САҒЫНЫШ САЗЫ
Болат Бодаубай. АЛҒЫ СӨЗ
Халқымыздың тарихында есімдері елге мәлім, кейінгі ұрпақтар үлкен алғыспен, сый-құрметпен еске алатын белгілі тұлғалар аз емес. Солардың бірі 1706 жылы дүниеге келіп, 1778 жылы қазіргі Ақмола облысының Ерейментау өңірінде өмірден озған (ҚСЭ, 11 том, 1977 ж.), қазақ әдебиетінің жыраулар поэзиясында өзіндік орны бар Үмбетей Тілеуұлы дер едік. Оның өмір сүрген уақыты — сол кездегі бабаларымыз елі мен жерінің азаттығын, бостандығын сақтап қалу үшін жан аямай күрескен, егеулі найза қолға алған азаматтары күн-түн қатып ат үстінен түспеген, қауіп-қатерлі, аумалы-төкпелі, сын-сынаққа толы заман еді. Халқымыздың қас батыры Қанжығалы Бөгенбайдың жорықтардағы, сан шайқастардағы сенімді серігі, жалынды жыршысы болған Үмбетей жырауды ел-жұрты «Жорық жырау» деп те атандырған. Осы кітапшаға өзінің, өмірдегі жора жолдастарының, қызметтес-әріптестерінің арнау өлеңдері кірген Мұрат Мұсайбекұлы Әбдірахманов (1938—2015) сол Үмбетей жыраудың тікелей алтыншы ұрпағы.
Үмбетейдің атағы он сегізінші ғасырда қазақ халқына кеңінен жайылған-ды. Ол өзінің жалынды жырларымен ел-жұртымызды ата-бабадан қалған асыл мұра — ұлан байтақ жерімізді ешбір жауға бермеуге, көзіміздің қарашығындай сақтауға, басқыншылардан тазартуға, кейінгі ұрпаққа сол қалпында, аман-есен аманаттауға үндеді. Өкінішке орай ол замандағы Бұқар, Ақтамберді, тағы басқа жыраулардың шығармалары сияқты Үмбетейдің жырлары да бізге толық сақталып жеткен жоқ. Біздерге жеткен «Бәкеге», «Жауқашарға», «Бұқарға», «Бекболат биге» сияқты өлеңдерінде әділеттілік, адамгершілік, өмірдің мәні сияқты адам бойындағы қастерлі қасиеттерге мән берілсе, «Бөгенбай өліміне», «Бөгенбай өлімін Абылай ханға естірту» сияқты жырларында Бөгенбай батырдың өмірдегі ерлік істері туралы баяндалады, «Жантай батыр» дастаны мен Абылай хан туралы толғауында халқымыздың қалмақ басқыншыларына қарсы қаһармандық күресі бейнеленеді.
Осындай текті атаның ұрпағы болудың ер азаматтың мойнына артатын жүгінің, самағының да аз болмайтыны түсінікті. Ол өзінің тіршілігімен, ісімен сол ата-бабаларының есіміне лайық өмір сүре алса — зор ғанибет, өмірдегі парызын адал орындағаны. Мұрат Әбдірахманов сондай биіктен көрініп, сондай сенімнен табылған елге сыйлы, абыройлы азамат еді. Бұған оның өмір жолын қысқаша шолып өтсек те көз жетеді. Қарағанды педагогикалық институтын үздік бітіргеннен кейінгі оның еңбек сапары Павлодар педагогикалық институтындағы ұстаздық қызметпен жалғасты. «Асыл кездік қап түбінде жатпайды» дегендей, жас жігіттің білімділігі, ізденгіштігі, ой-өрісінің кеңдігі байқалмай қалмады. Ол облыстық партия комитетіне лекторлық қызметке шақырылды. Кешікпей лекторлар тобының жетекшісі болды. Одан соң облыстық партия комитетінің үгіт және насихат бөлімі басшысының орынбасары қызметіне жоғарылатылды. Бұдан кейінгі жылдарда Павлодар облыстық телерадио комитетінің төрағасы, облыстық мәдениет басқармасының бастығы сияқты жауапты қызметтерді абыроймен атқарды. Осы жылдардың бәрінде көпшілікке сыйлы болды. Әрдайым қиналғандарға көмек көрсетуге, адамдарға қол ұшын беріп, жақсылық жасауға дайын тұрды. Жастарымызды еліміздің патриоты, халқымыздың тарихын, тілін, өнерін, салт-дәстүрін жақсы білетін, қадірлейтін отансүйгіш азаматтар етіп тәрбиелеуге барынша күш салды, елеулі үлес қосты. Зейнетке шығар алдында, шыққаннан кейін де біраз жыл Павлодар облыстық «Қазақ тілі» қоғамын басқарды. Кейінірек Астанаға қоныс аударған соң қалалық «Қазақ тілі» қоғамының жауапты хатшысы болып қызметін жалғастырды. Қазақ тілінің беделі, мерейі өсуіне елеулі үлес қосты.
