағайындап, жұмыстан босататын болды. Мешіт салуға генерал- губернатордың рұқсатын алу үшін, медреседе орыс тілінде оқыту шарты қойылды. Молдалардың жергілікті тұрғындардың сауатын ашып, оқытуы және оның мешіт жанында жұмысқа жайғасуы үшін уезд бастығының рұқсаты керек еді. Мешіттер мен олардың жанындағы медреселерді қазақ қоғамдарының өз есебінен ұстау керек деп шешілді. Мешіттер жылжымайтын мүлкіне ие болу мүмкіндігінен айырылды.
Осыған қарамастан, Арыстанбайұлы Құлмұхаммед ишан аймақтағы қазақтардың сауатты болуына бар жігерін салып, халықтың рухани байлығын жоғарлатуына, идеялық жағынан бірігуіне, ынтымақтасуына зор жағдай жасады. Ишанның қызметі жергілікті халқты мұсылмандық мәдениетіне жақындастырып, ғылым мен әдебиеттің дамуына да әсер етті. Уағыздар арқылы елді жақсы істерге, ой тазалығына, қарапайымдылыққа, шыдамдылыққа шақырғаны ел есінде мәңгілік сақталуда.
Мұхтар Сейтжанов
15.08.2016 жыл.
Қазақтың басына төңген ұлы апаттың себептері
Большевиктердің Қазақ, Украина, бұрыңғы Ресей империясының тағы да басқа аймақтарында өз билігін тек аштықпен ғана орната алатынына көзі жетті. «Біз ескі әлемді жойып, жаңа әлем орнатамыз!» деген ұран басымды болды. Кеңес үкіметі қалай келгені, азаматтық соғыс немен біткені, «әскери коммунизм» саясаты қандай шығындарға алып келгені туралы тақырыптарды бөлек мақалаларда тарқату қажет болғандықтан, біз бірден Голощекиннің «Кіші Октябрь» саясатына назар аударғанымызды жөн көрдік.
«Советтік» қоғамды көшпенді-патриархалды жұрттан құрастыру тек дәстүрлі өмір-салтты апатқа ұшыратып қана құру мүмкін еді. Әлихан Бөкейханның мәлімдемесіне сай қазақтар эволюциялық түрде кошпеліліктен отырықшы шаруашылыққа тек 250 жылдан кейін ғана бейімделе алатын еді.
Мыңдаған жылдар бойы дамыған маусымдық жайлау малшаруашылығы даланың мінез-ғұрпына сай қалыптасқан. Оның үстінен ортағасырлық көшпенді империялардың Еуразия кеңістігінде орнатқан саяси үстемдігі тарихи санадан ұмытылмай, қазақтар еркіндікті бойына сіңірген, ешқашанда билік тарапынан орнатылған қорлап-қанау тәсілдерімен жүргізілген үстемділіктке мойынсынбаған халық еді. Қанның саясаты елдің мүддесіне қайшы келетін болса, бұқара ел оның қарамағынан көшіп кетіп, өз саяси наразылығын білдірген. Бұл жағдайда ондай қаннан ең сорақы елбасы болмаған.
Кеңес билігі ондай ел мен биліктің арасындағы қарама-қатынас туралы өте жақсы біліп отырды. Оның үстіне ұжымдастыруды ұйымдастырғандардың қолбасшысы ұлттық сұрақтар бойынша комиссары Иосиф Сталин болды. Сондықтан, қолдан ұйымдастырған аштықты большевиктер көшпенді қазақты бодан қылудағы және жаңа «кеңестік» қоғам құрудағы басты құрал ретінде қарастырды. Тек аштық пен геноцид қазақтардың азаттық жолындағы қарсыластығын жасытады деп санады олар. Солай болды да!
Экономикалық тұрғыдан қазақ даласында атқа мінген қазақты жаяу қалдырып, отырықшылыққа бейімдеп, пайдалы қазбаға бай жерде өнеркәсіпті дамытып, шикізатты мүмкіндігінше мол көлемде Кеңес үкіметінің орталық аймақтарының мүддесіне жарату көзделді. Ауыр өндіріс шоғырланған қала ның дамуы тек орыстандыру арқылы жүретін болды. Ресей патшалығы заманындай талмаштарға арқа сүйеп, жергілікті халықтың жағдайын ескеретіндей жоспар мүлдем ескерілген жоқ. Сондықтан, өнеркәсіпке келіп, тұрақты және жоғары жалақы алғысы келетін қазаққа, жұмысшы тапқа еңу үшін ең бірінші орыс тілін жетік білу шарт қойылды.
Отырықшылыққа келетін болсақ, бұл шаруа түрі қазақ даласына жат күнкөріс түрі емес. Бағзы заманнан, шөл дала болса да, өзендердің жағасында жер өңдеу ошақтары тірлік еткен, ал оңтүстік аймақтарда жер суландыру арқылы егін егу өркениетті ел Ұлы Жібек жолының басты орталығы болғаны мәлім.
Мал шаруашылық аймақтарда отырықшылыққа бет бұру үрдісі ХІХ ғасырда басталған. Батыс, теріскей және жетісулық Орал, Орынбор және Сібір казактарының қол астына өткелі, ол аймақтардан ығыстырылған тайпалар мен рулардың жер-жайылымдарға деген сұранысы туындады. Оның үстінен, болыстар мен аға сұлтандар отырықшылықты дамытпаса, орыстар құнарлы жерлерді теріп, қазақты жерсіз қалдыратынын ескерді. Кезінде бос жатқан құнарлы жерлерге егін егу сол кездерде кең қолданыла бастады. Бірақ, егін шаруашылығы оазистер болып шашыранқы шүргізілді және кеңес үкіметі жоспарлаған тегіс көшпелі елді отырықтандыру ешкімнің ойына да келген емес.
Бастапқы кезде, яғни 1920—1928 жылдары, большевиктер даладағы ауқатты байлардан тәуелді болды. Жаңа билік өкілдерінің жүріп-тұруына едәуір қаржыны жұмсап, ат-көлікпен көмектескен байларға неше түрлі ақы төлеп, ең бастысы, болашақта орын алатын қуғын-сүргіннен аман алып қалатыны ескеріліп отырған.
Жаңа билік патриархалды қоғамның ішінде дүние-мүлкімен шектетілген, шаруада көп күш жұмсап жүрген жас буынға арқа сүйеді. Оларға большевиктер әр-түрлі ұран мен уәделер ұсынып, төтенше түрде көптеген үміттермен азғырды. Сол екі қозғалыс уәделердің қайсы жастардың жүрегін мұздатты: Лениннің тезистері ме, әлде материалды қызықтырулар ма? Оған жауап беру үшін бізге сол белсенділердің өздерінен сұрау қажет еді. Бірақ, өкінішке орай, олар арамыздан кеткені қашан. Тіпті, 1937 -1938 жылдары олардың көптен бөлігі Голощекин көсемдерімен бірге ату жазасына кесілген. Сондықтан, бұл сұраққа жауабын тек сол Шая Ицковичтің мұрағатының құпия күйі ашылғанда ғана таба алармыз.
Ұлы апаттың идеологиялық себептерін қарастырар болсақ, ауылда марксистік ұғымдағы тап аралық күрес болған жоқ. Тек экономикалық және саяси өмірде үстемдік етіп отырған рулардың коммунистік партиядағы өкілдері арасындағы бәсекелестік болды.
Демек, жоғарыда аталған әрекеттер өз нәтижесін берді. Кеңес үкіметінің сұмдық жоспарын жүзеге асыруға жаңа топ құралды. Оларды халық «шолақ белсенді» деп атады, өйткені ол жастар өздерінің туған-туысқандарының мүддесін большевиктердің бұйрықтарының астына салып беріп, сол бұйрықтарды орындауға белсенді түрде кірісті.
Кеңес билігі беріп тұрған мүмкіндік «жарқын болашаққа» жол ашып беріп отырса, патриархалды қоғамда ол жастарда ондай мүмкіндік мүлдем жоқ еді. Бай немесе би секілді қазақ қоғамының дәулеттілерінің деңгейіне жету үшін көптеген кедергілерге тап болған жастар, жаңа биліктің беріп отырған мүмкіндіктерін ойланбастан қабылдады. Жастардың бәрі емес, әрине. Сондықтан олар төзімділік пен шүкіршілікті ағайындарға қарсы іс-әрекеттері сынды күнәға айырбастады.
Ондай люмпендерден құралған белсенділер топтары әр бай мен ауқатты да беделді ақсақалға өзінің олжалап алған жаңа күшін ашық түрде көрсетуге асықты. Олар үлкенді сыйлау түгілі, үйлеріне баса көктеп кіріп, мал-мүлкін рахаттана тәркілеуге кірісті.
Белсенділер большевиктердің мәнер-қылықтарына еліктеп, зорлық-зомбылықты қолданып отырды. Неміс тарихшысы Роберт Киндлер өзінің «Сталинские кочевники: власть и голод в Казахстане» атты кітабында жазғандай, «олар арақ ішіп, темекі тартып, ел-жұрттың алдында балағат сөздер айтып, өз құрбандарын аямай азаптап қорлады».
Оған қоса, белсенділер қазақи тәрбиені мойындамай, тарихи материалды және рухани құндылықтарға қол салды. Кесенелердің күмбездерін қиратып, мешіттерді бұзып, Құран-кітаптарды жағып, өзенге тастағандар да осы белсенділер еді. Құдайға қарсы шығып, Ібілістің құлы Ленинді өздерінің көсемі қылып алған жастар ештеңеден тайынбай, халықты қырғынға ұшыратты.
Кеңестер өз билігін ірі қалалар мен ағылшындардан тартып алған өндіріс ошақтарында 1920-жылдары толығымен орнатып, әртүрлі рулардың өкілдерін өз құрамына кіргізіп үлгерді. Оған рубасылар қолдау көрсетіп, болашақта большевиктердің құрығына түсетінін сезіп те жүрген жоқ еді.
Оның үстінен 1920 жылы Ахмет Байтұрсынов пен Әлімхан Ермеков бастаған алаштықтар Ленинге барып, Кеңестік автономиясын құрып, шекарасын белгілеуге келісім алып келді. Бірақ, кейінгі тарихи оқиғалар ол мемлекеттіліктің жемісін қазақ таяу арада көрмейтінін көрсетті.
Байлардың беделі 1928 жылға дейін өз үстемділігін жоғалтқан жоқ. Жұрттар епсіз кеңестік сот жүйесіне қарағанда, баяғы билер мен қазылардың шешімдеріне көбірек сүйеніп отырды. Тіпті жергілікті коммунистердің өзі байдың кеңесі мен шешіміне тәуелді болды. Жергілікті басшылық лауазымдарға байлар өзінің руының өкілдерін отырғызып, айтқанын істетіп отырды. Қызметтік іссапарларға арналған ат-көлік пен қаражатты бай беретін болғандықтан, кеңестік билік өкілдері байдың айтқанымен жүрді.
Әрине, ондай жағдай Сталин басқарған жүйені қанағаттандырмайтыны белгілі. 1925 жылы Қазақ даласына келген Филлип Исаевич (Цая Ицкович) Голощекин: «Қазақстанда революция орын алмапты. Сондықтан біз бұл жерде „Кіші Октябрьмен“ оқұйындатып өтуіміз қажет» — деп ұрандатты. Оны, қол шапалақтап, белсенділер мен коммунистер қуана қолдады.
Большевиктерге керегі сол еді. Ағайын арасына сайтан отын жағып, қазақты аттан жерге түсіріп, аштықпен қырып әлсіретіп, «советтік» идеология арқылы өз билігін орнату мақсатында жаңа билік өз нәтижесіне жетті.
Екі саяси көзқарасқа бөлінген қоғам бір-біріне деген жақтырмаушылықты жасырған жоқ. Бастапқы кезде белсенділер ауылдық басшылықты мойынсынбаған кезде, оларды елемей, соңында ауылдан қуып жіберген де оқиғалар орын алды. Ондайларды халық «бозғын» деп атап кетті.
Бозғындардан құралған, рулар арасындағы қақтығыстар алаңына айналған коммунистік партия комитеттері мен оның ошақтарының өкілдері ертең-ақ ел мүддесін сатып, сталиндік тоталитарлы режимінің қол-шоқпары болатынын ол кезде ешкім де түсінде де көрген жоқ тұғын. Бозғындар ел-жұрттың қағидаларын сатып кеткендердің санатына кірді. Сонымен қатар олардың өмірлеріне қауіп төніп, дала өмірінде ешкімге керек болмай қалған да кездер болды.
Ал Голощекин келгенде, сол белсенділерді кеңес билігі ауыл «советизациясының» басты қол шоқпары ретінде пайдаланды. Сол кезде олар өздерінің «олжаларын» қолдан жібермей, байлар мен ауыл басылардан қаныққанша өшін алды. Өйткені большевиктердің артында пулеметпен қаруланған Қызыл әскер тұрды.
Коммунистердің басты мақсаты көшпелілердің билікке қарсы әрекеттерін әлсірету үшін отырықшылыққа көшіріп, әскери қимылға әзір атты номадтарды жерге бейімдеп, орыс шаруалары сияқты жайяу қалдыру болды. Сол мақсатқа жету үшін ұжымдастыру арқылы қазақты үлкен апатқа әкелу саясаты басталды.
Большевиктер өздерін тез даму жолын ашар және модернизацияның алып келуші күш ретінде санап, көшпенділерді «дамымай қалған» мәдениетіне жатқызды. Ия, 1934 жылғы жағдайды алатын болсақ, аштықтан кейінгі қазақтың жағдайы шынымен де сондай денгейде болды.
Бірақ, кеңес билігі модернизациясының орнына Николай ІІ-нің кезінде қазақ жерінде салынған заводтарды жөндеп жүргізуден басқасына әлі жетпеді. Өндірістік құрылысының басты бағыты тек қазба байлықтарды жер астынан қазып алумен ғана шектелді. Мысалы, Жезқазған мысын игеру жолында большевиктер ағылшындар салып кеткен Қарсақбай мыс зауытын жүргізіп, ағылшын геологы Уэст ашып кеткен 17 шахтаны 1928 жылдан 1939 жылға дейін пайдаланып, тек 1939 жылы комбинаттың күшімен жаңа шахта ашты.
Кеңестік қоғам құру үшін коммунистердің басты мақсаттарының бірі жұмысшы тапты қалыптастыру болды. Кейін жаңа өнеркәсіптер мен инфрақұрылымдарды дамыту үшін Турк-Сиб секілді бұқаралық құрылыс нысандары ұйымдастырылды, Қарсақбай зауыты іске қосылды.
Бірақ сол құрылыстарда көбіне европалықтарға басындық жағдай жасалып, қазақтар тек қара жұмыстарда істеді. Бұндай саясат екі жақтың арасында келіспеушіліктерге итермеледі. Бұл бөлек тақырып автордың «Британец Қарсакбай» атты еңбегінде толық жазылғандықтан, біз оқырманды сол кітапқа жүгінуге кеңес береміз.
Сонымен, 1928 жылдың тамыз айынан бастап ауыр өнеркәсіпті дамыту үшін іздеген қаржыны ауыл шаруашылығынан алуды шешіп, большевиктер келесі саяси қылмыстарын орындауға кірісті. Қазақтың малын тәркілеп, 45 миллион малдан елге 1933 жылы тек 4,5 млн бас мал қалдырды. Нәтижесінде, кем дегенде 2,5 млн қазақ аштықтан қырылды. Ондай жағдай Украинада да (4 млн адам), Еділ бойында да (1 млн адам) орын алды.
Соңғы 30 жылда шыққан қазақ руларының шежірелеріне қарап отырсақ, шежіре кестестелерінде белгіленген, сол жылдары өмір сүрген кісілердің көбісінің артында ұрпақ қалмағанын байқаймыз. Ресми ақпарат бойынша қазақ халқының тең жартысы аштықтан қайтыс болды десе, шежірелер одан да көп пайыз адам шығынын көрсетіп тұр.
1928 жылдан бастап ГПУ баскесерлері дін өкілдеріне, бай шаруаларға, төрелер мен патша үкіметі заманының зиялыларына қарсы қуғын-сүргін, мүлікті тартып алу, тонау саясатын бастады. Халықты тапқа бөліп, арасында алауыздық отын жағып, туған бауырларын қырғынға кескен шолақ белсенділердің күшімен қазақ даласына «ұлы жұт» келді.
Ол кездегі бай қазақ даласындағы ең басты экономикалық қозғалтқышы болған десек қателеспеспіз. Атқа мінген халықты бағындыру үшін сол байдың көзін құрту — жаңа биліктің басты мақсаты болды. 1927 жылы барлық шаруалардың 0,9% байдың қолында болып, олар 10% малға иелік етті.
Малды тәркілеу кезінде коммунистер белсенділерді әлсіз және саны жағынан аз рулық қауымынан іріктеп алып, басқа бай және ірі руға қарсы салып қойып отырды. Белсенділер өз руына салынған салықтың жүгін сол қарсылас руға артып қойып, салықты да, тәркілеуді де аса сілтеушілікпен орындап отырды.
Ишандар мен имамдарды атып, елден қуып, олардың ұрпақтарына қарсы құғын-сүргін ұйымдастырылды. Құдайды ұмыттырған, тарихын өшірген, сананы лайлаған кеңестік идеология кісеніне түскен халқымыз тілінен, салт-дәстүрінен айрыла жаздады.
Бірақ, шығын мен қиыншылық көріп аман қалған ел жаңа өндірістік-қалалық даму жолына түсті. Дегенмен, завод пен шахталарға барып жұмыс істеуге қазақтың көбісіне жол жабық болды. Басты кедергілер — орыс тілін білмеу және тиісті мамандықтың жоқтығы. Ауылда ұжымшар, кейін кеңшарлар ұйымдастырылып, қиын кезеңге қарамастан жұрттар етекшелерін жинап, есін жиді.
1934 жылы жергілікті билік өкілдері елде аштықтан өліп жатқандардың саны азайғанын жазып, орталыққа сондай «жетістіктері» туралы баяндап отырды. Ондай жағдай орныққанның басты себебін — «нан жеушілердің» саны күрт төмендегенімен ғана түсіндіруге болады. Өйткені, ол уақытта аштықтан өлетіндердің бәрі қырылып біткен!
