16+
Көңіл толқыны

Бесплатный фрагмент - Көңіл толқыны

Өлеңдер жинағы

Объем: 164 бумажных стр.

Формат: epub, fb2, pdfRead, mobi

Подробнее

ӨЛЕҢДЕР

КӨҢІЛ ТОЛҚЫНЫ

Ал, тыңда мені ағайын,

Өлеңнің отын жағайын.

Құлдида құлди құлдилап,

Құлагер аттай шабайын.

Тау суындай сылдырлап,

Сылдырда сылдыр ағайын.

Тебірентіп тербейін,

Жүректердің талайын.

Қазақ болып туған соң,

Домбырамды қағайын.

Жырға бөлеп кетейін,

Астанамның маңайын.

Шабытым келіп тұрғанда,

Ашайын көңіл сарайын.

Өнерім барда кеудемде,

Қызырың болып қалайын.

Өсірер ерді ел екен,

Өлеңді бүгін сел етем.

Ынтымақ, ырыс елімде,

Тарқамасын мерекем.

Қариясы қазына,

Ақылы дария көл екен.

Қазақтың өлең өнері,

Асқақ-асқақ бел екен.

Қазағымның пейілі

Жұмақтың жайсаң төрі екен.

Əр қазағым ғажайып,

Биіктермен тең екен.

Өнеріне қарасам,

Соққан дауыл, жел екен.

Мінезіне қарасам,

Даладай дархан өр екен.

Басыңнан бағың таймасын,

Тасқындай берсін бере

МЕН ДЕ КЕЛДІМ ҚЫРЫҚҚА

Менде келдім қырыққа қас-қағымда,

Ойланбадым ештеңе жас шағымда.

Жастық шақ мəңгі баста тұратындай,

Тіпті мен асықпадым, саспадым да.

Ата-ананың қадірін білмеппін ғой,

Мəңгі-бақи жүрердей қастарында.

Əкенің дəулетімен шалып басып.

Қате екен оңды-солды шашқаным да.

Қырықта ақыл кіріп, кеш ойландым.

Жазайын сырымды бір ақтарыла.

Қадірін ата- ананың түсініңдер,

Тұрғанда күн нұрланып аспаныңда.

Адамзат періште емес, пенде рас,

Кейінгі сабақ болсын жастарыма.

Сөзімнің үлкен мəн бар астарында,

Жастық шақ екі келмес бастарыңа.

Он бесте есейесің, ақылың толып,

Бойыңа салмақтылық сабыр қонып.

Ақылын ата- ананың тыңдамасаң,

Ертең күн өкінесің санды соғып.

Тағдырдың тəлкегі бар ойлан ерте,

Өмір кейде кетеді қанды сорып.

Ата-ананың дəулеті дəулет болмас,

Қызғалдақтай қаларсың бір күн солып.

Өтірік айтпа, жалғанда ұрлық қыла,

Жаратушы алла бар содан қорық.

Оқы, үйрен, өнеге ал, елге қарап,

Есейем десең егер адам болып.

Шығады сенің əлі жақсы атыңда,

Жетесің алла берсе мақсатыңа.

Төзімді бол, төзе біл қиындыққа,

Болмайды өз өзіңді ақсатуға.

Өмірдегі ең үлкен қателігің,

Болмайды ата-ананы қақсатуға.

Қателеспес пенде жоқ бұл өмірде,

Уəде бер ісіңді жақсартуға.

Ешқашан бұлғанбайды біле білсең,

Құйса да лас бұлақ ағын суға.

Өмірің өз қолыңда жақсы болу.

Ол үшін ең əуелі ақыл тыңда.

Таланттыға нұр жауар деген қазақ,

Егерде шығам десең биік шыңға.

ҚАЙРАН ЖАСТЫҚ

Тұлпардай шиырығып белдеудегі,

Домбыраның қос ішегі беу-беуледі.

Шабытымның құс қонып айдынына,

Жүрегім бұлқынады кеудемдегі.

Өлең жазсам, нұрланам күн сияқты,

Биіктейді жігерім шың сияқты.

Теңіз болып көңілім шалқығанда,

Бұлақ болып бір өлең сыңси ақты.

Ойымды кең əлемге серуендетіп,

Таудан асып самалмен белден өтіп.