Мұрат өзінің өмірінде өлең жазуды, оны газет-журналдарда жариялап, ақын болуды мақсат етпеген. Өлеңді ол өмірдегі шиыршық атқан сындарлы сәттерде, қатты қапа болғанда немесе қуанғанда, кейбір мерекелер мен достарының мүшел тойларына ғана арнап жазған. Осы шағын жинақтан Мұраттың шынайы жан сыры, рухани әлемінің байлығы, мейірбандығы, азаматтығы айқын көрінеді. Осыдан көптеген жылдар бұрын Қазақстанда жерді шетелдіктерге сату-сатпау туралы мәселе көтеріліп, халықтың ашу-ызасын тудырған кездегі Мұраттың күйініп отырып жазған өкінішке толы өлеңін осы күні де тебіренбей оқу мүмкін емес.
Жер сату — Отаныңды сатқанмен тең,
Алтын ай, Күміс күнің батқанмен тең.
Айрылып Жер Анадан аялаған,
Баяғы құлдығыңа қайтқанмен тең.
Жер сату — өз анаңды сатқанмен тең,
Қарғысы қас дұшпанның атқанмен тең.
Жеріңді алған алпауыт байсымақтың
Босағасын күзетіп жатқанмен тең… — деп басталатын өлеңі бүгін де өзінің өзектілігін жойған жоқ. Немесе Мұраттың осы жинаққа кіріп отырған «Жаңаөзен толғауын» алайық. Мұнда да өзекті өртеген өкініш, күйініш. Жаңаөзенде өздерінің азаматтық құқығын қорғап, наразылық акциясына шыққан жұмысшыларға оқ атып өлім құштырған қатыгездікті, билікті айыптайды. «Не сұмдық — азаматты атып тастау, құқығы үшін күрескен өндірісте» деп назаланады. Бұл өлеңдерден Мұраттың аса биік азаматтық болмысы айқын көрінеді. Өзінің өмірлік жары Нәдияға арналған өлеңі де сезіміңді селт еткізбей қоймайды.
Болат БОДАУБАЙ, жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты.
ӘР ТАҚЫРЫПҚА АРНАҒАН ӨЛЕҢДЕР
ЖЕР САТУ ТУРАЛЫ
Жер сату — Отаныңды сатқанмен тең,
Алтын ай, Күміс күнің батқанмен тең.
Айырылып Жер Анадан аялаған,
Баяғы құлдығыңа қайтқанмен тең.
Жер сату — өз анаңды сатқанмен тең,
Қарғысы қас дұшпанның атқанмен тең.
Жеріңді алған алпауыт байсымақтың,
Босағасын күзетіп жатқанмен тең.
Жер сату — өз үйіңді сатқанмен тең,
Дүние — пайдасы не, болғанмен кең.
«Жерұйық» — Асан бабам қойған атын,
Қалар болып бір сәтте-ақ бөтен мекен.
Жер сату — өз ұлыңды сатқанмен тең,
Күшігін аш бөріше қапқанмен тең!
Өспей жатып, өшіріп бар үмітін
Келешегін балтамен шапқанмен тең.
Жер сату — жан-жарыңды сатқанмен тең,
(Боларын ол да осылай сезген бе екен?)
Ел-Ана, Ару-Ана, әлди қызың,
О дағы «жезөзекше» боп кетер ертең.
Жер сату — жан-жарыңды сатқанмен тең.
Махаббатын аяққа басқанмен тең.
Намыс, кек, ар-ұяттан ада болып,
Күйігін өкініштің татқанмен тең.
Жерді сату — досыңды сатқанмен тең,
Асыл жанды өзіңе пейілі кең.
Бар асылды сатқандай не көрінді,
Мәреміз бе бүгінде осы жеткен.
Кереку.2003ж
О ЗЕМЛЕ
Торговать родной землею — значит Родину предать,
Золотистый месяц ночи, дня сиянье потерять!
Потеряв родную землю, что взлелеяли отцы,
Будем нищими рабами, прятать взгляд как беглецы!
Торговать родной землею — все-равно, что мать продать,
Все-равно, что все проклятья своего врага принять.
Где вчера ты мог так гордо по земле своей шагать,
Завтра будешь у порога чьи-то крошки подбирать.
Торговать родной землею — это как продать свой дом,
Не смотри, что мир огромный, для чужих нет места в нем!
Жеруйык, — назвал когда-то край родной Асан Баба,
Но нигде не будет рая для изгоя и раба!
Смотрит сын с улыбкой в небо и не ведает пока,
Что голодный волк вонзает зубы в своего щенка,
Что уже топор заточен чьей-то жадностью слепой,
Чтоб срубить росток надежды равнодушною рукой!
Кто своей землей торгует — продает сестру родную,
Ту, что к сердцу прижимала, берегла и согревала.
И не думала святая, нас качая на руках,
Что продать ее готовы на утеху чужакам!
Торговать своей землею — как жену свою продать,
Что детей твоих растила и всегда тебя ждала.
Растоптать любовь, на деньги честь и совесть променять.
Сердце деньги не заполнят, боль с годами не унять!
Торговать землей сравнимо с тем, что друга ты продал,
Кто делил с тобой невзгоды и предательства не ждал!