Мұхтар Бақытұлы
15.08.2020 жыл
Құлан қатын
Қазақ тарихының ақтаңдақ парақтарына мәлімет қосу мақсатында соңғы отыз жыл шамасында көптеген дереккөздердің, тарихи тұлғалардың, оқиғалардың қайтадан жандануын байқауға болады. Кеңес идеологиясы қаншама тарихи сана сезімімізді өшіруге, орыстандыруға, тіпті шоқындыруға тырысқанымен, мыңдаған жылдары қалыптасқан қазақтың генеологиялық мұрасы, бай және көркем мәдениеті сол саясатқа қарсы жоғары иммунитетін көрсете білді. Мәдениетіміз де жанданды, тарихымыз да қайтадан оқылды. Біздің бүгінгі қозғап отырған тақырыбымыз да, болып жатқан үрдіске үлесімізді қосу мақсатында көпшілікке арналып, Құлан қатынның тарихымыздағы орнын айқындау әрекеті болып табылады.
Бұл тақырыпты зерттеу кезінде көптеген дереккөздерге тап болдық. Әрине, көркем әдебиетінің рөлі зор болғанымен, басты назар сол заманда жазылған жешіре мен жылнамаларға аударылды. Олардың ішінде ең беделділері, керек болса, құжат деңгейінде тарихшыларымыздың пайдаланатын «Моңғол құпия шежіресі», тимуридтардың жазған «Муизз ал-ансаб» шежіресі, Жүзжанидің «Табақат-и Нәсірі», Рәшит ад-Диннің «Жылнама жинағы» және т. б. Жұмыс барысында С. Г. Кляшторный мен Т. И. Султановтың «Казахстан. Летопись трех тысячелетий» атты кітабы қолданылды.
Сонымен, деректерге сүйенсек, Құлан қатын Шыңғыз қаһанның меркіттен алған екінші әйелі болып табылады. Кейбір жазбаларда үшінші, тіпті төртінші әйелі ретінде авторлар қателесіп көрсетеді. «Моңғол құпия шежіресі» бойынша Құлан — ұлы қағанның екінші әйелі екені нақты айтылған. 1204 жылы күзде «Қара даланың тұмсығы деген жерде меркіттің Тоқта бегімен Шыңғыс қаған соғысып, оны жеңіп, Сарыгер деген жерде меркіт тайпасын телім етеді. Тоқта Құду мен Шұлуын деген екі баласын ертіп, аздаған кісімен қашып кетеді. Шыңғыз қаған Құду мен Шұлуынның әйелдерін Өгедейге (Оқтайға) бергізеді». Убас меркіттің зәңгісі Дайыр-ұсын соғысудан бас тартып, қызы Құланды Шыңғыз қағанға көрсетпек болып алып барып, екеуі құда болады.
Шыңғыз қағанның үлкен сарайындағы Құланның өмірін біз тек коркем әдебиетінен көреміз. Сондағысы, Құлан мен Жағатайдың бір жақ болып, Жошыға қарсы іс-әрекеттер жасағанын байқауға болады. Оның себебін айқындап көрейік. Көзі тірісінде қағанның әкесі — Қият бөріжігіннің бай нояны Есүкей баһадүр тоғыз жасар Темүжінді өзінен бір жас үлкен онжасар қоңыраттың сұлуы Бортемен аттастырған болатын.
Сол сәтте, ұлын құдасының үйінде тастап, өзі ауылға қайтар жолында жауласып жүрген татарларға кезігіп, олардың дәмінен татып, уланып өледі. Темүжін есейгенде Бөртені алып, отау құрады. Құрсағында Жошыны көтерген кезде Бөртені меркіттер тұтқыңға алып кетеді. «Олар Бөрте-үжінді алып барып, Шіледудің бауыры Шілігір балуанға береді». Темүжін керейдің Тұғырыл ханымен бірігіп, меркіттерге шабады. «Меркіттер үркіп, Темүжін қашқан елдің ішінен «Бөрте! Бөрте!«деп айқайлап іздегенде, Бөрте-үжін дауысынан танып, кейқуат кемпір екеуі күймеден түсе жүгіріп, Темүжіннің шылбырына орала кетеді. Айдың жарығымен таныған Темүжін оны құшақтап аймалайды».
Осы жоғарыда болған оқиғадан кейін туған Жошы Жағатайдың көзі алдында меркіттің қоқсығы болып қалғанын келесі жерден көреміз. «Шыңғыс хаған: «Ал ұлымның үлкені Жошы еді. Кәне, не айтасын? Сен айт!» — дейді. Жошы сөйлеуден бұрын сөзге Шағатай араласады.
«Жошыға сөз сөйле деп, оны неге нұсқағалы отырсың? Біз меркіттің қоқсығына бағынбақпыз ба?» — дегенде, Жошы қарғып тұрып, Шағадайды алқымынан ала түсіп: «Мені хаған әкем бөтен көрмегенде, сен неге мені шеттетіп отырсың? Сен тек долышар-қаялығыңмен ғана артық шығарсың? Сенімен
Атысып бүгілсем, Қолымды кесіп берейін.
Алысып сүрінсем, Жатқан жерде өлейін.
Хаған әкемнің әмірі білсін!» — дейді. («Моңғолдың құпия шежіресі»).
Рашит ад-Дин Бөртені меркіттер тұтқындап керейдің ханы Тоғырылға сыйлыққа апарып бергенін жазады және де Есүгейдің андасы Бөртені өзінің келіні ретінде қабылдаған. Кейін Бөртені үш ай ұстап, ауылына қайтарғанда, жолда келе жатқанда Жошы дүниеге келеді дейді.
Жошы меркіттің қоқсығы емес екенін «Моңғолдың құпия шежіресінен» де аңғаруға болады. Теміршың бауырларын алып меркіттерден қашқанда, Бөрте құрсағындағы тұңғышын өлтіріп алмас үшін «сен басқа қатын аларсың, ол саған басқа бала тауып берер, ал мына бауырларыңды сен қайтарып алалмайсың» деп, қалып тұтқынға берілген. Сондықтан, Жағатайдың Жошыға шүйліккенін ханзадалардың арасындағы мұрагерлікке талас басталғанымен байланыстыруға болады.
Ал Құланға оралатын болсақ, ол өзінің жалғыз ұлы Күлқанның қаған назарынан тыс қалуы қатты құбалжытқан және Шыңғыз қаһаннаң ұлына мұрагерлік құқығын беруді, оның үстінен Кыпшақты иелігіне беруді сұрап азғырумен болған. Сонымен қатар, Жошының жауапты міндеттерге ие болуы мен әрқашанда әскердің алғы қатарында жүріп жауапты тапсырмаларды орындауы да аландаушылық туғызып отырды.
1219 жылы «қатындарының ішінен Шыңғыс қаған Құлан деген ханымды ертіп, бауырларының ішінен Отшы ноянды үлкен сарайда қалдырып, Арай асуынан асып, Сартауыл (Хорезм) елімен соғысуға аттанады». 1223 жылы Мауераннахрды азат еткеннен кейін Шыңғыз қаған Ұлытаудың баурайында Құрылтай өткізіп, империясын төрт ұлына бөліп береді. Ең үлкен ұлы Жошы Қыпшаққа ие болып Ұлытауда, Теріс-Кендірлік өзенінің бойында ордасын тігеді. Сонымен қоса, тұңғышына көз болып жүріп жүрсін деп және металлургиялық өндірістен түсетін қаражатқа иелік ету үшін, Шыңғыз қаған үлкен ұлына Құланды қосып жібереді. Оған металлургиялық орталықты — Бақырлықты (Жезқазған) иелікке береді. Мұндай шешім әкесі мен тұңғышының арасындағы жаулық оттың өршуіне әкелді.
Оғыздырдың заманында бой көтерген қалашықтар Жошы үлесінің ордасына айналды. Кендірліктің Сарықсуға құяр тұсында, бүгінгі Қаражар деген жерде төрелердің ірі қорғансыз қаласының іргесі қаланды (археологиялық атауы Болған ана). Болған ана қаласы ірі салық жинау, сауда-саттық және әкімшілік орталығына айналды.
Жүзжанидің 1260 жылы жазылған «Табақат-и Насири» атты жазбасында Жошының өз әкесіне бой көрсетіп, сепаратистік саясатын жүргізгендіктен, Шыңғыс хан арасында алауыздық пайда болғанын айтады. «Менің әкем есінен ауысты, — деді Жошы өз айналасындағыларға. — Ол қаншама жерге залал келтіріп, қаншама халыққа қиянат жасады». Сондықтан, ол Шыңғыз қағанды өлтіргісі келетінін білдірді.
Бұл сұмдық хабарды Құлан қатын Жағатайға жеткізіп, кейін қағанның құлағына да жетеді. Ашуға батқан Шыңғыз қаһан Жошыны өлтіруге бұйрық беріп, ол бұйрықты орындаға Жағатай мен Оқтайды әскермен жібереді, кейін арттарынан өзі де басты әскермен шығады. Жетісудан шыққан әскерге Қыпшақтан Жошының өлгені туралы қаралы хабар келеді.
Бұл оқиғаны, ХІV ғасырдың басында жазылған «Жылнамалар жинағында», Рәшит ад-Дин де растайды. Оның нұсқасы бойынша «Шыңғыз қаған Жошыға келар, башқұрт, орыс, шеркеш, т.б. солтүстік халықтарын жаулап алуды тапсырады. Бірақ, баласы әкесінің бұйрығына құлақ аспады. Қатты ызалаңған Шыңғыз қаған Жошыны ордаға шақырады. Жошы өзнің қатты сырқаттап қалғанын хабарлап, Қарақорымға баралмайтынын айтады. Сол кезде, батыстан келген бір маңғыт Жошыны „бір таудың“ маңында аң аулап жүргенін айтады. Капа отына ораңған қаған Жошыны өлтіруге Шағатай мен Өгедейді жібереді. Сол сәтте Жошының өлгені туралы хабар келеді».
Осы екі нұсқаны сараптай отырып, бір қорытындыға келуге болады. Үлкен ұлына мемлекетті ыдыратуға жол бермеу үшін Шыңғыз қаған Жошыны өлтіруге бұйрық берген. Қағанның бұйрығын орындамау өлімге әкелетінін түсінген жергілікті ақсүйектер мен Жошының төрт нояны ұлыстағы ең үлкен беделге ие Құлан қатыңға бағынып, оның әмірлігіне көнді. 1227 жылдың ақпан айында Құланның сенімді баскесерлері Жошының қолын шауып, шоқпармен ұрып өлтіреді.
Жошының өлімі туралы хабарды Шыңғыз қаһанға ақсарайға жақын уәзір Ұлық жыршы жеткізеді. Кейін Қазақ хандығы кезінде импровизаторлы «Ақсақ Құлан — Жошы хан» күйі пайда болған. Ол күй бойынша, Жошы құлан аулауға шығып үйірді бастап жүрген құланды аяғынан жаралап құлынын көздейді. Ызалы құлан аңшыға тап беріп, оны аттан құлатып, қолын шайнап, теуіп өлтіреді. Сол күйде бейнеленген ақсақ құлан — аяғын сілтіп басатын Құлан қатынның өзі, ал Жошыдан қорғаған құлыны — жалғыз ұлы — Күлқан.
Рашит ад-Диннің айтуынша, Шыңғыз қаһан Жошыға аң аулап етін ордаға құрылтайға алып келуді тапсырған, бірақ Жошы сырқатанып қалғанын сылтауратып, ордаға барудан бас тартқан. Сол құрылтайға барған бір маңғыт Жошыны «бір таудың маңында» аң аулап жүргенін көргенін жеткізеді. Тұңғышы бұйрығын елемегеніне көзі жеткен ұлы қаһан Жошыны өлтіруге бұйрық береді.
Түрік қауымында өлген адамның қаралы жылын тұту дәстүрі болған. Алыс уалаяттардан ұлы қағанға көңіл айту үшін Ұрықтаққа (Ұлытау) жыл бойы ұлылардың қарасы ағыл-тегіл келді. Көктемде Жошының ордасына келген Шыңғыз қаған, бабасы Добын баян салдыртқан, бүгінгі Арғанатыдағы Домбағұл аталатын цитаделді қамалға тоқтады. Сол оқиға жергілікті елдің есінде қамалдың атауамен қалды. Әлкей Марғұлан, жергілікті аңыз мұраларына құлақ асып, Домбағұлды Орда-базар (Орда қоңған, Алашахан) деп ғылымға таңбалап қалдырды.
Келісімен Шыңғыз қағанның алдына тергеу нәтижелерін жайып салғанда, Жошы шынымен сырқаттанып жатқанына және ордаға аң аулап жіберу үшін адамдарын аңға жібергеніне көзі жетті. Жалған ақпарат беріп Жошының өліміне себеп болған Құлан қатын мен оның баскесерлері толық жазаланды. Жергілікті аңыздарға сенсек, олардың мәйіттерін Жошының басына көтерген күмбездің алдына, келген адамдардың бәрі таптап жүрсін деп жерлеген-мыс.
Құлан қатынның ұрпақтары туралы жазатын болсақ, Құланның жалғыз ұлы Күлқан — Шыңғыз қаһанның бесінші ұлы, орысты жаулауға барғанда қаза тапты. Бірақ, тимуридтардың «Муизз ал-ансаб шежіресінде» Күлқанның төрт ұлы қалғаны жазылады.
Осы тақырыпты зерттеу кезінде Құлан қатынның қазақ тарихында өзгеше орны бар екеніне көз жеткізе отырып, бұл тұлғаның өмірбаяны туралы зерттеу тарихшыларымыздың болашақ еңшісінде деп есептейміз.
Сейтжанов М. Б. Сәтбаев қ., «№25 ЖМ» КММ. Тарих пәнінің мұғалімі. Өзгертулер: Мұхтар Бақытұлы, 2025 жыл.
03.08.2016 ж.
Жезқазғанды зерттеген Уэст
Уэст — Жезқазған мыс кен орнында алғашқы болып геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізген ағылшындық ірі инженер-геолог. Никон Ушаковтың мұрагерлері ағылшын инвесторларымен келіссөздер жүргізіп, Жезқазған мыс кенін сатуға бел буғанда, келісім-шарт шасасар алдында шетелдіктер барлау жұмыстарын жүргізіп алуды жөн көрді. Ол үшін 1904—1905 жылдары кен орнына «Сібір синдикаты» компаниясының агенттері келіп, көзбен қарап шығып, Лондонға геологиялық-барлау жұмыстарын жүргізуге болады деген мәлімдеме жолдады.
1906 жылы Ұлытауға геолог Уэст басқарған геологиялық партиясы келді. Барлау жұмыстарының басында-ақ ағылшындар ірі көлемдегі мыс желілеріне тап болды. Зерттеу мақсатында балқытуға жіберілген кентастардың құрамында бар 6-дан 32 процентке дейінгі металл анықталды. Сонымен қатар, ағылшын геологтары С. Болл мен Бродрик кеннің геологиялық топографиясын суретке түсірді. Жұмыс барысында барлығының жалпы тереңдігі 17 мың метр 235 ұнғыма бұрғыланды. Яғни, әр ұңғыманың орташа тереңдігі кемінде 72 метр болды. Онымен қоса, ағылшындар 17 шахта ашып, көптеген штректер жүріп өтті.
Болашақта салынатын зауытты отынмен қамтамасыз етуді көздеп, ағылшындар Байқоңыр көмір ошағын зерттеді. Нәтижесінде, Уэст 54 ұңғыма бұрғылап, екі жерден мыс қорыту зауытын қамтамасыз ететін ірі қоңыр көмір пласттарын тапты. Болжаммен Уэст Жезқазғаннан 30 жыл бойы жылына 5000 тонна мыс. ал Байқоңырдағы екі пласттан 714840 тонна қоңыр көмір өндіруге болады деген қорытындыға келді.
Уэсттың жүргізген геологиялық-барлау жұмыстарының нәтижесі бойынша британдық тау-кен инженері William Pellew-Harvey — Уильям Пеллью-Гарвэй болашақ өндірістің жоспарын әзірледі. Оның 1910 жылы Лондонда шығатын беделді салалық The Mining Magazine журналында «The Atbasar Copper District» атты мақаласы жарық көрген. Журнал көрсеткішінде мақала 2-томның 59-бетінен басталатыны жазылған. Ол жерде геолог Уэст жүргізген барлау жұмыстарының нәтижесі былай баяндалған:
«Атбасар ауданы теңіз деңгейінен шамамен 2000 фут биіктікте орналасқан, сондықтан мұндағы климат құрғақ әрі денсаулыққа қолайлы. Қыс қарашадан ақпанға дейін созылады, ал наурыз айының басында жер, әдетте, қардан арылып, ашық аспан астындағы жұмыстарды жүргізуге мүмкіндік туады.
Кеніштер жазықтан шамамен 70 фут биікте орналасқан үстіртте жатыр. Кеніштерден 15–20 верст қашықтықта Ұлытау тауларынан бастау алатын үш өзен ағып өтеді. Бұл өзендердің аңғарлары егіншілікке қолайлы; кеніш кентіне қажетті мал азығының бір бөлігі осы жерлерден дайындалады. Кеніштердің төңірегіндегі жер қуаң әрі өнімділігі төмен. Дегенмен өзен суын суару мақсатында пайдалану мүмкіндігі бар. Бұл мәселеге жұмыстың бастапқы кезеңінен-ақ назар аудару қажет.
Мыс қазақ даласының кең аумағында таралған аркоз типтес құмтастың құрамында шашыранды түйірлер түрінде кездеседі. Тау жыныстарының үлгілері микроскоппен зерттелген. Зерттеу қорытындысында былай делінеді:
«Бұлар — негізінен граниттік жыныстардан түзілген болуы ықтимал кварц пен дала шпатының бұрышты сынықтарынан тұратын сұр түсті, ұсақ түйірлі кремнийлі жыныстар. Құрамында белгілі бір мөлшерде жанартаулық материалдың болуы олардың шығу тегін нақты анықтауға мүмкіндік бермейді. Метаморфизм белгілері байқалмағанымен, дала шпаты елеулі өзгерістерге ұшыраған. Оның басым бөлігі ыдырап, микрокристалды агрегатпен алмасқан. Кейбір жерлерде плагиоклазды дала шпаты оны анықтауға болатындай дәрежеде жақсы сақталған. Жекелеген үлгілерде ішінара дала шпаттарының ыдырауы нәтижесінде түзілген кальцит кездеседі».
40 фут тереңдікке дейін кен тотыққан күйде кездеседі, ал одан төменде сульфидтер орналасқан. Бай кеннің құрамы төмендегі талдау нәтижелерімен сипатталады:
Құрамдас бөлік, яғни тотыққан кен мен Сульфидті кеннің проценттік көрсеткіші: Мыс — 15,10 және 22,00; Кремнезем- 57,75 және 49,10; Глинозем — 9,42 және 11,12; Темір — 1,89 және 3,68; Әк — 0,40 және 0; Магнезия — 1,23 және 1,91; Күкірт — 1,58 жән 8,86; Көмірқышқыл газы, оттегі, байланысқан су, күшәннің, алтынның, күмістің іздері және басқа заттар — 12,63 және 3,33.
