Дуние жарты
Повесттер және таңдамалы әңгімелер
Мазмұны
Повесттер
Оттан да ыстық өмір
Ақ қарға
Рәбиғаның махаббаты
Дүние жарты
Әңгімелер
Қоңыртаудың басында бір топ жусан
Сағыныш
Қысқы каникул
Мектеп бітіру кеші
Алдош-Алданыш-Алдекең
Сарықыз
Есекең
Кездесу
Мұғалімдер күні
Ата жұртта
Қарашадағы үйлену тойы
Мейман
Түнгі қаланың әні
«Эх, Россия!..»
Әке
Шер тарқату
Дүние жарты
Оттан да ыстық өмір
— Сен екеуің Қалқаштың қарамағында боласың, — деді жасы елу мен алпыстар аралығындағы мосқал еркек пішеншілердің бригадирі Тілепбай бізге қаталдау шегір көздерімен сынай қарап. — Енді бет алды лағып кетпей, сол ағаларың келгенше, қостың маңайында ойнай тұрыңдар.
Ол осыны айтты да, бүлдірген сапты әдемі қамшысын керзі етігінің қонышынан суырып алып, анадай жерге тұсауымен жайылып жүрген кең құрсақ торы айғырға қарай беттеді.
— Осы бізге неменесін міндет қылады, — деді манадан бері үнсіз тұнжырап отырған Еркін бізден әудем жерге ұзай берген бастығымыздың артынан жақтырмай қадалып.
— Кім білсін… — Мен менсінбеген кісіше мұрнымды шүйірдім. Бұл арқылы өзіміздің үлкендер алдындағы дәрменсіздігімізді жасырғым келіп еді.
Шындығында, бригадирдің бізге сезіктенетіндей де жөні жоқ. Бәріміз де мұнда өз еркімізбен, шешелеріміздің тілімен айтқанда, ала жаздай текке тоздырған көйлек-көншегімізді бүтіндеуге, яғни, адам болып, табыс табуға келгенбіз. Және бұл тұрғанда «ойынымыз осылып» бара жатқаны шамалы. Алыста қалған ауылдың думанды тіршілігінен, асыр салған қызу каникул базарынан қапелімде жұрдай боп шыға келгенімізге, Арыстанбайға ұқсап: «Шөбіңмен қоса өзің де құры», — деп, байбалам салып жатып алмай, бригадирдің алдауына бұйдалаған тайлақша еріп жүре бергенімізге қынжылып отырмыз.
Ферма орталығында іске жарарлық біз қатарлы он-он бес бала бар, солардың ішінде қармаққа түскені — Еркін, мен, Қазантай және Таубай — төртеуміз екен. Қалғандары шөпке барасыңдар дегенді естіп, қалаға, жақын маңдағы туған-туыстарына қашып кетіпті, ал бірсыпырасы беттің арын белбеуге түйіп, Арыстанбай құсап жер тепкілеп жатып алған.
— Бекер келген екенбіз, — деді Еркін менің ойымды бөліп. — Көңілсіз болатын түрі бар…
Мен оны қоштарымды да, қоштамасымды да білмедім. Мұндай кәсіпке бірінші шығуым еді, сондықтан дала қосы қайткенде көңілді, қайткенде көңілсіз болатыны миыма кіріп шығатын емес. Бұл тұрғыдан ішіміздегі тіс қаққанымыз — Еркін. Ол былтыр да келіпті. Әрі бізден бір класс жоғары оқиды. Ендеше, соның пікірі шешуші, дұрыс пікір болады да.
Біз пішеншілер бригадасына мана түс қайта келгенбіз. Сонан бері қыбыр етпей Қалқашты тосудамыз. Айтпақшы, бригада деп дабырайтқанға «бұл бір айналасы ат шаптырым ата қоныс екен» деп ойлап қалып жүрмеңіздер. Әр жерде жел соққан қарақшыдай қисайып тұрған көне-көксі екі киіз үй және аузы үңірейген абажадай темір ошақ — міне, бригаданың бар сән-салтанаты осы. Әлгі киіз үйдің бірі — асхана, екіншісі жатақхана саналады. Маңдайшаларға осылай деп жазылған. Жатақхананың үстінде шүберегі ескіріп, күнқақты бола бастаған қызыл матада «Құрметті пішеншілер! Жем-шөптің берік қорын жасауға ат салысайық!» деген ұран тұр.
Асхана екі бірдей міндетті қоса атқарады. Тамақ пісіріледі және ас пісіруші Кенжегүл дейтін келіншек емізулі баласымен жатып-тұрып жүреді. Жатақхана — Қалқаш және біз төртеуміздің мекеніміз.
Бригадада екі трактор бар. Біреуінің қожайыны — Қалқаш, екіншісінікі — Амангелді дейтін жас жігіт. Бірақ Амангелді қосқа түнемейді, осы арадан екі-үш шақырым шамасындағы жүгері егістігінің қарауылы Берден ақсақалдың үйінен өреді. Қорықшы шал оған нағашы болып келеді. Әне, Амангелдінің жатақханадан қашқақтап, ортақ өгізден оңаша бұзауды артық санайтын себебі — осы. Мұның бәрін біз мана жолда келе жатып-ақ бригадир мен біз мінген машинаның шоферінің арасындағы әңгімеден ұғып алғанбыз.
Бастығымыз атына мініп әлдеқашан кетіп қалған. Ал біз болсақ мола баққан байғыздарша жатақхананың іргесіне төселген құрым киіздің үстінде шоқиып әлі отырмыз.
Күн көкжиекке еңкейіп барады. Айнала тым-тырыс. Тек ауық-ауық әлдеқайдан ызыңдаған беймаза жел еседі. Іргеден әудем жерде ағып жатқан үлкен салманың бойындағы сыңсығын қалың қамыстың салбыраған жалқау сабақтары осыны аңдып тұрғандай-ақ қуана сыбдырласып қоя береді. Көз ұшында бір топ қарға ұшып жүр. Шамасы, сол маңда қорықшының бақшасы, не жүгері егістігі бар секілді.
— Енді Қалқаш келмейтін шығар, — дедім мен қозғалақтап. Тіпті тым-тырыс отыра беруге төзімім жететін емес.
— Еркін естімеді ме, естісе де сөйлеп жатуға ерінді ме, әйтеуір күншуақта қалғып кеткен кәрі төбетше маужырап, қабағын салбыратып отыра берді. Мұнысы менің жаныма тие бастады.
— Келмейді, — дедім мен тағы да әлгіден гөрі нығыздаңқырап. Ішімнен: « Сен оны қайдан білдің?» деп таласа кетсе екен деп тілеп отырмын.
Бірақ Еркін таласқан жоқ, бар болғаны самарқау күңгір ете қалды.
— Әй, сол Қалқашың кім өзі? Біздің ауылда ондай тракторшы жоқ секілді еді ғой.
— Әлгі өткен көктемде «Қайраттан» көшіп келетін жынды кемпірдің баласы ше?.. Сол ғой.
Еркін Тілепбай бригадирге ұқсап, иегін маңғаздана сипап қойды.
— Ол қайсы жынды кемпір?
— Немене біздің ауылда жынды нешеу еді сондай-ақ? — дедім мен оның ұғымының нашарлығына ренжіңкіреп.
— Апамдар әлгі Елсарының әжесін, сосын ана қаладан келген саудагер кемпірді де жынды дейді ғой.
— Өй, ол ойнап айтқандары емес пе? Мынау шын жынды.
— Е-е, ана Жарықбастың көне тамына кіретін кемпір екен ғой. Ол соны айтты да, бірауық үнсіз қалды. Сосын басын шайқап:
— Әй, сен оның жынды екенін қайдан білдің, — деп күлді.
— Оны жұрттың бәрі айтып жүр ғой.
— Не деп?
— Есігінің алдындағы отынды ит сарып кеткен деп жуып жағады деп… Сосын кей-кейде қараңғылық түсіп, ел аяғы әбден басылған терезесін іштен қымтап алып, зікір салатын көрінеді. Арыстанбайлар есігінің жабығынан сығалап, әдейі аңдыпты. Шын дейді.- Еркін мырс ете қалды.
— Соқ, бәлем!.. Осы сендер өтірікті қалай қиыстырасыңдар, ей?
— Рас айтам. Нанбасаң, жұмыстан келгесін Қазантайдан сұрап көрші.
Ол енді шын ойланып, кәдімгідей-ақ тосылып қалды.
— Онда әлгі Қалқашы да сау емес шығар.
— Қайдам… — дедім мен иығымды қиқаң еткізіп.
— Сен оны білуші ме едің өзі?
— Бір рет сыртынан көргем. Сырықтай ұзын біреу.
Енді екеуміз қосыла ойландық.
— Мана Амангелдінің тіркемесіне-ақ мініп кете беруіміз керек еді, — дедім мен кінәны оған арта сөйлеп. Расында, біз келгенде жұмысқа шыққалы жатқан Амангелдіге бригадир мені қоспақ болғанда: «Аға, бұл Қуаныш (бұл менің ныспым) екеуміз кейінірек… Қалқашпен барармыз», — деп қыстырыла кеткен сол еді. Бұл кезде Қалқаш қоста жоқ болатын.
— Амангелдіге барсақ, Берденнің үйінен жаяу қатынайсың, — деді Еркін ақталып.
— Мейлі. Мынау тұрған жер емес пе? Әйтпесе Қалқаштың «Белорусіне» жармасып келуге де болады. Екеуі шөпті бір жерден шабатын көрінеді ғой.
Ол үндеген жоқ. Бұдан әрі таласқысы келмеген сияқты.
***
Қараңғылық қоюлана бастады. Көп ұзамай қабағы салбырап ымырт түсті. Күнұзақ қамыс көлеңкесіндегі дымқыл сазға бауырын төсеп жан сақтаған құрбақалар шіліңгір аптаптың солығы басылысымен жағаға шығып, үйреншікті әніне басқан. Әр жерден дәу бас көк шегірткенің шырылы естіледі. Сірә, олар әлі толық жинала алмай жатқан сияқты.
Ірге жақтан баяу самал желпіп берді. Жібектей қыр түні бабына келіп, бірте-бірте домбыраның сазындай бір қоңыр күйге ауысты. Мұрынға кешкі самалмен бірге жалбыздың, піскен жоңышқаның иісі келді. Айнала құлаққа ұрған танадай тым-тырыс. Үнсіз ғана мүлгиді. Жым-жырт кештің барша тіршілігіне иелік етудің еншісі құрбақалар мен сауыққой шегірткелердің ғана еншісіне тиген секілді.
Асхананың алдында от жанып жатыр. Оның жалынаған жарығы ымырт қараңғылығына жармасып сәл көтеріледі де, жалп етіп қайта сөнеді. Анда-санда сорпаның дәмін татуға, не қазан астындағы бықси бастаған отты көсеуге келіп кетіп жүрген Кенжегүлдің — біздің аспазымыздың — тұлғасы қараңдайды. Кенжегүл қазанның қақпағын ашып қалған кезде аспанға бір будақ аппақ бу көтеріледі, бумен бірге жас қуырдақтың тәтті иісі қоса шығады. Ал бұл мезетте қараша үйдің іргесіндегі киіз қомшаның үстінен әлі мызғи қоймаған біздің түстен бері олқы қалған қарнымыз шұрылдап қоя береді. Көздеріміз аш бөлтіріктің қомағай қос жұлдызындай жылтырай түседі.
— Қуаныш, түрегел, шам жағайық, — деді Еркін бір кезде мағынасыз мелшиюден жалыққандай.
Үйге кіріп бір-бірінің үстіне міңгестіріле қойылған ағаш жәшіктің үстіндегі май шамды тұтаттық. Мұржасы әбден кір басып, күйелештенген екен, бір ескі матаның қиқымымен сүрткен болдық. Алакөлеңке үй ішіне ондық пілтенің қалтылдаған жарығы түсті.
— Мынау өзі «соқыртеке» ойнағанмен бірдей ғой, — деді Еркін шамның жануына көңілі толмай. Мен үндегенім жоқ. Тұқшыңдап төрдің алдында қалай болса солай ретсіз шашылып жатқан көрпе-төсектерді жиыстырған болдым. Шынында, көңілсіз-ақ тірлік. Біраздан соң сырттан «Белорусьтің» дырылы және онымен жарыса сөйлескен бірнеше адамның даурыққан үні естілді. Кешкі ауада әлгілердің үні репродуктордан сөйлегендей самбырлап қатты шығады.
Біз:
— Ойбай, келе жатыр! — деп, әкеміз базардан оралғандай тысқа жарыса жүгірдік.
***
Кабинадан әуелі екі бала томп-томп, олардың артынан жыландай иретіліп бір ұзын тұра ырғалып келеді.
— Қалқаш! — дедім мен тани кетіп.
Бірдеңеден құр қалып қоятындай танауымыз желпілдесіп елеңдеп алдарынан шықтық. Жалма-жан жанындағы Қазантай мен Таубайды ысырып тастап, жаңа бастығымыздың қолына жармасып жатырмыз.
— Ассалаумағалайкүм!..
Жалпы руль ұстағандардың қолы солай бола ма, әлде бұл жөнінен Қалқаштың ерекшелігі бар ма, әйтеуір оның алақаны бізге тым қолапайсыздау сезілді. Күректей болмағанымен, қалақтай бар екен. Біздің шайтанның шапатындай қолсымағымыз оған жұғын да болар емес. Тіпті Еркін екеуміздің қос жұдырығымызды жиып-теріп тастай салғанда да оның бір уысына аздық еткендей екен.
Қалқаш біздің қолымызды қысқаны болмаса, сәлемімізді жөндеп алған жоқ. Көзінің астымен алартып бір қарады да қойды, сосын байпаңдап қосқа қарай беттеді. Біз, балалар, жаңа бастығымызға ізетпен жол беріп, кейіндеу ығысып қалдық.
Қазантай мен Таубай көңілді. Жыртың-жыртың күле береді. Онысымен тұрмай:
— Сендер неғып жұмысқа шықпадыңдар, ә? Косилка деген жанның рақаты екен ғой. Армансыз «кәтайтсыны» соқтық, — деп, онсыз да көңілдің хошы келмей тұрған бізді тергей бастады. Тура біздің бригадиріміз сықылды.
— Онда сендердің шаруаларың қанша? — деп мен шекем тырысып, айтыса кетуге оқталып едім, Еркін жар ортадан бөліп жіберді.
— Мынау бізбен неғып амандаспайды, әй?..
Оның отты көздері манағы Тілепбайдың ту сыртынан қадалғандай, екі бүктеліп қосқа еніп бара жатқан Қалқашты тесіп барады екен.
— Шаршаған шығар, — деді балалардың бірі.
— Шаршаса ше? Жұмыс істегені бізге міндет пе? Әркім құлқынының қамы үшін істейді.