Сотни лет хранили предки землю словом и мечом,
Кто же мы, чего достойны? — степь родную продаем!
(перевод на русский язык Марата Муратовича Абдрахманова, 2003 г.)
ҮМБЕТЕЙ БАБАМА АРНАУ
(28 08 2010 жылы Ерейментау қаласында Үмбетей жыраудың мүсінін орнату рәсімі өткізілді. Сол маңызды күнге «Үмбетей бабама арнау» деген өлеңін Мұрат (марқұм) халық алдында оқып берді.)
Үмбетей баба болды-ау жүрген ұшып…,
Қонуға келе жатқан жерін құшып,
Бөкең ерді көргенде тұлпар мінген,
Жайғасқан тұғырына көктен түсіп.
Сол мезетте Кәрітау жатқан мүлгіп,
Селт еткендей көрінді «Үмбетейлеп».
Ақдін таудан қол жайып Асан Қайғы,
Тұрғандай «Ереймен ел жасай бер» деп.
Бар тіршілік бұларға мойын бұрып,
Тыңдағандай дүбірді құлақ түріп.
Аң мен құс ойнақ салып маңайдағы,
Толықсиды өзен, көл тұрған тұнып.
Табиғат сол мезетте бір құлпырып,
Қуанышқа қосылып тұрды күліп.
«Ақтабан-шұбырынды» құрбандары,
«Тәуба» десті игі іске дүр сілкініп.
Үмбетей Бөгенбаймен тізе қосып,
Соққы берген жауына жолын тосып.
Атанған «жорық жырау» ел ішінде
Абылайдың алдында мерейі өсіп.
Намыс отын ерлердің кекке жанып,
Жасын жырмен жүрекке берген жарық.
Ерлігін Бөгенбайдың дастан қылып,
Қалдырған шежіреде жырмен жазып.
Жантайға келер ұрпақ масаттанып,
Жырға қосты жүрсін деп үлгі алып.
Бес жүз қолмен он мынға ойран салған,
Артынан қашқан жаудың қуып барып.
Кейде азамат ісіне қайран қалып,
Келеңсіз мінезіне жүрді налып.
Терең ойлы, уытты жырларымен,
Тыюшы еді тентекті тезге салып.
Ел-жұрты Ерейменнің риза болып,
Мереке жасап жатыр көңілі толып.
Бабаның Ұлы тойын ұлықтауға,
Сауын айтқан маңайға түгел шолып.
Хас-батыр — ердің ері туған асып.
Қанды көйлек досымен тұр жарасып.
Әруағын қос алыптың аспандатқан,
Ұрпағы жасай берсін нұры тасып!
Киелі бұл өлкемді,
Тарихы терең бойлаған.
Бөкең жаудан қорғаған,
Үмбетей қосып жырына,
Ерлерді ерен қолдаған.
Кереку-Ерейментау, 28.08.2010 жыл.
ПОСВЯЩЕНИЕ УМБЕТЕЙ ЖЫРАУ
Умбетей, с небес спускаясь,
Чтоб земли родной коснуться,
Вдруг увидел Богембая
На тулпаре иноходце.
Умбетей-батыра имя
Каритау пробуждает,
И Асан баба с Агдына
Край родной благословляет!
И встречая двух героев
Обернулось все живое,
Забурлило, заиграло
Полноводною рекою!
Как красавица весною
Степь рассыпала цветы.
Спите, павшие герои
В Актабан Шубырынды.
Два батыра, став преградой,
Бились, жизни не жалея,
Встал с тех пор достойно рядом
С Аблай-ханом Умбетей!
Чтоб сражались и любили —
Петь, сердца воспламеняя!
Чтобы с годами не забыли
Светлый подвиг Богембая!
Чтоб в веках жила поэма,
Как всего пятьсот аргынов
Десять вражеских туменов
В бегство обратить сумели!
Честь батыра защищая
Пал Жантай, но стал преданьем!
Умбетей словами песни
Уберечь не смог Жантая!
И сегодня два героя
Стремя к стремени стоят,
Как всегда, готовы к бою,
Как и 300 лет назад!
Пышный праздник сквозь столетья
Возвращает нас к истокам,
Уваженье к славным предкам
Открывает путь потомкам!
(перевод на русский язык Марата Муратовича Абдрахманова)
ЖАҢАӨЗЕН ТОЛҒАУЫ
(«Жорық жырау» Үмбетей баба мақамымен)
(Теледидардан Жаңаөзеңде болған уақиғаны көрсеткенде, Мұраттың жүрегі қан жылап, өз-өзін қайда қоярын білмей, компьютерге отырып, осы өлеңді жазған еді…)
Жүрегім қан жылайды Жаңаөзен деп,
Іште жалын, өкініш барады үдеп.
Желтоқсан қазағыма ауыр болды-ау,
Қайта соққан сұрапыл дауылдай боп.
Зарлайды жетім-жесір: «Бұл несі? — деп, —
Қырғаны өз қандасын қару кезеп».
Бұйырған — атындар! — деп боздақтарын…,
Жендетті көк соқсын деп, ыза кернеп.
Жалған хабар жеткізген Елбасыға,
Үкімет те бұрынғы бәз қалпында.