Кен орны Петропавл, Покров, Аннен және Крестовоздвижен учаскелерінде 15 футтан 450 футқа дейінгі тереңдікте алмас бұрғылау әдісімен зерттелді. Бұрғылау жұмыстары кен қабаттарының бойымен шахталар мен штректер қазу арқылы толықтырылды.
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жалпы ұзындығы 8780 футқа созылған, ені 988 футтан асатын кенді аймақта руданың бар екені расталды. Негізгі қабаттардың орташа қалыңдығы шамамен үш фут екені және олардың құрамында 14 пайыздан астам мыс бар екені анықталды.
Бір жағдайда бірнеше қиып өткен қабаттан мыс мөлшері 1 пайыздан 18,5 пайызға дейін жететін, жалпы қалыңдығы 33 фут мыс кені табылды. Жалпы қалыңдығы 10 фут болатын төрт қабаттағы мыстың орташа мөлшері 14 пайызды құрады. Алайда бұдан барлық кен осындай қалыңдықтағы біртұтас қабат түрінде жатыр және оны дәл осы күйінде игеруге болады деген қорытынды жасауға болмайды.
Әдетте қабаттар синклинальды ойыс түзеді, алайда кейбір жерлерде олардың құлау бұрышы тікке жуықтайды. Петропавл учаскесінде жер бетінен 40 фут тереңдікте ұзындығы 275 фут бойымен ашылған кеннің ірі жер бетіне шығу орны бар. Көлденең қазбалар 200 футқа жуық қашықтыққа жүргізілген және олардың барлық забойлары кеннің ішінде орналасқан.
Бұл жерде мыс атакамит минералы түрінде кездеседі. Қабаттың қалыңдығы 1,2 футтан 9,11 футқа дейін өзгереді. Штрек бойындағы мыстың орташа мөлшері 17,9 пайызды, ал көлденең қазбаларда 16,51 пайызды құрайды.
Покров және Крестовоздвижен учаскелеріндегідей жұмыстар терең қабаттарда жүргізілген жерлерде негізгі кен қабаттарының қалыңдығы 2½ футтан 3 футқа дейін жетеді. Кендегі мыстың орташа мөлшері 14,83 пайызды, ал күмістің мөлшері тоннасына 5-тен 11 унцияға дейінгі аралықты құрайды.
Құрамында 20 пайыз мыс бар кәдімгі сульфидті кеннің үлес салмағын анықтау нәтижесінде 3,7 көрсеткіші алынды. Бұл бір текше футқа 234,21 фунт салмаққа сәйкес келеді.
Жоғарыда осы уақытқа дейін ашылған қабаттардың ішіндегі ең маңыздылары қарастырылды. Бұлардан өзге деңгейлерде орналасқан басқа да қабаттар бар. Олардың құрамындағы мыс мөлшері белгілі кенді қабаттар қатарына қосуға жеткілікті болады деп болжанады.
Кен орнының мүмкіндігін мынадай қарапайым есеп арқылы бағалауға болады: ауданы 100×100 фут, қабатының қалыңдығы үш фут және құрамындағы мыс мөлшері 14,83 пайыз болатын учаске 3000 тонна кен береді. Бұл 444 тоннадан астам металлға сәйкес келеді. Англияда жоғары сапалы сұрыптық мыстың бағасы 60 фунт стерлинг болған жағдайда, осындай көлемдегі металдың Ресейдегі жалпы нарықтық құны 35 000 фунт стерлингтен асады.»
Осы нәтижеге сәйкес 1912 жылы Лондонда өткен «Атбасар мыс кендері» Акционерлік Қоғамының акционерлері Қарсақбай мыс қорыту зауытын салу туралы шешім қабылдады.
Сол жұмыстардың арқасында 1913 жылы Қарсақбай мыс зааводының құрылысы басталып, 1918 жылы құрылыс аяқталар кезде революция салдарынан ағылшындардың салған заводы большевиктердің тәркілеуіне ілекті. Содан тек 1925 жылы Қарсақбай мыс қорыту заводын қайта келтіру жұмыстарын бастау туралы шешім қабылданды. «Атбасар түсті металл» тресі құрылды. 1928 жылы мыс заводы іске қосылды. Сол уақыттан 1939 жылға дейін Кеңес үкіметі ағылшын геологы Уэст ашып кеткен 17 шахтаны пайдаланып отырды. Тек 1939—1940 жылдары Жезқазған кенішінің күшімен екі шахта салынып, 1940 жылдан бастап Москваның қаржыландыруымен жаңа шахталар ашыла бастады. Осы мәліметтер Уэсттың Жезқазғанда жүргізген жұмыстарының жемісі маңызды екенін білдіреді.
М. Сейтжанов. 2017 жыл
Жезқазған ағылшын баспасөзінде
Жезқазған мен Атбасар мыс кәсіпшілігі туралы мәліметтер ХХ ғасырдың басындағы Лондон баспасөзінде де жарияланып отырды. 1910 жылы Ұлыбританияның беделді салалық басылымдарының бірі — The Mining Magazine журналында тау-кен инженері Уильям Пеллью-Харвидің «The Atbasar Copper District» атты арнайы мақаласы жарық көрді. Пеллью-Харви Ресей мен Сібірдегі бірқатар кен кәсіпорындарын зерттеп, Спасск және Атбасар мыс жобаларымен тікелей айналысқан маман еді. Бұл жарияланым Жезқазған кенінің Лондондағы инженерлік және қаржы ортасының назарына іліккенін көрсетеді. Atbasar Copper Fields компаниясының қызметі Ұлыбританияның жалпыұлттық The Times газетінде де көрініс тапты. Газет 1909 жылғы 28 қыркүйекте компания акционерлерінің жиналысы туралы хабар жариялады. Ал 1913 жылғы 15 мамырдағы санында Atbasar Copper Fields пен Spassky Copper Mine компанияларының арасындағы келісім туралы жазылды. 1911 жылы Спасск компаниясы Атбасар қоғамының бақылау пакетін сатып алып, 1913 жылы оның қалған акцияларын да иеленді. Осылайша Жезқазған–Қарсақпай жобасы Лондон капиталы қатысқан ірі өндірістік бірлестіктің құрамына енді. 1914 жылғы британдық салалық баспасөз Атбасар кәсіпорнының барланған кен қорын 543 900 тонна, кендегі мыстың орташа мөлшерін 10,7 пайыз деп көрсетті. Сол уақытта Қарсақпайда кен байыту фабрикасы мен мыс қорыту зауыты салынып жатқан. Британ инженерлері Қарсақпайдың Жезқазған мыс кеніші мен Байқоңыр көмір ошағына шамамен бірдей қашықтықта орналасуына ерекше мән берген. Демек, Қарсақпай болашақ зауыттың орны ретінде шикізат пен отын көздерінің арасындағы қолайлы географиялық жағдайына байланысты таңдалған. Бұл мәліметтер ағылшын инженерлерінің жұмысы жекелеген барлау ұңғымаларын бұрғылаумен ғана шектелмегенін көрсетеді. Олар Жезқазған кенін, Байқоңыр көмірін және Қарсақпайдағы металлургиялық өндірісті өзара байланысқан біртұтас өнеркәсіптік кешен ретінде жоспарлаған.
Мұхтар Бақытұлы, 20.06.2026 ж.
Домбауыл немесе Добұн мерген
Екінші мыңжылдықтың тұлғасы деп дүниежүзі мойындаған Шыңғыс қаһанның шыққан тегі бүгінгі күні қызу талқылануда. Ұлы тұлғаның руы, туған жері, саясатын жүргізген Отаны туралы зерттеулер екі бағытқа қақ айырылып шықты. Кезіндегі Ресей отаршылдық саясаты көздеген кигіз туырлы елді екіге айыру мақсаты өз дәрежесіне жетіп отырғанына ұқсайды. Қазақ пен моңғол тарихнамасының соғысы, әсіресе қоғамдық интернет желілерінде, аянбай қақтығысқа ие болып отырғанын көреміз.
Ортағасырлық жылнамалардың бұрмалануының «қылмыстық себебі» сол Ресей мен Цин империясының ықпалдығына түскен екі көшпенді аумақты әлсіретіп, елін бодан қылу болды. Сондықтан, дала аумақтағы елді санасынан, ұлық тарихынан, түбі өздерін де жер бетінен жойып жіберу отаршыл саясаттың басты мақсатына айналғанын тарих дәлелдеп берді. Бұл процесс Петр І-нің кезінде басталып, Сталинның кезінде, толығымен болмаса да, басты жоспарлары орындалды десек қателеспеспіз.
Санамызға сіңіп кеткен Исай Калашниковтың «Жестокий век» романы, В. Янның бұл тақырыптағы көптеген шығармалары, «Моңғолдың құпия шежіресі», «Алтын шежіре», Бартольдтың зерттеулері, тағы басқасы тарихнамадағы Шыңғыс қаһанның дәуірінде болған оқиғаларды дауға түспейтіндей қылып шегелеп қойып еді. Сол кітаптар тарихты жазғанда сүйенетін басты дереккөз болып келді. Оған идеология да, мемлекет қаржысы да, қатан кеңес империялық билік те бар жағдайды жасап қойды. Көптеген кітапханалар мен жәдігерлер жойылды, тарихи білімі жоғары ғалымдар ГУЛагтың қолымен келмеске кетті.
Соған қарамастан, кеңес империясы құлағалы, қолымызға басқа да дереккөздер тие бастады. Тек қана шаруашылыққа бейімделген ел Ленин тезистерінің гипнозынан шығып, өз тарихын білгісі келіп, өткенге ой сала бастады. ХХІ ғасыр қазақтың санасына одан да ғажап олжа әкелді — ол интернет. Сирек кездесетін құжаттар мен кітаптар бар архивтер мен кітапханалар цифрланып, көптеген рухани дүниелер қызығушылық танытқан жанға қолжетімді болды. Әбілғазының «Түрк шежіресі», Қадырғали Жалайырдың «Тарих-и Оразмұхаммеді», Рашит ад-Діннің «Жылнамалар жинағы» мен «Оғыз намасы», «Оғыз қаһан» эпосы, тағы басқасы басылып шығарылды.
Соның арқасында кеңестік идеологияға сай тарихнамаға кері пікір туындай бастады. Тарихымыздың екінші «көлеңке» жағының шеті ашылды. Сол тұрғыда Шыңғыс қаһанның тарихтағы рөлі басқа көзқарасқа ие болып, мемлекет құрудағы, әскери тәртіпті жетілдірудегі, басқа елдерге жасаған өркениеттілік ықпалы жоғары бағаланды. 70 жыл бойы бөтенсініп жүрген Шыңғыс қаһанды қазақ өзінің бабасы деп мойындады, тіпті оны қазақ пен күллі кигіз туырлы елдерді біріктірген Алаша ханмен кейіптеді.
Біздің соңғы жылдарда Ұлытау тақырыбында жасаған өлкетанушылық бағытындағы зерттеулер Шыңғыс қаһанның шыққан тегі мен Отаны туралы ой-пікірлер туындатады. Рашид ад-Динның жазуы бойынша Шыңғыс қаһан Кият тайпасынан, оның ішінде Нируун (ару тұқым) руынан шыққанын білеміз. Ал Қара-Кеңгір өзенінің солжағалауында тұрған оғыз заманына жататын діңде жерленген Домбауыл, «Оғыз қаһан» эпосы бойынша, Қият руының рубасысы екенін білеміз. Әрине, бұл жерде қияттар қазіргі Моңғолияда да өмір сүрген деген пікірді алға тартуға болады. Демек, Оғыз қаһан заманынан бастап ХІ ғасырға дейінгі заманда, «түрк қауымынан шыққан» мұңғылдар, кейін олардың ұрпақтары оғыз-қияттар бір бүтін болып Ортақ пен Кертақты жайлап, Борсықтағы Қарақорымды (бүгінгі Қарақұм) қыстаған десек, Шыңғыс қаһан мен оның әскері, Бағаналы елі, қоңыраттар, маңғыттар, т.б. автохтонды этнос болып шығады.
Осы пікірімізді қолдайтын дерекнамалар 2009 жылы қайта шыққан «Моңғолдың құпия шежіресі» мен 2011 жылы басылған академик Әлкей Марғұланның Шығармалары. Екеуінде де Домбауыл мен Добұн мерген туралы, бір-біріне ұқсас аңыздар беріледі.
Әлкей Хақанұлы Ұлытау өңіріндегі оғыз заманына жататын дің, діңгек, үйтас, қос-үйтас типті архитектуралық тарихи ескерткіштерінің арасында ең маңыздысы деп Домбауылды атап, ғимараттың сипатын келтіре отырып, Домбауылға қатысты келесі аңызды сөз қылады. Академик «Домбауылды атақты мерген, ақын және музыкант — күй шығарушы» деп бейнелейді. (Шығармалар. ІХ том, 295-бет. 2011 ж.)
Марғұлан келтірген аңыз бойынша «Домбауыл қанның қызына ғашық болып қалады. Қан қызын шет көзден сақтаймын деп, «түн теңізінің» ортасына үй салады. Қыздың қарауына қырық қыз беріп, ешкімге қызбен жүздесуге рұқсат бермей, қызды қараңғы мұнараның ішіне отырғызып қояды. Бір күні қыз шыдамы таусылып, «сыртта не болып жатыр?» деп қасындағы қыздарға терезені аштыртады. Сол сәтте қанның қызы түскен күн сәулесінен жүкті болып қалады. Бұл хабар қанға жетіп, ол қақпағы бар алтын қайыққа қызды отырғызып, өзен ағысымен жіберуге бұйрық береді. Сол өзеннің жағасында аты елге белгілі Домбауыл өмір сүрген. Ол да өз қандығынан қуылған еді. Оның қасында болған Шаба-Соқыр досы алыстан алтын қайықты көріп қалып, Домбауылға шарт қояды: қайықтың ішіндегісі сенікі, қайықтың өзі менікі болсын — деп. «Қайық жақындағанда Домбауыл: «Қия атайын ба? Кесе атайын ба?» — деп сұрайды. Шаба-Соқыр: Қия ат — дейді. Домбауыл мерген, атып жібергенде қайықтың қақпағы бірден түсіп қалады. Сондықтан Домбауыл мен Шаба-Соқырды қияттар деп атаған. Қайық жағаға тірелгенде, олар ішіндегі қаншайымды көреді. Домбауыл оған үйленеді, одан ұл туып есімін Тәңір деп қояды.»
Әлкей Марғұланның Рубрукке сүйеніп келтірген бұл аңызда Қият руының пайда болған сәті баяндалады. Әрине, қияттардың этногенезіне тиісті Рашид ад-Дин де, Әбілғазы да, Қадырғали Жалайыр да өз пікірлерін жазады және де олардың пікірлері аңыздарға қарағанда ғылыми түсініктемеге жақынырақ болып келеді.
Енді осы қазақ аңызына ұқсас моңғолдың аңызына көз жүгіртейік. «Моңғолдың құпия шежіресінде» Темүжіннің тегін тарқатқан бірінші бөлімде Добын мерген мен Дуба соқыр туралы жазылады. Моңғолдардың пайымдауынша екі кейіпкер дос емес, ағайынды, Торғылжын байдың балалары болып келеді. Оқимыз: «4. Дуба соқырдың мандайының ортасындағы жалғыз көзі үш көш жерді көретін еді. 5. Бір күні Дуба соқыр Добұн мерген бауырымен бірге Бұрхан-қалдұн тауына шығады. Дуба соқыр Бұрхан-қалдунда тұрып қараса, Түңкелік бұлағына таман бір топ ауыл көшіп келеді екен. 6. Сонда Дуба соқыр: «Мына көшкен ауылдың ішінде, бітеу арбаның алдында бір сұлу қыз кетіп барады. Егер біреудің жары болмаса, бауырым Добұн мерген, саған айттырып алып берейін», — деп оны көріп келуге Добұн мерген бауырын жібереді. 7. Добұн мерген манағы көшке барып, қызды көрсе, шынында хас сұлудың өзі екен және біреудің жары емес екен. Есімі Алұн сұлу екен… 10. Алұн сұлу Добұн мергенге келгеннен кейін, Бүгінүтей, Белгінүтей деген екі ұл туады.» («МҚШ. 27-бет. 2009 ж.)
Добун мерген Оғыз қаһанның нәсілінен тарағанын Әбілғазы жазады. Оның бабасы Қиян Ел қанның баласы еді. Қиянның кезінде Ұлы далада маңызды саяси өзгерістер орын алған болатын. Себебі — даланың басты аймақтарын ғасырлық шөл алып, жер жетіспей, рулар мен тайпа-елдердің арасында қақтығыстар орын алды. III — IV ғасырлары шығыстан жылжыған күндер Ұлы көштің басталуына себепкер болды.
Сол аласапыран заманда өмір сүрген Қиян мен оның құрдасы Нүкүз (Ел ханның інісінің ұлы) жан-жақтан алған жаудан мал-мүлкін сақтау үшін бір таудың ішіне кіріп паналайды. Ол жер бүгінгі тарихнамада Ергенеқон деген атаумен белгілі. Әбілғазы Қиянның ұрпақтары Ергенеқонда 400 жыл өмір сүрді дейді. Сонда, қият болып аталған Киянның ұрпақтары Ергенеқоннан шыққандағы кез VIII ғасырға келеді. Оларды сол кезде басқарған құрлас руынан шыққан патшалары Бөрте шене.
Әбілғазының Ергенеқон туралы баяны шындыққа жатады, өйткені Ұлы даланы жалмап алатын ғасырлық шөл туралы кезінде Лев Гумилев те жазған. Ол шөл әр алты ғасыр сайын болып тұрған. Адамзат тарихнамасына белгілі ең бірінші ғасырлық құрғақшылық біздің дәуірімізге дейінгі ІІІ ғасырда болған. Одан кейін жоғарыда аталған ІІІ-IV ғасырда болған екіғасырлық құрғақшылық орын алды. Сол кезден VІІІ ғасырға дейін далада мал жайып, адам баласына өмір сүру мүмкін емес еді. Тек VІ ғасырда жауын-шашым мөлшері артып, шөптің басы көтерілгеннен кейін қаңсырап қалған даланы аман қалған ру-тайпалар иегере бастайды. Ол кезең Түрк қаһанатының құрылып, үлкен империяға айналған кезеңімен белгілі.
Сонымен, Ергенеқоннан шыққан ел даланы жайлап, қоныстарды иегеріп, жайылымдарға мал өргізіп көбейді. Сол арада Бөрте шенеден Добұн мергенге дейін 13 ұрпақ өнеді. Добынның жұрты қуатты мемлектке айналды. Қиян (Хиям) қаласы оның басты қонысы болып, жазғы орны Арғанатыдағы Добұнның ауылы (Домбағұл) деп аталған Дарқу сарайы болды.