Қайран жастық, жырма бес, оралмайсың,

Шұбатылып барады керуен кетіп.

Қырық деген жасқа да келіп қаппын,

Аң аулап, тазы салып, мылтық та аттым.

Толғанып, өлең жазып мен отырмын,

Еске алып қызықтарын жастық шақтың.

Ат міндім, жүйрік баптап, бүркіт салдым,

Сауық құрдым, қолыма домбыра алдым.

Енді айтсам ешкімде сенбейді ғой,

Хикаясы сияқты қара шалдың.

Қайран менің жастығым, қайда қалдың?

САРЫАРҚА

Ақ далам, айдын далам, шалқар далам,

Атамның шапанындай жалпақ далам.

Самал ескен жаңбырлы күнің нұрлы,

Қасиетті сарыарқа дархан далам.

Сарыарқа деп сарылып бабам кеткен,

Солардан қалған бағыт маған жеткен.

Самалыңа сергісем саған барып,

Деп сағынып өзіңді анам кеткен.

Сендегі тарихты ақтарайын,

Сары арқа деп əн айтып мақтанайын.

Қазақтың шаңырағын саған тіктік,

Дегенде кеңдігіңнен бақ табайын.

Əсем қала Астана көтерді бой,

Төсіңде дүбірледі думан мен той.

Қазағыма бақ мекен құтты мешін,

Сарыарқам салтанатты ғажайып қой.

Қызың сұлу, бұл күнде ұлың алғыр,

Сыйлады үлкен бақыт саған тағдыр.

Жұмақ мекен қазаққа сен сарыарқа,

Сəттерім менің қымбат сенде əрбір.

Сенде тірлік қайнары жатқан қайнап,

Көліңде қиқулаған аққу жайлап.

Белдік тағып алтыннан ұлы мақсат,

Қазағым тұр ұрандап Абылайлап.

ҚАЗАҚ ҚЫЗЫ

Ары бар, ұяты бар, намысы бар,

Ол кім екен, кəнекей, танысып ал.

Ол деген азаматтың бағы шығар,

Нəзік, бірақ өзендей ағысы бар.

Жібек мінез, ақ жарқын күлімдеген,

Үлкенді аға, кішіні інім деген.

Жаны жайсаң, ибалы ол, қазақ қызы,

Шаршағаны құлпырып білінбеген.

Ұлы өмірдің байлығы барыда сол,

Ата-ананың аяулы жаныда сол.

Ұрпағының аяулы анасы да,

Азаматтың аяулы жарыда сол.

Дидарына нұр құйған сайрандаған,

Бал махаббат сыйлаған жайраңдаған.

Батыр туған Əлия, Мəншүгімдей,

Мен қазақ қыздарына қайран қалам.

КІТАБЫМ

Кітабым меніңқұраным,

Аллаһу акбар ұраным.

Адал өмір, шын иман,

Бір алладан сұрадым.

Ортай масын деп ырысым,

Таңда ерте тұрамын.

Елім аман болсын деп

Аллаға ғибадат қыламын.

Көру деген бір бақыт

Таңның арай қылаңын.

Бес уақыт намазым

Мойнымдағы тұмарым.

Сəждеге маңдай тигізіп

Құбылама бет бұрамын.

Ислам дінді қазағым,

Өшпесін еш шырағың.

Сүрінбесін иншалла,

Астыңдағы пырағың.

Жаратқан алла жар болып

Жаннат болсын тұрағың.

Басымнан бағым таймасын,

Қазаным отта қайнасын.

Ырысқа толып даламда,

Қаламда гүлдей жайнасын.

Ауласында əр үйдің

Жүгіріп сəби ойнасын…

АЛТЫН ҚАЛАМ

Сағат жылжып, күн батар, түнге айналып,

Жер шары ай мен күнді шыр айналып.

Жарқыраған жұлдыздар жерге құлап,

Өмір қайда барасың, ыңғайланып.

Желі соғып, тағдырдың қыр асады,

Мұңайғандар неге аймен мұңдасады?

Тасқындаған сезімдер тасып келіп,

Өлең мен жыр өзіңмен сырласады.

Сырласың боп жүрме əлде, сары уайым,

Оның бəрін қозғалтып не қылайын.

Серігім бол сырласып мұңдасатын,

Əрқашанда жаныңнан табылайын.

