Исмаилова Камилия Рашитқызы
• Абай облысы, Семей қаласындағы Балет мектебінің негізін қалаушы
• «Әлем балалары» халықаралық мәдени орталығының төрайымы
• Хореограф-педагог, психолог
• Білім, мәдениет пен өнер саласына қосқан үлесі үшін көптеген марапаттардың иегері
• «Қазақстан халқының бірлігі» Алтын медалінің иегері
• Татарстан Республикасының еңбек сіңірген өнер қайраткері
Кіріспе
Сәлем, менің кішкентай досым!
Менің атым — Исмаилова Камилия Рашитовна. Сені өзіммен бірге сиқырлы саяхатқа шақырамын. Мен балғын кезімнен жұлдыз бен биге ғашық болдым. Осы арманым менің бүкіл өмір жолымның бағдаршамы болды.
Махаббат нұры менің алтын кілтіме айналды. Ол маған Ғаламның тылсым сырларының есігін ашты. Дәл осы сәуле менің 30 жыл ішінде мыңдаған бала білім алған балет мектебін ашуыма себепкер болды. Әр бала өз жолын тауып, жұлдыздары жанып, өз өмірлерін өз қолдарына ала білді.
Енді мен өзіңмен осы сәуле шырағымен бөліскем келеді. Қолыңдағы кітап — арманы мен мейірімі және ақылы мен батылдығы жарасқан жұлдыздар бағына шақыру.
Сиқырлы саяхатқа бізбен бірге жұлдыздарды арман еткен Лея, оның ақылды досы Альтаир және мейірімді Мира аттанады. Біз бәріміз бірігіп, сенің шоқжұлдызыңды ашамыз.
Дайынсың ба, Дос? Онда кеттік, сиқырлы саяхатымызды бастайық!
1 тарау.
Жұлдыздан да жарқын арман
«Жұлдыздың бәрі кезінде арман болған.
Ал сен арманыңның отын жақтың ба?»
Ғаламда миллиондаған жұлдыз бар. Оның әрқайсысы — біреудің жүрегінен туған арман. Бірі жарқырап, аспанның сәнін келтірсе, келесісі енді ғана жана бастады, ал енді бірі өзінің сәт сағатын күтуде. Лея кез келген арманның жарқырайтын өз сәті болатынына сенеді.
Сол күні Лея орман алаңқайында ойға беріліп, билеп жүрген. Оның әр қимылы аспандағы жұлдыз сәулесіндей қалықтайды. Ол тоқтай қалып, аспанға ұзақ қарады.
— Менің арманым тым алыс па екен?.. — деді сыбырлай сөйлеген Лея.
Оны сырттай бақылап тұрған ақылды досы Альтаир жақындап келіп:
— Арман дегеніміз жұлдыз, — деді. — Ол биік аспанда, ниетің шын болса, оны көре аласың.
— Оның қайсысы менікі екенін қалай білемін?
Альтаир жымиды:
— Жүрегің өзі-ақ таниды. Нені армандасаң, сол — сенің жұлдызың. Сені бақытты ететін де сол.
Оларға Леяның көңілді де, мейірімді Мира досы келіп қосылды.
— Ал менің жұлдызым бұлттардың арасына тығылып қалса не істеймін? — деп сұрады ол.
— Онда сәт сағатыңды күтесің, — деді Альтаир. — Кейде арман сенің дайын болған кезіңді күтеді.
Үшеуі алаңқайда дөңгелене отырып, жұлдыздарға қарап, үнсіз ойға шомды. Альтаир ең жарық жұлдызға қолымен нұсқап:
— Анау жұлдыз ерекше жарқырап тұр. Біреудің жақын арада жұлдызы жанайын деп тұрған болар. — деді.
Мира көзін жұмып, жайлап тіл қатты:
— Мен өз арманымды көріп тұрмын. Кіп-кішкентай, бірақ жарқырап тұр.
Лея жымиып:
— Онда біз жұлдыздарымызды жарқырату үшін алғашқы қадамымызды жасауымыз керек.
* * *
Қымбатты Дос, саған тапсырма:
1. Көзіңді жұмып, өз жұлдызыңды елестет.
• Қандай жұлдыз екен? Үлкен бе, кішкентай ма?
• Түсі қандай? Күн сияқты алтын түсті ме, әлде ай сәулесі сияқты күміс түсті ме?
• Қай жерде тұр? Аспанның ортасында да ма, әлде шет жағында, бұлттардың ар жағында ма?
2. Өзіңнің арман жұлдызыңның суретін сал. Пішіні қандай? Оны да ойлан. Жарығы әлсіздеу алау ма, әлде кемпірқосақ сияқты жарқырап тұр ма?
3. Тап бүгін сол арманыңа жақындай түсу үшін не істей аласың? Мысалы:
• Достарыңнан немесе ата-анаңмен ақылдас.
• Арманың туралы айтып немесе жазып беруге тырыс.
• Алғашқы қадамыңды жаса: арманың биші болу болса, үйде биле; суретші болу болса, сурет сал.
2 тарау.
Жұлдызыңды жағудан тартынба
«Батылдық — арманға апарар жолдағы
алғашқы қадам.»
Жұлдызды аспанда жаңа бір жұлдыз жанды. Ол кіп-кішкентай, бірақ жарығы ерекше. Лея, Альтаир мен Мира отырған жерлерінде сол жұлдыздан көздерін алмай, қарап қалған.
— Кімнің жұлдызы екен, қалай ойлайсыңдар? — деп сұрады Мира.
— Кім де болса, батылы жетіп, алғашқы қадамын жасады, — деді Альтаир. — Жұлдызың жану үшін тек армандау жеткіліксіз. Өзіңе деген сенім керек.
Лея ойланып кетті.
— Бірақ кейде арман тым алыс көрінеді… Оған жету мүмкін емес сияқты. Сондай қорқыныштан қалай арылуға болады?
Альтаир оны жылы жүзбен демеп:
— Көз — қорқақ, қол –батыр. Бәрі де қорқады. Батылдық деген мүлдем қорықпау деген емес. Қорықса да, алға жүруін тоқтатпау, міне, батылдық деген осы.
Лея шөпке жайғасып, достарына қарады.
— Мен бұрын көпшілік алдында билеуден қорқатынмын. Қателесіп қалам ба деп, бәрі күледі деп ойлайтынмын.
— Сосын не істедің? — деп сұрады Мира.
Лея жымиды:
— Мен алдымен үйде айна алдында биледім. Сосын биімді анама көрсеттім. Ол мені қолдады, содан кейін достарымның алдына шығып билей бастадым.
— Міне, көрдің бе! — деп шаттана сөйледі Альтаир. — Қорқыныш деген бір шексіз көлеңке сияқты. Ол сен қадам басқан сайын кішірейе береді.
Лея көзін жұмып, өзінің ең басты арманын елестетті.
— Мен үлкен сахнада билегім келеді, — деді жай ғана. — Ал бірақ құлап қалам ба деп қорқам.
Альтаир оның иығына қолын қойды:
— Құласаң, қайта тұрасың. Ең бастысы — қателесуден қорықпау. Әр қателігің сені шынықтыра түседі.
Бесплатный фрагмент закончился.
Купите книгу, чтобы продолжить чтение.