Күлтегіннің тасқа қашалған жазуында «оғыздар менің иелігімде еді, бірақ олар маған қарсы бой көрсетті» деп жазылған. Кейін оғыздарды қайта бағындырмақ болған істен ештеңе шықпай, олар Түрк қаһанатынан егеменді болғаны тарихқа мәлім. Осы саяси жағдайға Добынның қатысы бар ма деген сауал туындайды, өйткені Теріс-Кендірліктің бойындағы дің тарихта ерекше із қалдырған тұлғаға арнап тұрғызылғаны айдан анық.
Добұнның үлкен ұлы Белгінот (Белгібай) қазақ шежіресінде Найман елінің белгілі бабасы ретінде көрсетілетін Белгібайға келеді. Ал екінші ұлы Бүгінүт моғол тілінен қазақшаға аударғанда Бақанот, немесе Бағаналы болып шыға келеді.
Әбілғазының жазуы бойынша Добұн баян ерте қайтыс болып, әйелі Алангүй ерсіз тағы үш бала табады. Ол таңғажайып хиқаяны «Түрк шежіресінен» табамыз. «Бұл үш ұлдан болған елдердің бәрін Нирун дейтін еді, нирунның мағынасы — „ару тұқым руы“ дегені, өйткені моғолдың түсінігі бойынша, ол ру нұрдан пайда болды». (Әбілғазы. Түрк шежіресі. 1992 жыл. 47-бет). Осы үш баланың ең кішісі Бүтіңжардан Шыңғыс қаһан мен мұңғылдың көп рулары тарайды. «Оғыз-нама» мен «Түрк шежіресі» бойынша, Қайду Бүтінжардың сегізінші ұрпағы болса, Шыңғыз қаһан Қайдудың алтыншы ұрпағы. Яғни, Бағаналылар мен Шыңғыс қаһан әулеті бір шешеден туады. Сондықтан, кейбір зерттеушілер Шыңғыс қаһанды бағаналыдан таратады.
Жоғарыда келтірілген екі аңызды сараптай отырып, Домбауыл мерген мен Добұн мергенді бір кейіпкер ретінде қарастырсақ, Шыңғыс ханның Қият бабаларының атамекені ретінде Ұлытауды қарастыруға болады деуге толық негіз бар. Бұл жайында Гавердовский былай жазады: «При возвращении Чингиз-хана из Персии в свое Отечество, Чучий в 1223 г. имел в степи Киргизской около гор Улутау с отцом своим свидание, во время которого при большом торжестве, сопровождаемом ристаниями и знаменитою охотою, отец восстановил опять согласие с сыном, отдав все земли Дайтше-Кипчак в верховное его управление». (Гавердовский Я. П. Обозрение киргиз-кайсакской степи. 1804 г.)
Әрине, аңыз бір мәтінде болып, тек уақыт өте адам мен жер атаулары өзгеріске ұшырағанын жоққа шығаруға болмайды. Бірақ Әбілғазы мен Қадырғали Жалайыр Шыңғыс қаһанның шежіресін тарқатқанда Добұн мергенді атайды. Соған қарағанда «Моңғолдың құпия шежіресінде» аталған Добұн шын өмірде болған кейіпкер болу тиіс.
Ал енді географиялық сұраққа келетін болсақ, Шыңғыс қаһанның бабалары — Қара хан, Өғыз хан, т.б. бәрі Борсықтағы Қарақорымда (Қарақұмда) қыстаған. Гавердовский 1804 жылы ел шежіресіне сүйене отырып Найман елінің кіші бір бөлігі Бақана (Бағаналы) руы Қарақұмда Шыңғыс қаһанның жорықтарына дейін қыстаған дейді. Бұл дерек Қазақстанды мұңғылдар келіп жаулап алды деген тарихи ұстанымды жоққа шығарып отыр. Өйткені мұңғылдармен тайпалары автохтонды болып шыға келеді. Тарихи шындық соған жақын болады.
Ол ол ма? Гавердовский Шыңғыс қаһанды мұңғыл нәсілінен шыққанын атап, олардың Отаны Ұлытау мен Кішітау деп кесіп айтады. Сонымен қатар, Шыңғыс қаһаннан кейінгі Ұлы қаһандары қазақ жерінің шығыс бөлігінде орналасқан дейді. «Известно, что прямые наследники Чжингис-хана, имевшие главное пребывание близ восточной части степи Киргизской, носили титул великих ханов и верховных властителей всех орд, а потому народ, им подчиненный, назывался Великою ордою, или, говоря прямо по азиатскому диалекту, Большою ордою, которая занимала обширное пространство восточной части степи Киргизской. От сего впоследствии западные поселяне всех в востоке обитающих моголов называли сим именем». (Гавердовский Я. П. Обозрение киргиз-кайсакской степи. 1804 г.)
Жоғарыда сарапталған фактілерді түйндейтін болсақ, Ұлытау өңірінің Шыңғыс қаһан империясының тарихында ойып алған рөлі шынымен де ұлық. Басқа емес, Жошы ұлысының Ұлық Ұлыс аталуы бекер емес. Ұлытау ХVІ ғасырға дейін бөгде ешкім жоламайтын қорық болды. Ұлытауды Карпини де, Рубрук та, Поло да көре алмай кетті. Алаша хан, Домбауыл, Жошы хан, Болған ана күмбезді кесенелер ашық алаңға, «он ок ұшатын» қашықтыққа дейін жан-жағы алақандай көрініп тұратын жерге тұрғызылған. Олардың айналасындағы бейіттерге кейін, шамамен ХVІ ғасырдан кейін кісілер жерленген. Оған дейін Жошы ханнан басқасының бәрі жалғыз тұрған. Оларды қият-бағаналылар мен Жошының ұрпақтары қорыған.
Сонысымен Ұлытау өзінің ұлылығын бүкіл Евразияға паш ете алмады. Ол саяси құпия тарихи құпияға айналды. «Моңғолдың құпия шежіресінің» түп нұсқасы солай пайда болды деп ойлаймыз. Бұл тек біздің пікіріміз. Қалғанын бір Аллаһ біледі!
Мұхтар Бақытұлы
Сәтбаев қаласы
30.01.2021 жыл
Қырық-Құдық мешіті
Ресей империясының қазақ жеріндегі отарлау саясаты қазақ ру-тайпаларын «төмен мәдени», яғни дала аймақтарына ығыстыруды көздеді. Петропавловск, Павлодар, Усть-Каменогорск, Семипалатинск, Верный бекіністері қалаларға айналып, аумақтарында православл шіркеулері мен еврей синагогалар бой көтерді. 1865 жылы Орал, Сібір және Жетісу казактары Ташкентті алысымен, қазақ толығымен өз шаһарларынан айырылды. Ұлы Жібек жолы құлдырап, оның үстінен жоңғар шапқыншылығы оңтүстіктегі қалаларды әлсіреткеннің үстінен, орыс патшалығы жаңа қалалар салып, қазақтарды үйреншікті мешіт-медреселерінен шектетті. Көне шежіре мен Құран-кітаптарына толы кітапханалар, зәулім мешіттер, терең рухани білім беретін медреселер біртіндеп жойылды.
Дала аймақтарына шоғырланған қазақтар баба салтын және мемлекеттілікті құраушы, қоғам өмірінің түп қозғалтқышы болып тұрған ислам дінін сақтау жолында мешіттер салып, жат дәстүр мен өзге рухани ықпалдан елді сақтап қалуға бар күшін салды. Ислам діні Ұлық Ұлыс және Қазақ хандығы заманынан бері қазақ өміріне терең сіңіп, саяси, қоғам, экономикалық және рухани құндылыққа айналды. Бала кезінен бастап, қазақ Құраннан тәрбие алып, ислам дінінің басты қағидалары мен парызын орындап жүрді.
Жыл бойы теріскейде мал жайлап, түстіктегі қыстақтарда қыстап жүрген қазақтың хәлі кеңдігін жоғалтып, көшу аймақтары тарыла бастады. Түстіктегі мешіт-медреселер қол-жетімсіз болып қалды. Отырықшылықты талап етіп отырған патша әкімшілігі неше түрлі кедергілер ойластырып, көшпенді қазақты далаға «қамап», қалаға тек сауда жасауға ғана келетіндей жағдай жасап қойды.
Сол кездері қазақ өз салт-дәстүрін, мәдениетін сақтап қалу үшін барынша мешіттер салуға кірісті. Ұлытау өңіріне көз салсақ, мешіт-медресе салу, белгілі кісінің басына жеті атасын тізіп көк тас қою сол ХІХ ғасырда кеңінен тарағаны байқалады. Зерттеушілер аталмыш кезеңде Ұлытау өңірінде 20-дан астам мешіт болғанын айтады. Солардың ішінде, тіркеуге алынбаған 6 мешіт белгілі болған екен. («Ұлытау. Ұлытау ауданы. Энциклопедия», бас редактор С. Қожамсейітов). Олардың бәрі түгелімен Ұжымдастыру кезінде большевиктердің айтақтауымен бозғын-белсенділердің қолымен бұзылып, кірпіштері ұжымшарларда үй, пеш, қора салуға жұмсалды.
Тоғыз күмбезді Дулығалы мешіті туралы біз 2016 жылдың тамыз айында, Жезқазған қаласында шығатын «Сарыарқа» газетінде, «Құлмұхаммед ишан» атты мақалада, мүмкіндігінше, жан-жақты жазған болатынбыз.
Ұлытаудағы мешіттердің қатарына Райдың күмбезді мешіті, Сарысу өзенінің бойындағы Айтболат Ақшиіндегі Ахметжан мешіті, Сарыкеңгірдің бойындағы Қонысбайдың, Қаражардың түбіндегі Аққошқардың мешіттері, Қорғантас ауылындағы Ахмет ишанның медресесі, тағы басқалары жатады. Аталған мешіттердің қатарында, бүгін біз әңгіме қылып отырған Қырық-Құдық мешіті де бар. Мешіт іргесінің қалдығы Сарлық ауылының шығысында жатқан Қырық-Құдық қорымының оңтүстік-батыс аумағында үйінді түрде сақталған күйде байқалады.
Біріншіден, Қырық-Құдық атауы неден шығатынын атап өтейік. Мешіт бұзылған сәтте пайда болған, бүгінгі күні үлкен қорымға айналған Қырық-Құдық Сарлық өзенінің оң жақ жағалауында орналасқан. Ол жерде, көшпелі мал шаруашылығы дамып тұрған кезде, көп құдықтар қазылған екен. Және де, қай жерден қазса да, құдық бетіне дейін суға толып, жергілікті Жылкелді руының ауылдарындағы халықты да, олардың еңшілігіндегі малды да толығымен ауыз сумен қамтамасыз еткен. Сондықтан, ол жер Қырық-Құдық атауына ие болған.
Белгілі дереккөз болып саналатын, 1897 жылы жүргізілген Ресей империясындағы тұңғыш халық санағы бойынша жазылған «Материалы по киргизскому землепользованию» атты кітапта Қырық-құдыққа қатысты мәлімет біз кездестірмейміз. Ол жерде тек Сарлық пен Қосшоқы туралы жазылған. Соған қарағанда, сол кездегі Сарлық деп аталған қыстақ, көп құдықтың басында шоғырланған Қырық-құдық болуы тиіс.
Ол кезде Сарлық қыстауында 6 шым үй, 5 кигіз үй, 26 адам саны тіркелген. Малдың саны 212 бас ірі қара және 615 бас қой-ешкі болған. Соған қарағанда, бұл ауыл Жылкелді руының ауылдарының арасында ауқаттылардың қатарында болған. Ауылдың ақсақалы болып Ақсейіт Бабырұлы жазылып тұр. Ақсейіттің інісі Қожамсейіт Сартастағы жылкелділіктердің екі ауылының бірінде ақсақал болып тіркелсе, тағы бір інісі Мырзамсейіттің есімі кездеспейді. Соған қарағанда, Мырзамсейіт Сарлық ауылында ағасы Ақсейіттің серігі болғанға тура келеді.
Енді мешіттің тарихына көз салсақ… Мешіт қай уақытта салынды деген сұраққа біз жауап таба алмадық. Өйткені, бұл мәселеде екі қарама-қайшы пікір пайда болды. «Ұлытау. Ұлытау ауданы. Энциклопедия.» кітабындағы, жоғарыда аталған 297-беттегі «Мешіттер» атты мақалада, Сүтемген Бүкіровтың деректеріне сүйене отырып, энциклопедияның бас редакторы Сағындық Қожамсейітов «Сарлықтағы Достәуір қажының мешіті медресемен қоса салынған» деп жазады.
Достәуір қажы туралы толықтау мәліметті біз «Жылкелді руының тарихы» (бас редактор Мұхтар Бақытұлы) атты кітаптың қолжазбасынан табамыз. Қолжазбаның 147-бетінде, ел шежіресіне және «Жылкелді ұрпақтарының шежіресі» (бас редактор Б. Байжантаев) атты кітапшаға сүйене отырып, былай жазылған: «Мәлімқожаның немересі Достәуір Құран Кәрімді терең меңгерген, ілімді кісі болған. Мекке — Мәдинаға барып, қажылық парызын өтеген. Келген соң замандасы Бабыр батырдың көмегімен Сарлық ауылының шығыс жағына орналасқан Қырыққұдық деген жерде мешіт-медресе салған, онда үлкен кітапхана болған. Достәуір ақын ретінде де аймаққа кең танылған. Оның „Ерденұлы Бименде туралы хиқаяты“ желісі жақсы тартылған, тілі көркем, сәтті шығарма екеніне дау жоқ. Ақынның басқа шығармалары да болуы мүмкін, оны жинастырып, кітап қылып шығару ұрпақтарының парызы деп білеміз».
Ал, екінші пікірді Алматы қаласындағы Орталық Мемлекеттік архивіндегі 369 қорда сақталған, Ақмола облыстық басқармасының құрылыс бөлімі жүргізген №8370 іс туындатады. Ол құжатта Мырзамсейіт Бабыров бастаған бір топтың Ақмола облысы губернаторынан Қырық-Құдықта мешіт салуға рұқсат сұрағаны туралы жазылады. Нақтылай келсек, 1911 жылдың 23 мамырында Атбасар уезі, Жезді болысы, Қожас-Су деген жердегі №2 ауылда 140 түтін иелері жиналып, ауылбасы (старшина) Жылкелдіұлы Жақалдың шөбересі Есімбет Жаңқожаұлы мен болыс басқарушысы Мырзамсейіт Бабырұлының қатысуымен (ұйымдастыруымен — автор), Әлди Тоқсейітұлы мен Күшіген Ерсейітұлы Бабыровтың арызын тыңдады. Арызда Ұлытау тауының батыс жағында, Сарлық өзенінің бойындағы Қырық-Құдықта мешіт салуға патша әкімшілігінен рұқсат алу мәселесі көтерілген. Сонымен қатар, мешіттің сызба-жоспары мақұлданған (фотода).
Сызба бойынша мешіттің жалпы ұзындығы сырттан санағанда 29 аршин, немесе 20,59 метр, ені — 12,5 аршин, немесе 8,52 метр болып жоспарланған. Кіреберіс есігі ғимараттың батыс қабырғасының аяқ жағында, ал Құбылаға қарайтын мінбе ғимараттың бас жағында көрсетілген. Мешіт үш бөлмеден құралған: үлкен зал, кітапхана-медресе және киім ілетін кіреберіс бөлме.
Осы істе тағы бір құжат тіркелген 1911 жылы 4-шілдеде Ақмола облысының вице-губернаторы Кандаровтың облыстық Көшіп-қону қорының меңгерушісіне жолдаған хатында «аталған ел көшпенді ме, әлде отырықшы ма» деген сауал қояды. Меңгеруші «ол ел отырықшы тұрғындарға жатпайды» деген жауап жазады. Істе мешіт салуға рұқсат бергені, немесе бермегені туралы құжат бізге кездеспеді.
Меңгерушінің жауабына сүйене отырып, Сағындық Қожамсейітов Қырық-Құдықта мешіт салуға тиым салынғанға ұқсайды деген пікірді алға тартады. Ал Сарлық ауылының тұрғыны Қанат Байсалбеков, мешіттің сызба-жоспарымен таныса отырып, «мешіттің орны қардың астында қалды, бірақ жобасы сол қорымның арасында сақталған мешіттің қалдығына келеді» деді.
Осы сәтте екі сұрақ туындайды: 1) Егер мешіт Бабыр бидің кезінде салынып, Достәуір қожа мешіт жұмысын жүргізіп отырса, неге Мырзамсейіт Бабырұлы мешіт салуға рұқсат сұрайды? 2) Егер Қырық-Құдықтағы мешіт Мырзамсейіттің кезінде салынса, Достәуірдің мешіті қайда?
Бұл сұрақтарға жауаптарын табу үшін біз Сарлыққа барып өлшеу жұмыстарын жүргіздік. Нәтижесінде, мешіттің үйіндісінің көлемі сызба-жоспарында келтірілген параметрлерге сай болып шықты. Үйіндінің пішімі сол жоспардағыдай үш бөлмеден құралып, жалпы ұзындығы 20 метр болды. Соған қарағанда, мешіт сол 1910-жылдары салынғанға ұқсайды.
Оған қоса, айта кететін жәйіт — ауыл ақсақалы Достәуір Талимұхамедұлының ауылы, жоғарыда аталған «Материалдарда» Жарықбас Көлұлының Көкжиде, Ақкөтбай Бабырұлының Бөлекжиде қыстақтарымен қатар орналасқан Ақши деген жерде көрсетілген.
Осы мәліметтрге сүйене отырып, тұжырымдама жасайтын болсақ, Қырық-құдық мешіті Мырзамсейіт Бабырұлының бастамасымен 1910-шы жылдары бой көтеріп, ұжымдастыру кезінде шолақ белсенді-бозғындардың күшімен бұзылып, жаңадан салынған ұжымшардың пайдасына құрылыс материал үшін бұзылған.
Алланың жолында жасалған бабаларымыздың игі істерін қағазға түсіріп, білетіндермен жан-жақты зерттеп, болашақ үшін тарихымызға қалдыру үшін осы мақаланы жазып отырмыз. Туған жеріміздің әр төмпешкінің сырын ашу — біздің міндет. Әлі талай ескерткіштердің тарихы, Алланың қалауымен, жазыларына үмітіміз зор!
Мұхтар Бақытұлы.
Сәтбаев қаласы,
09.12.2020 жыл.