Серіктесіп екеуміз жыр жазайық,

Нұрланайық сəттермен шын ғажайып.

Сенің ізің өшпейді «Алтын қалам»

Егер де мен боп жатсам бір күн ғайып.

Бар шығар сырың бəлкім айтып алар.

Тарихта өшпейтін ізің қалар.

Алтын қалам, серігім, қолымдағы,

Жаным медеу жабықса сенен табар.

Алтын қалам, жаңылма жүрісіңнен,

Əлемде ғажайыптың бірісің сен.

Тасқа таңба басқандай мəңгілікпіз,

Ажырамас адал дос сенімен мен.

ҚАЛАМГЕР ТОБЫНА

Кіргізіп тәтті жырдың бал шырайын,

Қайыңның қабығындай аршылайын.

Ассалаумағалейкум, сәлем бердік,

Қаламгердің тобынан қал сұрайын.

Жаңбырдай көктен жауған тамшылайын,

Тебініп жыр тұлпарын қамшылайын.

Қаламгер шаңырағым өзің болсаң,

Мен де бір уығың боп шаншылайын.

Несіне тасырқайын қансырайын,

Тілімді бір тісіме жаншылайын.

Қаламгердің мүшесі болғандықтан,

Оқырманның кіргізем жаншырайын.

АНА

Ана деген ең асыл жан əлемде,

Бізді əкелген аналар ғой əлемге.

Ілтипатпен махаббатпен жігіттер,

Сол анадан туғаныңды дəлелде.

Ана деген құдіретті киелі,

Әрбір адам анаға бас иеді.

Бауырына басып сені жабықсаң,

Ана ғана мейіріммен сүйеді.

Ана деген жаны таза жалғыз жан,

Əрбір үйдің отын көсеп жанғызған.

Ана адал, судан тұнық, кінəсіз,

Дəл осындай сенім күтем əр қыздан.

Ана деген өте тəтті шекер де,

Ана сүті ауызыңнан кетер ме?

Табанында жұмақ кілті ананың,

Деген сөзді айтпаған ғой бекерге.

Ана деген баға жетпес қазына,

Ана сөзі шексіз, шетсіз базына.

Өтемеспіз ақ сүтінің борышын,

Апарсақ та біз арқалап қажыға.

Ойланайық, оятайық сананы,

Сонда біздің жұлдызымыз жанады.

Қазақ деген текті халық біз едік,

Аялайық ардақтайық ананы.

Мына біздер болу үшін бағалы,

Ойланайық азаматтар шамалы.

Əлемді де тербеткен жан ана ғой,

Құрметтейік, қуантайық ананы.

Санамызда тұрсын ана есімі,

Тербетілсін əрбір үйдің бесігі.

Анамызды аяласақ, қуантсақ,

Жұмақтың да бізге ашық есігі.

АНА ТІЛІ

Адаммын ана тілге бағынатын,

Ананың ақ сүтіндей табынатын.

Қазақпын, қазақ болып қала берем,

Өлсем де ана тілін сағынатын.

Ана тілін асыраған анам деп біл,

Ана тілін бесіктегі балам деп біл.

Сан ғасыр ана тілін сақтап келген,

Қазақты асқақ батыр бабам деп біл.

Ана тілмен асқақпын да, шалқақпын,

Ана тілім ұмытылса, қорқақпын.

Ана тілмен биікпін де, тектімін,

Ана тілсіз қалай адам болмақпын.

СҮРІНБЕ ТІЛІМ, СҮРІНБЕ

Ал, қарасаң бүгінге

Сүрінбе тілім, сүрінбе.

Баянды болсын бақытың,

Күлімде қазақ, күлімде.

Бұрынғы би көкелер

Көтерген елдің жүгін де.

Қазіргі әкім ағалар

Ойлаған өз күнін тек.

Түйені жұтқан түгімен,

Биенің жұтқан бүгін де.

Тым болмаса қайтесің,

Білмейді ана тілін де.

Шұбарланған тілім бар,

Қағаздың ғана түрінде.

Құрғақ уәде беріліп,

Орындалмас бірі де.

Азғындалған дінім бар,

Мың құбылған күнінде.

БАСПАНА ТУРАЛЫ

Елдің мұңын жоқтайтындар ақындар,

Бір ауыз сөзменің де айтар қаһым бар.