Оқ атқызған халыққа министрлер,
Тобырдың биліктегі нық сапында.
Арманда кеткендердің орны толмас,
Аза жүрек жарасы еш жазылмас.
Не сұмдық — жазықсызды жер құштыру,
Мұндай күнә ешқашан ұмытылмас.
Алапат күш, тойымсыз — өлім тажал.
Бейбіт күнде, қапыда сепкен ажал.
Не сұмдық — аруларды мазақ етіп,
Тәнін, жанын қорлаған неткен амал.
Сайлауда одан кейін «біз жеңдік» деп,
Шенеуніктер секіріп жүрді билеп.
Масайрасып баршасы әнге басты,
«Жеңісінің» қол жеткен күйін күйлеп.
Мәжіліске кім келді депутат боп,
Өндіріс пен шаруадан бір адам жоқ.
Жөн айтарлық ішінде жан шамалы —
Ел қадірін білмеген баяғы топ.
Түсінбедім, шынында бұл жеңіс пе?
Дұшпан кім, кімді жеңдік осы істе?
Не сұмдық — азаматты атып тастау,
Құқығы үшін күрескен өндірісте.
Асылдарға ізгі жан болар жолдас,
Ақтаған жазалыны пенде оңбас.
Еске түссе арыстар қыршын кеткен,
Қос жанардан еріксіз парлайды жас.
Елбасы, жіті қара, жан-жағыңа,
Жүгің ауыр, мөлшерле, салмағына.
Кешірер ме халықың, кек сақтамас,
Тындырсаң игілікті іс ел бағына.
Ауыздықта маңдағы жемқорларды,
Қайтарып бер халыққа жер-қорларды.
Байыса ел — болашақ жарқын болмақ,
Тентекті тый, аласта қорқауларды.
Ауыл отыр бүгінде тиын санап,
Дүние-мүлкін кезінде алған талап.
Болашақтан үмітін үзбе оның,
Жүргенде оң істерді Сізге балап.
Жастарға жаса түгел жақсылықты,
Жел өтінде әр кезде ол тұрыпты.
Жаңаөзеннің сауалын сұрайды ма?
Ереуілдеп алаңда сап құрыпты.
Банкті тый халықты тонап жатқан,
ЖОО-лар көп шәкіртке білім сатқан.
Қысқарт, азайт бәрін де тез арада,
Құтқар елді бәледен толып жатқан.
Орнына қой келімсек байсымақты,
Оларың бар қазынаны басып апты.
«Иесі жаман болса қонақ билер», —
деген сөзді бабалар несіне айтты.
Жұмыс көп қой ертеңгі атқаратын,
Елің аман алдыңда басқаратын.
Десек те, уақыт сынап, ғұмыр қысқа,
Мезгіл бар ма кейінде ойланатын.
Балта шап, түбіріне кландардың,
Санасын уландырған ұландардың.
Үш Жүздің басын қоссаң бір ұядай,
Есімің есте қалар ұрпақтардың.
Мұрат Үмбетейтегі. Астана қ. 2012 жыл
САМҰРЫҚ ҚАНАТЫ ТАЛМАСЫН
Былтырғы жылы шілде айының басында Көкшетаудағы Шучье («Жерұйық») санаториында зайыбымызбен демалып, емделген едік. Жалпы жайлы демалыс орны бір-ер келеңсіз көріністерімен көңілге көлеңке түсіргендей болды. Бәрінен де ондағы Шортанды (Щучье) көлінің ластанып, демалып, суға шомылуға жарамсыз болып қалуы жанға батады. Көлдің де жағажайдың да иесіз, қараусыз күй кешіп, мүлде антисанитария жағдайында қалғаны көзге ұрып тұр. «Шіркін-ай, мынаны Үкімет дұрыстап қолға алып, шет елге бара алмайтын қолы қысқа бұқара халықтың демалып, сауығу орнына айналдырса ғой» деп, қиялдап, қынжылады барғандар. Әрине, өкінішті-ақ. Осы күні мемлекетте қаражат жеткілікті, байлар да көбейген шақ. Жаңағы жұмыстарға В. Храпунов тәрізді алпауыттың Швейцариядан сатып алған зәулім сарайының жарты құны да жетіп артылар ма еді деген ой келеді. Қазақ үшін Көкшенің одан несі кем? Ол да арман жердің бірі. Бірі ғана емес, бірегейі деуге тұрарлық.
Кезінде біреулер бұл маңайды игеріп, жаңарту жұмыстарын бастамай жатып, тастап кетсе керек. Содан бері де 10—15 жылдың жүзі болыпты. Көл, жағажай дұрыс пайдаланылмағандықтан, қаладан да күй кеткенге ұқсайды. Жергілікті халықтың наразылғы шексіз, бірақ өкпе-назын кімге айтады? Бәрі сатылып, жеке меншіктің иелігіне өткен. Алайда Мемлекет тарапынан бір ықпал етудің кезі келген сияқты. Екінші мәселе — санаторий аумағындағы қарағайлы орман іші де қоқысқа толы, көптен дұрыстап тазартылмағаны байқалады. Бәрінен де Шипажай төңірегіндегі ескерткіштердің келеңсіз кейіптерін, әсіресе, қазақтың «аққан жұлдызы» Шоқанның бейнесін көргенде еріксіз көңіл жүдеп, мына бір шумақтар ойға оралған еді. Соларды осы бір қысқа ой-түрткімізге қоса беріп отырмыз:
Ұрпағы хан Абылай ұлы Шоқан,
Елінің жұлдызы боп ерек туған.