БАҒАНАЛЫ–НАЙМАН: ШЕЖІРЕЛІК ДЕРЕКТЕР МЕН ТАРИХИ ПАЙЫМ
2021 жылдың қараша айында жарық көрген «Номадическая история Улытау» атты кітабымыздан кейін оқырмандар тарапынан Ұлытау өңірінің тарихына, жергілікті ру-тайпалардың қалыптасуына және олардың өзара байланысына қатысты көптеген сұрақ қойылды. Солардың бірі — Бағаналы қауымының шығу тегі және оның Найман елімен тарихи арақатынасы туралы мәселе.
Ру-тайпалардың көне тарихын қалпына келтіру оңай емес. Өйткені жазба деректер көбіне билеушілер мен мемлекеттер тарихын баяндайды да, жекелеген қауымдардың ішкі құрылымы мен атаулары толық көрсетіле бермейді. Ал ауызша шежірелер ғасырлар бойы жаңарып, әр дәуірдің тарихи түсінігімен толығып отырған.
Сондықтан төменде айтылатын пікірлерді түпкілікті шешім емес, жазба деректерді, шежірелік нұсқаларды, жергілікті топонимдерді және тарихи жадты салыстырудан туған ғылыми пайым ретінде қабылдаған дұрыс.
Оғыздық дәстүр және көне этносаяси жад
Оғыз қаған туралы аңыздар түрік халықтарының тарихи жадында ерекше орын алады. Ортағасырлық шығармаларда ол түрік тайпаларын біріктірген ұлы билеуші, ел мен жерді ұлдарына бөліп берген арғы ата ретінде суреттеледі. Оның алты ұлы Бұзоқ және Үшоқ болып екі қанатқа бөлініп, кейінгі ру-тайпалардың генеалогиялық жүйесіне негіз болғаны баяндалады.
Оғыз қағанның нақты қай кезеңде өмір сүргені жөнінде ғылымда бірізді пікір қалыптасқан жоқ. Кейбір зерттеушілер бұл бейнені ғұн дәуіріндегі Мөде қағанмен байланыстырса, енді біреулері оны ерте ортағасырлық түрік бірлестіктерінің тарихи жадынан туған жиынтық тұлға деп есептейді. Я. П. Гавердовский Оғыз қағанды Македонскийден кейін өмір сүрген тұлға ретінде қарастырады. Оның сөзінің жаны бар, өйткені сол кезеңнен бастап Қыпшақ, Қанлы, Ұйғыр, т.б. тайпалар сол заманда қалыптасқаны мәлім.
Оғыз қаған туралы «Оғыз-намада» сақталған елді екі қанатқа бөлу, алты ұлға енші беру және тайпаларды белгілі бір тәртіппен орналастыру үлгісі көне көшпелі қоғамдардың саяси құрылымын танытады. Қазақ арасындағы «алты алаш» ұғымын да осы генеалогиялық модельмен салыстыра қарастыруға болады. Алайда «алты алаш» атауын Оғыз қағанның алты ұлынан тікелей тарату әзірге дәлелденген ғылыми қорытынды емес.
«Оғыз» атауы әр тарихи кезеңде әртүрлі тайпалық бірлестіктерге қатысты қолданылған. Ерте орта ғасырлардағы Тоғыз-оғыз бірлестігі мен кейін Сырдария, Арал маңы және Батыс Қазақстан аумағында қалыптасқан оғыз қауымын бір мемлекет немесе өзгеріссіз сақталған бір көшпелі мәдениет ретінде қарастыруға болады. Олардың арасында тарихи-этникалық сабақтастық болған.
Әбілғазы, Рашид ад-Дин және басқа шежірелік шығармаларда оғыздық кеңістікпен ұйғыр, қыпшақ, қаңлы, қарлұқ және өзге де тайпалар байланыстырылады. Бұл мәліметтер бір мезгілде өмір сүрген мемлекеттің дәлме-дәл әкімшілік тізімі, бір ұлы оқиғаның салдарынан қалыптасқан этнобірлестіктер деп түсінген жөн.
Найман атауы және Найман ұлысы
Наймандардың ерте тарихы да толық шешілген мәселелердің қатарына жатпайды. Олардың этникалық негізі, сөйлеген тілі және бұрынғы тайпалық бірлестіктермен байланысы жөнінде бірнеше ғылыми көзқарас бар.
Зерттеушілердің едәуір бөлігі «найман» атауын моңғол тіліндегі «сегіз» санымен байланыстырады. Осыған сүйене отырып, наймандарды ертедегі Сегіз-оқуш немесе сегіз тайпадан құралған бірлестіктің жалғасы ретінде қарастыратын пікір қалыптасқан. Бірақ атаудың сандық мағынасы қауымның этникалық тегін толық түсіндірмейді. Көшпелі мемлекеттерде сан атаулары көбіне тайпалық одақтың құрылымын ғана білдірген.
Наймандардың тілі мен этникалық сипатына қатысты да пікірлер әртүрлі. Бірқатар зерттеушілер оларды түірк тілді қауымға жатқызса, кейбір ғалымдар түрік және шин ортасының тоғысында қалыптасқан аралас бірлестік деп есептейді. Сондықтан наймандарды тек бір ғана этникалық негізден тарату тарихи үдерістің күрделілігін толық көрсете алмайды.
Жазба мәліметтерде наймандардың Алтай, Тарбағатай, Ертіс пен Орталық Азияның шығыс бөлігіндегі кеңістікте өмір сүргені байқалады. XII ғасырдың соңы мен XIII ғасырдың басында Найман ұлысы Орталық Азиядағы аса ықпалды саяси бірлестіктердің бірі болды. Оның билеушілері көрші керей, меркіт және мұңғыл қауымдарымен саяси әрі әскери бәсекеге түсті.
Шыңғыс қаған жорықтарынан кейін Найман ұлысының бұрынғы саяси құрылымы ыдырағанымен, оның халқы түгел жойылып кеткен жоқ. Найман топтары әртүрлі бағытқа қоныс аударып, кейінгі түрік халықтарының құрамына енді. Қазақ халқының құрамындағы Найман тайпасы — сол ұзақ этникалық және саяси үдерістердің нәтижесінде қалыптасқан ірі қауымдардың бірі.
Бағаналы атауының шығуы туралы
Бағаналы атауының пайда болуы жөнінде бірнеше түсінік бар. Қазақ шежіресінде ол көбіне бақан тәрізді ру таңбасымен байланыстырылады. Мұндай түсіндіру халықтық этимологияға жақын болғанымен, этнонимнің нақты қай уақытта және қандай жағдайда қалыптасқанын толық ашып бере алмайды.
Біздің пайымымызша, Бағаналы атауы тек таңбаның атауынан емес, белгілі бір арғы атаның есімінен туындауы да мүмкін. Кейін сол адамның есімі, оның ұрпағы және қолданған таңбасы бір ұғымға бірігіп кеткен болуы ықтимал. Көшпелі қоғамда кісі есімі, ру атауы және таңба арасында осындай өзара байланыстар жиі кездеседі.
Ортағасырлық жазба деректерде Бағаналы атауы дербес қауым ретінде айқын көрінбейді. Бұл оның сол дәуірде мүлде болмағанын білдірмейді. Қауым басқа ірі бірлестіктің құрамында жүрген болуы немесе жазба авторлары оның ішкі атауын көрсетпеуі мүмкін.
Бағаналы этнонимін анықтау мәселесінде «Моңғолдың құпия шежіресіндегі» бір генеалогиялық желі назар аудартады. Аталған шығармада Добун мерген мен Алан-қоадан Бугунотай және Белгунотай есімді екі ұл туғаны айтылады. Кейін олардан Бугунот және Белгунот қауымдары тарағаны баяндалады.
Бұрынғы еңбектерімізде Бугунотай атауын Бағаналы, ал Белгунотай атауын Белгібай есімімен салыстырып қарастырған едік. Есімдердің дыбыстық жақындығы мұндай болжам жасауға мүмкіндік береді. Сонымен бірге, Әлкей марғұлан жергілікті елден жазып алып ұсынған аңызға сүйеніп, біз Ұлытаудағы Домбауыл тұлғасы мен Добун мерген бір тарихи тұлға екендігін келтіргенбіз.
Сондықтан, Бугунотайдан Бағаналыға және Белгунотайдан Белгібайға дейінгі атаулардың фонетикалық өзгеру жолы, арадағы уақыт алшақтығы мен генеалогиялық сабақтастық арнайы тілдік және деректанулық зерттеуді қажет етеді.
Домбауыл мен Добун мергенді бір тарихи тұлға ретінде қарастыру да — әзірге жұмыс болжамы. Бұл бағытта археологиялық мерзімдеу, жергілікті аңыздар, ортағасырлық шежірелер және тарихи топонимика кешенді түрде салыстырылуы керек.
Соған қарамастан, аталған ұқсастықтар Бағаналы атауының шығуын тек бақан таңбасымен шектемей, оның көне антропонимдік негізін де іздестіруге мүмкіндік береді.
Жазба деректердегі Бағаналыға қатысты мәліметтер
Масуд ибн Осман Кухистанидің Әбілқайыр хан тарихына арналған шығармасында оны хан көтеруге қатысқан Найман өкілдері аталады. Алайда сол тізімде Бағаналы атауы жеке көрсетілмейді.
Деректе белгілі бір атаудың болмауын сол қауымның өмір сүрмегеніне дәлел ретінде қабылдауға болмайды. Ортағасырлық авторлар мемлекет құрамындағы барлық руларды толық санамалап шығуды мақсат етпеген. Кухистани мәліметі XV ғасырда Найман атауының белгілі болғанын көрсеткенімен, оның ішкі рулық құрылымын толық ашпайды.
Бағаналы тарихына қатысты маңызды мәліметтердің бірі Яков Гавердовскийдің XIX ғасырдың басындағы жазбасында кездеседі. Ол Қарақұм өңірінде «бақана» деп аталған наймандардың шағын бөлігі «Шыңғыз қағанның жорықтарына дейін» отырғанын хабарлайды.
Гавердовский қолданған «бақана» атауы Бағаналы этнонимінің қысқарған немесе өзгеше жазылған нұсқасы екеніне күмән жоқ. сондықтан, ол замандағы бағаналылар ұлытаулық оғыз-қияттардан қалған бір тайпа екенін білдіреді. Қалғандары — қайы, баят, баяндүрлер Түркияға кетсе, қарақойлылар қыпшақтардың арасына сіңіп кеткен (Ш. Уәлиханов).
Бағаналы–Найман бірлестігінің қалыптасуы
Ұлытау өңіріндегі ауызша шежірелерде Бағаналы мен Найманның арақатынасы бір ғана атаның ұрпағы ретінде емес, тарихи кезеңдерде қалыптасқан туыстық-саяси бірлік түрінде де түсіндіріледі.
XVII–XVIII ғасырлардағы жоңғар соғыстары қазақ даласындағы көптеген ру-тайпалардың орналасуына әсер етті. Шығыс пен оңтүстік-шығыстан ығысқан қауымдар Сарыарқа, Ұлытау және Қарақұм бағыттарына көшіп, жергілікті елдермен араласты.
Шежірелік нұсқалардың бірінде Өр Найманнан бөлініп шыққан ауылдардың Бағаналы еліне келіп қосылғаны айтылады. Кейін бұл қауымның бір бөлігі Сейіт атауымен топтасқан деген мәлімет бар. Сондай-ақ Матай құрамындағы Төртқараға қатысты жекелеген топтардың Ұлытау бағытына келгені жөнінде де шежірелік әңгімелер сақталған.
Бұл оқиғалардың нақты мерзімі мен барысы мұрағат құжаттары арқылы әлі де тексерілуі керек. Дегенмен олардың мазмұны Ұлытау өңіріндегі Бағаналы–Найман қауымының бір мезетте емес, бірнеше тарихи көші-қон мен саяси өзгерістердің нәтижесінде қалыптасқанын аңғартады.
Жергілікті қолданыста «Бағаналы–Найман» атауының орнығуы да назар аударарлық. Бұл тіркесті бір атаудың екіншісіне бағыныстылығын көрсететін шежірелік саты ретінде ғана қабылдамаған жөн. Мұнда Бағаналы мен Ұлытауға қоныстанған Найман топтарының тарихи-аумақтық бірлігі де көрініс табуы мүмкін.
Осы тұрғыдан алғанда, Бағаналы–Найманды бір рудың екіншісінен механикалық түрде тарауы деп емес, ұзақ уақыт бойы бір өңірді мекендеген, өзара туыстасқан және ортақ саяси тағдыр кешкен қауымдардың бірлестігі ретінде зерттеу нәтижелі болмақ.
Бағаналының ішкі құрамы
Жергілікті шежірелік жүйеде Бағаналы қауымының құрамында Сары-Сарғалдақ және Қожас сияқты ірі тармақтар аталады. Бұл атаулардың қалыптасу тарихы мен өзара қатынасы да терең зерттеуді қажет етеді.
Қожас қауымын нируундармен және Шыңғыс қағанның үлкен ұлы Жошыдан туған Орда Ежен әулетімен байланыстыратын шежірелік нұсқа бар. Оны бізге Қарсақбай комбинатының бас геологы Қаныш Сәтбаев өзінің 1927 жылғы мақаласы арқылы жеткізген. Бұл пікірді нақтылау үшін төре әулеттерінің жазба шежірелері, құлпытастардағы жазулар, мұрағат құжаттары және басқа да генеалогиялық материалдар салыстырылуы тиіс.
Қожас мырза мен Бүрге сұлтанның арасындағы қақтығыс туралы Әбілғазы өзінің «Түрк шежіресінді» жазады. Ол оқиғаны суреттегенде Бүрге сұлтан Сарай-Батыдан Ұлытауға барғанын аңғаруға болады және оқиғаның болған ауқыты да XIV ғасырдың ортасына, яғни Қожастың бағаналылардың шежіресіндегі өмір сүрген кезеңіне тура келеді.
Шежіре — тарихи жадтың маңызды дерегі. Бірақ ол бірнеше ғасырды қамтитын оқиғалардың күнтізбелік жазбасы емес. Сондықтан Қожастардың Орда Еженнен тарауы туралы мәліметті әзірге шежірелік нұсқа және зерттеуді қажет ететін болжам ретінде қабылдаған дұрыс.
Қожас пен Бағаналы қауымдарының тарихы Жезді және Кеңгір өзендерінің аңғарларымен тығыз байланыстырылады. Бұл өңірде Ақсай, Бестам, Жансейіт, Келінтам, Жошы ордасы, Болған ана, Аяққамыр, Басқамыр және басқа да ортағасырлық ескерткіштер орналасқан.
Аталған нысандардың арасында мазарлар, қоныстар, қорымдар, өндірістік орындар және бекініс сипатындағы құрылыстар бар. Әр ескерткіштің қызметі археологиялық зерттеу нәтижелері бойынша жеке анықталуы қажет.
Ұлытау жеріндегі металлургиялық қоныстар, соның ішінде жергілікті деректерде Ұлық Бақырлық атауымен байланысты орындар, аймақтың тек саяси емес, ірі өндірістік орталық болғанын да көрсетеді. Кеңгір мен Жезді аңғарларындағы ескерткіштерді ру-тайпа тарихымен салыстыра зерттеу Ұлытаудың этникалық тарихын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді.
Алайда археологиялық ескерткіштің белгілі бір рудың өмірімен байланысты болуы оның сол руға тікелей тиесілі болғанын өздігінен дәлелдемейді. Мұндай қорытынды жасау үшін археология, антропология, эпиграфика, топонимика және жазба деректердің нәтижелері өзара сәйкес келуі керек.
Ұлытау–Қарақұм кеңістігіндегі тарихи сабақтастық
Бағаналы шежіресінде Ұлытау мен Қарақұм атақоныс ретінде ерекше орын алады. Кейінгі ғасырлардағы тарихи және әкімшілік деректер де Бағаналы ауылдарының осы кеңістікте қоныстанғанын көрсетеді.
Бағаналы қауымының бұл аймақты нақты қай кезеңнен бастап үздіксіз мекендегенін анықтау қиын. Ежелгі және ерте ортағасырлық кезеңдерге қатысты тұжырымдар көбіне шежірелік жад пен жергілікті аңыздарға сүйенеді. Ал қауымның Ұлытау–Қарақұм өңіріндегі тарихы жаңа заманға жақындаған сайын жазба деректерде анығырақ көріне бастайды.
XX ғасырдың алғашқы жартысындағы күштеп ұжымдастыру, көшпелі шаруашылықты зорлықпен отырықшыландыру және ашаршылық Ұлытау елінің дәстүрлі өмір салтына ауыр соққы болды. Көптеген ауыл жан сақтау үшін басқа аймақтарға қоныс аударды. Соның салдарынан бұрын бір кеңістікте отырған ағайын Қазақстанның әр өңіріне және одан тыс жерлерге тарады.
Дегенмен тарихи жад, ру шежіресі, жер-су атаулары мен атақоныс туралы түсінік жоғалған жоқ. Қазіргі кезеңде ел ішіндегі шежірелерді жинау, көне қорымдарды зерттеу, мұрағаттық құжаттарды анықтау және туыстық байланыстарды қалпына келтіру жұмыстары жаңа серпін алып келеді.
Қорытынды
Бағаналының шығу тегі мен Найман қауымымен арақатынасы бір ғана шежірелік тізбекпен шешілетін мәселе емес. Бұл тақырыпта бірнеше тарихи қабат тоғысқан:
— Оғыз қаған жөніндегі көне генеалогиялық дәстүр;
— ерте ортағасырлық оғыз және түрк бірлестіктері;
— Найман ұлысының қалыптасуы мен ыдырауы;
— Шыңғыз қаған дәуіріндегі этносаяси өзгерістер;
— Ұлытау өңіріне келген әртүрлі қауымдардың араласуы;
— XVII–XIX ғасырлардағы көші-қон және рулық-әкімшілік құрылымдардың өзгеруі.
Біздің пайымымызша, Бағаналы атауын тек Найманның ішкі бір тармағы немесе бақан таңбасынан шыққан этноним ретінде ғана түсіндіру жеткіліксіз. Оның арғы негізінде көне кісі есімі, бұрынғы тайпалық қауым және кейінгі тарихи одақ қатар жатуы ықтимал.
Бағаналы мен Белгібай атауларын Добун мергеннің ұлдары Бугунотай және Белгунотай есімдерімен салыстыру, сондай-ақ Домбауыл мен Добун мерген арасындағы ықтимал байланысты қарастыру — мәселені зерттеудің бір бағыты. Бірақ бұл пікірлерді дәлелдеу үшін тілдік заңдылықтар, хронология және жазба генеалогиялық тізбектер толық зерделенуі керек.