Еркіннің алғашқы екі сөйлемі өзінікі болғанмен, соңғысы үлкендерден қымқырған ұрламалы екені белгілі боп тұр. Алайда, пікірі бізге дәлелді көрінді. Шындығында, біреуді біреу асырамайды ғой, әркім өзі үшін тіршілік етеді. Басқаны былай қойғанда, мына біздің өзімізді әке-шешеміз жас, қолымыздан іс келмеген соң амалсыздан асырап жүр, әйтпесе «Кәникөлінде демала қойсыншы. Ақшаның бір жөні болар» десе, іштен шыққан балаларын осындай қиянға тентіретіп қоймас еді ғой.
Бірақ ешқайсымыз ләм деп үндей қоймадық. Бұл кезде Қалқаш сүлгісін алып, сыртқа қайтып шыққан еді. Ізінен біз де жуынуға кеттік.
Енді біраздан соң:
— Балалар, тамаққа келіңдер, — деген Кенжегүлдің көңілді даусы шықты. Біз бұл кезде масаға таланып сыртта отырғанбыз. Өйткені іште үсті май сасып Қалқаш қисайып жатқан.
— Құрметті оқушым, мен сіздерді Кенжегүлмен таныстыра кетейін. Бұл — жасы жиырмаға енді шыққан, көрікті жас келіншек. Осыдан екі жыл бұрын тағдырдың жазуы бойынша, біздің ауылдағы Торша деген сиыршы жігітке ұзатылып келді. Өткен қыста тағы да сол тағдырдың басқа бір жазуы бойынша, емшектегі баласымен күйеуінен айырылысты. Бірақ бұл жолы ешқайда қайтып бармай, ферма орталығында қалып қойды. Қыстай жұмыссыз үйінде отырды. Ал көктемгі егістен бері дала қосындағы жұмысшылардың тамағын пісіріп беріп жүр. — Мінез ерекшелігі дейсіз бе? Ол жағын біле алмадым, тек бір байқағаным — бұл кісі кейбір отағасысымен жараса алмай еліне қайтқан қыздардай көлденең кісі көрсе, бетін басып көшенің ортасынан жалт бұрылып жөнеле бермейді, әрқашан бірқалыпты, көбіне тоқпақтай әдемі бұрымдарын арқасына серпіп тастап, күлімсіреп жүргені. Міне, ол жөнінде әзірше менің бар білерім осы.
Кенжегүлдің даусы естілісімен, ішегіміз шұрқырап, ләппайға зар болып отырған біз төртеуміз әлекедей жаланып, ас үйге кіріп болдық.
— Кәне, төрлетіңдер! — деді Кенжегүл, кіруін кіріп барсақ та, бейтаныс босағаны баса-көктеп, төрге қарай оза кетуге батылымыз бармай, есік алдында іркіліп қалған бізге.
Біз аяқкиімімізді шеше бастадық.
Үй іші жап-жарық, жинақы. Жұпынылау жиналған төрдегі екі төсектен өзге шашау тұрған зат көрінбейді. Терме алашаның үстіне төселген текемет жылан жалағандай тап-таза. Қысқасы, үйдегі әрбір мүліктің орналасуы мен сақталуында іскер қолдың ізі сайрап тұр.
Ортаға кең кленка дастарқан жайылған. Дастарқанның бір шетінде итбалықтың күшігі секілденген балпанақтай бір бала шоқиып отыр. Бізге қарап ыржың-ыржың етеді. Аузы жаялықтай жайылып кеткен, сонысының өзі өзгеше сүйкімді көрінеді екен.
— Мына жігіттің әйәйін-ай! — деп, Еркін жалма-жан көтеріп алды.
— Байқа, балама көздерің өтіп кетпесін, — деді кастрөлдегі сорпаны суыту үшін табаққа аударып жатқан шешесі оны қағытып. — Үлкендер жас пен кәрінің сұғы жаман болады дейтін.
— Ничего, түк етпейді, — дейді Еркін қапелімде ештеңе тауып айта алмай қызарақтап. Сонысын білдіргісі келмегендей баланы әуелетіп қақпақыл жасай бастады. Бала соған мәз, онан сайын ыржаңдай түседі.
— Күн ұзаққа үйге бас сұқпай қойдыңдар ғой. — Кенжегүл Еркін екеумізге алма-кезек қарап қойды. — Жаман қыздар секілді ұялшақ болмасаңдер нетті. Әйтпесе бұл да бір үйлерің емес пе?
Біз қысылып төмен қарадық. Келіншектің орынды кінәсі жанды жерге тигенмен, ашық әзіл-қалжыңы, кісіні билеп-төстеп сөйлейтін еркелеу мінезі ұнап барады.
— Жә, қысылмай-ақ қойыңдар, — деді ол біздің мықшиыңқырап кеткен түрімізге күле қарап. — Ойнап айтам…
Бәріміз де кешкі асты ішуге кірістік. Алғашында: « Осы қайтер екен» дегендей, бір-бірімізді көзіміздің астымен ұрлана қарауылдап, алдымыздағы тәрелкемізге қасығымыздың ұшын ғана батырып, сызылып отырған біз майлы сорпаның тәтті дәмін алғаннан кейін иесімен бірге алыс жортуылдан оралған Құтжолша ашқарақтана сылпылдатуға қалай көшкенімізді аңғармай да қалыппыз.
— Ішіңдер, ішіңдер!.. — деп қойды біздің «қызу» қимылымызды аңғарып қалған Кенжегүл шын ықыласты пейілмен. — Мына жақта тағы бар.
Кенжегүлдің таза көңілімен айтып отырғанын сезсек те, тым жалмаңдап кеткенімізді аңдап қалған түйсіктілеу екі-үшеуміз қасық пен тәрелкенің жанасуын бұрынғыдан гөрі сәл саябырсыта бастадық. Ал Таубай дәнеңені сезетін емес, екі танауы ескі киноларда кездесетін паравоздарша пышылдап кетіпті. Бәріміз де көзімізді алартып, жақтырмаған «сигнал» беріп едік, анау шынымен-ақ қызып кеткен бе, байқайтын болмады. Жанында отырған Еркін шыдамай, дәл құлағының түбінен сыбыр ете қалды.
— Әй… Өліп бара жатсың ба? Байқап ішсейші.
Таубай әуелі кіржің ете қалды да, артынша қалғанымыздың да оқтай қадалған суық назарымызды көріп, қызарып қоя берді.
Көжеден кейін ызылдап самаурын келді. Бәріміз терлеп-тепшіп шай ішуге кірістік. Кенжегүл осы кезде есіне әлдене орала кеткендей шай құйған кесесін аузына апара беріп: — Әлгі қайда кеткен? — деді бізге сұрақты пішінмен қарап. — Сорлы-ай, жұртпен бірге келіп, адам секілді тамағын ішсе қайтеді. Күндегісі осы. Сәтір болғандай-ақ, бет-моншағы үзіледі де тұрады, әйтеуір. Біреуің шақырып келіңдерші.
Есікке таяу отырған мен едім, сондықтан қалған үшеуі: «Жарқыным, асылы, тұрсаң қайтеді» — дегендей маған қарасты.
Созалаңдап түрегеле бастадым.
Жасымыз қатар болғанмен, бой жағынан бұлардың қай-қайсысы да менен сойлылау. Сондықтан бірдеңеге жүгіріп келу болғанда, үлкенде сұғын бірінші маған қадайды. Бұлар да соған жаман үйреніп кеткен, тура мені ақы беріп, шабармандыққа жалдап алған кісіше, шалқиысып отырғандары.
Не керек, ақыры Қалқашты шақыруға мен кеттім. Барсам, Қалқашым төрдің алдындағы жалғыз жайма төсекте аяғын тұс-тұсына шалжитып жіберіп, алаңсыз қорылдап жатыр. Әрі-бері дауыстап едім, оған түгі қисаятын емес. Сосын жұлқылауға кірістім. Қолым қаттырақ батып кетсе керек, жалма-жан атып тұрды.
— Аһ-һ!..
— «Тамақ жесін» деп жатыр.
— Кім? — деді ол қабаған итше гүж ете қалып. Мен сасқанымнан кейін шегіне беріппін.
— Апай… жо… оқ, жеңгей.
— Міңгірлемей дұрыстап айтсайшы, әй!..
— Кенжегүл…
Қалқаш сала құлаш аяғын төсектен түсіріп, тіктеліп отырды. Көздері мас кісінікіндей қызарып кетіпті.
— Беріп жіберсін! — деді ол қабағын түйіп. — Екі-үш кісіге нан көмгеннен басқа жұмысы жоқ. Сол қатындікі не өзі!.. Осында әкеліп берсе, шатқаяғы айырылып кететін шығар.
Бұл — Қалқаш екеуміздің тұңғы тілдесуіміз еді. Мен атарға оғым болмай, іштен тынып, оның сыбағасын әкелуге кеттім.
***
Ертеңіне біз Еркін екеуміз Қалқаштың көк «Белорусінің» жетегіндегі шөп шабатын агрегаттың бір-екі машинасына қожайын болып шыға келдік Маған қарағанда тәжірибесі молырақ Еркін оны «косилка» деп түсіндірді.
Косилканың құрылысы өте қарапайым екен. Мен оны айналасы екі-үш күннің ішінде игеріп алдым. Ұзындығы — екі жарым метрлік болат шалғы, шалғыны беріліс бірлігіне жалғайтын ағаш сапты шатун, бүкіл механизмді қозғалысқа келтіретін қорап (оның ішінде темір тісті үш-төрт доңғалақ бар), сосын шалғыны көтеріп-түсіріп тұратын темір тұтқа — міне, косилканың қысқаша сипаттамасы осындай.
Жұмыс үстіндегі біздің негізгі қызметіміз — әлгі рычагты игеру: агрегат қопалы қалың қорысқа енгенде, шалғыны жер ыңғайына қарай жоғары-төмен қозғап отыруға тиіспіз, ал егер шабындық тегіс, шабатын шөбіміз майда құрақ болып келсе, шалғыны бір деңгейде ұстап отырсаң да жеткілікті. Мұндайда басқарушы кісіге көп қиындық түспейді.
Шөп шабу аса көңілсіз ермек емес. Алғашқы кезде тіпті қызық. Қалаң нуды машинаның болат тістері ілуі-ақ мұң, нар қамыс топалаң тигендей жапырылып құлай береді. Мұндайда өзіңді ертегінің батырларындай сезініп кетесің: бейне жапырлаған көк шалғын жау әскері тәрізді, ал сен сол сан мың қолды жалғыз өзің жайратып өте шығатын қаһарлы Қобыланды, не арыстан жүректі Алпамыс секілдісің, сондықтан болар, «жау әскерін» жапырлатып жайрата бергің келеді.
Бірінші күннен бастап біз Қалқаштың жұмысқа өте қайраттылығын байқадық. Іске осынша берік ол тәртіпте де сондай қатал. Тракторға таң алагеуімнен мінгеннен ұлы сәскедк бір-ақ түседі. Бұл — сағат он жарым, он бірлердің кезі.
Қайтпас қара темірден жасалған көк «Беолрусь» пен Қалқаштың арасында бір ұқсастық бар. Екеуі де жуық арада шаршап болмайды. Әдепкі кезде біз мұндай ұлы шабысқа әзер шыдап жүрдік. Кешкілік төсекті сүзе құлайтынбыз. Таңертең тұрғанда тырылдақ көк тракторды да, сол трактордың ішінде шой желкесін күжірейтіп, рульмен бірге қатып қалғандай жабысып қалатын Қалқашты де көргіміз келмейтін. Бірақ күннен-күнге ширығып, кейін әбден көндігіп кеттік.
Сағат он бірде кабинадан түскеннен кейін ол 20—30 минуттай трактордың о жер, бұ жерін шұқылап, бірақ жүреді. Қасаңсып кеткен жері болса майлайды, босаған болттарды енді қозғалмастай етіп, шегелеп тұрып бұрайды. Өлшеуішпен жағар майдың деңгейін көреді. Сосын барлық бөлшектердің дұрыс-бұрыстығына әбден көзі жетіп болған соң, аяқ астындағы бітедей ұйысып жатқан көк шалғынға аунай кетеді. Анадай жерде шүңкілдесіп тұрған біз дәл осы кезде бірдеңенің иісін сезгендей жанына жетіп барамыз.
— Әй, Таскене, Үрпекбас, кел, арқамды күтірлетіп жіберіңдер, — дейді ол біздің ыңғайлана бастағанымызды сезіп. Сөйтеді де өзі етпетінен аударылып түседі.
«Үрпекбас», Таскене» дегендер — біздің атымыз. Анығырақ айтқанда, Қалқаштың бізге таққан үкілі айдары. Бұған әбден құлағымыз үйренген, тіпті кейде ойда жоқта Қалқаштың аузынан әкеміздің азан шақырып қойған ныспысы абайсыз шығып кетсе, кәдімгідей абыржып қалатынымыз бар.
Қысқасы, біз кезектесіп оның арқасын күтірлетуге кірісеміз. Үстіне айғыңды салсаң болды, дәл осыны күтіп тұрғандай, Қалқаштың арқасы күтірлей жөнеледі. Тура жазғытұры сеңдердің бір-біріне соққаны секілді. Күтір-күтір, бытыр-бытыр… Бір таңғаларлығы, Қалқаштың арқасы күтірге тоймайды. Қырық күн шілдеде кенезесі кезіп қалған сахараның шөл даласы секілді. Күнде сол бырт-бырт, сырт-сырт… Кейде өзіміз оңаша қалғанда Еркін:
— Әй, осының арқасының бәлесі бар ма? Күтірі таусылмайды ғой тіпті, — деп дал болады.
Қалқаштың арқасының күтірі таусылмайтыны рас. Кейде тіпті екеумізді қосарлап мінгізеді. Және астында жатып алып:
— Мыналар қауақ боп кеткен бе? Салмақтарың қайда, түге! — деп зіркілдейтінін қайтерсің.
Бұл — оның құшырының қанбағанының белгісі. Мұнан кейін бізде жан қалмайды: арқаға жасайтын кезекті шабуылды бұрынғыдан кемінде екі еседей күшейте түсеміз, бойдағы бар салмақты жиып ап, жаныштаймыз кеп. Тағы да сол: бырт-бырт, сырт-сырт…
Арқаны күтірлетуден өзге біздің бастықтың алдында мықтап сыналатын бір кезіміз бар: ол — Берден қорықшының бақшасына түсу… Бір жақсысы, әйтеуір, ол қауын ұрлауға бізді арқа күтірлеткендей күнде емес, күнара жұмсайды. Онда да адам аяғы басылған соң, кешкілік. Бастықты күнара екі қап қауын-қарбызбен қамтамасыз ету — біз үшін бұлжымас заң.
