18+
Ұмытпас

Бесплатный фрагмент - Ұмытпас

Поэзия

Объем: 84 бумажных стр.

Формат: epub, fb2, pdfRead, mobi

Подробнее

Сүндет, өлең — сүннет емес, парыз. Сен екеуміз үшін…

Есенғали Раушанов

классик ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

СҮНДЕТ БАЛАМНЫҢ — САПАСЫ

Сана сапасы — біздің қазақта аса ділгір діттердің бірі. Алаш елінде адамзаттың Абайына бетбұрыс басталғандай сапа сезіледі. Шынайы болғай. Ұзағынан сүйіндіргей. Дейсің. Іштей қуанып. Көбінше күрсініп.

Сол айналайын Абайдың төртінші қара сөзінде уайым-қайғы ойлағыш кісілер хақында және олардың сапасы туралы айтылады.

Дарын қонған, даралығы әрбір өлеңінен де, өзінің ой-сана сапасынан да білініп, сезіліп тұратын Сүндет дейтұғын баламды жолықтырған сайын сол Төртінші қара сөз жадымызда жаңғырады.

Уайым-қайғы ойлағыш жандар, ызалы күлкі, қулық саумақ пен еңбек саумақ, адам баласының жылап туатыны мен кейіп өлетіні туралы Абай анықтамалары ойға оралады. Сананы сансыратады.

Ақын балам Сүндет Сейіттің өлеңдерін оқимын. Жырларынан шайырлық сана сапасы айқын аңғарылып, жан-жүрегіңізді сыздатады-ай. Қоғамдағы кесір-кесапаттарды уайымдайды. Адамдардың сана сапасындағы қараулықтарға қапаланып, қайғы шегеді. Ондай дерттерге өлеңдерімен, өзінің сана сапасымен шабуылға шығады. Жалғандық, жағымпаздық, жандайшаптық атаулыға жаны қас. Қаламы қас. Өтірік көлгірсу табиғатына жат талант иесі дүние табуға, тұрмысын тездете жөндеуге икемсіз. Еңбектенеді, бірақ пайдакүнемдікке ебедейсіз. Аңғалдығы мен адалдығы, абзалдығы, ақындығы — осының бәрі қатты қиналтады. Азаптайды.

Сөйте жүріп, қыз затына, әйел затына, сұлулыққа, көркемдікке көзсіз қызығып, құрметпен қараудан, шексіз көңілмен жырға қоспақтан танбайды.

Жоғарыда біз меңзеген жағдаяттардың бәрі Сүндет баламның жарататын жырларынан көрініп, сезіліп, аңғарылып тұрады. Өлеңнен өзге де өнер түрлері қара баланың бойында тұнып-ақ тұрыпты. Музыканың түр-түрін беріле тыңдайды. Талғайды. Домбыра тартады.

Өлең өріне, өнер өрістеріне биіктей бер, балам! Жұмысың да, тұрмысың да түзелгей. Қазағыңда да, қоғамыңда да, өзіңде де, өлеңдеріңде де уайым-қайғы азайғай. Бәрі де жөн-жосығымен болғай. Қаламыңа қанат біткей. Қырандар кезген қияларға самғағайсың, балам!

2020 жылғы 13 тамыз, Таупістелі ауылы.

Мархабат Байғұт — көрнекті жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері

ШЫНАЗ*

(Тыныштықбек Әбдікәкімұлының нұсқасы)

Жағасында Бозсудың* мал жүретін…

Жазуы сол — жадымның, мен білетін.

Бергі бетке өткенде суын кешіп,

Қимай-қимай кеткенмін арғы бетін!

Білмейтінмін о кезде күнә барын.

Таба алсамшы көшпеудің бір амалын…

Қайран ғана Бозсуым…

Мөлдіріне

Бетті жуған болғаным — жылағаным…

Кешіп өттім Бозсуды…

Көшіп өттім.

Туған Жерді қалдырып, несіне өттім!..

Әлі есімде,

Көш соңы

Көмейінен

Қып-қызыл Ай көрінген есінек Түн..

Ол Түн де енді бір шерлі күйге айналған.

Көкіректе өксиді игайлы арман.

Басармысың, Шыназым, бауырыңа,

Құшағына Қазақтың симай қалған!..

Қайғырмайтын ұл едім, дәті бекем.