Бағаналы-Найман атауын Ұлытау өңірінде қалыптасқан тарихи-аумақтық және рулық-саяси бірліктің атауы ретінде қарастыру қисынды көрінеді. Бұл бірлестіктің құрамына әр кезеңде әртүрлі топтар еніп, уақыт өте келе ортақ шежіре мен ортақ атақоныс төңірегіне топтасқан болуы мүмкін.
Алдағы зерттеулерде Гавердовский, Кухистани және басқа авторлардың жазбаларын түпнұсқадан қайта қарау, Ресей империясы кезеңіндегі болыстық құжаттарды зерделеу, Ұлытау қорымдарының эпиграфикалық материалдарын жинау, археологиялық ескерткіштерді жүйелеу және әртүрлі шежірелік нұсқаларды өзара салыстыру қажет.
Тарихты қайта тану — өткенді бүгінгі түсінікке бейімдеу емес. Оның басты мақсаты — аңыз бен ақиқатты қарсы қоймай, әрқайсысының тарихи жадтағы орнын дұрыс анықтау. Сонда ғана Бағаналы–Найман қауымының Ұлытау тарихындағы орны ғылыми тұрғыдан терең әрі әділ бағаланбақ.
Пайдаланылған негізгі деректер мен әдебиеттер
Әбілғазы Баһадүр хан. Түрік шежіресі.
Рашид ад-Дин. Жамиғ ат-тауарих.
Гардизи. Зайн әл-ахбар.
Моңғолдың құпия шежіресі.
Масуд ибн Осман Кухистани. Тарих-и Абулхайр-хани.
Гавердовский Я. П. Обозрение Киргиз-кайсацкой степи.
Бақытұлы М. Номадическая история Улытау. — 2021.
Бақытұлы М. «Домбауыл немесе Добын мерген».
Akerov T.A. On the Origin of the Naiman. — 2016.
Сабитов Ж. М. «О происхождении казахского племени Найман». — 2024.
Мұхтар Бақытұлы,
Сәтбаев қаласы,
12.01.2025 жыл.
Тағы да Алаша хан жөнінде
Көтеріп отырған тақырыбымыз біздің оқырманға жат емес, өйткені Алаша хан туралы біз өзіміздің алдыңғы зерттеулерімізде жазған болатынбыз. Әсіресе, соңғы шыққан «Номадическая история Улытау» атты еңбегімізде бұл сұрақты мүмкіндігімізше жан-жақты қазбалап жаздық. «Алаша хан кім?» деген сұраққа жауап табу бүгінгі күндегі отандық тарихнаманың күрделі мақсаттарының бірі.
Осы сұраққа жауап іздегенде көптеген қарама қайшы пікірлерге, ел арасында, ғылыми ортада белгілі аңыздарға тап болып жатамыз. Кейбір тарихи логикаға сай емес аңыздардың пайда болуының себебін біз Алаша хан күмбезінде кім жатқанын түсіндіру үшін кейінгі кезеңдерде ойдан шығарған аңыздар деп ойлаймыз. Осы пікіріміз Қаныш Сәтбаевтің Алаша ханды Һақназармен кейіптегенін теріске шығарады. Егерде күмбезде Һақназар жатса, халық дәл солай атайтын еді, өйткені қазақ хандарының бәрі ХХ ғасырға дейін халықтың есінде жақсы сақталған. Ал орта ғасырлардағы тарихи тұлғалар, ел билеген хандар ұмытылып, тек өзге аумақтағы елдердің жылнамашыларының еңбектерінде сақталып қалған. Сондықтан, Алаша хан Қазақ хандығы құрылғанға дейін өмір сүрген тарихи тұлғаға сай келеді және ол үлкен империяның бастамашысы, іргесін қалаушысы ретінде қабылданады.
Алаша хан туралы дереккөздердің ішінде, кеңестік тарихнамаға дейінгі ақпараттар, белгілі қайраткер немесе ғылымға жақын тұлға жазған еңбек бізге бүгінгі қойылып отырған сұрақтарға теренірек жауап табуға мүмкіндік беретіні белгілі. Сондай пікірдің бірі Міржақып Дулатұлының «Қазақтың тарихы» атты мақаласында кездеседі. Мақала «Қазақ» газетінің 7-ші санында, 1913 жылдың 22 наурызында жарыққа шыққан.
Автор түрк қоғамының бірлестігі туралы ой қозғап, Ноғай, Қазақ және Өзбек халықтарының генетикалық туыстығы «Алаш» терминінің айласында өрбитінін жазады. Дулатұлының пікірі «мынау: Қазақтың „Алаш“ атанғаны хижреден (Мұхаммед ғалейһ сәләмнің Меккеден көшіп Мединеге барып кірген күнінен) алты жүз жыл өткен соң, Шыңғысхан тұсында болды. Шыңғысхан бүкіл мүліктен төрт баласына бөліп бергенде, Дешті-Қыпшақты, Сібірдің күнбатыс жағын, осы күнгі Сары-арқаны, Еділ-Жайық өлкесін үлкен баласы Жошыға беріп еді. Ол күнде Жошы ұлысына қараған алты рулы ел бар еді. Сол алты рудың һәр-қайсысына бөлек Шыңғыс алты ұран беріпті, һәр руға өзіне бөлек таңба, ағаш қос беріпті. Сол күнде бүкіл Жошы ұлысының ұраны „Алаш“ болыпты. Жошы ұлысында алты ру болғандықтан „Алты Алаш“ болады. „Алаш“ деген сөздің алғаш мағынасы — Отан кісісі (соотечественник) деген сөз болады». (Міржақып Дулатұлы. ІІ том, Алматы: Мектеп, 2020 ж., 63-бет).
Міржақып Дулатұлының бұл пікірін дереккөз ретінде қабылдауға болатындығы сөзсіз, өйткені біздің Ұлытау өңірін зерттеу барысында айқындалған тұжырымдарға сай келеді. Шыңғыз қаһан өзінің тегі шыққан Добын ауылының бабасы Оғыз қаһанның империясын, яғни Алашын қайта қалпына келтірумен айналысты. Рашит ад-Диннің «Жамиғ ат-Тауарих» кітабында Шыңғыз қаһанның әр әскери қадамын «жаулап алды» емес, «азат етті» деп жазуының мәні де осында жатыр.
Рашит ад-Дин мен Әбілғазының жазғандарына қарасақ, Алаш деп Түрктің ұрпақтары Мұғұл мен Татардың ұрықтарын жатқызуға болады. Мұғұл елі Тінеден (Дон) Ертіске дейін, ал Татар елі Алтайдан Машынға (Манчжұр) дейін жайлаған. Олардың бәрі бытыраған бір-біріне туыс көшпелі ру-тайпалардан құралған.
Сол Алашты біріктіріп, күллі Евразияға өзінің саяси ықпалдығын жүзеге асырғандар — Оғыз қаһан мен Шыңғыз қаһан. Өздері өмірлерін жорықтарда өткізсе, ұрпақтары қалап кеткен империяда заңнамалық түрде әкімшілік басқару әдістерін еңгізді. Оғыздан кейін баласы Күн хан «Оғыздың аһднамасын» әзірлесе, Шыңғыз қаһанның үкімдерінің негізінде Жетісу мен Ертісті орда еткен Үкетай мен Мөңке (ұлы мұғұлдар) «Жасақты» құрастырып, «мәңгілікте орындауға» міндеттеді.
Жоғарыда аталған мақалада Міржақып Дулатұлы Алаш атауының мағынасын дәлелімен түсіндіре отырып, Алаша хан есіміне Жошы ие болғанын атайды. Бұл жерде біз бір ғана маңызды мәселеге назар аударғанымыз жөн — ол таңба тарату сәті. Алаш деп Жошы ұлысының алты руы аталса, оларға таңбаны таратқан Шыңғыз қаһанның өзі. Жошы әкесінің көзі тірісінде ондай мәртебеге ие болуы мүмкін емес еді. Яғни, Алаша хан деп Жошыны емес, Шыңғыз қаһанның өзін қарау керек.
Оның дәлелін ортағасырлық дереккөздер де, археология да, тағы басқасы да келтіреді. Оның мән-жайын біз өткен еңбектерімізде тізіп шыққан болатынбыз. Бүгінгі Алаша хан күмбезі Жошы ханға тиесілі болу мүмкін емес. Ол күмбезде тек Шыңғыз қаһанның өзі жерленгенге ұқсайды. Өйткені Әлкей Марғұлан да, кеңестік замандағы белгілі архитектор М. Герасимов та күмбезді ХІІІ ғасырға жатқызады.
Күмбез ашық алаңда, жан-жағы «садақтың он оғы ұшатын» жерге дейін алақандай көрініп тұратын жерге салынған. Айналасындағы қорым жоңғар шапқыншылығына қарсы Отан соғысынан кейін пайда болған. Оған дейін ол жерге кісі жерлеуге тыйым салынған және күмбез туралы құпияны сақтау міндеттелген.
Ұлытау көшпелі мемлекеттердің билік басындағыларына табиғи қамалдың рөлін атқарған. 500 шақырымдай қашықтықта айналасында ешқандай қалалық бұқара ел болмағаны, бұл жерге жетудің өзі үлкен қиындық тудырғаны оған себеп. Сондықтан, қаһанның мәйітін қорлауға мүмкіндік аз болуына Ұлытау өңірі ыңғайлы болды. Оған қоса Алаша хан күмбезін ақырына дейін қорғау үшін жуан қабырғасының үстіңгі қабаттарында күмбезді қорық ететіндер үшін барлық жағдай жасалған.
Ал қорықшылар қызметін нируундар мен бағаналылар атқарды. Оның дәлелін біз сол күмбездің кіреберіс маңдайшасында қаланған кірпіштегі «босаға-бақан» таңбасынан табамыз. «Босаға» — мұғұл елін аман сақтап қалған қасиетті Еркінеқонның кіреберісі, ал «бақан» — бағаналылардың VIII ғасырдан бастап ие болған таңбасы.
Мұхтар Бақытұлы,
Сәтбаев қаласы,
15.01.2022 жыл.
Байқу нойан, немесе Майқы би.
Ұлытау өңірінің тарихын зерттеу барысында біз әрқашан жаңадан ашылатын жәйттарға тап болып отырамыз. Неге десеңіз, біздің жақтың тарихы әлі толық ашылмаған, бұрмалаңған, оған қоса, қате жазылған фактілер көп. Сондай-ақ, бүгін де ұмытылып кеткен, назардан тыс қалған тағы бір ұлытаулық тарихи тұлғаны көпшіліктің назарына аударуға тура келеді. Ол — қазақ арасында Майқы би есіммен есте қалған Байқы нойан. Негізі, Майқы би деген есіммен тарихта қалған тұлғалар қазақ шежіресі мен аңыздарда, әртүрлі кезеңге тиесілі көп кездеседі және әр өңірдің өз Майқы биі табылып отырады. Бәлкім, бұндай үрдіс атадан кележатқан әңгімелердің ұмытылу салдарынан себебін тапқан болар. Біз бұл жерде нақты ортағасырлық жылнамаға сүйене отырып, өзіміздің пікірімізді білдіретін боламыз.
Рәшит ад-Дін өзінің «Жамиғ ат-Тауарих» атты еңбегінің 605-бетінде Шыңғыз қаһанның үлкен ұлы Жошыға қызмет етуге бұйырған төрт нойанды атап өтеді. Ұлытауға ту тіккен, төрт мың әскерді басқарған төрт нойандардың есімдеріне тоқталсақ, жылнамашы бірінші болып Мунқауырды жазады. «Моңғолдың құпия шежіресінде» бұл нойан Мүңгуір деп жазылған. Ол Сижуыт руынан шыққан және Баты қанның кезінде Жошы ұлысы әскерінің сол қанатын басқарған. Рәшит ад-Дін өз жылнамасын жазып отырған кезде, яғни ХІV ғасырдың басында Мунқауыр Тоқта қанның әмірлерінің бірі болған. Соған қарағанда, Жошы ұлысы құрылған 1223 жылы ол өте жас нойан болғанын көреміз.
«Жамиғ ат-Тауарихтағы» екінші нойан — Тинигит руынан шыққан Кишиктай Кунан. Бұл нойан «Моңғолдың құпия шежіресінде» Құнан Мөңке деп аталады. Сол атақты шежіреде Жошыға төрт емес, үш нойан берілгені туралы жазылған және үшінші нойанның есімі, біз Кетбұқа деп жүрген Кеті, ал «Алтын шежіреде» Кете нойан деп аталады.
Бірақ, соңғы кезде қазақ зерттеушілердің арасында «Моңғол құпия шежіресі» мен оның XVIII ғасырға жататын көшірмесі «Алтын шежіреге» сенімсіздік таныту сезіледі. Өйткені, күллі тарихнаманы зерттей келгенде, 1260 жылы жазған Жүзжани, 1300—1307 жылдары жазған Рәшит ад-Дін, 1660-жылдары жазған Әбілғазы, оған қоса Қадырғали Жалайырдың жазғандарын ескерсек, бұл екі моңғол жазбалары сыңға келмейтіндей әсер қалдырады. Оған қоса, қарапайым және поэзиялық тілмен жазылған моңғол шежіресіне қарағанда, Рәшит ад-Діннің «Жамиғ ат-Тауарихы» ғылыми тұрғыдан жан-жақты қамтыған тарихи фактілерге толы.
Шыңғыз қаһан Жошының еңшісіне төрт мың әскер бергенін көптеген ортағасырлық жылнамалар бір ауыздан қайталайды. Оның үстіне, «Ұлық жыршы мен Кетбұқа бір тұлға ма, әлде екі бөлек кісі ме» деген сұрақ зерттеушілердің арасында тағы бар. Рәшит ад-Дін атаған төрт нойанның арасынан біз Кетіні көрмейміз.
Несториан дінін ұстанған найман Кетбұқа тарихи сахнаға тек 1250-жылдары, Құлағу қанның Бағыдат пен Шамға ұйымдастырған жорық кезінде ғана шығады. Шам мен Мысырдың жылнамалары оны өз көзімен көрген куәгерлердің сөзіне сүйеніп, қырық жас шамасындағы, дәулеті асқақтап тұрған ғойан ретінде бейнелейді. Соған қарағанда, 1227 жылы Қарақорымда Шыңғыз қаһанның сенімді уәзірлерінің бірі болған және Жошының өлімі туралы хабарды әкесіне естірткен, жасы келген Ұлық Жыршы мен шайқаста ештеңеден тайынбайтын ержүректі Кетбұқа екі бөлек тарихи тұлғалар деуге болады.
Бұл пікірдің тағы бір дәлелін біз сол «Жамиғ ат-Тауарихтан» табамыз. Құлағу қан Бағдат пен Шамды алуға аттанғанда, Жетісу арқылы Қарақорымнан шыққан басты әскерді найман Кетбұқа басқарса, Жошы ұлысынан, яғни Ұлытаудан шыққан екі түмен (20 мың) әскерді Орда Еженнің ұлы Құли қан басқарып, Мәуераннахрда Құлағу мен Кетбұқаға келіп қосылды.
Ал, енді, жоғарыда аталған төрт нойанға қайта оралатын болсақ, «Жамиғ ат-Тауарихтағы» екі нойан да Үйсін руынан шыққан Хушитай (Үйсінтай) және Байқу. Рәшит ад-Діннің пайымдауынша, Байқу нойан Шыңғыз қаһанның әскерінің оң қанатын, әғни Барауын қарды басқарған. Бұл мәлімет Жошы ұлысының жалпы империядағы орнын ерекшелендіре түседі.
Мұхамет-Халел Сүлейманов өзінің «Майкы-бий, учение „Жасау-ізі“ и истоки чингизизма» атты еңбегінде Майқы би мен Байқу бір тарихи тұлға екенін жазады. Осы еңбекте Майқы бидің шыққан тегі мен өмірбаяны жан-жақты қамтылған. Сүлеймановтың айтуы бойынша, Майқы би Вениамин Юдин «чингизизм» деп атап кеткен феноменнің идеологиялық іргетасы болып саналатын тарихи-философиялық «Жасау ізінің» авторы.
«Жасау ізі» сонау ХІІІ ғасырдан Голощекиннің қырғынына дейін келіп, «Алаш» партиясының концепциясына ықпал еткен құқықтық-әдептілік заңнама. 1928 жылдың желтоқсанынан бастап, Сталиннің бұйрығымен осы доктринаны ұстанған күллі алашордалықтардың көзі жойыла бастады. Бұл саясат орыс патшасының кезінде басталған. Қазақ елінің өмір-салтын зерттей отырып, орыс ғалымдары бір тұжырымға келіп отырған: «эти традиции сохранились со времен Чингиса».
Майқы би Шыңғыз қаһанмен бірге өсіп, билік орнатқан кезде оның құрметіне ие болған және біздің Ұлытау өңірінің тарихнамасына тікелей қатысы бар тарихи тұлға. Сондықтан, жоғарыда жазғанды тұжырымдай отырып, Байқу нойан, немесе Майқы би жергілікті Домбауыл, Алаша хан, Жошы хан, Белең (Билан) ана, Болған ана, Құлан ана секілді ұлы тұлғалардың қатарынан көрінуге әбден лайық. Бүгінгі күні жаңадан құрылған Ұлытау өңірінің (облысының) тарихи-мәдениет өмірінде осы есімдермен көше атаулары мен жаңа ескерткіштер идеялары серіктес болар деп үміттеміз. Өшірілген тарихымызды қалпына келтіру — біздің міндет!
Мұхтар Бақытұлы
11.08.2022 жыл.
Жезді «мұртты обасы»
Қарастырылып отырған археологиялық ескерткішке біз кездейсоқ тап болдық. Он күн бұрын ағайындармен жиналып, әмір Темірдің «Алтын шоқысының» маңайына, Бабыр бабамызды аманат қойған Биман деген жерге баратын жолдың бұрылысына белгі қою үшін астына іргетасын қаладық. Сол кезде үлкендердің арасында Аяққамыр жайлы әңгіме қозғалса керек, көптен бері Шағамбай жақтан іздеп жүрген қорымның қай жерде екенін білетінін Мұхаммеджан Абдулхамитұлы ағамызға Ысқақ Ешмұқанұлы ағамыз айтты. Іргетасты қалап біткеннен кейін сол жерге баруды шештік.
Жол Жездіден кейін, 13 шақырым жерде орналасқан Ақтастыбұлақтан оңтүстікке бұрылып, Күркіреуік бұлағынан, одан кейін Жезді-Жезқазған темір жолынан өтіп, Келдібек ауылынан бірақ шығады. Аталған ауылдан әрі қарай Жезді өзенінің табанынан өтіп, 800 метр жерді артқа тастағаннан кейін алдымыздан ұзынынан тастан қаланған «іргетас» шықты.