Әрине, бақшаға, бақша болғанда да Берен секілді қорықшының бақшасына түсу — Қалқаштың көлдей жауырынына мініп алып, алаңсыз арқа күтірлету емес, бұған асқан еп, оған қоса сақтық керек. Міне, біздің жүрексінуіміздің мәнісі — осы.
Ол кешкілік, жұмыстан соң екеумізге үлкендігі анау-мынау жүн салатын қанардай екі қапты ұстата салады да, өзі қалың қамыс өскен арықтың бір дөңестеу, оңтайлы тұсына келіп жатып алады. Бұл — оның бақылау пункті. Егер кімде-кім бақшаның ішіне тереңдеп ене алмай, жеме-жемге келгенде батылсыздық танытса, Қалқашқа бәрі осы арадан-ақ қанық боп тұрады.
Бақша бас салманың арғы бетінде. Сондықтан біз суды сызып отырып, қарсы жағалауға шығамыз. Осы жерге су тимесін деп басымызға орап алған артық киімдерімізді шешіп кетеміз. Сосын сып етіп, атыз-атыздың арасымен атжалман тышқанша жорғалай жөнелейік. Қап атыздың бергі басында қалады, әрқайсысымыз тапқан-таянғанымызды соған біртіндеп таси береміз.
Қауындықтанекі жүз метрдей жерде шошиып қорықшының жаппасы тұрады. Сондықтан қолыңа түскен қауын-қарбызды жалғыз түйірлеп, еңбектеп тасуың керек. Басыңды атыздан сәл қылтитсаң, құрығаның. Бұл — өзіңді ерікті түрде тұтқынға ұстап бергенмен бірдей. Ал ана жақта сыртыңнан қарауылдап Қалқаш жатады.
Міне, ақыры қияметтің қыл көпіріне мінгендей қылтылдап жүріп соңғы қабымызды толтырамыз. Амалдап арғы жағаға да алып шығамыз. Бірақ мұның бәрі әлі ештеңені түпкілікті шешіп бере алмайтын, емтиханның көкесі енді басталады.
Қалқаш екі қаптың ішіндегіні түгел төктіреді. Сосын қарбыз болса балғадай саусақтарымен шертіп, қауын болса шетінен иіскеп көреді. Бұл біздің тілімізде «сорттау процесі» деп аталады. Сорттау процесінен жүз процент аман өту — сирек құбылыс. Көбіне Еркін екеуміздің «шикілігіміз» ашылып қалады. Бәле көбіне қарбыз жағынан келеді, өйткені қауынның піскенін ажырату оп-оңай, тек иіс сезу органың бабында тұрса болғаны. Ал қарбыз!.. Қалқаштан көретін көресімізді ылғи да сол көрсетуші еді.
Бастығымыз да біздің осы осалдау жағымызды біліп алған. Бәле іздесе, қарбызға шұқшияды. Шертеді, тізесіне салып қысып көреді (піскен қарбыз мұндайда шытырлауы қажет), тіпті бұған да көңілі толмаса, бас салып пышақпен шақпақ салады, Әрине, енді піспеген болса беп-белгілі.
Егер сонша қауын-қарбыздың ішінен осындай екі-үш түйір кәмек табылса, зығырыңның егілгені.
— Балапан басқан күрке тауықша бүкшеңдей бересіңдер. Қауынның піскені ана шеткі қарықта дегенім қайда, әй! — деп, зіркілдейді.
— Мұндайда оның көтеріңкі көңіл-күйіне тап келсең, ештеме емес, ауызша сөгіспен құтылып кете бересің.
— Жарайды, келесі жолы ескерерсіңдер, — деп босата салады.
Ал тырысқан кезінде кездессең (мұндай көңіл-күйі онда жиі болып тұрады), діңкеңнің құрығаны; амалсыздан жаныңды шүберекке буып, тағы кетесің. Алайда, бір жағынан қауын ұрлау біз үшін де тиімсіз емес. Өйткені бұйырған несібенің «қызығы» бәрімізге ортақ.
Сағат он екі мен бестің аралығы — түскі үзіліс. Бұл кезде Қалқаш көбіне Кенжегүлдің көжесіне тойып алып, алаңсыз ұйқыға басады. Біз, балалар, үйдің іргесіндегі үлкен арыққа барып шомыламыз, ауылдан алып келген жалғыз допты қуалап, футбол, волейбол ойнаймыз. Бәріміздің әсіресе, құмарта кірісетін ойынымыз — ортаға түспек. Бұл аралықта ыдыс-аяғын жуып тастап, қызыққа Кенжегүл де қосылады. Әрбір спорт түрі секілді ортаға түспектің де өз ережесі болады: кімде-кім допты жіберіп алса, айнала қоршаған доптың ортасына түседі. Қалғандарының міндеті — әлгі ойын ережесін сақтай алмаған баланың сазайын тарттыру, басқаша айтқанда, айыптыны ортадан шығармай, томпылдатып доппен ұрғылау. Бұдан құтылудың жалғыз-ақ жолы бар: ол — әуелеп ұшқан допты ойыншыларға жеткізбей қағып алу. Бұған кез келген баланың ептілігі жете бермейді, өйткені біздің қай-қайсымыз да доп қағудың айласына бір адамдай-ақ жаттығып алған жырындымыз. Ортаға көбірек түсетін — Таубай, сирек түсетін — Еркін, анда-санда Кенжегүл де түсіп қалады.
Бұл кезде біз оған әбден үйренісіп кеткенбіз. Үйреніскендігіміз сондай: бізден кемінде бес-алты жас үлкен онымен қатар құрбыларша алысып-жұлысып ойнай береміз. Көпшіл, ақжарқын келіншек мұндайды кектемейді, қайта бізді өткір әзіл-қалжыңмен қайрай түседі.
Кенжегүл ортаға түсті дегенше Еркіннің құдайы береді.
— Таубай, Қазантай… Қуаныш! Маған көтеріңдерші… Тү-у, сәл әуелетіңкіресеңдер іштерің ауыра ма? — деп бәрімізге тиісіп болады.
Кенжегүл бұған ашуланбайды, қайта допты қағып алса:
— Өй, сендерді де жігіт деп… Допты тура семсерше қиып түспейсіңдер ме? — деп, өзімізді әжуа қылады.
Кенжегүлге тегін мазақ болғанымызға Еркін күйіп піседі. Байқаймыз, Еркіннің күйп-пісуі тегін емес сияқты, дөңестеу кавказ мұрын, қарақат көз жас келіншектің тартымды күлкісі, марқа қозыдай балғын, сұлу келбеті біздің атаманға (біз Еркінді солай атайтынбыз) ұнап қалған тәрізді. Шынында, Кенжегүлдің мінезінде өзгеше бір тартымдылық бар. Күлкісі де, қалжыңы да сондай сылқым, кейбір күлегеш қыздардай бет алды жырқылдай бермейді. Жасыратыны жоқ, жалғыз Еркін емес, Кенжегүл бәрімізге де ұнап қалған. Ұнатпайтын — Қалқаш қана. Сыртынан:
— Осы қатынға доп не керек? Емшегі салпылдап… О, несі-ей?! — деп, жақтырмай отырады. Алайда, көзінше ол да Кенжегүлге пәлен деп көрген емес.
— Біз ішімізден Қалқаштың орынсыз жазғыруына қарсы бола тұрсақ та, үндей алмаймыз. Қалқашқа үндеу деген өте қиын. Әйтеуір, барлығымызды қыжыртып, бір жерімізден болмаса, бір жерімізден мін тауып отырады. Біздің ісіміздің ол үшін оғаш, артық жерлері көп-ақ.
Мәселен, кейде ойыннан кейін қостың келеңкесінде бір-бірімізбен шүйіркелесіп, ақырын әңгіме құрамыз. Сонда да бізге жақсы атақ бермейді-ау.
— Әй, не күбір-сыбыр!.. Жүгірмектер, осылар күнде қыз айттырат та жата ма? — деп кейиді.
Амал жоқ, енді әңгімені доғарып, бір мезгі басқа бірдеңемен айналысуға тура келеді. Бірсыпырамыз бригадирдің әкеп беріп кеткен газет, журналдарын қараймыз. Ал менің ауылдан әдейі алып келген бес-алты кітабым бар. Көпшілігі — Конан Дойль, Сервантес, Соқпақбаев секілді мықтылардың қызықты хикаялары. Кітап десе ішкен асымды жерге қоятын мен енді күбір-сыбырдан маза жоғын сезіп, ала қағаздың бетіне алаңсыз жабысам да қалам.
Қалқашқа бұл да жақпайды.
— Әй, Таскене, көп шұқшия берме, бойың өспей қалады. Онсыз да өзі бір тұтам ғой, — деп, жайына қарап жатқан кісіні мысқылдайды.
Әрқайсысымыздың Қалқашқа жақпайтын осындай бір меншікті міндеріміз бар. Мәселен, оған менің кітапты көп оқитындығым, Еркіннің айнаға қарағыштай беретіні, Қазантайдың күлегештігі, ал Таубай байғұстың қалқиған құлағы ұнамайды.
Әрине, тірі жан болғаннан кейін біздің де намысымыз бар: жосықсыз бастығымыздың алдында іштен тынып, үндей алмасақ та, былайырақ шығып алып, Қалқаштың тиесілі сыбағасын біз де береміз.
— Кісіге кінә таққыш, ей! Өзінің түрі оңып тұрғандай-ақ, — дейді Еркін тісін қайрап.
— Бәсе-ау, беті безеу-безеу болып соған не жоқ? — дейді ләппайға зар болып тұрған Қазантай қоштай кетіп.
— Мұндай қызу таласқа мен де өз үлесімді қоспай қала алмаймын.
— Үсті-басы сасиды да жүреді ғой.
— Рас-ей! Бүгін сол жаққа жатып едім… туһ, кәпір, тура тұншығып қала жаздадым, — дейді Еркін менің пікірімді орнықтыра түсіп.
Қазантай тырқ-тырқ күліп, манадан бері маңқиып тұрған Таубайға әжуалай қарайды.
— Сен қалай шыдап жүрсің, әй?.. (Таубай Қалқашқа іргелес жататын).
— Өй, осының мұрні иіс сезеді деймісің — Баланың осы тақілеттес кәдімгі таусылмайтын мылжыңы біразға дейін созыла береді. «Ит жоқта шошқа үреді» дегендей, Қалқаш жоқта біз «үреміз». Мұндайда оның біз сөкпеген жері қалмайды. Ең берісі — азан шақырып қойған атына дейін әжуалап күлеміз.
— Соқталдай бәлеге қыздың атын қойғаны несі, ей? — Ішіміздегі орнықтымыз да, әділіміз де — Таубай.
Сондықтан артықтау кетіп бара жатсақ, оның Қалқаш жағына шығып кететіні бар.
— Оның несіне мәз боласыңдар? Біздің нағашымыздың Ауылында Райгүл деген жігіт бар. Баласы тұрмаған соң, шешесі ырым етіп қойған ғой, — деп жақтап шыға келеді.
Бірбеткей Еркіннің Таубайдың «жарамсақтығына» жыны келе қалады.
— Кетші, ей, қалқан құлақ. Сенің нағашыңның ауылында тіпті бұзаулаған өгіз бар шығар. Біз оны қайдан білейік.
Мұнымен де қалмай ол Таубайға күн көрсетпеудің басқа айлаларын да қарастыра бастайды. Ойнаған болып басынан түйе тоқай алады, байқамағансып теуіп кетеді, болмаса тіпті әдейі ашықтан-ашық тиіседі. Сондықтан кейде Таубай да шектен шығып бара жатпасақ, біздің ығымызға жығыла салады.
***
Түс қайта, жұмысқа шығар алдында, арыққа барып шомылу — біздің бұлжымас әдетіміз. Көбіне-көп жалақ ойнаймыз. Бірақ салманың ені тар, бес-алты метрдей-ақ. Сондықтан дарияға түскендей көсіліп кете алмайсың. «Жалақ» болған біздер көбіне арықты жиектеп, жағалап қашамыз, қуушы да солай.
Арықтағы су шілдеде тартылып, лайланып кетеді. Баяу, сызылып қана ағады. Ал беті кілегейленіп, әр түрлі ақ кемер құрттарға, шыбын-шіркейге толып кетеді. Сондықтан ауыз суды қостан бір шақырымдай жердегі бұлақтан шелектеп тасимыз. Трактормен әкелейік десек, Қалқаш оны бізге сеніп бере бермейді, ал өзінің ұйқыдан қолы босаған емес. Босаса да: «Қағындысы бар ма, иінағашпен өзі тасысын. Сол үшін айлық алып отырған жоқ па» деп, Кенжегүлге ерегісіп бармайды.
Доп ойнауға бізбен бірге араласып кете беретін Кенжегүл «жалаққа» келгенде айнып қалады. Қабырғаларымыз сай-сай боп, бір-бірімізді зыр жүгіре қуалап жүрген біздерді сырттай тамашалапқана отырады. Сосын:
— Ойбай-ау, сендерге еріп, менікі не? Шайдың мезгілі болып қалыпты ғой, — деп, екі шелек суды иінағашқа іліп алып, шайқала басып қосқа беттейді.
— Басқаны қайдам, мен үшін сол сәтте дүниеде су көтеріп бара жатқан жас әйелден сұлу нәрсе жоқтай көрінетін. Ол жұқа шыт көйлекті түртіп тұратын балғын мүсін тал шыбықтай майысып, самал сипаған селеудің алтын жапырақтарындай сәл ғана ырғала басып кетіп бара жатады. Бұл кезде ол жерден екі елідей көтеріліп кеткендей көрінеді. Жүріп емес, баяуқалқып бара жатқандай. Мен кейін де талай су көтерген небір көрікті қыз-келіншектерді көрдім, бірақ солардың ешқайсысы маған сол пішеншілер қосындағы келіншектің ырғала басқан қайталанбас сымбатты шағындай әсер етіп көрген жоқ. Кенжегүлдің қимылында ерекше әсемдік бар еді. Оны бейнелеу тек ғана сол әйелге шын тәнті болған талантты суретшінің қолынан келуі мүмкін болатын. Егер тағдыр бізге суретшілікті жазғандай болса, бұл сезімді бояуға түсіру тек біздердің — арық бойын жағалап, дамбалшаң асыр салған төрт сойқанның ғана жасайтын ісі еді.
Мен мұның бәрін қазір, ақыл-ойы тоқтасып қалған кісінің өткенге байыппен көз жіберген тұсында ғана айтып отырмын, ал ол уақытта біз базбір сурет туралы, суретші туралы мүлде ойланып көрген емеспіз. Біз ол кездерде тек қана «жалақты» бір сәтке доғара сала, су көтеріп бара жатқан Кенжегүлдің артынан таңсық бірдеңені сезгендей аңқиып қарап қалуды білетінбіз.