Дүниенің шекара шеті ме екен?..

Туған Елі болғанмен Ер жігіттің,

Туған Жері болмаса, — жетім екен!

Жетім емеспін…

Бозсу* — өзен

VIII ғасырдағы көне Шаш қаласының орны Шыназ* өлкесінде. Кейін сол маңнан Ташкент қаласы бой көтерген.

Жоғарыдағы өлеңнің авторы — Сүндет Сейітов деген азамат. Ол бауырымыздың жазғандарын әлеуметтік желі мен баспасөз беттерінен ара-тұра көріп қалып отырамыз. Жасыратын несі бар, өлеңдерінің кейбіріне тұшынсақ та, қайсыбіріне жай ғана көз сырғанатып өтеміз. Ал, «Шыназ» деген осы өлеңі жадымызда жарқын күйде жадталып қалыпты. Мұндағы көне қаланың «Шаш» деген атауы — Күннің көнедегі сансыз атауларының бірі. Туынды мағынасы: «Күн-қала». Ташкент (Шаш-кент) атауына да бағзыдағы сол атау негіз болған-ды.

Жә, Сүндет өзінің осы өлеңіне Шыназ өлкесін арқау еткен. Өз Туған Жері, Атамекені!… Әдемі образдармен өрнектелген осы жырдың «Туған Елі болғанмен Ер жігіттің, Туған Жері болмаса, — жетім екен!» деген түйіні бізді ерекше тебірентті. Сөз өнеріндегі тосын пайым, бұрын еш көрінбеген көркем шешім! «Әркімге өз Туған Жері — Мысыр шаһары» демекші, рас, Отаныңның өзі де, егер Атамекенің одан тыс қалған болса, сана-сезіміңде Отан деген өзінің ерекше қасиетті мағынасымен толық қабылдана қоймайды. Ондай жағдайда әр адам өзінің кіндік қаны тамған, бал дәурені өткен, өсіп-өнген жерін айырықша сағына, алабөтен қамыға, үнемі ойлаумен болады. Бейне бір, ажырасқан отбасындағы жас бала Әкесімен кетуге еріксіз душарланып, артта қалған аяулы Шешесін ұдайы шерлене аңсаумен болатыны секілді, тіл айтып жеткізе алмас бір азап ол! Алайда, сондай азаптың түп мәнісін автор дөп айта білген: «Туған Елі болғанмен Ер жігіттің, Туған Жері болмаса, — жетім екен!». Мұндай сұрапыл жан толқынысы — өткен ғасырдың елуінші-алпысыншы жылдары мен тәуелсіздік алғанымыздан бергі уақытта шеттен оралған қандастарымыздың баршасының қолқасында жүрген өрттей өксік, алқымы ішінде тұншыққан ащы кемсең, аузынан күреңіте ұшқан алапат күрсініс, жүрек түкпірінде жатқан жетімек сезім!.. Десек те, сондай күйді бастан өткеріп жүрген қандастарымыздың бәрі де автордың өлең соңындағы «Жетім емеспін…» деген тұжырымын да еш күмәнсіз құптай кететіні сөзсіз. Өйткені, Қазақстан — олардың да ата-бабаларының ең басты байтақ Атамекені!..

Міне, ақындық деген осы енді!

Біз Сүндеттің шығармашылық қуатының келешекте де осы «Шыназ» деңгейінен төмен түспей, ұдайы жоғарылай бермегіне шын көңілден тілектеспіз!

Тыныштықбек Әбдікәкімұлы —

ақын, ҚР Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты

ҰМЫТПАС

Көктемгі алма гүлі сияқтанып,

Өмірің — өмір болса бір апталық.

Көбелек саған ғана қызығардай,

Күлтеңе қонар ма еді, үзіп алмай?

Ұмытпас, сені ұмыттым, алма кескін,

Өзіңдей әлемде гүл бар ма дестім.

Сұлуға гүл сыйларда есім ауып,

Барыңды ұмытамын, жасым ағып.

Мен бүгін бір аңызбен сәттес болдым,

Патшамен өткен екен өтпес мол күн.

Сол патша: сені ұмытпай, ойлап өтем,

Атыңды «ұмытпас» деп қойған екен.

Ұмытпас, мені ұмытпа, мен — адаммын,

Сен жыныссыз, мен болсам — ер адаммын.