Көліктен түсіп, көзбен айналаны шалып шыққанда, бірден алдымда «мұртты обаның» құрылымы анық айқындалды. Археолог М. Қадырбаев негіздеген Тасмола мәдениетіне жататын «мұртты обалардың» шоғырланған ареалы — Орталық Қазақстан. Алдымыздағы ескерткіштің қалану мезгілін айта кететін болсақ, бұл мәдениет ерте темір дәуіріне, яғни VII — IV ғасырларға жатады.
Қарашың-І «мұртты» обасы
Біздің «Номадическая история Улытау» атты еңбегімізде ерте темір заманындағы өңіріміздің өмірі туралы жазылған, сондықтан, ол мәліметтерді осында көшіргеннің қажеті жоқ болар. Жалпы, Ортақ пен Кертақ (Ұлытау мен Кішітау) сақ тайпаларының, нақтылап айтсақ Мұңғыл елінің саяси көшпелі элитасының орталығы болған. Ол туралы Рашит ад-Дін де, Әбілғазы да, Қадырғали Жалайыр да нақтылап жазып бізге қалдырған.
Ғылымға белгілі Ұлытау өңіріндегі «мұртты обаларды» кезінде атақты Әлкей Марғұлан тауып белгілеп кеткен. Олардың бірі Ұлытаудың батыс жағында жатқан Тоғызбайкөлдің жағасында, екіншісі Жетіқыз өзенінің оң жақ жағалауында, Үрезайыр деген жерде орналасқан. Екеуінің де сипатын Әлекең өзінің еңбектерінде келтіреді. Ал, енді біздің Жезді «мұртты обасына» оралатын болсақ, бұл ескерткіш туралы Ә. Марғұлан да, М. Қадырбаев та, тіпті ол кісілердің еңбектерін жан-жақты зерттеген А. Бейсенов та ештеңе жазбайды.
Алдымызда жатқан «мұртты обаны» салып, біздің заманымыздағы ұрпақтарына мәдени ақпарат ретінде қалдырған патшалар, Ұлы даланың әмірлері бізге осы ескерткішті аманат етіп берді. Сол себептен, мен ұлым Шерханды ассистент ретінде өзіммен ертіп, Жезді «мұртты обасына» қарай өткен жұма күні, таң намаздан кейін тағы шықтым.
Ескерткіш Сәтбаев қаласынан 48 шақырым жерде жатыр. Обаның құрылымы келесідей: тастан салынған монументалды архитектураның басы батыс жағындағы үш обадан (ғылымда колданылатын орысша атауы — «курган») басталады. Олардың солтүстік және оңтүстік аяғында «мұрттарды» бас обалары бастайды. Ұзынынан қаланған солтүстік және оңтүстік «мұрттар» шығыс жағында тағы екі қорғанмен аяқталады.
Ескерткіштің көлемін өлшеу жұмысын солтүстік «мұрттың» аяғындағы обадан бастадық. Таспен үйілген бұл обаның айнала көлемі 9 метр болды. Солтүстік «мұрттың» ені 3 метр, ал ұзындығы 135 метрге жетті. Солтүстік «мұртты» бастайтын обаның айнала көлемі 7,5—9 метрдің шамасында. Екі «мұрттың» ортасында, ескерткіштің батыс жағында орналасқан үш басты обалардың айнала көлемі 11 метр. Ең ортаңғы обада археологиялық қазба жұмыстары жүргізілгені белгілі болды. Оңтүстік «мұрттың» ұзындығы 152 метрге жетті, оның аяқ жағындағы обаның көлемі — 9 метр.
Ескерткіштің солтустік жағында, кейінірек, шамамен б. з. д. ІІІ-І ғасырлары салынған, солтүстіктен оңтүстікке созылған тағы бір бөлек оба жатыр. Бұл обаның ұзындығы — 11, ені 9 метрді құрады. Сонымен қатар, Жезді «мұртты обаның» оңтүстік-шығысына қарай геологиялық бұрғылау жұмыстарының ізі анықталды. Көлемі 2х2 метр жеркепенің орнында геологтардың каскасы, бұрғының бөлшектері жатыр.
Қарастырылып отырған ескерткіштің архитектуралық идеясының маңызын ғалымдар күнге табынумен байланыстырады. Қатал дала табиғатының сыйы — күн сәулесінің жарығы мен жылуы Барзақ әлеміндегі патшаға «бірінші болып тисін және молынан болсын» деген ниетпен салынған деуге болады. Шығыстан шыққан күн сәулесі тастан қалаңған екі «мұрттың» ортасынан өтіп, тыныштық тапқан патшаны жылуға орандырады-мыс.
Сөзсіз, Жезді «мұртты обасы» өзеннің бойында, Тайкеткеннен Қаракеңгірге дейін шоғырланған археологиялық ескерткіштердің маңыздыларының қатарына жатады. Сондықтан, бұл мақаланың мақсаты осы көне ескерткішті мемлекеттік қорғауға алып, тақтайша орнатып, кездейсоқ вандализмнен сақтап қалуға шақыру болып табылады. Бабаларымыздың асыл мұраларына ие болайық!
Мұхтар Бақытұлы
Сәтбаев қаласы
05.10.2022 жыл
Жезді өзенінің алқабындағы «мұртты» обалар
Ағымдағы жылдың 5-қазан күнінде «Жезді „мұртты“ обасы» атты мақаламызды жария еткенбіз. Сол мақаланы жан-жаққа, қызығушылық танытады деген таныс-ағайындарға әлеуметтік желілер арқылы тараттық. Өз пікірлерін білдіргендердің арасынан Ұлытау ұлттық мұражай-қорығын көп жылдар бойы басқарған Бақтияр Қожахметов табылды. Ол кісі біраз уақыт бойы қорықтың нысандарын аралап, сырттан келген археологтарға қарағанда Ұлытау өңірінің едәуір көбірек аумақтарын зерттеген жан. Бәкең, біздің мақаламыздың тақырып иесі болған «мұртты» оба тіркеуде бар ма, жоқ па, анықтау керек екенін алға тарта отырып, ондай обалардың Терісаққанның бойында көп шоғырланғаны туралы айтты.
Біз бірден Гуглдағы спутник картасына жүгініп, әлгі Жезді «мұртты» обасы аталып кеткен археологиялық ескерткіштің айналасын бір шолып өттік. Нәтижесінде, Жезді байыту фабрикасынан оңтүстік-батысқа қарай 10 шақырым жерде, Бала-Жезді өзенінің оң жақ жағалауында тағы бір «мұртты» обаға тап болдық.
Келесі күні дереу сол обаға қарай жол тарттық. Жезді-Қарсақбай тас жолымен жүріп отырып, жолдың сол жағында жатқан той-төбе арқылы, құрылыс қызыл құм өндірген карьердің батыс жағымен, Бала-Жезді өзенінің бойындағы Арал-көң ауылына келдік. Ауылдың маңайындағы өткелден тура теріскейге қарай 670 метр жүргенде, алдымыздан әлгі «мұртты» оба шықты. Бұл обаның атауын біз бірден Арал-көң «мұртты» обасы деп атадық.
Обаны өлшеу жұмыстарының нәтижесінде келесі көлемдер анықталды: обаның «мұрттары», немесе, Әлкей Марғұлан жазғандай, «сәулелері» солтүстік-шығысқа қарап тұрғызылған, соған қарап, ескерткіш жаз айларының қақ ортасында, күн сол бағыттан шығатын кезде салынған деген тұжырымға келуге болады. «Мұрттардың» оңтүстік-батысында, айнала көлемі 15 метр шамасындағы екі «патша» обалары орналасқан. 100 метрге созылған солтүстік «мұртты» диаметрі 9 метрді құрайтын «құрбандық» оба бастап, тура сондай көлемдегі оба аяқтайды. Оңтүстік «мұрттың» ұзындығы 80 метр, оның батыс және шығыс «құрбандық» обалардың айнала көлемі 10 метр.
Обаны өлшеп болғаннан кейін Бала-Жезді өзенін төмен қарай қарап шығуды көздей отырып, Келдібек (1897 жылғы атауы Қарашың) ауылынан оңтүстікке қарай 5 шақырым жерден кездейсоқ тағы бір обаға тап болдық. Бұны біз әзірше Бала-Жезді-ІІ деп атадық. Оба өзеннің сол жағалауында, арнаның сортан жерінде жатыр. Өзеннің жылдық белсенділігінің салдарынан батыс жағындағы жалғыз «патша» обасы болмаса, «мұрттары» да, «құрбандық» обалары да сортан құмның астына түсіп кеткен, тек тастардың жоғарғы бастары ғана жер бетінен анық емес көрінеді. Қара жол екі мұртты ортасынан кесіп өткен, сондықтан, тас «іргесі» жолдың үстінде көлденен жатыр. Сол жатқан күйі біздің осы обаны кездейсоқ табуға себеп болды.
Обаны өлшеу жұмыстарының нәтижесі келесідей болды: «патша» обасының айнала көлемі 11 метр, «құрбандық» обалардың көлемі шамамен 9 метр. Солтүстік «мұрттың» ұзындығы 110 метр, оңтүстік «мұрттың» ұзындығы — 80 метр. Оңтүстік «мұртты» батыстан бастайтын «құрбандық» обаның көлемі 10 метр.
Бала-Жезді-ІІ обасын өлшеп болғаннан кейін Келдібек арқылы Сәтбаев қаласына қарай қайта жүре, үйге оралдық. Үйге келгенмен зерттеу жұмыстары аяқталған жоқ. Спутник картасын пайдалана отырып, Бала-Жезді-ІІ «мұртты» обаның орнын анықтадық. Обаның жан-жағын шалып отырғанда, Келдібек ауылынан шығысқа қарай 3 шақырым, Есқұла су тасымалдайтын стансасынан оңтүстік-батысқа қарай 5 шақырымдай жерден тағы бір «мұртты» оба табылды.
Бұл обаны біз Қарашың-ІІ деп атадық, өйткені ең бірінші табылған Жезді «мұртты» обасын сол маңайдан басқа обалар анықталғаннан кейін, Қарашың-І деп атауға тура келді. Негізі, обаларға қатысты топономикалық жұмыстарды ескерткіштердің атауларын анықтау үшін тереңірек жүргізу қажет. Ол үшін 1897 жылғы «Материалдарды» пайдалана отырып, қыстақтардың тізімін айқындаған жөн.
Қарашың-ІІ «мұртты» обасының спутник арқылы өлшенген және шамамен алынған переметрлері келесідей: ескерткіштің батыс жағында диаметрі 13 метр шамасындағы жалғыз «патша» обасы және екі «мұртты» бастайтын, айнала көлемі шамамен 6 метрді құрайтын, «құрбандық» обалар орналасқан. Екі «мұрттың» ұзындығы 70 метрдей, екі аяқ «құрбандық» обалардың айнала көлемі 6 метр шамасында.
Спутник картасы арқылы, Үлкен-Жездіге Бала-Жезді құятын маңайдан төмен орналасқан ауылдан тура шығысқа қарай жүретін жолдың сол жағынан, өзеннен екі шақырым жерден тағы бір оба анықталды. Обаны спутниктен өлшегенде, көлемі басқа обаларға қарағанда едәуір ірілеу екені бірден көзге түсті. Екі орталық «патша» обалардың көлемі шамамен 15 метр, екі «мұрттың» ұзындығы 130 метрден, басты және аяқ «құрбандық» обалардың диаметрлері шамамен 7—9 метрден болды. Бұл обаны зерттеп, атауын беру үшін кешенді археологиялық жұмыстарды жүргізу қажет.
Жезді өзенінің алқабында тағы бір анықталған оба бар екен, ол Талдысай археологиялық кешенінде, Жезді-Ұлытау тас жолының бойында. Оны археолог Арман Бейсенов зерттеп бастаған, бірақ ол бойынша жарияланған мақалалар мен монографияларды еш жерден кездестірмедік. Аталған археологиялық ескерткіштер Батыс Сарыарқада шоғырланған «мұртты» обалардың бір бөлек кешені болып табылады және тереңірек зерттеп, тіркеуге алуды талап етеді.
Мұхтар Бақытұлы
20.10.2022 жыл
Сәтбаев қаласы
Яфес
Яфес (Яфет) — көне жылнамаларда аталған Нұһ пайғамбардың баласы, түрк елінің түп атасы. Яфес туралы Рашит ад-Дін, Әбілғазы, Жалаири, т.б. жылнамашылар, мәтіні бір-бірінен айнымайтындай етіп жазады. Бүкіл Жерді топан су басып, күллі тірі жан опат болғанда, Нұһ пайғамбардың кемесінде аман қалған Яфес, Хам, Сам атты үш баласы, келіндері және сыңарлы жануар-жәндік Жерді жаңадан игереді.
Әбілғазының жазуы бойынша, Нұһ пайғамбар өзінің үлкен ұлы Яфесті теріскейге, Хамды Үндістанға, Самды Иран жеріне аттандырады. Яфес әкесінің жұртынан шығып, Еділ мен Жайықты қоныстанып, сол жерде 250 жыл өмір сүріп, қайтады. Ол дүниеге сегіз ұл бала әкеледі. Олар: Түрк, Қазар, Сақлаб, Рус, Минг, Чин, Кемер және Тауарих.
Рашит ад-Дін өзінің «Жамиғат ат-Тауарих атты жылнамасында Яфестің өмірін мемлекетіндегі басты өмір сүру шаруашылық болып көшпелілік қалыптасқан кезеңмен ұштастырады. Сонымен қатар, жылнамашы Яфесті Шариғатқа негізделген басқару жүйені орнықтырған патша ретінде сипаттайды.
Яфес дүниеден өтер алдында өзінің мұрагері қылып Түркті тағайындайды. Ол қалған алты баласына «Түркті өздеріңнің патшаларың деп санаңдар және оған бағыныңдар» деп аманат етеді.
Әбілғазының жазуы бойынша, Түркте төрт ұл болған екен: Түтек, Жекел (Жақал), Берсежар, Емлақ. «Өлер алдында Түрк патша қылып Түтекті таққа отырғызып кетеді. Түтек ақылды және кемеңгер патша болды. Ол Иран падишаһы Кеюмерстің замандасы еді. Бір күні аңға шығып, жабайы ешкіні атып алып, кебап пісіріп, оны жеп отырғанда, еттің бір бөлігі жерге түсіп кетеді. Жерге түскен етті көтеріп, аузына салса, ет өте дәмді болып сезіледі. Сөйтсе, ол жер тұзды екен. Сол кезден бастап Түтек етке тұз қосуды бұйырады. Түтек өлер алдында таққа ұлы Абұлжа қанды отырғызып, „барса келмеске“ кетеді. Абұлжа елді көп жыл басқарып, орнына Бақүй Діп қанды отырғызады. Бақүй әлсірегенде, таққа Алынша қанды қояды. Алынша қанның уалаяттары мен ел ұлыстары көбейіп-көркейіп, күшті ел болады. Оның екі егіз ұлдары болады: біріншісі — Татар, екіншісі — Моғұл. Алынша қан қартайғанда өзінің жұртын екіге бөліп, екі ұлының еншісіне береді. Моғұл қанда төрт ұл болады: үлкені — Қара қан, екіншісі — Гүр қан, үшіншісі — Қыр қан, төртіншісі — Ұр қан. Моғұл қан билік тізгінін Қара қанға беріп, өзі мәңгілікке аттанады. Қара қан Ортақ пен Кертақты жайлаған. Бүгін ол тауларды Ұлытау және Кішітау деп атайды. Қысты ол Сыр бойында, Қарақұмда және Борсықта өткізген». (Абу-л-Газы. Родословная туркмен. АН СССР, М. 1958).
Алынша елін екі ұлына бөліп бергенде, Мұңғылға тиесілі жұрт Ертіс пен Ыстық-көлден Жайыққа дейінгі жерді алса, Татардың жұрты Ертістен Машынға (Манчжурия) дейінгі жерлерді жайлаған. Осылай Яфестің ұрпақтары Ұлытауды өздерінің мемлекетінің орталығына айналдырып, күллі кигіз туырлы елдерді біріктіреді.
Мұхтар Бақытұлы, 19.11.2022 жыл
Яса
«Яса», «Жаса», «Жасау-ізі» — Шыңғыз қаһанның әмірімен қабылданған мұңғыл құқықтық заңдарының жиынтығы. Кейбір зерттеушілердің пікірі бойынша «Ясаны» құрастыруға Жошының нойаны Байқу (Майқы) тікелей қатысқан. Заңнаманың 33 үзінділері және Шыңғыз қаһанның ауызынан шыққан 13 қосымша сөзі аңыздар мен әдебиетте, жырлар мен жылнамаларда, әсіресе, парсы және арап тарихшыларының хабарламаларында сақталған. Толықтай бірінші болып «Яса» туралы парсы жылнамашы Рашит ад-Дін баяндаған. Заңнаманы зерттеумен Йозеф фон Хаммер-Пургшталь, И. Березин, Г. Хоуорт, Аль-Макризи, Мұхтар Мағауин, т.б. айналысқан.
«Ясаның» мәтіні көбіне қылмыстық құқығы туралы ережелерден құралып, үлкен далаға созылған алпауыт империяның елін бір тәртіпке бағындырып, тыныштық орнатуды мақсат еткен. Мемлекет басқарудан бастап қарапайым адамға дейінгі қарама-қатынасты бір жүйеге келтіру арқылы, баптардың талаптары бұзылған сәтте қолданылатын жазалар қарастырылған. Соған қоса, кейбір ережелер әскери жасақтарды қалыптастыру, оны басқару мәселелері және нойандар мен қандардың бір-бірімен әскери де, әкімшілік те қарым-қатынас орнату тәртіптер туралы баяндаған.
Заңнамадағы тұрмыс-тіршілік бағыттағы баптар ең біріншіден көшпелі кигіз туырлы елдерге арналған. Мысалы, жолаушыны тамақтандырып, үйге қондыратын барлық жағдай жасау даладағы әр адамға міндеттелген және оны орындамағандар қатан жазаға тартылатындығы ескертілген.
Қазақ қандығы кезінде жарыққа шыққан қалмақтардың «Дала жинағы» мен қазақтардың «Қасым қанның қасқа жолы», Есім қанның ескі жолы» және «Жеті жарғы» заңнамалары «Яса» ережелерінен негізделген. ХІХ ғасырда қазақ даласын аралаған орыс зерттеушілері жергілікті елдің көптеген салт-дәстүрлері Шыңғыз заманынан басталатынын айтады. Демек, шығыстанушы Веньямин Юдин қалыптастырып кеткен «чингизизм» ұғымы қазақ даласында сегіз ғасыр бойы тамырын тереңінен жайып, кеңес заманына дейін елге ықпал еткен.
Мұхтар Бақытұлы, 20.11.2022 жыл.