Еркін мұндайда: «Қалай әдемі, ей!».. — деп таңдайын қағатын. Оның таңданысында қол жетпес нәрсеге деген сырттай құмарту секілді бірдеңе бар еді. Қалғандарымыз бұл көріністің ғажайып әсемдігін сезе тұрсақ та Еркінге ұқсап: «Қалай әдемі, ей».. — деп, ашық айта алмайтынбыз. Әлде бұған біздің батылымыз жетпейтін, немесе әлдебіреудің пікірін қайталағымыз келмейтін. Өйткені біздің әрқайсысымыз су көтеріп бара жатқан Кенжегүлді өзімізше ғана жақсы көретінбіз. Жоқ, бұл махаббат емес-ті., өйткені біз ол кезде сүйіспеншілік сезімін таразыламақ түгіл, шешеміздің тілімен айтқанда «жыламай тамағымызды ішпейтін» алдымыз он үш-он төрт жастағы қара борбайлар едік, бұл ертедегі адамдардың отқа, суға табынғаны секілді шынайы сәбилікке, тазалыққа толы қасиетті бірдеңе еді.
***
Біздің, балалардың, қай-қайсымыз да онымен қалағанымызша етене жақын болып кеткенімізбен, Кенжегүлмен батылырақ қалжыңдасатын Еркін ғана. Алайда, әдеттегідей бір түскі жалақ кезіндегі ойда жоқта кезіккен бір тосын оқиғадан кейін «атаманның» еңсесі түсіп кетті…
Нағыз тал түстің өзі болатын. Күн тас төбеге шығып алып, әлемді тегіс шыжғырып тұрған. Сондықтан доп ойынының мәнісі кетіп, біздер күні бойы судан шықпай, «жалақтың» қызығына әбден берілгенбіз. Әдеттегідей анадай жердегі дөңнің басына біздің ойынымызды сырттай қызықтап, Кенжегүл отырған. Еркін сол күні тым көңілді еді. Бізден шапшаң жүгіруден де, жалақ алудың айла-тәсілін меңгеру жөнінен де әлдеқайда басым ол — ақыр аяғында жайына тұрмай, әр түрлі қарақ ойлап таба бастады. Мәселен, қуушы баланы аңдаусызда артынан келіп итеріп қалады, дем алып отырғанды орынсыз тынығу алаңынан қуып шығады, не аяқтан шалып құлатып кетеді.
Осының бәрін аңғарып отырған Кенжегүл ойынға тікелей қатысы болмаса да:
— Еркін сенікі дұрыс емес!..
— Қуаныштың кішкене тынығуға хақысы бар ғой, ол манадан бері жалақ болып жүр.
— Таубайды неге шаласың? Бұл не, әлімжеттік пе? — деп, ауық-ауық наразылық білдіріп отырды. Бірақ мұны тыңдаған Еркін болмады, шатақты үлкейте түсті. Онысымен тұрмай:
— Сенің жұмысың болмасын. Әйтпесе өзің келіп неге ойнамайсың, — деп, Кенжегүлдің өзін мазақ ете бастады.
Ол орнынан ұшып түрегелді.
Сосын:
— Балалар, бері келіңдер. Біз мұның сазайын берейік, әбден құтырған екен! — деп, көңілдене дауыстады.
Манадан бері ызасы өткен Еркіннен қалай өш алудың ретін таба алмай жүрген біз келісе кеттік. Дереу жабыла қуып жүріп, ұстап алдық. Ол ту-талақай тулап жүр, шамасы, бізден оп-оңай құтылып кетпекші. Алайда қалған төртеуміздің қаруымыз бір кісіге жеткендей екен: күні бұрын ойласып алғандай оны екі қол, екі аяғынан қозғалтпай ұстап алдық та, арықтың тереңдеу тұсына ырғап-ырғап тастап кеп жібердік.
Еркін бұлай болар деп мүлде ойламаса керек, қол-аяғы ербеңдеп, етпетінен аунап түсуге де шамасы келмей, лай суға шалқасынан күмп ете түсті.
Біз бір сойқанның боларын біліп, қаша жөнелдік. Тек қана екі иығы дірілдеп, рақаттана күліп тұрған Кенжегүл қозғалар емес.
— Ә, бәлем! Әлімжеттік жасаған қандай екен… Әй, сендердің зыта жөнелгендерің не? Келіңдер, мұны тағы да бір малып алайық, екінші мүлде қоқаңдамайтын болсын, — дейді бізге қолын бұлғап.
Бірақ біздің жақындауға дәтіміз баратын емес. Арықты жиектете соғылған биік көтерменің басында «ап» десе қаша жөнелуге дайын тұратын үркек киіктерше секиіп-секиіп тұрмыз.
Еркін сүйретіліп жағаға шықты. Түріне қарасаң, күлкің келеді. Бет-аузы батпақ-батпақ.
Бәріміз де қыбымыз қанып, танаудың астынан мырс-мырс етеміз. Осыны сезген Еркіннің ашушаң көздері мүлде құтырып кетті. Танауы делдиіп, дір-дір етеді.
— Енді қарақ істемейсің бе? — деді басқамыздан гөрі Еркінге әлдеқайда таяу тұрған Кенжегүл күлкісін тыйып. Еркіннің аянышты кескіні оны жұмсартып жіберсе керек, даусы тым сезімталдау шықты.
— Жарайды, енді біз де саған тиіспейміз.
— Істеймін!.. — Еркін ысылдап, Кенжегүлдің жанына жетіп барды. Сөйтті де, бейқам тұрған келіншекті бар пәрменімен су итеріп кеп жіберді.
Бәріміз де өз көзімізге өзіміз сенбей бақырайдық та қалдық. Оқиғаның мұндай беталысын ешкім күтпеп еді. «Еркін көп болғанда — бізді қуа жөнелер, көп болғанда — бір-бір тоқайдан сыбағамызды алармыз», — деп жобалағанбыз.
Кенжегүл суға күмп ете қалды. Салманың бұл тұсы тереңдеу болатын, су оның кеудесінен асып кетті.
— Оңбаған!.. — Бізден бұрынырақ есін жиған Таубай Еркінге жұдырығын ала жүгірді. Біз де ниетіміз бұзылып, жабыла кетуге дайындала бастадық. Әлде өзінің қылығының әбестігін енді сезді ме, әлде өзіне қарай шын ашумен төніп келе жатқан бізден сескенді ме, әйтеуір атаманымыз қалқан құлақ үндемес Таубайға тура беттей алмай, шегіншектей берді.
— Тимеңдер! — деді бұл кезде жағаға шыққан Кенжегүл еркінен тыс күлімсіреген болып. Үсті-басы малмандай су.
Ол ұяттан қып-қызыл боп төмен қарай берді. Біз оның қатты қысылып тұрғанын түсіндік. Мұны көріп Таубай да басылып қалды. Ысырылып, бір шетке шығып тұрды.
Еркін көзі жасаурап, теріс айналды. Сосын жалт бұрылып, қосқа қарай жүгіре жөнелді. Қалғанымыз қылмысты кісіше көзімізбен жер шұқылап, мойнымызды салбыратып жібердік. Өйткені оның мейірбан жүрегінің алдында бәріміз де кінәлі едік.
***
Сол бір қолайсыз оқиғадан кейін Еркіннің мүлде ұнжырғасы түсіп кетті. Ойынға бұрынғыдай қызықпайтын болды. Жұмыстан келсе, Қалқашпен бірге қоста жатып алады. Ашылып айтпаса да, біз оның Кенжегүлмен жолығысудан қашқақтап жүретінін сездік. Кенжегүл де бізбен ойнауын сирексітті. Бұрынғыдай ойынымызға қатыспайды. Бұл екеуі араласпаған соң, біздің де мәнісіміз қаша бастады. Үш адамға «Ортаға түспек» те, «Жалақ» та қызықсыз секілді. Бірақ амал қанша, бас тартқан кісіні зорлай алмайсың. Ақыры, «тағдырдың салғанына» көнуге тура келді. Сөйтіп, ырың-жырың боп жүргенде, біздің бәрімізді қайта табыстырған күтпеген бір оқиға килікті. Ол былай болған еді…
Әдеттегідей жұмыс күнінің бірі еді. (Совхоз жұмысшыларына науқан кезінде демалыс күні берілмейтін). Жұмыстан күндегіден гөрі кешірек қайтқанбыз. Сол күні қопалы жердің шабындығына түсіп, шалғымыз дайым сынумен болған. Сондықтан іс те мандымай, іс мандымаған соң көңіл-күй де болыңқырамай, еңсеміз түсіңкіреп келе жатқан. Ауылға жақындай бергенде шаң-шұң айқай шықты. Мұндай құбылыс пішеншілердің айдаладағы оңаша қосында жиі кездесе бермейді, сондықтан әлгінде ғана қапырық кабинада бей-жай маужырасып келе жатқан біз еңсемізді тіктеп, елеңдесе қалдық.
Бірінші аңғарғанымыз — қос басындағы кісі қарасы әдеттегіден молырақ сияқты. Кешкі алагеуімде екі-үш адамның тұлғасы қараңдайды. Және қостан әудем жердегі машина жолдың жиегінде бір үш аяқты мотоцикл тұр. Не бәле келсе де, осы мотоциклдің иелерінен келген тәрізді.
Трактор тоқтасымен бәріміз де кабинадан атып-атып түстік. Алдымыздан шошайып Таубай шықты. (Сол күні ол басым ауырды деп, жұмысқа шықпай қалған). Түрі бұзылып кетіпті. Біздің қарамызды көріп, сәл өңі кірейін деді.
— Өй, мынау не қиқу? — деді Қалқаш бірінші тіл қатып. Шамасы, ол да мұның тегін айқай емес екенін аңғарса керек. Әйтпесе әншейінде анау-мынауды елең қылмай, қолын сілтеп жүре беретін.
— Торша удай мас. Кенжегүлге: «Дабай, мына мотоциклге мін, мінбейді екенсің, табанда жарып кетемін» деп пышағын жалаңдатып жүр, — деді Таубай жылдам-жылдам сөйлеп. Сөйлеп тұрып ауық-ауық асхана жаққа көзінің астымен қарап қояды.
— Торшасы кім? — деді Қалқаш түсінбей.
— Әлгі «Ақиіндегі» сиыршы ше. Кенжегүлдің күйеуі…
— Е-е күйеуі болса бара бермей ме?
— Қайдам, барғысы келмейтін шығар.
Кенет кешкі әуені жаңғырықтырып жас баланың даусы шар ете қалды. Шамасы үлкендердің біреуінің қолы оған қаттырақ батып кетсе керек. Қалқаш та, біз де бір сәтке аңтарылып қалдық. Соның арасынша бала екінші рет шар ете түсті. Бұл жолы жанына қаттырақ батқан секілді. Үні әлгіден де ащырақ шықты.
— Мыналар қайтеді, ей?.. — Қалқаш қабағын түйіп, айқай шыққан жаққа қарай адымдай жөнелді. Артынан ентелей біз де ілестік. Үміт пен күдік алмасып, тұла бойымыз шымырлап барады. Алғашқы әуестіктің орнын қорқынышты үрей, Кенжегүлдің өміріне деген аяныш сезім басқан.
Қосқа жақындай бергенде:
— Бала менікі, сандалма! — деген мас еркектің қарлығыңқы даусы гүж-гүж етті. — Өзім туғызғам, білдің бе!..
— Арсыз!.. — Жыларман халдегі Кенжегүлдің ызаға булыққан үні ап-айқын естілді. Дәл осы кезде жас нәрестені шырылдатып қойнына қысып алған Торша анадай жерде топырлап келе жатқан бізді көріп, кілт тоқтай қалды.
— Біз жалтақтап Қалқашқа қарадық. Бұрынғы оған деген өшпенділігіміздің бәрі көзден бір-бір ұшып, сол минөтте-ақ ғайып болды. Бұл тұрған мүлде басқа Қалқаш еді. Әйтеуір бізге солай көрінді.
Қалқаштың түрі жауатын күндей түнеріп кеткен екен.
— Бер баланы! — деді ол әмірлі үнмен бір сәтке бізге аң-таң боп қарап қалған Торшаға оқты көздерін қадалтып.
Біз де кірпік қақпай тесіліп тұрмыз. Жаңағы әмірлі үннің оған қалай әсер еткендігін білгіміз келеді. Бірақ анау айылын жияр емес. Тіпті бұл тұрғанда бізді адам санатынан шығарып тастаған сияқты.
— Кімге?
— Шешесіне!.. — деді Қалқаш нығырлап.
— Әй мынауың бір дөй ғой.
Бірақ бұл шыққан мүлде бөтен дауыс еді. Бәріміз де дауыс иесіне жалт қарастық. Мотоциклден бес-алты қадамдай жерде аяғын талтайтып тағы біреу тұр екен. Біз оны қараңғыда байқамаппыз.
— Мынау Ермақан ғой, — деді Еркін сыбыр етіп. — Бұл қайдан жүр?
— Сол… Мана екеуі бірге келген, — деді Таубай.
Ермақан — орталықтағы азық-түлік дүкенінің қарауылы. Қалқаштар қатарлы жас жігіт. Үнемі ішіп жүреді, мінезі де шатақ. Сондықтан ауыл адамдарының көпшілігі одан именіп тұрады. Өзі бір кісідей қарулы да. Бір-екі рет кісі сабағаны үшін он бес сөткіге» де түсті, бірақ Ермақан ол жақта бір аптадан артық жатып көрген емес. Бір қарасаң, жағасы жайлауға кетіп, көшеде ән салып жүргенін тағы көресің. Не сиқырының барын қайдам, әйтеуір таяқ жеушілердің Ермақанды соттатпақ болған әрекеттерінің бәрі өз-өзінен желге ұшып жүре береді. Сондықтан қазір ауылдағылардың көпшілігі оған оңайлықпен әлі келмесін білген соң, ерке жігіттің анау-мынау сотқарлығын елемегенсіп, бас бағудың оңайлау жағын таңдап алысқан. Ферма меңгерушісінің өзі Ермақанмен байқап-байқап сөйлеседі. Міне, мынау алпамсадай боп, кесірлене талтайып тұрған дәу — сол. Байқауымызша, ауылға биыл ғана көшіп келген, әрі жұмыс бабымен үнемі сыртта жүретін Қалқаш бұлардың қай-қайсысын да жөнді танымайтын тәрізді.
Бірақ Қалқаш сасқан жоқ. «Мыналар көп екен» деп қорқа қоятын емес.
— Баланы шырылдатпай шешесіне бер, — деді ол тағы Торшаға қайталап. Ал Ермақанды мүлде адам санатынан шығарып тастаған сияқты.
— Біз ішімізден: «Я, Құдай» деп, алақанға түкіріп тұрмыз.