«Жерұйықтың» қалыпты қоқысында,
Ешкім жоқ бұл жағдайға мойын бұрған.
Өн бойы жарық-сызық, қолы сынық,
Үсті — басын шаң басқан, маңы былық.
«Қалайша мені ұмыттың, азат елім?» —
Деген ой мазалай ма, жүзі суық.
Кезінде болған әсем бұл ескерткіш,
Байқалады бойынан бір тылсым күш.
Бүгінде сәні кетіп, тұр мұңайып,
Қияннан құлағандай Самұрық құс.
Омбыда кадетте оқып, ойы толған,
Әскери білім алып, сардар болған.
Намысы үшін елінің жас ғұмырын
Өткізді күреспенен таймай жолдан.
Ұл туар ма қазақта одан асқан,
Ерекше зерек болған бала жастан.
Зиялысын әлемнің селт еткізді,
Соны ілімі Шоқанның кезінде ашқан.
Еңбегі бостандыққа болған себеп,
Арылдық бодандықтан Тәңір жебеп.
Азаттыққа жол ашқан асыл ерге
Бас иелік, халайық, етіп медет.
Ағайын, уақыт бар ма ойланатын,
Алаң болып әрнеге толғанатын.
Игілікті істерді алда тұрған
Кез емес пе бүгінде қолға алатын.
Жаратқан жомарттықпен бере салған
Тазартып көлін, жерін сол аймақтың,
Щучьені Шоқанға ауыстырып,
Ескерткішін жаңартып әсемдесек.
Табиғаты сұлу боп жаратылған
Шоқанның мекені бұл дара туған.
Шучье сөзін Шоқанға ауыстырсақ,
Бүгінгі жас ұрпақпен қауыштырсақ,
Баянды іс болмай ма, қуанарлық.
Ағайын, осыны біз ойланайық,
Жағажайды жөндеуді қолға алайық.
Шипажайдың күтімі, емі жақсы,
Атауы да өзіне болсын лайық!
Ұлы ғалым, «аққан жұлдыз» Шоқанның,
Есімі берілсе Щучьеге,
Қуанар еді оған бар халайық.
2011 ж.
ДАЛАНЫҢ ЕРКЕСІ — ЕЛІНІҢ СЕРКЕСІ
(Тоқмағанбет Домаұлы — Тоқан Хазірет (1851—1916г г) Ереймен өңірінде есімі аңызға айналған ерек тұлға. Өмірден өткеніне бір ғасыр толса да, есімі ел жадынан өшкен жоқ.
2015 жылы Тоқан Хазреттің шөбересі үйімізге келіп Мұратқа ұсыныс жасады: әуелі мақала, кейін кітап жазсаңыз деп. Соларды жазу үстінде Мұрат осы өлеңді шығарды)
Ерейментау — сенде келген өмірге,
Бөкең, Жантай қалды ұялап көңілде.
Есіргеп-Нияз ізін басқан Тоқаңның
Бой көтерді мәрмәр «Үйі» өңірде.
Керегетас, Тұмсық дана мекені,
Күнгей тұсы Күншалғанға өтеді.
Оң қапталы — Баянауыл өлкесі,
Қарсы беті Кәрітауға жетеді.
Дана туған Тоқмағанбет анадан,
Тылсым дүние жұмбағына ой салған.
Ел жадында қалған мәңгі аңыз боп,
Ұлы тұлға Мәшһүрмен ол дос болған.
Білім алып Қызылжарда Хазіреттен,
Көзін ашып, пенделерге нұр шашқан.
Ел ішінде уағыз айтып, дау шешіп,
Қасиетін қару еткен о бастан.
Ғажайып сыр жатыр әрбір ісінде,
Ойлап көрсең зердеге сап ішіңде.
Өз-өзінен арбаға ерген асауды
Көріп пе едің өңіңде, әлде түсіңде?!
Шауып жеткен шайнамақ боп бура да,
Тұрып қапты бір әсерден қалт етіп.
Ұрыныпты қарғысына бір содыр,
Болмашыға ел еркесін ренжітіп.
Бұл айтылған бабамыздың бір қыры,
Ел аузыңда сақталыпты сан сыры.
Деген екен дүлдүл ақын Олжабай:
«Тоқан Хазірет тірілерден көп ірі».
Ақажандай қалпенің де аты аян,
Әке жолын жас шағынан ұстанған.
Жатқанында түрмесінде Омбының,
Зыңдан кілті өздігінен ашылған.
Табиғаттың тылсымынан сеземін,
Көп күткендей Сәуегей де кезегін.
Енді бүгін қайта оралып араға,
Шаттанып тұр, құшып-сүйіп — өз елін!