Мұңғыл
Мұңғыл, моғол, моңғол — түрк қауымынан шыққан кигіз туырлы елдерге жататын көшпелі ел. «Оғыз-нама» мен «Түрк шежіресі» бойынша біздің дәуірімізге дейінгі заманда мұңғылдардың атамекені бүгінгі қазақ даласы болған. Көне жылнамашылардың шежірелеріне сүйенсек, Мұңғыл Алыншаның баласы және Татардың інісі болып келеді.
Әбілғазының пайымдауынша «Мұңғыл» есімі «мұңаю» деген көне түрк сөзінен шыққан. Сол замандардағы салт-дәстүр бойынша баланың есімін бір жасқа толғаннан кейін бірақ қойған. Өсіп келе жатқан бүлдіршіннің мінезін байқап, қылықтарын бақылап барып, сырт көз бағалаған ғұрпына сай оған атын берген. Біздің дәуірімізге дейінгі І-мыңжылдықта Мұңғылдың ұрпақтары сол кездегі Ортақ пен Кертақты (қазіргі Ұлытау мен Кішітау — Әбілғазы) және Қаратау мен Сырдың бойын мекен еткен. Сол елдің арасынан, шамамен б. д. д. ІІ ғасырда, Евразияның көптеген елдерін бағындырған Оғыз («Оқ», «із») қаһан шыққан.
Шамамен ІІ ғасырдың аяғында оның құрған ұлық империясы, Ертістің арғы жағынан келген бауырлас татарлардың шабуылдарынан әлсіреп, құрбымға кетті. Аман қалған Қиян қан мен оның бауыры Нүкүз екеуі шамалы елмен Еркінқон деген таулы жыраға барып тығылады. Ол жерде 450 жыл өмір сүріп, әскер саны көбейгеннен кейін, шамамен VII ғасырдың ортасында Ортақ пен Кертақтағы атамекендерін татарлардан азат етіп, жаңа мемлекет құрады. Бұл жолы мұңғыл елін бастаған Бөрте-шені болатын. Жайлауы Жайықтан Ыстық-көлге дейін кеңейген ел Оғыз қаһанның ұрпақтары болғандықтан, оларды оғыздар деп атап кетті.
«Оғыз қаһан» эпосы бойынша, шамамен VIIІ ғасырда оғыздарды Қият руының басшысы Добын-баян (Домбауыл) басқарған. Добынның ауылынан Белгібай, Бағаналы және нируундар (ару тұқым) тарайды. Нируундардың Бүтінжар тармағынан Шыңғыз қаһанның бабалары өрбиді. Шамамен Х ғасырда Ұлы далада кезекті құрғақшылық орын алып, көшпелі елдер арасында тағы да аласапыран заманы басталып кетті. Соның салдарынан, қытайлардың шабуылының нәтижесінде мұңғыл елі жан-жаққа бытырап, Ұлытауда тек Бағаналы (Бакана –Гавердовский) қалады.
Кейін, ХІІІ ғасырдың басында тарихи сахынаға Шынғыз қаһан шығып, мұңғыл елін бір тудың астына топтастырады және Оғыз бабасының Алашын азат етуге бел буады. Бүгінгі күні мұңғыл этнонимі қазақ қоғамының арасында өшіріліп, қазіргі Моңғолияда ғана сақталып қалған. Оның бәрі, Х ғасырда сол жаққа ауып кеткен Шыңғыз қаһанның «зүүнғар» (сол қанат) тайпалары, яғни Баят, Дөрбіт, Ойрат, Торғауыт, т.б. мұңғылдардың шежірелері ұмытылмағанының арқасында сақталған.
Мұхтар Бақытұлы, 20.11.2022 жыл
Ұлытау өңірінің тас дәуіріне жататын ескерткіштерді зерттеу
Өңіріміздің тас дәуіріне жататын ескерткіштерді ғылыми зерттеуді 1946 жылы Ә. Х. Марғұлан басқарған Орталық Қазақстан археологиялық экспедиция (ОҚАЭ) жүргізе бастады. Сол сәттен ғылым үшін көне тұрақтар, тұрғын мекендер және шеберханалар сияқты мыңдаған объектілер туралы мәліметтер пайда болды.
Тіркеуге алынған ең көне ескерткіштерден палеолит дәуірінің ашель кезеңіне жататын адамдардың тұрақтарын атап өтуге болады. Олар: Мұзбел, Жаман-Айбат, Аяқбұлақ, Обалысай. Мезолит және неолит дәуірлеріндегі ерекше орын алып отырған, Үлкен Жезді өзенінің алқабынан табылған Тоқтағұл тұрағын атап өткен жөн. Неолиттік тұрғын-мекендердің қатарынан Ұлытау, Жанайдар, Мыйлықұдықтың төменгі қабаты, т.б. табылды.
Ескерткіштерді зерттеу барысында археологтарға жергілікті комбинаттың геологиялық партиясы көп көмек көрсетті. Жер қабаттарынан кен іздеп жүріп, олар көне заманындағы адамдардың тас құрал-жабдықтарына тап болып отырды және сол материалға сүйене отырып, өздерінің мақсаттарына да жетіп отырды.
Объектілердің арасынан, Жезқазғаннан Ақкенсеге дейінгі жолда табылған, Передержка-1 және 2 тұрақтары ерекше назарға лайық. Бұл жердегі адамның тұрмыс-тіршілігіне куә ретінде, орта және кейінгі палеолитке жататын, ирексынды және екіплатформалы нуклеустерді алуға болады.
1964 жылы археолог М. Н. Клапчук, Жезқазғаннан оңтүстік-шығысқа қарай 150 шақырым жерде орналасқан, Жаман-Айбат қыр сілемінің аумағында жатқан тас дәуірінің 11 ескерткішін ашты. Археолог оларды ашель заманына, яғни б. д. д. 140-мыңжылдық пен одан да ерте кезеңге жатқызады.
1967 жылы сол Клапчук, Жетіқоңырдан оңтүстік-батысқа қарай 4 шақырым жерден, Обалысай-1 тұрағын ашты. Қазба жұмыстары кезінде галька, нуклеус және чоппинг сынды тас құралдары табылды. Обалысай-1-ді Клапчук төменгі плейстоценнің аяғы және орта плейстоценнің басына, яғни б. з. д. 400-мыңжылдыққа жатқызады.
Ағымдағы мыңжылдықтың басында тас дәуірінің ұлытаулық тұрақтарының археологиялық зерттеуі қайтадан жанданды. 2001—2012 жылдардағы ОҚАЭ жұмысының нәтижесінде, зерттеу жұмыстардың бірінші жылда-ақ, О. А. Артюхова, Д. С. Байгунаков, Т. Г. Бексеитовтар Талдысай шағын ауданда, палеолиттен энеолитке дейінгі кезеңге жататын 11 ескерткіш ашты. Олар: Тоқтағұл, Үлкен-Жезді, Талдысай-3, Аяқбұлақ, Талдыбұлақ-1,2,3, Тасбұлақ, Сарыбұлақ-1,2,3.
Үлкен Жезді тұрағында жүргізілген қазба жұмыстары, Талдысай шағын ауданын алғашқы адамдар кейінгі палеолитте, яғни мұз еріген кезде, шамамен б. д. д. ХІІІ-мыңжылдықта игергенін көрсетеді. Тоқтағұлдың топырағын радиоуглеродтық сараптама жасау арқылы тұрақтың тұрмыс-тіршілігін б. д. д. VII-ІІІ-мыңжылдықтармен тежеуге тура келеді.
Зерттеулердің нәтижесінде Талдысай шағын ауданның алғашқы тұрғындардың аң аулау және терушілікпен айналысқаны белгілі болды. Ол туралы тұрақтардың мәдени қабатынан табылған артефактілер куәгерлік етеді. Қазба жұмыстар кезінде құлан, арқар, тура, киік, сонымен қоса, бұлан мен жылқының сүйек қалдықтары табылды. Бұндай тіршілік түрін жүргізуге қолайлы климаттық жағдай әсер етті. Ол кезде жоғары өсімдік, ылғалы ауа және жауын-шашыны мол атлантикалық голоцен үстем болған.
Талдысайдың барлық тұрақтарында он мыңдаған пластиналар, құрал-жабдықтардың ішпектері, тас жаңқаларының құрылымы, кремнилік алевриттер мен аргиллиттер табылды. Тоқтағұл тұрағының энеолиттік қабатының жоғарғы жағынан керамика, кен және қождың қалдықтары табылған. Бұл жәйіт сол кезде өңірде металлургиялық істің толығымен дамығанын көрсетеді.
Мұхтар Бақытұлы, 23.11.2022 жыл.
Талдысай
Талдысай — көне металлургтардың қонысы, Талдысай археологиялық микро-ауданның ерекше нысаны. Қоныс Жезді-Ұлытау бағытындағы тас жолдың 18 шақырымында, Талдысай өзенінің Үлкен-Жезді өзеніне құятын тұсында орналасқан. Талдысай металлургиялық қоныс металл балқыту ісінің ірі және күрделі орталығы болып табылады. Кембридж университетінің радиоуглеродтық зерттеуіне сенсек, қалашықтың қарқынды түрде дамыған тіршілік кезі б,д,д, ІІ-мыңжылдыққа келеді.
1992 жылдан бастап, Ә. Марғұлан атындағы ОҚАЭ-ің мамандарымен және Ө. Байқоңыров атындағы Жезқазған университеті, тарих факультетінің студенттері жүргізген археологиялық қазба жұмыстары үлкен көлемдегі артефактілерге ие етті. Олардың зерттеулері Талдысай Жезқазғанның кенін өндеу және балқыту ісіндегі маңызды мекен болғанын көрсетті.
Ескерткіш «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында зерттелген нысандардың тізіміне еңіп, сол бағдарламаға сәйкес 2004—2006 жылдар аралығында қомақты қаржы бөлініп, едәуір көлемдегі археологиялық қазба жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік тудырды. Осы жұмыстардың нәтижесінде көптеген бақырлар, яғни металл құю құралдары табылды. Сонымен қатар, кейбір бақырлар, қоныста кен байытумен қоса, ұсталық әдіспен металды өңдеу іс арқылы дамығанын білдіреді. Талдысайдың шеберлері еңбек құралдар, әшекейлер, ине және пышақ өндірген. Ол туралы табылған ұсталық құрал-жабдықтар мен қашаулар куә етеді.
Сонымен қатар, археологтар көп көлемде мыс құймалар тапты. Бұл жәйіт қоныста дайын металлургиялық өнім шығарылғанын және Орталық Азия, Оңтүстік және Батыс Сібір елдерімен сауда-саттық дамығанын аңғартады.
Талдысай қонысы үш қазба нысандар арқылы зерттелді. Археологиялық зерттеу үшін, әсіресе, б.д. д. ІІ-мыңжылдыққа жататын ертеандрондық тұрғын үй және шеберхана болып табылатын №1 қазба нысан қызықты болды. Аумақ шартты түрде батыс және шығыс телімдеріне бөлініп, бұл жерден екі тұрғынды-өндірістік кешен табылды.
Қоныстағы технологиялық процесті зерттеу барысы зерттеушілерді Талдысай металлургтері күрделі өндіріс айналымын пайдаланғанын және металлды алуда әдістерін дамытып отырғанын білдіреді. Ол туралы жер пештерінде өндірілген жабық төлкелер мен сабтарды құрсаулап қаптау құю әдістерінің көрінісі айтады. Бұл пештер Орал және Донецкідегі пештеріне ұқсайды.
Сонымен қатар, Талдысайдың басқаларынан ерекшелігі болып 2-ден 2,5 метрге дейін тереңдіктегі шахталы немесе күрделі ауа мұржалы жүйелі жартылай шахталы пештердің бар болғандығында. Пештердің физикалық және технологиялық жұмыс процесі қожды зерттеу арқылы анықталды.
Талдысайдың өндірістік-тұрмыс кешендерінде металлургиялық айналымды мифологиялық мінездемесі бар құрбандық шалудың салдары анықталды. Андроновтықтар құрбандық ретінде шөл далада немесе ылғалы жерлерден айдап әкелінген жылқы мен жабайы аңдарды таңдаған. Құрбандыққа таңдалған жануарлары тұтас пештің мұржасына орналастырылған.
Таңғажайып және ерекше назар аударатындай болып мұржалардан қазып алынған адамдардың толық мүшелі сүйектері табылады. Оған қоса, пештердің үстінен адамдардың бас сүйектері де табылған. Бұл жәйіт сол заманда адамды да құрбандыққа шалғандығы және адамның денесін күлге айналдырып жерлегенін білдіреді.
Бұл мәліметтер Талдысай микро-ауданның оңтүстік жағында орналасқан көне қорымында және одан әрі жатқан «мұртты» обасында қолданылған жерлеу рәсімдерін түсіндіреді. Ғылымға белгілі болғандай, «мұртты» обалар «патша» және «құрбандық» обалардан құралған, ал кейінгі қола заманындағы талдысайлық қорым адам денесінің күлін қыш ыдысқа салып жерлеумен ерекшеленеді. Сондай бірнеше ыдыстар бір жерге топтастырылып, жалпақ тастармен қоршауға алынған.
Талдысайды зерттеуге шетелдік ғалымдар да атсалысты. Ұсталық өндеу процесін анықтау үшін оңтүстік кореялықтар технологиялық процесінің металлографиясы арқылы 200-ден астам құймалар мен қождардың үлгілерін зерттеді. Ыдыстардың ішіндегі тағам қалдықтары АҚШ-та зерделенді.
Талдысайдың ерекшелігі ретінде металлургтар Жезқазғанның қышқыл мыс кенін балқытатын шағын пештер қолданғанын атауға болады. Жезқазғанның мысы, негізінен, қиын өндірілетіндігімен ерекшеленеді. Ол балшықты құмдарда, азурит, малахит, хризоком түрлерінде кездеседі.
Үлкен Жездінің иініндегі судың молшылығы талдысайлық шеберлерге жыл бойы металл қорытуға мүмкіндік берген. Көне металлургтер қыс кезінде құдықтағы су мен қарасудың мұзын пайдаланған.
Өкінішке орай, ашылған аумақ жыл сайынғы су тасқынымен шайылып, жойылып жатыр. Әсіресе, қоныстың оңтүстік-шығыс жағы қатты зардап шегуде. Бірақ, оған қарамастан Талдысайды зерттеу жалғасып, ғылым жаңа нәтижелерге ие болуда.
Мұхтар Бақытұлы, 01.12.2022 жыл.
Ғасырлық құрғақшылық
Ғасырлық құрғақшылық — жер бетіндегі аридтық аумақтарда, Л. Гумилевтың пайымдауынша, шамамен әр 6 ғасыр сайын болып тұратын табиғат құбылысы. Қазақстан мен Моңғолия дала өміріне тікелей әсер ететін құрғақшылық, Ортажер теңізі жақтан келетін атлантикалық циклонның бағыты өзгергеннен пайда болады. Бұл циклон бүгінгі қазақ даласына қыста қар, жазда жаңбыр әкеліп, Моңғолияда Тынық мұхиттан бағыт алған антициклонмен кездеседі. Сондықтан, моңғол даласында, бізге қарағанда, жауын-шашын көбірек түседі.
Ауаның ылғалдылығы атлантикалық циклон Қазақстанның оңтүстігінен жүрген кезде молайып, Арал мен Балқашқа құятын өзендердің су мөлшері көбейеді. Даладағы қыс боранды болып, сай-сала қарға толса, жаздың кейбір жаңбырлы күндерінде таулы өзендер өз арналарын, көктемдегі тасқын кезідегідей, толтырып тасиды.
Бірақ, мұндай молшылық үнемі бола бермейді. Жоғарыда жазғанымыздай, әр 6 ғасыр сайын далада құрғақшылық орын алады. Оның себебі, атлантикалық циклонның бағыты теріскейге қарай жылжуымен ұштас. Жауын-шашынның бәрі циклонмен бірге Еділдің арнасына кетіп, Каспий теңізі толады да, керісінше, Арал мен Балқаш суға зәру болып қалады. Қыста боран болмай, қар мөлшері күрт азайып, жазда жаңбыр жаумай, бірнеше жылдардың ішінде таулы өзендердің көктемгі тасқыны тоқтап, қарасулар мен бұлақтар жойылып, далада мал өсірмек түгілі, тірі жан өмір сүру мүмкіндігінен айырылады.
Тарих деректерінде аталып отырған ғасырлық құрғақшылық б. д. д. ІІІ ғ., ІІІ-IV ғ.ғ., Х ғ. және XVI ғ. тіркелген. Профессор Нұрболат Масановтың пайымдауынша. XVI ғасырда жазғы құрғақшылыққа қоса, қыс мерзімдерде «кіші мұз дәуірі» орын алған. Осы географиялық өзгерістерді ескере отырып, тарихи оқиғаларды келтірсек, ғасырлық құрғақшылық пен ылғалы мол кезеңдерде дала өмірінде күрделі өзгерістер болған.
Мысалы, б.д. д. ІІ ғасырда ғұндардың Мөде сі мен мұңғылдардың Оғыз қаһаны, саны көбейген елдерді біріктіргені, кейін ІІІ-ІV ғасырдағы құрғақшылық салдарынан көшпелілер бірін-бірі қырғынға салып, Ұлы көшті бастаған. Бұл ұзақ мерзімді құрғақшылық біткенде, үңгір-жырада жан сақтаған елдер қайта даланы игеріп, Түрк қаһанаты қанатын жайды. Х ғасырдағы құрғақшылық түрк елдерінің алпауытты мемлекеттерін бытыратып, жойып жібергені тағы бар, ал ХІІ ғасырда су-шөп молайып, мал саны өсіп, етекшелері бүтін көшпелілер жаңа мемлекеттер құрып, ақырында тарихи сахнаға Шыңғыз қаһанның ұлық империясы шықты.
Көшпелі елдер ғасырлық құрғақшылықтан тым тәуелді болды. Сол тарихи сабақтарды ескере отырып, біз келесі, ХХІІ ғасырға келіп тұрған ғасырлық құрғақшылыққа дайын болуымыз қажет. Бүгінгі күннің өзінде өзен тасымай, боран ұйтқымай, даланың ылғалдылығы 1980-жылдармен салыстырғанның өзінде кері өзгерістерді көріп отырмыз. ХХ ғасырда жеткен ғылыми жетістіктерді осы бағытта жұмсап, Ұлытау өңірінің тұрмыс тіршілігіне сай су көлемін қамтамасыз ету тиіс болады.
Мұхтар Бақытұлы,
02.12.2022 жыл.
Куликов шайқасы туралы бір ой
Бесплатный фрагмент закончился.
Купите книгу, чтобы продолжить чтение.