Бұрын қалқашты бос көкірек, құр айқай көретін едік. Енді сол мешеу түсініктің күлі көкке ұшуға таяу. Оның ер тұлғасы көз алдымызда сәттен сәтке биіктеп бара жатты. Ал өзіміз жан-тәнімізбен Қалқаштың жақтастары болып шыға келдік.
Кенжегүл бір орнынан қозғалмастан тас мүсінше қатып қалған. Бір сойқанның боларын анық біліп, дір-дір етеді. Сөйлейін десе, үні шықпай қалған тәрізді.
Торшаның есі енді кірейін деді. Баланы үн-түнсіз шешесіне ұстатты да, үстіндегі костюмін шешіп алып, анадай жерге лақтырып жіберді. Бұл — төбелеске шақырудың белгісі еді. Бәріміз де демімізді ішке тартып, бірер минөттей тына қалдық.
Екеуі де тышқан аулаған мысықтай аңдысып, бір-біріне жақындай берді. Білектерін сыбанған. Ештеңеден тайынар түрлері жоқ.
Әдіс-айладан гөрі қара күшке, қайратқа көбірек сенетін біз, балалар, екеуін ойша салыстыра бастадық. Бойға келсе, Қалқаш қиналмай жеңе салатын тәрізді, өйткені қарсыласына қарағанда, ол анағұрлым биік. Ал көлденеңі жағынан Торша мығымдау көрінеді.
Міне, екеуі бетпе-бет келіп-ақ қалды.
— Бұралқы ит!.. — деді Торша қырылдап.
Осыны күткендей-ақ екеуі алыса кетті де, ұмар-жұмар құлап түсті. Қапелімде қайсысының жыққанын аңғара алмай қалдық.
— Қалқаш! — деді менің дәл жанымда тұрған Қазантай қуана сыбырлап. Шынында, Қалқаш ай-шайға келтірмей Торшаның үстіне мініп алып, кеңірдектің түбінен езгілеп жатыр екен.
— Қап, қапы қалдым-ау. Ит-ай, ит-ай!.. — дейді анау тілін шайнап. Бірақ Қалқаш әбден ашуға мінсе керек, дәлелді тыңдайтын емес, тоятына төнген қыран бүркітше шүйіліп алыпты. Шүйілген сайын ананың үні инесі тозған күйтабақтай қырылдап, өше береді.
Кенет қалқаштың оңбай ұшып түскені! Біз алас-қапаста есіміз шығып байқамаппыз, анадай жерде қаннен-қаперсіз кісіше шіреніп тұрған Ермақан жолдасының шаруасы бітуге таяу екенін аңғарғаннан кейін, жалма-жан жүгіріп келіп, қатты теуіп өткен екен.
— Қатын екенсің!.. — деді Еркін ышқынып. Сөйтті де, бес-алты метрдей жерге сұлап түскен қалқашқа қарай тұра ұмтылды. Ол жетем дегенше Қалқаш а түрегеліп үлгерді. Оң жағына қисайып, бүйірін ұстай береді. Шамасы соққы іштен тиген сияқты.
— Былай тұр! — деді ол сүйемелдемек болған Еркіннің қолын қағып. Сосын бір қолымен оң бүйірін басқан күйі анадай жерде «келсең кел» деген сыңаймен миығынан күліп тұрған Ермақанға жақындай берді. Бұл кезде Торша да тіктелген. Бір бүйірде состиып ол тұр. Жан-жағына алақ-жұлақ көз салып қояды, шамасы, жабыла кетудің қолайын іздейтін тәрізді.
— Кенет Қалқаш оқыс бұлт ете қалды. Қимылының көз ілеспес шапшаңдығы сондай, Біз Ермақанның қалай ұшып түскенін аңғармай да қалдық. Әйткенмен анау да іккі екен: соның арасынша атып тұрып, аңсыз қалған Қалқашқа тарпа бас салғаны. Ол мұндай әбжілдікті күтпесе керек, сасқанынан кейін шегіне бергенде, даланып Торша да ұмтылды. Қолында оңбағандай кіндік темір.
— Қалқаш!.. — дедік біз қосарлана ышқынып. Осыны ғана айтып үлгердік анау темір кіндікті жіберіп қалды. Темір бізге қарай жалт бұрылған Қалқаштың оң қырына дөп тиді. Ол ауыр соққыдан кирелең етіп, әзер тіктелді.
— Қаш! Өлтіреді енді! — дедік біз тағы да жамырасып. Өзіміз де кейін шегіне бердік. Өйткені осы сәтте отынның жанында жатқан балтаны ыңғайлап, Ермақан да ентелеп жетіп-ақ қалған еді.
Қалқаш өзіне қарай жауыға төніп келе жатқан екеуге қас қағым сәттей аңтарыла қарап қалды да, жалт бұрылып, жатаққа қарай қаша жөнелді. Ізінен біз де зымырадық. Ана екеуі не істерін білмей, аңқиды да қалды.
Қалқаш сол жүгірген күйі анадай жерде қаннен-қаперсіз өңкиіп тұрған көк «Белорустің» кабинасына қойып кетті.
Сөйтті де:
— Тарт пускачты! — деді балалардың арасынан бірінші боп жеткен Еркінге шнурды лақтырып жіберіп.
— Бол, жылдам!..
Кешкі тымықты қақ айырып, әлі ентігін де басып үлгермеген қызу мотор зіркілдей жөнелді. Трактор орнынан ытқып кетті. Қалқаш «Белорусьтің» маңдайын қостың жанында қалқиып тұрған екеуге бұрып, тіке салды.
Бәріміз де істің мәнісіне түсіне қойдық.
— Енді аямайды! — деді қазантай демін ішіне алып. Бәріміз де Қалқаштың соңына аңтарылып, қаттық та қалдық. Денеміз бір ысып, бір суып барады.
Манадан бері бір орыннан тапжылмай, біздің артымыздан аң-таң қарасып қалған Торша мен Ермақан трактордың шамы өздеріне тура тіктелгенде, ышқына жөнелді. Екеуі де сол зымыраған күйлері жолдың жиегіндегі мотоциклберіне қатар жетті. Жалма-жан от алдырғыш тұтқаны басып жатыр. Бірақ мотоцикл ескі ме, әлде өздері табан астынан сасып қалды ма, онысы жуық арада от ала қоймады.
Бұл аралықта қалқаштың көк «Белорусі» аналарға емпілдеп жетіп-ақ қалған еді. Әлгі екеуі де енді мотоциклді тастай сала, жан-жаққа бытырай қашты.
— Кеттік!.. — деді Еркін Қалқаштың артынан тұра жүгіріп. — Мынау құртпай тынбайды.
Онсыз да үрейіміз ұшып тұрған біз Еркіннің нені меңзегенін түсінбеген күйі дүрмекке ілесіп, тасырлай жөнелдік. Өмірінде мұндай сұмдықпен бетпе-бет келмек түгіл, естіп те көрмеген біз неменеге жанымыз мұрнымыздың ұшына шығып, жанталаса шауып келе жатқанымызды білмеген күйі ышқынып келеміз.
— Қалқаш, қайт!.. Қайт! — деген Еркіннің жан ұшырған үні естіледі.
Жүрегім қанасына сыймай лүпілдеп қоя берді. Басым айналып, көзім қарауытты. Құлағымның түбі балғамен темір төсті ұрғандай шың-шың етеді. Бір мезетте ұшып түстім. Көз алдыма Торша мен Ермақанның қан жуған қорқынышты бейнелері елестеп өтті. Біреу заңғар биіктен құлдырата тастап жібергендей өкпе-бауырым аузыма тығылды. Құсқым келді. Лоқсып-лоқсып жібердім…
Арада қанша уақыт өткені есімде жоқ, бір мезетте тәлтіректей басып, орнымнан тұрдым. Басымның айналғаны басылайын деген сияқты. Бірте-бірте төңіректің алагеуім бейнесі айқындала берді. Ызы-қуыт шу естіледі.
Қосты айнала қашқан екеуді Қалқаш әлі қуып жүр. Ой-шұқырға қарайтын емес, анда-санда дәу трактор шойқалақтап, секіріп-секіріп түседі.
Кабинадан қалқаштың тұлғасы анық көрінбейді. Бірақ мен оның өзіме таныс күдірейген желкесін, от шашқан аяусыз кекті көздерін ап-айқын елестетіп өттім. Жүрегім мұздап қоя берді…
Кенет әлгі екеудің бірі қостың арқа бетіндегі айдалаға үрке біткен бір шоқ шиге қарай бөліне қашты. Екіншісі әрі-бері қоянбұлтаққа салып еді, құтылатын түрі болмады. Сосын ол да ауылды жанай өтетін үлкен арықты туралап, мидай жазықпен ышқына зулады. Қалқаш тракторды соның ізіне туралады.
Еркін, Қазантай, Таубай — үшеуі кабинаны қапталдай жігіріп барады. Бірдеңе-бірдеңе деп шуылдаса айқайлайды. Бірақ Қалқаш оларды естімей ме, естісе де жауыздыққа шын бет қойған ба, ештеңені елең қылатын емес. Жан алғыш секілденген темір аждаһаны тоңқаңдатып, аянбай басып барады.
Бірте-бірте жаяу мен трактордың арасы жақындай түсті. Осы кезде қос жақтан біреу жанұшыра жүгіріп шықты. Бұл — Кенжегүл болатын. Манадан бері оның не істеп, не қойып жүргенін ешкім білмейтін, тіпті бұл кеште біз оны мүлде ұмытқан екенбіз. Шашы екі жаққа жайылып кеткен, құстай ұшып келеді.
Кенет әлгі жаяу қашқын (Бұл — Ермақан еді) трактордың үлкен арыққа дейін жеткізбесіне күмәні қалмағаннан кейін жалт бұрылып, қайтадан кері — қосқа қарай салды. Қалқаш қапелімде рульді жалт бұрам деп, аударылып қала жаздады. «Белорусьтің» қыртыс-қыртыс дәу доңғалақтары қисайып барып, жолға қайта тірелді. Жалма-жан бұрылып, ол да қайтадан өкшелей қуды.
Жанұшыра жүгіріп келе жатқан Кенжегүл енді тракторға тура салды. Екі ара бірте-бірте жуықтай берді, жуықтай берді…
Екі аралық жиырма-отыз қадамдай жерге қысқарған кездн ол дәл жолдың үстіне құлап түсті. Қалқаш жанұшыра тормозды басты. Трактор қара жерді тері сүйреткендей сызып барып, жолдың қақ ортасында сұлап жатқан Кенжегүлге сәл ғана жетпей, солқ етіп сөнді.
Біз жалма-жан жетіп барып, ес-түссіз қалған Кенжегүлді сүйемелдеп тұрғыздық. Кабинадан Қалқаш та түсті. Енді олар бетпе-бет келіп-ақ қалып еді.
— Ақымық!.. — деді Кенжегүл бет-аузы өрт сөндіргендей түтігіп кеткен Қалқашқа адам айтқысыз ашу-ызамен түйіліп. Даусы жел соққан үйдей шайқалып кетті. Сосын өксіп-өксіп еңіреп қоя берді. Тұла бойы безгек қысқандай қалшылдап, тоқтамай ұзақ жылады…
***
Кенжегүл төрт-бес күндей төсек тартып қалды. Біз бұрынғыша жұмысқа шығып жүрдік. Тамақ істеуге күніге бір баладан қоста қалатын болды. Бір күні кезек маған да жетті. Өмірімнің ішінде қолыма қазан ұстамақ түгіл, қайнап тұрған дайын самаурынға шоқ салып көрмеген батырыңның бірі мен едім. Амал жоқ, алға алжапқыш байлауға тура келді.
Пішеншілердің оралуына екі сағаттай уақыт қалған. Мен аяңдай басып асханаға келдім. Кенжегүл әлі төсегінен тұра қоймаға екен. Аяғымның ұшымен басып, түннен жуусыз қалған аяқ-табақты сылдырлатпай тысқа алып шықтым. Әуелі тамақ ақлдықтарын жуындыға құйып, қазанды тазалауға кірістім. Қазанның іші әбден баттасыпты. Семіз еттің бетіне шыққан бар жылтырағы ернеуіне бір елідей боп жабысып қалған. Анау-мынау сипағанға кетер емес.
Мен ерегіскеннен екі түп жусанды түбірімен жұлып алдым да, енді сонымен аямай ысқылауға кірістім. Әрине, бұдан кейін от жағып, ет қуыруға қамдана бастаған жөн. Мана Еркіннен біраз консультация алып қалғам. Оның айтуынша, етті қазанда он шақты минуттың шамасында ғана шыжғыру керек. Бұдан көп ұстасың, сорпаң күйік татып, етің ағашқа ұқсап қатып қалады. Әбден шыжғырып болған соң жарты шелекткй су құйып, жақсылап қайнатқан жөн. Мен осылайша өткен сабақты еске түсірген ұғымсыз шәкіртше өзіме-өзім күбірлеп жүргенде, ту сыртымнан бірдеңе күбір ете қалғандай болды. Жалт бұрылсам, арт жағымда болмашы ғана езу тартып Кенжегүл тұр. Қапелімде ұрлық үстінде ұсталған қылмыстыдай қысылып қалдым. Сасқанымнан әрі қуанғаннан ыржыңдай беріппін.
— Мынау қай бәлекей десем, сен екенсің ғой, — деді ол күліп. Өзі кәдімгідей жүдеп қалыпты. Көзі шүңірейіп, бет жүзі оңған шүберектей қуқыл тартқан. Дөңестеу сұлу мұрны бұрынғыдан да қырлана түскен. Қаймақтай жұқа еріндері боп-боз.
— Кәне, енді мұны иесіне бер, — деді ол менің қолымдағы қуырдақты аударыстырып тұрған шолпыны алып. — Одан да ерінбесең, арықтан екі шелек су әкеле ғой.
Мен иінағашты алып, суға кеттім. Қайтып келсем, Кенжегүл отты лаулатып, іске ынты-шынтымен кірісіп кеткен екен. Манағыдай емес, қозғалған соң бетіне аздап қан жүгірейін депті.
— Қуаныш мына отынды кім әкелген? — деді ол есіктің алдында тау болып үйіліп жатқан қу талдың үйіншегіне сұрақты пішінмен қарап. Мен екі шелекті енді ғана иығымнан түсіре бастағам.
— Қалқаш қой… — дедім мен бейне бұл іске біздің мүлде қатынасымыз жоқтай. Шындығында: «Кенжегүлдің отыны таусылыпты. Мынаны сындырып сала кетейік», — деп, ескі тоғанның аузында шашылып жатқан талдарды тележкіге тиеткен Қалқаш еді.
Кенжегүл қапелімде қызарып қоя берді.
— Ә, солай ма? — деді сосын екі ұштылау езу тартып. — Шамасы, өзін бір шаруақорлық қысып кеткен ғой.