Құт әкелсін Кесене мол өмірге,
Қуат берсін тәу етуге келгенге.
Ел легі оған келген таусылмай,
Көрік беріп тұрсын мәңгі өңірге.
Астана, 2014 жыл. 30 тамыз
СӘДУАҚАС ҒЫЛМАНИГЕ АРНАУ ӨЛЕҢ
(Орта Азия мен Қазақстан мұсылмандарының діни басқармасының басшысы (1943—1992), Қазақстанның қазиы (1951—1972), қоғам және дін қайраткері, ақын, аудармашы)
Алла сөзін үмметіне нұр еткен,
Мұхаммедтей бұл фәниден кім өткен.
Әділ діннің дәнін сеуіп жадына,
Жамағаттың жүрегіне мол еккен.
Заманалар жаңылғанда күйістен.
Ардақтардың тағдырлары түйіскен.
«Гүлді өмірді ауыр тұман басқанда».
Қаскөйлермен дінді қорғап күрескен.
Мал мен жанын пида етіп бұл жолға,
Пайғамбардың көк байрағын ту еткен.
Асылзада, ел еркесі, нар тұлға —
Бұл өмірден Сәкең сынды ұл да өткен.
Ана тілдің мәртебесін жыр етіп,
Ұлт тіліне болған екен тым жетік.
110 мың сөз арабшадан аударған,
«Мәуліт» жырын қазағыма үндетіп.
Бүгінде біз — ұрпақтары Сәкеңнің,
Аруағына басымызды иеміз.
Ардақтардың Алаш туын көтерген
Қатарынан өр тұлғасын көреміз.
Астана қ., 2013 жыл, 3 наурыз.
Садуақас Ғылмани және Мұраттың әкесі Мұсайбек Әбдірахманұлы (оң жақта) жақын жолдас болған. Мұраттан кейінгі туған іні-қарындастары- туғанда Садуақас Ғылмани өзі азан шақырып Капия, Қамат, Алмазия есімдерін қойған.
ҚҰТТЫ БОЛСЫН, ҚУАНЫШ!
(2015 жылдың 25 маусымында Мұратқа Сарыарқа әкімшілігінен қоңырау шалып, Мирзоян көшесінің Қ.И Сәтпаевтың есімімен аталуына арналған митингке шақырды және сонда сөз сөйлеуді өтінді. Ол өзінің ойын осы өлең жолдары арқылы жеткізді)
Уа, халайық, құтты болсын, қуаныш,
Ортамызға оралыпты нар Қаныш.
Есімі оның елордаға жарасып,
Қалар мәңгі ел жадында ұлы арыс.
Азат елде еркін өскен жас ұрпақ,
Мирзоянға жүруші еді таңырқап.
Қаныш ата іргетасын қаласқан,
Сезер енді тәтті дәмін болашақ.
Баянауыл ғалымның туған жері,
Зерттегені Ұлытау — жезді өңірі.
Сарыарқаның бойына арна сызып,
Суландыру алқабын өлшеп берді.
Елордаға сән беріп тұр Ұлы Абай,
Ел қорғаны — Бөгенбай мен Қабанбай.
Кенесары һам Бауыржан тұлғасы —
Ашкөздерге сес көрсетіп тұрғандай!
Бейнесін де Қаныштың бойшаң, алып,
Көтерсе ғой ұрпағы мәрмәр жанып.
Ғашықтар жолығысып сол маңайда
Бөбектер ойнап жүрсе асыр салып!
Мәңгілік Ел, Самұрық құс, Бәйтерек —
Айшықтары рұхты елдің бұл сондай!
Тарихымыз тереңде ғой, тереңде,
Соны білсін ұл-қыздарым аймаңдай!
Шаттанамын, туған ел, бірге өзіңмен,
Жүрек сырын ашамын бұл сөзіммен.
Қаныш-ұлы, Қаныш-пір, Қаныш-дана
Бас иелік рухына пәк сезіммен!
26 маусым 2015 жыл
АСПАНДАТҚАН ТУҒАН ТІЛДІҢ ӨРЕСІН
(2011 жылы «Қазақ тілі» қоғамы басшыларының Республикалық Құрылтайы өтті. Сол күнге орай Мұраттың мынадай өлеңі дүниеге келді)
Туған тілдің туын тігіп, аспандатқан өресін,
«Қазақ тілі» бірлестігі — қазағыма нұрлы есім.
Елмен бірге қайта түлеп болуы үшін тіл азат,
«Тіл майданы — ел майданы» деп әлі де келесің.
Қозғау салған күресіне зиялылар өкілі,
Арпалыспен күндер өтті — 23 жыл өтілі.
Тілім қонды тұғырына, жемісті боп күресің,
Дер ем бұны алда тұрған табыстардың кепілі.
Жаршысы деп азаттықтың елің сені санайды,
Елбасы да құрмет тұтып, игі ісіңді қалайды.
«Болашағы Қазақстан — тілінде деп қазақтың»,
Саясатта тіл туралы айқын еткен көп жайды.
Сол бағытты Қоғам берік ұстанады әр істе,
Ана тілің — тұғырың деп бағыт берді бұл іске.