Жұрынсыз өтпеспін-ау, өтер болсам,

Мұңымды сен сақташы, көтере алсаң!

Қызуың көтерілсе, тынысың боп,

Өмірімді сүрейін гүл үшін деп.

Басыңда қата қалам құлыптас боп,

Өзіңдей атақ алам «ұмытпас» деп.

Ұмытпас, сені ұмытпас мен бармын ғой,

Мен де бір ұмытшаққа алдандым ғой.

Мен сені, мені кетсе ел ұмытып,

Құлыптас боп, жатамын сені күтіп…

ҮМІТ

Бетперде таққан адамдар емес,

Адамды таққан бетперде.

Вирусты тапқан жамандар емес,

Жақсылар десем, жек көрме!

Пайғамбарлар-ай, қайда жүрсіңдер,

Үмметің бүгін ашқұрсақ.

Жүректер сосын қайда дүрсілдер,

Кеудені көрге лақтырсақ?

Танауым бітеу, тыныс ала алман…

Дегендей: «Құдай көп көрер».

Қабырға ішіне ығыса қалған,

Ығыры шыққан өкпелер.

Адамдар қазір ентігіп жатып,

Шығысқа күнді батырды.

Келер күн деймін, сол күні бақыт,

Алдамшым болар ақырғы…

Жалғыз емеспін, көппін деймін де,

Қоршауын бұзып үрейдің.

Төрткүл әлемге, төрт бірдей дінге,

Төрт түрлі бақыт тілеймін…

Осы дүниеде қалғым келеді,

Өмір сүрсем де кембағал.

Құдай қаласа, ауру береді,

Құдай қаласа, ем болар…

ОЯНШЫ

Қаңтардың сұсы қырғынға айналды,

Ақпанның тұсы дәл солай.

Қырғызбай қашып, Ырғызбай қалды,

Жас қазақ өліп қаршадай…

Домнаға түскен темірдей болып,

Ызғары қайтып, қыс қызды.

Шойын оқ қырды ерінбей келіп,

Бір жүзі кем үш жүзді.

Діңі құрыған, діні бұзылған,

Сіңберген қазақ қан сөлін.

Қаңтар қызының дірілі сыздан,

Зәресін алған қанша өлім.

Ояншы, досым, арқама қоншы,

Аштықтан кепсе қарының.

Ұйықтағың келсе, жантая қойшы,

Қорылдамашы, жарығым!

Барыңды сенің ұмытқан ғой көкем,

Оны ертең бәлкім көрерсің.

Әлди-ау, әлди, ұйықтай ғой бөпем,

Оянсаң сен де өлерсің!

СЫЙЛЫҚ

Айды сыйлай алмайтыным рас енді…

Айды алып берем деген өтірік.

Арусың ғой жалғыз басты, жас өңді,

Ақ бөрідей көп ұлып,

Көк теңіздей көпіріп…

Тұратының маған және күн, айға,

Ұнайды ғой… Құшақтатпай кетесің…

Ай дегенің — нүкте ғана Құдайға,

Ал, мен үшін — зат есім!

Айға қарап отырасың ойланып,

Айға қарағанның көбі жынды емес.

Ал, мен сенің жанарыңа байланып,

Бірде серің, бола салам бірде елес.

Күн көрінсе, ерисің де төгіліп,

Балқып кетер сұлусың ғой себебі.

Ай туғанда барша меңі көрініп,

Жалаңаш қап, өле салғың келеді.

Өлмейсің де… мына қою түн өлмей,

Керексің–ай, түннің де бар керегі…

Алып қалып айға сені жібермей,

Айдың өзін бере салғым келеді…

ОЯТШЫ

Оянбай қалсам бір күн сен оятшы,

Құдайға жақын болған ей, айтшы!

Кеудемде жанып ойнап, қаным қайнап,

Мен жатсам, басымда тұр барымды ойлап.

Досыңның түні бұзық, күні қызық,

Деміне қауырсын тос үзік-үзік.

Атымды адам емес, құдай қойған,

Төбеме қорған қылып күн-ай қойған.

Райхан гүл жұпар аңқып тұрса мен бар,

Ғажапқа сенбейтіндей мұнша нең бар?!

Оянбай қалсам бір күн сен оятшы,

Құдайдан пәрмен күтпей ей, аятшы!