Түскі тамақты бәріміз де Кенжегүлдің қосынан іштік. Кенжегүлдің алаңсыз жатып қалмай, тәуір болғанына бәрі қуанышты секілді. Әншейінде қитығып жатып қалатын Қалқаш та бұл жолы шақырусыз өзі келді. Екі-үш күннен бері бәрі құрсақ боп, бәйге атындай жараңқырап жүрген біз түскі ыстыққа қомағайлана кірістік.
— Тәтті екен! — деді Қазантай өмірінде ет тураған үзбен ішіп көрмегендей таңдайын тақылдатып. Алайда бірақ қарбытыңқырап алғаннан кейін бұл ойынан айниын деді.
— Немене, жусанның дәмі шыға ма?
— Әй, шын-ай!.. — деді ианадан бері судан жеріген сиырша кегежектеп селқос отырған Таубай да оны қоштап. Бұл кезде Кенжегүл шайдың қамымен сыртта жүрген, сондықтан мыналардың ескертпелерін ол есіткен жоқ. «Жусан көженің» авторы өзім болғандықтан мен түк білмегенсіп:
— Жоғ-ә, жылқы етінің дәмі ғой, — деп, тәбетім шаппаса да майлы сорпаны сылпытып соға бердім.
***
Сол бір қорқынышты кештен кейін біздің арамыздағы қарым-қатынас аясы бірте-бірте ешкім күтпеген, «солай бола қалар» деп сенбеген бір тосын күйге ауыса берді. Ең алдымен біздің, балалардың, Қалқашқа деген көзқарасымыз түпкілікті өзгеріске бет бұрып еді. Біздің алдымызда тракторшы жігіт жан дүниесінің жаңа бір қырлары ашылып келе жатқан. Бұрын томырық, топас көрінетін, тұла бойынан жанармайдың жағымсыз иісі көңірсіген осы бір доғалдау, ебедейсіз жігіт бізге күн өткен сайын ыстық көріне бастаған. Әсіресе, сол бір қорқынышты түннен кейін ол қайта түлегендей еді.
Бұл секілді тосын өзгеріс тек біз ғана емес, Қалқаш пен Кенжегүлдің арасында да байқалатын. Әсіресе, Қалқаш. Бұрын көбіне қабағы жауар күндей тұнжырап жүретін, оның сырт көзге топастау көрінетін қабарыңқы жүзі көктемгі жіпсілеңнен кейінгі маң даладай жұмсара түскен еді. Көзінде мейірімді жарқыл пайда болған. Әншейінде рулін жан баласына ұстатпайтын көк «Беолрусь» бұл күндері біздің еншілі велосипедіміз секілді. Сондықтан әудем жердегі бұлақтан суды шелектеп тасу машақатынан әлдеқашан құтылғанбыз. Қаласақ, Қалқаштың рұқсатымен бір мезгіл қоста қалып, кір-қоңымызды жууға, дем алуға болады.
Кенжегүл әуелі тентек жігіттің түнеугүнгі оспадарсыз қылығына біраз бұртиып жүрген. Бірақ арадағы болымсыз кикілжіңді көп ұзамай ол да ұмыта бастады. Тіпті біз бала болсақ та әншейінде сөз алыспақ түгіл бір-біріне қарап ауыз ашпайтын олардың енді оқта-текте әзілдесіп қалатындарын, анда-санда бізге байқатпай отты жанарларымен бірін-бірі ұрлана шарпып өтетіндерін аңғармай қала алмайтын едік. Көп ұзамай біздің бұл жорамалымыз расқа шықты. Күн сенбі болатын. Айлы кеш еді. Кәдімгі жібек самалы желбіреген шілденің жанға шипа қоғыр кеші.
— Балалар, бүгін дем алсаңдар қайтеді, — деді Қалқаш түскі тамақтан соң қостың көлеңкесінде тыныстап отырған біздің жанымызға келіп. Табан астынан мұндай «сыйды» күте қоймаған біз уралап, шу ете қалдық.
— Жә, сабыр етіңдер, — деді ол күлімсіреп. — Бригадир келіп қалса, не дейсіңдер?
— Біз мәселенің бұл жағын әлі ойластырған жоқ екенбіз. Бәріміз де желкемізді қасып, төмен қарадық.
— «Трактор бұзылып қалды» десек қайтеді? — деді Қазантай дүдәмалдау үнмен.
Еркін сылтаудың оп-оңай табыла кеткеніне қуанғандай, іле қоштай кетті.
— Дұп-дұрыс. Шынында, трактордың бұзылып жүргені өтірік пе? Егер Қалқаш ағам болмаса, далада қалатын нәрсе ғой, — деп, күндегі орнында қаңтарулы тұрған көк тракторға менсінбеген пішінмен қарады.
— Жоқ, Үрпек бас, — деді Қалқаш енді өзінің кәдуілгі қалпына көшіп. — Кенжегүлдің шай-шекері таусылыпты. Соны Ақсайға… дүкенге апарып қайту керек. Тілепбай келсе де соны айтарсыңдар.
Түс қайта «Белорусьтің» кабинасында бастары шошайысып екеуі кетіп бара жатты.
***
Күн батқалы қашан. Қабағы салбырап ымырт та түсті. Міне, жарты күлше секілденіп ай туды. Ал Қалқаштардан әлі хабар жоқ.
— Әй, бұлары несі? — дейміз бір-бірімізге қарасып. Ақсай — екінші ферманың орталығы. Бұл арадан мықтағанда он-он бес шақырым. Ал олар кеткелі Ақсайға екі-үш барып қайтатын уақыт өтті. Таубай көңіліне келген күмәнін айтты.
— Тракторы бұзылып қалған шығар?
— Бұзылып қалса, Кенжнгүл жаяу келе бермей ме?
Әрі-бері күткеннен кейін кейбіреулеріміздің маужырап ұйқымыз келе бастады. Қалғып-мүлгіп отырып Таубайдың суып кеткен қара шайын сораптауға кірістік. Қазантай қарап отырмай, тырқылдап күле бастады.
— Әй, сол екеуі тегін емес. Араларында бір пәле бар. Ық-ық-қ… — деді ол дастарқанды айнала шөпке шанышқан құмалақша қылқиысып отырған біздерге көзін қысып.
Еркін қабағын түйіп жақтырмай қалды.
— Жыртыңдай бермей, алыңдағы шайыңды ішсеңші.
Неге екенін кім білсін, әшейінде не болса соған шырт етіп, ілінісе қалатын ол бұл жолы Еркінмен әдеттегідей керісе кеткен жоқ. Мұрнының астынан түсініксіздеу етіп міңгір етті де, алдындағы кесесін көңілсіздеу төңкеріп тастап, іргеге қарай шегініп отырды.
Шай көңілсіз ішілді. Оның үстіне Кенжегүлдің бізге қалдырып кеткен емізулі ұлын кезек-кезек қолдан түсірмей өбектесек те, шешесі кешіккен сайын шырқырып, мазамызды ала бастады.
Ақыры күте-күте екі көзіміз төртеу болып, шыдымымыз сарқылғаннан кейін төсегімізге қисая-қисая кеттік. Бәріміз де ұйықтап қалыппыз.
Түн ортасында мені біреу жұлқылып оятқандай болады. Басымды көтеріп алсам — Таубай. Жанымда қылқиып отыр.
— Келді, келді!.. — дейді.
— Кім?
— Кім болушы еді, Қалқаштарды айтам.
— Жаяу келді ме?
— Жоқ, трактормен. Жаңа ғана сөндірді. — біз неғып байқамағанбыз? — деймін мен таңданып.
— Өй, сендер мыңқ ететін емессіңдер…
Аяқ астында жатып әбден қурап қалған шалғынды сырт-сырт басып, есік алдына біреулер келгендй болды. Артынша екі адамның күбірлескен үні естілді. Біз аузымызды жаба қойып, түк білмегендей жата-жата қалыстық. Киіз есікті серпіп тастап, ішке еңгезердей біреу кіріп келді. Көрпенің астынан сығалап жатқан біз Қалқаштың таныс тұлғасын тани қойдық.
— Бала қайда? — деді ол әуелі жайырақ сыбырлап. Жуық арада ешкім жауап бере қоймады. Қалқаш шыдамай гүр ете қалды.
— Бала қайда деймін, ей?
Шырпы тұтатып іздей бастады. Таубай екеуміз түк білмегендей пыс-пыс етеміз. Бір кезде оң жақ бұрыштағы Еркіннің қойнында жатқан баланы еппен көтеріп алды. Көтеріп алды да, ұрлық жасап жатқандай жан-жағына алақ-жұлақ қарап алып, алаңсыз ұйқы құшағындағы титімдей нәрестені иіскеп, кеудесіне басты… Сәлден соң киіз есіктің тырс етіп қайта жабылғаны естілді. Іле-шала:
— Балалар оянып кеткен жоқ па? — деген Кенжегүлдің сұрақты үні шықты.
— Өй, олар біреу үптеп кетсе де білетін емес.
— Мынау жыламап па?
— Жыламапты… — деді Қалқаш әлденеге көңілі толған пішінмен.
Олардың бұдан арғы сөздері бізге естілмей қалды. Өйткені аяқ тықырлары қостан алыстай берген еді.
— Далаға шығып келейікші, — деді Таубай қараңғыда әлденеге желігіп. Мен де даоаға шыққым келіп қыстап тұрмаса да, келісе кеттім. Есіктің жабығын еппен көтеріп, ұры иттерше сумаңдап, сыртқа шықтық. Шығцуын шықсақ та, әрірек ұзауға бата алмай табалдырықтың алдында секіиіп-секіиіп тұрмыз. Сол бір суретті әлі күнге дейін ұмытпаймын. Төңірек сүттей жарық еді. Толықсыған алтын ай бір шекеге шығыа ап, күлімсіреп тұрды. Оның бозғылт, жібек нұрына шомылған айнала, арықты жағалай сыңсыған ит тұмсығы батпайтын қарағайдай-қарағайдай ну қамыстар, бір деңеден үріккендей әр жерге шашырай біткен жиде, жыңғыл ағаштарының шоғыры, жел соққан қарақшыдай бір жағына әнтек қисайып қалған асхана қосы — бәрі… бәрі үнсіз ғана мүлгиді. Ызың еткен дыбыс жоқ.
Әншейінде тыным таппайтын дәубас шегірткелер мен көлбақалардың да жағы қарысып қалған тәрізді. Бейне бүкіл әлем бір сәтке қалғып кетіп, дүниені мәңгілік тыныштық басқандай. Төңіректе қыбыр еткен тіршілік белгісі білінбейді. Тек сол тым-тырыс дүниенің күміс нұрын екіге жарып, Қалқа пен Кенжегүл бара жатыр.
Қалқаштың қолында — бала. Жігіттің ебедейсіздеу кең жауырыны сәл еңкейе түскен. Жанындағы аузы дамыл таппай, әлденені қызу түсіндіріп бара жатқан Кенжегүл оның алпамсадай денесіне еркелей асылып, енді болмаса біреу тартып әкетердей қолтығынан мықтап ұстап алған. Ол ауық-ауық басын шайқап, шалқалай береді, ауық-ауық сыңғырлап күледі…
Біз мынау тосын жағдайға аузымызды ашып, аңқидық та қалдық.
Аздан соң олар Кенжегүлдің қосына барып енді.
— Енді жарар… — дедім емн әлі өз-өзіне келе алмай аңтарылып қалған тайбайдың жеңінен тартып.
Үйге ене бергеніміз сол еді:
— Не ғып жүрсіңдер? — деді біреу қараңғыда жақтырмаған үнмен.
Біз аяқ астынан шыққан дауыстан қапелімде шошып кеттік. Сөйтсек Еркін екен.
Дауыстың өзіміздің үйреншікті «жауымыздікі» екенін білгеннен кейін, ештеңе болмағандай сазарып:
— Жай. Далаға шығып келдік, — дедік біз.
Атаман да бізді бұдан әрі тергеген жоқ. Үлкен кісіге ұқсап:
— Енді жатыңдар… — деді әлгіден гөрі жұмсақтау үнмен. Сөйтті де, жеңіл ғана күрсініп қойып, көрпесін тас бүркенген күйі іргеге қарай аударылып жатты. Қалқаш көпке дейін оралған жоқ.
***
Сүмбіле туды. Енді қыркүйек таяу. Біздің қайтатын күніміз таянып келеді. Бәріміз сол бір мерекелі кезді балаға тән асығыстықпен шыдамсыздана аңсап жүрдік. Қолымыз босаса, әңгімеміз — ауыл, мектеп, оқу жайы. Жаздай тапқан еңбек ақымызды ойша есептеп, оған сатып алатын дүниеліктерді рет-ретімен бөліп қоямыз. Кейде әлі алынбаған дүкендегі заттардың бағасына таласып қалатынымыз бар.
Бұл кезде Қалқаш пен Кенжегүлдің арасы мүлде жақындап кеткен. Қалқаштың түні бойы жоғалып кетуі жиілеген. Кенжегүл екеуінің бір киімді жамылып, үйдің жанындағы салманың жиегінде таң атқанша отырғанын талай көргенбіз. Олар көп кеңесетінеді. Жасырын кеңестің мәнісіне анық түсінбесек те, олардың бір қиын жұмбақты шеше алмай жүргенін сезетінбіз. Олардың кеш гүлдеген махаббаты біздің сәби көңілімізді бір құпия сезімге бөлеп, еріксіз таңырқататаын-ды. Ер мен әйелдің арасындағы сүйіспеншіліктің нәзік жібі біз үшін әлі тарихқа мәлім бола қоймаған ғажайып материктей аса таңсық еді. Алай да, сол нәзік жіптің күш түссе үзілетіні, сосын қайтып жалғанбасы үш ұйықтасақ түсімізге кірмейтін. Біз үшін ол мына көл-көсір әлемнің өзіндей шексіз, мәңгілік көрінетін.
***
Сол күні ауа райы жіпсілең болып, біз түске дейін жұмысқа шыға алмай, алаңсыз демалып жаттық. Түні бойы толассыз төккен нөсердің арты көтерілмей, ауық-ауық қорғасындай зілденген көш-көш бұлттар керуені қайта соғып, ұзақты күн жаңбыр сіркіреумен тұрды. Бұлыңғыр аспанда еріне жүзген қаз бауыр бұлт көшкіндері пішеншілер қосын қиып кете алмағандай, төңіректей берген. Таң атқанша үзіктен тамған жаңбыр тамшыларынан мазамыз кеткен біз ертеңгі шайға да бармастан, төсектен тұрмаған күйімізде бұйығып жатқанбыз. Осы кезде сырттан гүр ете қалған жүк машинасының даусы естілді. Машина асхананың маңайына барып тоқтады. Артынша сарт-сұрт ашылған кабина есігінің тарсылы, бір-біріне баяу күңкілдескен екі-үш еркек және бір әйелдің даусы естілді.