Ағылшын мен орыс тілін білу еркі өзіңде,
Ана тілін білу керек ең алдымен нәресте.
Биік тұр ғой әлі дағы кириллица өресі.
Латын әрпін пайдалану болашақтың өр ісі,
Ойластыру оған өту тәсілі мен жолдарын,
Академик ғалымдардың алда тұрған үлесі.
Сын-сынақты кезеңдерде бірге болған ұйымым,
Сен арқылы қайта оқып, өз тіліме ұйыдым.
Тілі үшін жан аямай өз жүрегін ту еткен,
Мақтан етем ер жүректі азаматтар ұйымын.
Бар әлі де келелі істер алда тұрған білемін,
Қоғам сені әрқашанда биіктерден көремін.
Халқың қолдап тұрған шақта қайта өрлеп,
Тұғырыңнан қонған биік түспесіңе сенемін.
Астана, 2011 ж.
УСПЕН АУДАНЫ ОРТАЛЫҒЫНДА АЛҒАШҚЫ ҚАЗАҚ ОРТА МЕКТЕБІ АШЫЛУ ТОЙЫНА АРНАЛҒАН
Ауданы Керекудің Успен деген,
Шығысын облыстың мекендеген.
Шектескен шекарасы өн бойына
Өлкесі Ресейдің Алтайменен.
Жері бай, суы шипа бұл өлкенің,
Азаматы көп ойлар ел ертеңін.
Көлдерді қолдан жасап, құс қондырып,
Болып отыр ордасы берекенің.
Өкілі әрбір ұлттың қоныстанған,
Ертеден қазақ, орыс бірге қонған.
Немістер бұл өңірге кейін келіп,
Аянбай еңбек етіп, бағы жанған.
Сағынып ата жұртын баба көрген,
Алтайдың аржағынан туыс келген.
Орнықты осы өңірге олар дағы
Қош айтып шет еліне өсіп-өнген.
Бірге өткізген әрдайым мерекені,
Жарасқан ынтымағы ел еселі.
Қазақ тілі мектебін алғаш ашып,
Ұрпаққа тарту етті берекені.
Ғимарат тұрды әсем бой көтеріп,
Масаттанды халайық бұны көріп.
Әкімі облыстың Қайрат мырза
Сөз алды сезіміне ерік беріп.
Тоғысқан тағдырлары осы аймақта
Әкімі облыстың бұған келген
Жыл бұрын құрылысқа қаржы бөлген.
Кереку-Успен ауданы 2006 ж
ТЕМIРЖОЛШЫ КҮНІМЕН!
Қазақстан байтақ елімде,
Сарыарқа жазық жерімде.
Шуақты жайлы күндерде,
Тұманды нелер түндерде.
Арайлы таңмен жарысып,
Самалды кешпен қауышып,
Құрыш жолмен Отарба,
Жүйткиді талмай табаны.
Алып қой оның қадамы,
Тұлпардайын дүбірі,
Құлаққа жайлы бұл үні,
Желдей есіп даламда,
Желмаядай шабады.
Бір айлық жолды қусырып,
Бір — ақ күнде алады.
Айқыш-ұйкыш іздері
Көз ұшында калады.
Алыс-жақын елдерге,
Көкорай шалғын белдерге,
Айдыны шалқар көлдерге,
Аңсаған туған жерлерге,
Апарып бізді салады.
Мың да бір сізге рахмет,
Теміржолшы бауырлар,
Денсаулығың зор болсын,
Қыдыр қонып қасыңа,
Дәулетіңіз мол болсын.
Локомотив тұлпардың,
Адымы болсын алымды,
Сапарларың оң болсын,
Әрқашанда жол болсын!
Тамыз 2005 жыл.
ҰЛЫСТЫҢ ҰЛЫ КҮНІ ҚҰТТЫ БОЛСЫН!
«Кәрі құда» ызғарлы қыс ығысып,
Келді Наурыз киелі даламызға.
Жаңарып, әсемденіп, бойын түзеп,
Қалыпты көріктеніп қаламыз да.
Нұрланып арулардың әсем жүзі,
Еседі наурыздың самал желі.
Аңсаған арманына жетемін деп,
Алабұртып, асыққан көңілдері.
Отаны жүз сан ұлыс — Тұран елі,
«Абылай өтпес» арқаның асқар белі.
Ынтымағы шайқалмай халқымыздың,
Жайнай берсін гүлденіп туған жері.
Ұлыстың Ұлы күні, әріптестер,
Қуанышқа, шаттыққа толы болсын.
Қыдыр қонып, Наурызда отбасына,
Дастархандар молынан асқа толсын!
Ұлыс оң болсын,
Ақ мол болсын,
Қайда жүрсек жол болсын!
Кереку. 2005 ж.
ДОСТАРЫНА АРНАЛҒАН ӨЛЕҢДЕР
БЕСТӨБЕ САҒАН САҒЫНЫШ ЖЫРЫН АРНАЙМЫН…
(Шамасы, институт түлектерімен болған кездесуде керемет әсерге бөлене отырып, одан кейін мектеп кезін, сыныптастарын еске алған сәтте Мұраттың қаламынан осындай бір керемет өлең жолдары туса керек)
Бестөбе десем — елес боп тұрар алыстан,
Үміт пен арман егіз ғой бірге жарысқан.