Депутаттар, министрлер, ел басы,

Сіздерге айтар мына менің датым бар.

Қазақ деген қойдан жуас елің бар,

Ұлан байтақ қазыналы жерің бар.

Білімді де, парасатты, зиялы,

Ел қорғайтын батыр жүрек ерің бар.

Бір сұрағым, мырзалар-ау сендерден,

Қай жерім кем осы менің өзге елден.

Басқа елге қарап тұрсаң бəрі бай,

Қазақ қана баспанасыз сенделген.

Баспанасыз қиналып жүр қанша жан.

Өзге елге қараймын да тамсанам.

Әлде бізге жазылған ба тағдырдан,

Жұмыссыздық, қазақ қана шаршаған.


Осы бізді сыртымыздан кім дейді,

Біздің даму неге ілгері жүрмейді.

Өзге ұлттар ана тілмен сөйлейді,

Біздің қазақ ана тілін білмейді.


Елім дейсің, еліңе не сыйлайсың,

Өзің үшін бар даулетті жинайсың.

Қытайға да бөліп берген жеріңнен,

Он сотық жер неге бізге қимайсың?


Мырзаларым, арманынажеткенде,

Бір іс бастап үш жыл бұрын көктемде.

Ол істерің — рухани жаңғыру

Рухани қаңғыру боп кеткен бе?!

БЕС БАЛА

Жаныпты-ау дымы қалмай баспананың,

Төрінде өртке оранып Астананың.

Тілсіз жау қыршынынан қырқып қиды,

Өмірін балғын сәби бес баланың.

Болмады осы жырды жазбасыма,

Егерде қателессем, кеш қарағым.

Отбасын қайғы жұтқан көріп тұрып,

Дәуіттей пайғамбарды еске аламын.

Жаратқан отыз ұлын бір күнде алған,

Көрсетіп бұл өмірден тоспағанын.

Татитын отыз ұлға бір ұл берген,

Жаратқан кұрсағына жақсы ананың.

Жалғыз ұл, ол — Сүлеймен пайғамбар ғой.

Дәуіттей ізін басқан хас дананың.

Осылай көңіл айтам ата-анаға,

Жоқ менің жұбатудан басқа амалым.

Құдайым бір ұл берсін сендерге енді,

Орынын толтырардай бес баланың.

Жоғалтып жатқанында бес баласын,

Ей, халқым, қолдамасаң, кеш қаласың.

Қайғы жұтқан ананы жазықты деп

Заңгерлер айырдық деп ақ-қарасын.

Ананы қайғы жұтқан соттағанда,

Құдай-ау, одан қандай бақ табасың.

Қайғы жұтқан отбасын қолдамасаң,

Елмін деп неменеге мақтанасың.

Жылағанды уатып, демеу болып,

Өкімет ұсынбай ма баспанасын.

Əкімдер қайда біздің атқа мінер,

Бұл істен қалай енді шет қаласың.

Қолдаңдар қайғы жұтқан бұл отбасын,

Зарлатып сорлы ананы соттамасын.

Бұл менің басшыларға өтінішім,

Жығылғанға сойылын саптамасын.

КЕШІРІМ

Тағдырыңның жапқанынша есігін,

Өкпелеуден тұрмау керек шешімің.

Айналаңа өту үшін тік қарап,

Бұл өмірде керек екен кешірім.

Кейде біреу тыжырайтып шекесін,

Әжуалап айтса-дағы кекесін.

Кешір оны, шамырқанба, шапшыма,

Сонда ғана мұратыңа жетесің.

Кешірім ет, аяғыңнан шалғанда,

Жылы қара, жұмбағы көп жалғанға.

Өзің кейде жасай салсаң қателік,

«Кешір» — деген сөзді айтуға арланба.

Талай пенде кектесіннен сорлаған,

Өшпендікпен өз тағдырын торлаған.

Мың кешірім сұрап тұрып Тәңірден,

Сен біреуді кешірмесең, сол жаман.

Өткен күннің сабыры екен — Кешірім,

Келер күннің рақымы екен — Кешірім.

Кешірімнің синонимі екен ғой,

Төрт әріпті АДАМ деген есімің.

ҚАРИЯНЫҢ ӘҢГІМЕСІ

Мен айтайын əңгіме дастанымды,

Жаратқан ашық етсін аспанымды.