Қазантай екеуміз сыртқа жүгіре шықтық. Біз шыққанда олар үйге кіріп кеткен екен. Аздан соң әйелді іште қалдырып, еркектер жағы тысқа қайта шықты. Анадай жердегі ЗИЛ-дің қасына барып, кабинаға кіріп отырды. Екеу екен..
Үйде қалған әйелдің даусы қатты-қатты шыға бастады. Шелек, әлде легенге ұқсаған қуыс ыдыстың қаңғыр етіп құлап түскен дыбысы естілді. Бейтаныс әйелдің даусы қызу, әрі өктем шығады. Шамасы, ол Кенжегүлге бірдеңені дәлелдемек тәрізді де, анау оған көнбейтін секілді.
— Немене, дабырласып кетті ғой, сен барып біліп келші, — деді Қалқаш маған қадалып. Бұл кезде ол да тысқа шыққан еді.
Мен солай қарай кеттім. Асханаға жақындаған сайын іштегі айтыстың төркіні анықтала түсті. Бейтаныс әйел табанды түрде түсіндіріп жатыр. Соған сәйкес даусы да өктем-өктем шығады. Кенжегүл оған қарсы дәлел айтады, бірақ өзі соған аса сенімді емес, күмілжи береді. Тізгінді ананың алып кеткені көрініп тұр.
— Ойбай-ау, көшпейміні несі?! Елден безгенің бе бұл? Сен бүйтіп шалқия берсең, ағаң екеуміз елдің бетіне қалай қараймыз? Тіпті бара-бара жүзіқара болдық қой. Күйеуімнен бір шапалақ жеген екенмін деп өзінің құттыхана мешітінен, жақын-жуықтан безе ме екен? Баяғыда ағаң көк ала торғайдай қылып сойып салғанда да, «алтын босағам» деп табалдырықтан ұстап, айырылмай отырып алушы едік… Содан бір жеріміз кеміп қалды ма? Ойбай-ау, оның несін айта берем, шет-жағасын өзің де көрдің ғой, — дейді ол сымпылдап.
— Іштен Кенжегүлдің азарлана жылағаны естілді.
— Жеңеше, сүймеймін мен оны!.. Түсінбейтіндерің не, қинай беретіндерің не?.. Қойыңыздаршы, өтінем сізден.
— Жеңешесі ернін сылп еткізгендей болды.
— Күйдім-сүйдімі бар екен осылардың. Ана ізіңе ерген күшікті қайтесің? Ішіңде тағы біреуі жатыр ғой, байғұс-ау, — Осы жерге келгенде ол даусын күрт төмендетіп, сыбырға көшті. — Бетім-ау, сен әлгі осындағы жынды кемпірдің баласымен жақын дейді ғой. О, не масқараң? Содан не ұшпақ табам деп жүргенің, жаным-ау? Жақсы бол, жаман бол, есік көрген атың бар. Ертең тастап жөніне кетеді. Кемді күгі қызыққа алданба, Еркежан. Әне, әлгі күей де келіп тұр. Қанша айтқанмен некелі жарың ғой, оған да оңай тиген көрінбейді. Үнжырғасы түсіп кетіпті бейшараның.
Мен бұдан әрі тыңдауға шыдамадым. «Үһ» деп, өп-өтірік жөтеліп жібердім.
Сымпылдап жатқан бейтаныс әйел: «көтек» деп шоршып түсті де, артынша үгітін сап тыйып, жым бола қалды.
— Үһ! Үһ!.. — дедім мен жөтелді үдете түсіп. Кебісін сыртылдатып әлгі әйел шықты.
— Не ғып жүрген баласың? — деді ол қатқылдау үнмен. Аса ұнатып тұрмағаны көрінді.
— Шәугімді ала кетуге келіп едім, — дедім мен бетім былш етпестен.
— Онысы қайда екен? — Жеңгей көзін алартып жан-жағына қарады. — Е, жатыр ғой ана ошақтың жанында. Ала бермейсің бе көктігілгірді.
Мен шәугімді көтеріп қосқа қайттым.
— Не білдің? Мына қолыңдағы шәйнегің не? — деді Қалқаш жатаққа жақындай бергенде.
— Жеңгесі келіпті. Кенжегүлді көшіріп әкеткелі жатыр.
Қалқаштың көздері тұнжырап кетті. Қолы дір-дір етіп, жалма-жан қалтасындағы мыж-мыж боп қалған «Беломордың» май-май қорабын суырды. Көзінің астымен маған қарап қояды.
— Өзінің сыңайы қалай, кететін бе?
— Қайдам?..
Мен иығымды қиқаң еткіздім. Балалардың бәрі менің аузымды бағып, аңтарылып қалыпты.
— Жә, состимай ішке кіріңдер, — деді Қалқаш оларды жақтырмай. Өзі де аузындағы жаңа ғана тұтатқан шылымын керзі етіктің абанымен мыжғылап жіберіп, қосқа енді.
Біз үрпиісіп-үрпиісіп, жұмыртқа басқан күрке тауықтарша шоқиысып отырмыз. Қалқаш жайма төсекте теріс қарап, қисайып жатыр.
Бір мезетте ауыр ЗИЛ-дің ыңырана күжілдегені естілді. Шофер жігіт машинасын асхананың есігінің тап көзіне әкеп, көлденеңдете қойды. Аздан кейін борттың сарт етіп ашылғаны байқалды да, ізінше осының арты әрі-бері жүгіріскен қарбалас қимылға ұласып кетті.
Түрулі іргенің қыр көзінде жатқан Қазантай дереу сығалап, сыртқа үңілді де, әлденеге қамығыңқы үнмен бізге қарап сыбыр ете қалды.
— Көшіп жатыр…
Бәріміз де өре түрегеліп, Қазантайдың сыртқы дүниемен байланыстыратын жалғыз жарығының аузына үймелесе қалдық.
— Рас, ей… — деді Таубай.
Жүк тиеу ұзаққа созылған жоқ. Айналасы жарты сағаттың ішінде көш жабдығы түгелге жуық дайындалып болды. Киіз үй тігулі қалпында қала берді, ферманың әкімдері өздері иелік етіп алар деп ойлаған сияқты. Асхананың қазан-ошағы да орнында. Бұл біздің өлмес қамымыз үшін істелген шара болса керек.
— Далаға шығайықшы, — деді Еркін Қалқаш жаққа абайлап көз салып. — Тура пысынап кеттім.
Пысынап бара жатпағанмен қалғанымыз да жылыстап Еркіннің соңына ердік. Бұл жолы Қалқаш үндеген жоқ. Біраздан соң сүйретіліп өзі де шықты. Алғаш рет Қалқаштың мығым жауырынының алға қарай едәуір еңкіш екенін мен осы арада аңғардым.
Оның жүзі пәлендей өзгермеген сияқты. Бірақ аңдап үңілген кісіге Қалқаштың сығырлау кішкене көздерінде қатып қалған бір ауыр мұңды аңғармай қалуы мүмкін болмайтын. Есік алдында елсізге үрке біткен бір шоғыр сексеуілдей секиіп қалған төрт бала — үлкендер жиі айтатындай — қаншалықты ессіз болсақ та, қалқаштың сол минөттердегі Айвазовскийдің атақты «Тоғызыншы толқынындағы» теңіз толқындарындай тулап жатқан ғашық жанын қапысыз түсііп едік. Біз де Қалқашпен, біздің пішеншілер қосының ең басты адамымен бірге егілуде едік. Кенжегүл бәрімізге де қымбат болатын. Алайда, Қалқаштың орны басқа еді ғой… Сондықтан да біздің өзіміз үшін қайғыруымыздан гөрі өзге үшін өзегіміз өртенуі күшті еді.
Осы кезде қостан құндақтаулы баланы көтеріп, манағы әйел шықты. Жүк тиеушілер (оның бірі Кенжегүлдің күйеуі — маскүнем Торша еді) машинаға ең соңғы теңді апарып атып ұрды. Сосын борт жақтауларын жабуға кірісті. Біреуі анадай жерден барып бір созым сым әкелді. Екіншісі сыммен борттың артқы қапталындағы темір тиектерді байыпты қимылмен нықтап орай бастады.
Бортты жауып, қалған үшеуі өздеріне тиесілі міндетін әбден атқарып біткен кезде киіз үйдің есігін желп еткізіп, Кенжегүл көрінді. Бұдан кейін өзгелері машинаға беттеді. Торша лып етіп, жүктің үстіне шығып кетті де, шофер мен әлгі бала көтерген әйел кабинаға барып жайғасты.
Кенжегүл әуелі ешқайда бұрылмастан басын төмен салып, үйден он-он бес қадамдай ұзады. Сосын кенет батыл түрде басын жұлып алып, жатақ жаққа қарады да, қостың алдында самсап тұрған бізді көріп, бір аяғын алға ұмсындырған күйі мелшиіп қатты да қалды. Шамасы, оның бізге, Қалқаш тұратын пішеншілердің қосына, соңғы рет көз салғысы келген сияқты, бірақ мынадай суретті мүлде күтпеген болуы керек.
Дәл осы мезеттегі Кенжнгүлдің басындағы қарар көздің өзіне соншалықты ауыр, жан төзгісіз қобалжуды мен осы кезге дейін неменеге теңерімді білмеймін. Ботасынан айрылған аруанаға ма, әлде қарашаның қытымыр күндері қысқанда оңтүстіктің мамыражай өлксіне бет түзеген тырналар тізбегінің өскен жерін қия алмай, ұябасқан баурайын ақырғы рет айнала ұшқан сәтіндегі тыраулаған сағынышты сазына ма… Салыстырудың қай-қайсы да шындықтың өзіндей болмайтын көрінеді ғой. Сондықтан да болар менің өрекпіген бала қиялым осылардың қай-қайсысын да місе тұтқан емес.
Осы кезде кабинадағы әйелдің:
— Қыз-ау, болсаңшы! — деген шыдамсыз үні естілді.
Кенжегүл біз жаққа соңғы рет көз салды да, теңселе басып, жүріп кетті. Оның қолында қара түсті кішкене жол шабаданы бар еді…
***
Кенжегүл көшіп кеткеннен кейін екі-үш күндей біз Қалқаштың қабағын аңдумен жүрдік. Бірақ жағдай біз күткеннен басқаша қалыптасты. Рас, Қалқаш жауар күндей тұнжырап көңілсіздеу жүрді. Бірақ тұйыққа тірелгендей айрықша қамығудың нышанын байқатпады. Көңілсіз сәттерінде болатындай бізге орынсыз тиісіп, ақырып-жекірген де жоқ. Тіпті берер рет бізбен әзілдескендей болды. Кейін ойлап отырсақ, мұның бәрі оның сыртқы қалпы екен. «Бөрі арығын білдірмес, сыртқа жүнін қампайтардың» кебі екен.
Арада бір жетідей мезгіл өтті. Ақыры көптен күткен күнге де жеттік. Біз қайтатын болдық.
Шофер асығыс екен. Сондықтан бригадир жұмыстан шаршап келген бізді дайын асқа да қаратпай (Біз Берденнің үйінен күн көріп жүргенбіз), екі үйді де тездетіп жықтырып, шапшаңдатып тиете бастады. Әншейінде де үлкендердің жұмсағанына лыпып тұратын біз ауылға қайтудың хабары құлаққа тигеннен кейін тіпті есіріп кеттік. Айналасы он-жиырма минуттың ішінде машина жол жүруге жүз процент дайын боп шыға келді. Төртеуміз де ай-шайға қарамай елсіздегі жалғыз шоқатқа қонған қарақұсша жарбиысып, жүк буған теңдердің үстіне қатарласа жайғасып алдық.
Жүк тиеуге Қалқаш та қатысқан. Бірақ ол біз күткендей жұртпен бірге орталыққа қайтпайтын болып шықты. Біз:
— Аға, бәріміз бірге қайтайық та, — деп, бригадирге өтініш қылып көріп едік, бастығымыздың екі көзі шақшиып шыға келді.
— Өй, өңшең шуылдақтар! Сендерге не мәміле керек? Тыныш отырыңдар, әйтпесе қазір өздеріңді де түсіріп тастармын, — деді ол.
Оның айтуынша, Қалқаш осы арада қоңыр күзге дейін бөгелуге тиіс. Жуық маңда сиыр қыстайтын екі жабық қора бар. Сол қораларға ала жаздай сынық үйір сабан түспеген. Ферма меңгерушісі күні ертеңнен қалдырмай сол жұмысты қолға алмақ. Қолға алу үшін трактор керек, сол тракторды жүргізетін қалқаш керек. Сондықтан Қалқаш әзір берер ай қорықшының үйінде жатып, сиыр қораларға шөп таси тұрады.
Алғашында Қалқаштың да мұндай үкімге көнгісі келмеп еді, совхоз шаруашылығының қыр-сырына әбден әккі болып қалған тілепбай сан қилы сылтаумен тракторшы жігітті тұйыққа тіреп тастады.
— Бұл, шырағым, мемлекет жұмысы. Ешкімнің жеке шаруасы емес, сондықтан бәріміз де қоғамдық мал үшін тиесілі орынның алдында баспен жауап береміз, — деді. — «Сезон бітпей, бір күн бос тұрыс болмасын» деген райкомның ерекше нұсқауы бар, — деді. — Сендерді азамат деп жүрміз ғой, — деді. Аманшылық болса, күзге салым фермаға екі-үш жаңа трактор келгелі тұр, — деді. — Соның біреуін саған берейік деп, бастықтың құлағының құрыш етін жеумен жүрмін, — деді. Не керек, Қалқашты көндіріп тынды.
Тіпті ақыр соңында бригадирге Қалқаштың өзі жалынышты боп қалды.
— Тәке, кемпірдің шай-шекері үзіліп қалмасын. Әлгі бухгалтерге айтып, елу-алпыс сом аванс жаздыртып беріңізші, — деді ол дәл жүрер алдында Тілепбайға қызына құда түскелі тұрғандай қиылып. — Нәлет, әлгі бухгалтерді айтам… өзі бір тырыш па деймін. Түнеугүні өлгенше жалынғанда бермей кетті: «Әлі бұл айдың табелі түскен жоқ», — деп.
— Саспа, ол жағын өзім реттеймін ғой.