Қорықпа, ішіңдегі буыңды бас,

Райхан гүл қайнатылған суыңды шаш…

Мәрия-ау, сонда ғана оянармын,

Ағашын мына өмірдің саялармын.

Ояншы, ояна гөр, мені оятшы,

Дәл саған айтарым бар ей, аятшы!

Айтамын көргенімді қанша белгі,

Түсіме Расул енді, Ғайса да енді…

КӨРКЕМ

Көркем сөйлейсің, көркем ойланасың,

Көркем мінезді «еркем» дейді анашың.

Әзілдеп тұрып, «әзіл» деп ұқтырып,

Әзілқой маған еркелей де аласың!

Нұрымен әрлеп қайқы қастарыңды,

Бақытты да етіп, Ай тұр аспаныңды.

Көрмеген жаным қайшыласқаныңды,

Аңсап тұрады хәл сұрасқаныңды…

Көркем мән ұқтым мөлдір мінезіңнен,

Көркем сөз күттім сол күн бір өзіңнен…

Қуантты мені сен иіскегенде,

Тіріле қалып солғын гүл езілген!

Үнің мөп-мөлдір, үнің бұлақ та еді,

Мұңға батырды мұңың бірақ тегі!

Үйретші Көркім, көркем өміріңе,

Келте өмірімнен тірілтіп ап мені!

2017 жыл. Шымкент.

****

Қаратаудың басында қар жатады,

Қар жатқанда, шамамен мол жатады.

Бала емізген аққұба келіншектей,

Көкке төсін емізіп жер жатады.

Қаратаудың басынан ел көшкенде,

Қайтпайтындай көш салды енді еш пенде.

Тау болар ма ендігі Қаратаудай,

Қара басты төрт мезгіл жөндескенде.

Маусым келсе, жер беті саратан көк,

Өз биігін іздейді жаңа таң кеп.

Кеудесінде сол таудың қар жатады,

Ол Алатау болмайды Қаратау боп!

Қаратаудың қасына ел қоныпты,

Ел қонғанда, шамасы кең қоныпты.

Қайран таудың елгезек тұрғындары,

Қыр асырғай дүбәра пенделікті.

Қаратаудың басында қар жатады,

Қар жатқанда, шамамен мол жатады.

Бала емізген аққұба келіншектей,

Бірін-бірі асырап, ел жатады.

ҒАРЫШТА

Күз жұпары аңқыған дала мынау,

Дала мынау, мен қайда қарадым-ау?

Еркесіне хат жазып, қалам алып,

Хат-хабарсыз жабыққан қарамын-ау!

Сол ерке қыз тұрмысын құрған бәлкім,

Бөксесінен тентек жел ұрған қалпы…

Кім айтады ұрының мекен-жайын,

Жүрегінің кілті ұрланған түн?

Шауқанның жары болған Балқадиша,

Сияқты… түн ортасы салған иша.

зәк шектім, секілденіп мен де сол күн,

Кірешке шегеленген ардақ Иса.

Батыстан ызғырық жел жетті бөтен,

Ызғардың ызасынан кетті көкем…

Қаңбақтай ұшып-қонып жүрген сұлу,

Жел айдап, қай баурайға кеттің екен?

Естігем осы өлкеде сүргеніңді,

Бұрымдар өзің жоқта түрлі өрілді.

Бәлкім сен мұнда емессің, мен сеземін,

Қазақтың даласында жүргеніңді.

ШЫНАЗ

Дегенде Шыназ қала, Шыназ қала,

Шыназдың шырындайын суы аз ғана.

Барады дегелектей зырлап өмір,

Қалайық күліп-ойнап біраз ғана.

Халық өлеңі

Жағасында Бозсудың мал жүретін,

Жазуы сол — жадымның, мен білетін.

Бергі бетке өтерде сол өзеннің,

Қимай-қимай кеткенмін арғы бетін!

Ағасында елімнің болды — ағалық,

Анасында жерімнің болды — аналық.

Елім-айлап, жел айдап, көшіп өттім,

Жүк арбасын ауылдың жалдап алып.

Отаным-ау, көңілсіз күйге айналған,

Бауырыңа жетелеп, қинайды арман.

Басармысың Шыназым, құшағыңа,

Құшағына қазақтың симай қалған!

Өзеніңді мен әлі кешіп өтем,

Дүнияның шекара — шеті ме екен?