Ақша бұлт алып Кереку жақтан барар ма?
Сезімді ыстық жүректе бір кез табысқан.
Бестөбе десем — ардақтар түсер есіме,
Бестөбе десем — ата-анам кірер түсіме.
Бестөбе сені аңсаймын жүріп шалғайда,
Амалым бар ма көнбеске жазған ісіне.
Үйілген тастар шоғыры биік қабысқан,
Төбесі тау боп көрінуші еді алыстан.
Сілеті өзен — кенішке жақын айдында,
Достармен бірге әріге жүзіп жарысқан.
Кез еді албырт күш-қуат бойды билеген,
Арулар бар-ды «қаласаң мені сүй» деген.
Мектептен кейін шахтада бастап еңбекті,
Жұмысшы болып, кәсібін кенші игергем.
Сағымдай сырғып, алыстап кетті армандар,
Тұңғиық терең сырларға толы сол маңдар.
Қопарып тасын, тереңнен қазып кенішін,
Тауыса алған алтынын бір кез адамдар.
Бестөбе десем, достарды аңсап, сағынам,
Кейбірі мүлде есіме түспей, таң болам.
Ғарыштан орнын тауыпты көбі әркезде,
Қатарда жүрген біразын әркез еске алам.
Сайлаубек көп жыл сіңірді еңбек еліне,
Бабалар қорғап, аманат еткен жеріне.
Намысты қолдан озбырға бермей келеді,
Көз тіккен алтын Сарыарқа кіндік беліне.
Қайыркен, Бақыт кластас бірге оқыған,
Кереку елде өрісін жайып, жүр аман.
Ару қыз Үміт еліме жақын болам деп,
Екібас кентте қалуды мүлде қалаған.
Білемін жақсы Бестөбе барар жолдарды,
Толағай онда қонысы жайлы ел барды.
Жоғары білім алғаннан кейін Ғайни қыз,
Қоныстап қапты Фрунзе деген кеңшарды.
Тағы да кім бар, қайда жүр олар қазірде,
Шақыра қалсам, келуге бір сәт әзір ме…
Есімдер басқа есіме неге түспейді?!
Қиналам таппай жауабын оның әзірге.
Қазірде өлкем айрылған бағзы күйінен,
Шашылып қапты отвалдар қаттап үйілген..
Ғайып боп мүлде кетіпті тереконниктер,
Кеншілер енді келмейді гудок үнімен.
Тағдырдың ісі — көмескі тартты күндерің,
Көлеңке түсіп, солыпты бір сәт гүлдерің.
Көгілдір байрақ астында тағы түлерсің,
Жайнатар қайта ұяңнан ұшқан түлегің.
Бестөбе десем, жастық шақ түсер есіме,
Сілеті өзен жазықта аққан көсіле.
Суына мөлдір сүңгіп бір шықсам тағы да,
Келер ме екем қайтадан жиырма бесіме!.
Бестөбе саған сағыныш жырын арнаймын,
Өткенге тағзым, тіріге сәлем жолдаймын.
Шуақты болсын, күндерің келер алда деп,
Ақ тілек, адал батасын елдің қолдаймын.
2014 ж.
ӨЗІҢНЕН ҰШТЫМ ҚИЯҒА
(Мұрат 1958 жылы Қарағанды педагогикалық институтына түсе салысымен оның ата-анасы ата-бабаларының туған жері Шәкей ауылына (Жаңатұрмыс) қоныс аударды. Ол 1962 жылы 8 жылдық жергілікті мектепте іс-тәжіриебеден өтті, ал 1963 жылы институтты бітірген соң осы мектепте бір жыл жұмыс істеді. 2012 жылы, мектептің 50 жылдыққа арналған кездесуінде осы өлең дүниеге келді)
Жаңатұрмыс мектебі,
Көңілімнің көктемі.
Еңбегіме жол ашқан,
Күнімдейсің көктегі.
Алғаш ашып есігін,
Дәріс берген бесігім.
Өзіңнен ұштым қияға
Жадымда мәңгі есімің.
Қоңыраулы мектебім —
Хан сарайдан несі кем?!.
Құтты болсын — 50 жас,
Арта берсін несібең!
Тарихы асқақ өлкемнің
Бөгенбай жаудан қорғаған.
Үмбетей қосып жырына
Ерлерді ерен қолдаған.
«Күншалғанның» баурайы,
Елім қонған ертеде.
Болмаса білім ордасы
Арманға өскін жете ме!
Ұстаздар болды елге ерек.
Атай, Жәлел, Қазыбек.
Серкесі еді олардың
Директоры Жұмабек.
Азат елдің байрағы
Желбіресін төбеңде.
Хош-аман бол туған ел,
Енді қайтып көрем бе!
Жаңара бер жанұям.
Өткенге деп салауат.
Береке берсін халқыма
Аман болсын азамат.
Бесплатный фрагмент закончился.
Купите книгу, чтобы продолжить чтение.