Қартайсаңда қимайсың, қия алмайсың,

Өлуге əттең шіркін бос жаныңды.-

деп қария бастады əңгімесін,

Өмірдің арқау етіп ұлы көшін.

Алты жастан бергісі бəріесімде,

Шөберем ертең атам айтты десін.

Ойын қуып, үйбетін көрмеуші едік,

Қас қараймай үйге біз келмеуші едік.

Бір үйдің баласындай тату-тəтті,

Ешкімді бөле-жара көрмеуші едік.

Ойыншық қазіргідей жоқ еді ғой,

Болмаса да көңіліміз тоқ еді ғой.

Қазіргілер бар нәрсені ойнамайды,

Білері интернет пен смартфон ғой.

Біздің ойын — ақсүйек, жасырынбақ,

Алтыбақан тебуші ек ақырындап.

Қартты көрсек қуана қасына кеп,

Отырушы ек əңгіме, ақыл тыңдап.

Ертегі айтып, ойнаушы ек асық атып,

Шахмет, дойбы ойнаушы ек тақылдап.

Қыс болса шана, шаңғы, ақ қала бар,

Балалық шақ білгенге нағыз бақыт.


Еске алып бал күндерін бала бастың,

Тай мініп, тайыншамен жағаластың.

Есейіп, он бес жаста бала жігіт,

Қамын да ойламайсың қара бастың.

Осылайша тірлікпен араластың,

Басында үй ошағына қазан астың.

Бұл өмірден көретін бар қызығың,

Жар сүйіп, бауырыңа бала бастың.

Адамның жаны құрбан ұрпағына,

Жеткізу аман-есен нұр таңына.

Балаңды құтты орнына қондырғанша,

Көнесін бұл өмірдің бұлтағына.

Одан кейін боласың немерелі,

Адамсың ауыл басы, өнегелі.

Құдай берген ұрпақты болсаң болды,

Əр адам ұрпағымен көгереді.

Шөбере көрген кезде қартаясың,

Тік отыра алмайсың, жантаясың.

Қарайсыңда артыңа тәуба дейсің,

Қуанып, ұрпағыңа марқаясың.

Мінгендей Асан қайғы желмаясын,

Бір құдай өзі жалғыз кімді аясын.

Барында дəуреніңнің ойна да күл,

Көресің көз жұмған соң, жер саясын.

ІНІМЕ (ӘКЕМНІҢ ОЙЫ)

Сен едің меніменен теңесе алған,

Тең тұрып теңесе алып, егесе алған.

Жалғызсырап жабықпай ойнасын деп,

Соңымнан жомарт тағдыр бере салған.


Сен едің жомарт тағдыр бере салған,

Қайда барсам, барам деп ере салған.

Кейде жылап сен мені жеңуші едің,

Кейде аға деп айтқаныма көне салған.


Сен едің айтқаныма көне салған,

Бір нанды қолындағы бөле салған.

Бауырым деп басыңнан сипап айтсам,

Бетіме қарап тұрып сене салған.


Аға деп атаушы едің күнде мені,

Сен барда ағаң күнде түрленеді.

Енді сен жоқ, шағылды тауым менің,

Аға деп кім айтады, кім келеді?


Аға деп айтушы едің бірдеңені,

Жан едің жүйріктей мінбедегі.

Бірге тумақ болғанмен, өлмек бөлек,

Ағаң сенсіз енді қалай күн көреді?


Аға деп айтушы едің күнде мені,

Сен барда көңілімде кірлемеді.

Əкеттің жары жанымды өзіңменен,

Сөйлеуге тілім келмей күрмеледі.

ЖАЙЛАУДА БИЕ БАЙЛАУ

Құла белге шауып шықты қояндай,

Дархан дала күн нұрына боянды- ай.

Біздің ауыл түрегелді түгелдей.

Сəл кешіксе тойдан қалып қоярдай.

Көңілдері тауып шаттық келісім,

Жердің таңдап жаттығы мен тегісін.

Домбыраның ішегіндей шерттіріп,

Үш қазыққа тартты құлын желісін.

Жігіттердің көңілдері игі ізгі,

Асаулықтың басын күшпен игізді.

Жас құлынды ұстап алып шыңғыртып,

Паң басына қайыс ноқта кигізді.