Туған елі болғанмен Ержігіттің,

Туған жері болмаса, — жетім екен!

Жетім емеспін…

ЖАНКЕШТІ

Көреген басым көре алғанымен ертеңді,

Ертең деймін-ау, бүгіннен жаным өртенді.

Бері тартамын жаурағаннан ба шар басым,

Ары да тартып, жырымдап алдым көрпемді.

Төселген бе екен түкті көрпешем жамбасқа,

Бүгінде мендік береке басқа, бақ басқа.

Адам бола алмай жүргенім шығар бар кінәм,

Дәл осы қалпы айналып кетсем көктасқа.

Мәрия-ау, сен де, дүрия-ау, мен де — бөз ие,

Бөз иелікті жүремін ылғи сезіне…

Өмір сүруге болар-ау деймін ермей-ақ,

Тобықтының бір жаман шалының сөзіне!

****

Жүректе қалған болса сенен бір дақ,

Кетейін мен бір күні тереңге ұрлап.

Қазақтың даласынан жер табылар,

Жатармын тілім-тілім денем құрғап.

Төзімім шексіз бе екен сыр бермеген,

Мен бұлай жер басам ба құр кеудемен.

Ғұмырда жан болмаспын бір-ақ өлер,

Әсілі адам болмас, күнде өлмеген!

Мәрия-ау, менің мына жаным нәзік,

Өзгелер жүр ғой маған көрін қазып.

Азғын да болдым міне, ел ішінде,

Байқаймын жүргеніңді сенің де азып.

Жасардай күні ертең-ақ отан езгі,

Ақтауға айтардай-ақ қата сөзді.

Алданып, есі ауысқан ұмытшаққа,

Ұмытпас гүлдей болдым бота көзді.

Алма қыз, сен құлаған — тұзақ торша,

Алма қыз, кінәлі адам біз-ақ болсақ!

Жүректің таусыларын көрерсің бір,

Өмірің қара жолдай ұзақ болса…

САҒЫНЫШ

Көзімді зағипқа беріңдер,

Қолымды батырға беріңдер,

Жолымды ақынға беріңдер,

Жанымды анама беріңдер,

қайта өмір сүрсінші ол!

Терімді кітапқа қаптаңдар,

Қылмыскердің емес,

Ақынның терісі дерсіңдер…

Көзімді — өзіме беріңдер,

Қолымды — өзіме беріңдер,

Жолымды — өзіме беріңдер,

Жанымды қайтармаңдаршы,

Қайта өмір сүрсінші ол…

Көзіммен көрейін соны,

Қолыммен ұстайын соны,

Жолыммен шақырып оны,

Жаныммен сүйейінші мен,

Сағындым!

Қылмыскердің емес,

Ақынның сағынышы дерсіңдер…

8 қыркүйек, 2019 жыл.

БҮЛДІРГІ

Туыт шеше болмады ол туғанда,

Бапкерсіз жүгінді де ер-тұрманға.

Күннің көзін ер жетті көлегейлеп,

Өзін-өзі жасырды жел тұрғанда.

Туа сап, ең әуелі көргені адам,

Өмірі өмір болды шөнге ораған.

Кешердей бір жан болды ғажап ғұмыр,

Жатардай пенде болды көрде де аман.

Жұққаны қайдан қалай зәнталақтық,

Өзіне жан жарасын сан жалаттық?..

Өскені содан шығар тәкаппарсып,

Жауыздық үйреттік пе шартараптық?

Еліне оқ үзердей не еткен жан бұл,

Барлығы іште өртенген кектен бе әрбір?

Халқыңды мерт қылардай қоздырған ба,

Төбеңді қырық тесік еткен жаңбыр?

Жарық-ау, оғын үзген заман төлі,

Жауыз қып неге туды анаң сені?

Өтеусіз халық па еді қалар кегі,

Сен бе едің қызыл қанға қанар шөлі?!

Ұялар ұрпағың да пәкпіз деуге,

Күн кешер тірі өліктей қап күздеуде.

Әлемді жаңа буын жарытады,

Зәреңді зәр түбіне жеткізгенде!

МӘРИЯ

18+

Книга предназначена
для читателей старше 18 лет

Бесплатный фрагмент закончился.

Купите книгу, чтобы продолжить чтение.