Осылайша ауыл бие байлады,

Қыз- келіншек дастарқанын сайлады.

Бабамыздан қалған салт пен мұра деп,

Ағымында құйрық-жалын майлады.

ӨКІНІШ

Неге мен сыр айтамын, аңдамаймын

Сөйлер сөзді ешқашан таңдамаймын.

Он бəленің тоғызы тілден деген,

Аңқылдап еш ойланбай сарнамайын.


Əттең, қазақ айтыпсың ғой осы жайдан,

Өмір сабақ, əрине, өмір майдан.

Қалады деп айтқаның рас екен,

Дос көңілі бір атым насыбайдан.


Бірде жылап, бірде адам күледі екен,

Бірде енді кеш түсініп біледі екен.

Ақ пен қара күн мен түн алмасқандай,

Көңілді де көңілсіз жүреді екен.


Құдайым несібе бер, несібе бер,

Күлгенді ойлағанды кешіре гөр.

Күнəм бар таудан үлкен, тастан қатты,

Су сеуіп, тозақ отын өшіре гөр.


Халқымның маған қылар қасиеті,

Жырыма құлақ тігіп, бас иеді.

Егер де қазам келсе, жақсы адам деп,

Үстіме тұрмастай қып тас үйеді.


Қара жер, бетің жылы, қойның суық,

Неліктен адамзатқа болдың жуық.

Ғұмыр бер, мұсылманға жаратушым,

Жүрсе екен жер бетінде кəсіп қуып.

ҰСТАЗ

Ұстаз деген– жарық күні ғаламның,

Жарық күннен білім алдың, нəр алдың.

Ұстаз деген– ата-анасы адамның,

Сен олардан адам болып жаралдың.


Бар əлемге еңбегімен еленген,

Ұстаздардың түсінігі тереңнен.

Бізді шыңға шығарған сол төменнен,

Қуанышқа бізбен бірге бөленген.

Ұстаз сөзінайтып жүрміз əн қылып,

Ұстаз сөзі ұлағатты заңдылық.

Ұстаз ғана аялайды жанды ұғып,

Құрметтейік ұстаздарды мəңгілік.

Тəлім алып, өміржолын жалғадың,

Ізгі іс қой ұстаз тілін алғаның.

Есіңде ме мектепке алғаш барғаның,

Қазір енді орындалды арманың.

Ұстаз деген ұлылардың ұлысы,

Ұстаз деген əр халықтың ырысы.

Төл мереке құтты болсын, ұстаздар,

Алда болсын ұстаздардың жұмысы.

ҚАРТТАР КҮНІ

Қарттарым менің, қарттарым!

Ақылшыларым, мақтаным.

Алақандары аялы,

Жұмсағындай мақтаның.

Құттықтап қарттар күнімен

Арнайын жырды от жалын.

Қазыналы қарттарды

Сақтағын Алла сақтағын.

Еш жамандық көрмеңдер

Түскенінше жақтарың.

Бастарыңнан таймасын

Алла берген бақтарың.

***


Құтты болсын тағы да,

Той-думан, мейрам, мереке!

Қарияларын сыйлаған,

Қазағым жайсаң ел екен.

Бір қарияның кеңесі

Бір кітапқа теңекен.

Бізге бергенақылы

Айдын шалқар көл екен.

Жабырқаса жаныңыз

Өсиет сөзі ем екен.

Қарттарым аман-сау болсын,

Қазынам, ырыс, берекем!

КҮЗ

Сүркейленіп боран соққан шақ мынау,

Тұман шөгіп, даланы жапты ақ қырау.

Жадыраған жазда өтіп күз келді,

Тым сабырлы мінезі де қаттылау.


Күз болғанда бұлданып бұлт жаумайды,

Ащылаған архар ойға саулайды.

Қыран көзін қызыл түлкі жазғырып,

Қайта-қайта сұрша құмға аунайды.


Көңілімді жабырқатты күз менің,

Сарғаяды кең даладай жүздерім.

Қимай ғана қоштасқанын ұқтым мен,

Көрген кезде аққу –қаздың тізбегін.


Күз болғанда құлазиды құла бел,

Беттен сүйіп, аймалайды құба жел.

Бесплатный фрагмент закончился.

Купите книгу, чтобы продолжить чтение.