Бригадир — Қалқаштың бұл ұсынысына тез келісті. Түс ауа жүріп кеттік. Бір-екі көрпе мен аяқ-табақ салған қоржынын арқалап, көк «Белорусьтің» жанында жалғыз өзі қалып бара жатқан Қалқашты көргенде, бәріміздің көңіліміз босап қоя берді. Біз оған әбден бауыр басып қалыппыз. Оның ұзын тұра ер пішіні, еңкіштеу мығым жауырыны, тіпті лақсасы шыққан ескі көкжөтел «Беолрусіне» дейін бізге айрықша ыстық еді… Қоштасарда ол біздің әрқайсысымыздың қолымыздан жеке-жеке алып шыққан. Сосын өзінің кәдімгі іске жомарт, сөзге сараң қалпымен:
— Ал, енді, жақсы оқыңдар, — деген болатын… Бәлкім, бар айтпағы осы жалғыз ауыз тілек болмас. Алайда, көкейдегі көріктісін жайдақ суша жайып тастамай, шымырлаған терең де ұстау, көп созбаққа салып, бұлтылдатпай, нақты қылып қысқа айту, жаманшылықты жатсынбау, жақсылықты азсынбау оның қанына сіңген әдеті еді ғой.
Біз Қалқашқа не деп жауап қатарымызды білмей, қызарып төмен қарай бердік. Бұл да, бәлкім, біздің жақсы оқудан қашқақтағанымыздан емес, оның ойының түкпірінде жатқан бұдан әлдеқайда салмақты мағынаның жауапкершілігін балаға тән сезімталдықпен еміс-еміс түйсінгендігімізден шығар.
Төртеуміз де жол бойы көбіне өзді-өзімізбен болып, үнсіз отырдық.
— Әй, Қалқаш-ай!.. — деді Еркін соны күтіп отырғандай терең күрсініп қойып. — Бәрі өзінен болды ғой. Егер Кенжегүлге қосылмақ боп, айнымас серт бергенде, ол кетпейтін еді.
— Рас-ау. Неге сөйтпеді екен? — деді Таубай оны қоштап.
Төртеуміз де ойланып қалдық. Біз мінген үш тонналық шағын газик бел асып ұзай берді. Қалқаштың қарасы бірте-бірте кішірейіп, болымсыз ғана ноқатқа айналды да, біраздан соң мүлде көрінбей кетті.
Ақ қарға
Төңірек тым-тырыстық күйін кешіп, үнсіз мүлгиді. Лүп еткен жел жоқ. Тамыздың шақырайған еріншек сары алтын күні білдірмей жылжып, бірте-бірте екіндіге ауып барады. Атақты Сырдың кісі аяғы жете бермейтін елсіз жағалауы бұлтсыз шайдай ашық аспанның астында балбырап, талықсып жатыр. Кенет әлгі жым-жыртықты дар-дар айырып, мотоцикл үні естілді. Осыны күтіп тұрғандай-ақ жақын маңнан сауысқан шықылықтап, өзен жағалауындағы аттылы адам әзер бойлайтын нар қамыстардың үпелек бастары бұлғаңдап, сыбдырлап қоя берді. Қалың нудың арасындағы үй орнындай ғана алаңқайда бұтыңдағы лыпасынан өзгенің бәрін шешіп тастап, денесін күнге рақаттана қақтап, алаңсыз қыздырынып жатқан Жаңабек мына оқыс үнге еріксіз селт етіп, басын жерден жұлып алды.
Анадайдан жолындағыны апырып-жапырып, құйрығын көкке оқтай қадаған бір құйып өтіп барады екен, соны көріп, алғашқыда көңілі сәл-пәл сабасына түскен тәрізденді. Бірақ санасында: «Апыр-ау, бұл қай жақтан қаңғырып жрген «матасекіл?» деген бір сұрау шаншылып тұрып алды да қойды. Неге екенін кім білсін, әдепкідей емес жүрегі біршама сабасына түссе де, себепсізден себепсіз жүйкесі құрып, тұла бойымен бір әлсіз діріл жүгіріп өткендей болды. Жас жігіт орнынан тұрып, жағадағы былқылдақ сазға қадай салынған қармақсапты суырып алды да, солай етудің неменеге қажеттігін өзі де жете түсінбестен, оны жалма-жан жинай бастады.
Шынында да, орталық атаулының қай-қайсысынан да тым бұру жатқан бұл маңайға айналдырған отыз-қырық үйлі совхоз бөлімшесі — «Ақиіннің» бірлі-жарым тракторы мен жалғыз «Водовозынан» басқа көлік ат ізін салмайтын және анда-санда ат ізін салған күннің өзінде де олар дарияға анау «Жалғызталдың» түбіндегі төте жолмен ғана құласа керек-ті. Малдың суаты да, ферманың азын-аулақ бақшасы да сол тұста. «Ә, бұл дәу де болса, жабайы шошқа іздеп жүрген орыстар шығар!.. — деген ой келді аяқ астынан Жаңабектің басына. — Бірақ қазір қайдағы жабайы шошқа. Осыдан төрт-бес жыл бұрын олар түкпірдегі топ-топ шағын қума тоғайлардан бірлі-жарым болса да ұшырайтын. Қазір қайда — бәрі құрыды ғой…»
Ақиіннен сексен-тоқсан шақырымдай жерде аты-жөні географиялық карталарға түспеген, жабық әскери қала бар еді, әйгілі Сырдарияның әлі берекесі кете қоймаған ана бір жылдары сол қаланың қызыққұмар офицерлері нөкерлерін шұбыртып демалыс күндері машинамен, мотоциклмен үйір-үйір болып, өзеннің осы теңізге таяу төменгі сағасына дейін келіп-кетіп жүретін, алайда олар да соңғы үш-төрт жылдықта басынан дәурені өте бастаған бұл аймаққа баяғыдай әдейілеп бұрылуды мүлде қойған-ды.
Елсіздегі тым-тырыс өзен жағалауын аяқ астынан дүрліктірген мотоцикл үні кенет дария жиекке келіп тірелетін сайдың табанына түсе бере сап тыйылды да, төңірек бір сәтке қайтадан тым-тырыс бола қалды. Тек сәлден соң барып абыр-дабыр сөйлескен кісі даусы естілді. Балықшылық құралдарын ретке келтіріп, жайғастырып болған Жаңабек енді әр жерде қалай болса солай шашылып жатқан киімдерін жинастыра жүріп, сайдағылардың үніне құлақ түрді. Адам саны екеу сықылды, бірақ соған төңіректі бірте-бірте бастарына көтеріп барады.
— Әй, мына тура «кәмунизм» ғой!.. — дейді біреуі тура мегафоннан сөйлегендей саңқылдап. — Айтпақшы, әлгі бас жазарларыңды алып па едің? Ұмытып кеткен жоқсың ба әйтеуір?
— Оны ұмытып, мені құдай ұрды деп пе ең. — Бұл — екінші дауыс. Бірінші дауысқа қарағанда балаңдау. — Шал, жалпы, мен жүрген жерде қам жемесеңші.
— Маладес. Жалпы немене ет әлгі… Ұстаздан шәкірт озат дей ме? Сен түбінде менен озасың. Ха-ха-ха!.. Ойпырмай, мына жер бір рахатизм ғой. Енді осы ауылға тағы да келгендей болсақ, мына араға соқпай кетпейміз. Жалпы, жұмағың да осындай-ақ болар.
— Шал, ол проблема емес қой. Қазіргі басты мәселе әлгі балықшыны табуымыз керек, қатынының айтуына қарағанда, осы сайдың о жақ, бұ жағында. Бізді көріп бір жерге тығылып қалмаса…
Мынаны естігенде Жаңабек өз-өзінен еріксіз селк етті, тіпті жайпақ табан, бұзау тұмсық топылиының бір сыңарының қолынан қалай еріксіз сусып түсіп кеткенін де байқамай қалды. Манадан бері дауыс иелерін шырамыта алмай тұрса, қазір соңғысын аяқ астынан жазбай тани қойды: иә, мынау сол — дүкеншінің аудан орталығында тұратын үлкен ұлы Тоқтар! Мотоцикл де соныкі. «Ақиінде» солардан басқа ешкімде «Урал» жоқ. Жаңағы «Уралдың» даусы болатын.
Бұл кезде әлгі екеу сол абыр-дабырмен төңіректі бастарына көтерген күйлері сайды кесіп өтіп, дарияның жиегінен — Жаңабектен тура елу-алпыс адымдай жерден келіп шыққан еді. Міне, дәл осы сәтте олардың көздері әлгі үй орнындай ашық алаңқайда не істерін білмей, өз-өзінен қуыстанып, сипақтап тұрған бұған түсе кетті. Жалғыз Жаңабек қана емес, мына тосын кездесуге олар да ерекше таң-тамаша қалған секілді: бұттарына сыптиған джинси, кеуделеріне еттерімен ет боп жабысқан футболка киген соқталдай-соқталдай екі жас жігіт әп дегенде анадай жерде ескі жұртта ұмыт қалған қарақшы секілді ербиіп тұрған бұған қарап, кәдімгі өздері секілді, қос аяқты пендені емес, адам баласы бұрын-соңды кездестірмеген бір белгісіз мақұлықты көргендей аңтарылып тұрып қалды.
— Ал саған керек болса — кездесу деп осыны айт! — алдымен ес жиып, тілге келген жиырма екі- жиырма үштер шамасындағы еңгезердей, безеу бет, ақ құба жігіт Тоқтар болды. — Шал, сен, әрине, танымайсың, біз іздеп жүрген балықшы — осы: ана тұрған шикіл сарының нақ өзі, — деді ол сонан соң қасындағы өзінен сынық сүйемдей ғана аласалау, қиық көздері кісінің тура ішек-қарындарына дейін ақтарып, тесіле қарайтын, тығыршықтай қара сұр серігіне бұрылып. — Ну скажи, вот это встреча, а-а?!.
— Қойшы, шын айтып тұрсың ба?
— Өллә-біллә!..
— Ендеше бұл неге бізге сәлем бермейді? — Тығыршық қара онсыз да қысық көздерін одан әрмен сығырайтып, тура атасының алусыз кеткен өші бардай Жаңабекке қадалды да қалды.
Сол-ақ екен Тоқтар аяғының астындағы қалың қорысты апырып-жапырып, бұған қараай тұра ұмтылды.
— Бермесе, қазір бергіземіз ғой. Шал, сен қылп етпе, тек менің қызығыма қара да тұр!..
Жаңабектің иманы ұшып кетті. Оқиға салғаннан дәл осыншалықты ұшынып жүре берер деп ойламаған ол бұрын төбелесіп әдеттенбеген тәжірибесіз кісінің мүсәпір кейпімен аяғына киіп үлгермеген қолындағы топлиының бір сыңарын біреу тартып алатындай жалма-жан бауырына қысып ала қойған күйі көздері алақтап, артымен кейін қарай шегіне берді. Шегініп келе жатып бәріне кінәлі өзі, жоқ-жоқ, дәлірек айтқанда, аудандық «Коммунизм шұғыласы» газетінде жарық көрген қарғыс атқыр сол фельетон екенін, онда алыстағы «Ақиін» бөлімшесіндегі дүкенде советтік сауда тәртібінің бұзылғандығы тәптіштелгендігін және ең сорақысы сол сын материалдың авторы осы қорыққаннан көздері алақандай болып, зәресі ұшып келе жатқан сол басылымның штаттан тыс тілшісі, бөлімше моторисі Жаңабек Сибаділлаев екенін есіне түсіріп үлгерді. Дегенмен штаттан тыс тілші Жаңабек Сибаділлаевтың жазығы не? Ол көзімен көрген айдай ақиқатты жазды ғой, ал ақиқаттың өзі дәл солай еді: советтік сауда тәртібі бұзылған болатын.
Ақиқат деген ұғымның өзі салыстырмалы нәрсе емес пе, дүкеншінің баласы Тоқтар мен оның жанындағы серігінің ақиқаттары бұныкіне мүлде ұқсамайтын, сондықтан да тамағы тоқ заманда туып-өскен еңгезердей-еңгезердей қазіргі замандық мына екі жас уызына жарымаған қозыдай әлжуаздау, талдырмаш қана, көк көз, шикіл сары жігітті — Жаңабекті — қазір сол өздерінің ақиқаттарының тұрғысынан жазалап алмақшы еді. Олар, міне, мұны түстен бері іздеп жүр, таба алмауы да ғажап емес еді, сілтеп жіберген — о бейшара бұлардың күйеуін не үшін іздеп жүргенін қайдан білсін — осы шикілсарының келіншегі болды.
— Тоқта!.. — Дүкеншінің ұлы оқыс ақырып қалды. — Тоқта дейім, бәрібір қашып құтыла алмайсың.
Жаңабек еріксіз тоқтады, дүкеншінің баласының айтып тұрғаны рас-ты — мына әлекейдей жаланған екі «әзірейілден» қашып құтылу мүмкін емес еді. Моторист жігіт осыны ойлағанда жүйкесі бұрынғыдан да жұқарып, аяғын әзер тіктеп тұрды.
Міне, Тоқтар бұған есік пен төрдей жерге жақындап келді.
— Әй, шілтиген неме! Сенің біздің әкейде қай атаңның құны бар, а? Айтшы қане!..
Енді күлбүлтелейтін ештеңе қалмаған еді, қайткенде де бір таяқ жемей қоймайтынын қапысыз ұққан штаттан тыс тілші соңғы рет болса да тұяқ серпіп қалмаса, мыналардың алдында мүлде абыройынан айрыларын түсінді.
— Әкең жұртты жемесін, алаламасын, — деді ол даусы дірілдеңкіреп. — Мен шындықты жазғам.
Жаңабек осыны айтып, аузын жиям дегенше болған жоқ, қорғасындай зіп-зілдей соққылар құлақ-шекесінің түбін қатарынан екі-үш рет солқ-солқ еткізді. Әп-сәтте көз алды қараңғы тартып, басы зеңіп жүре берді. Онсыз да буынын әзер билеп тұрған екі тізесі өз-өзінен бүгіліп, жүрелеп отырып қалды.
Дәл қазір ол ештеңе түсінген жоқ: дүкеншінің ұлынан қатты сескенсе де, дәл осыншалықты әбжіл қимылды, көз ілеспес шапшаңдықты күтпеп еді. Дәл осы сәтте ол бұған дейін өзінің нағыз, шын төбелестен: еркектердің арасындағы қанды айқастан еш хабары болмағанын ғана еміс-еміс ұққандай болды.
— Қане, түрегел!.. — Тоқтардың әулетті, қарулы қолдары, мұны тура алқымынан қылғындыра ұстап, бар күшімен аямай сілкіп-сілкіп жіберді. — Түрегел дейім, әй!.. Саған шындық керек екен ғой?! Шыншылын бұл шайтанның шапатындай болған неменің!..
— Жі-іб-берр!.. — деді Жаңабек қырылдап.
Жіберу қайда, дүкеншінің ұлы мұны аяғынан тік тұрғызып алып, тағы да құлақ-шекенің түбінен, иегінің астынан, ішінен… асқан бір қаныпезерлікпен былшылдатып соққылай жөнелді. Мұрнынан, ауыздан жылымшылап қан кете бастады. Тағы да басы зеңгіп, көз алды қарауытты. Бір сүрініп, бір құлап, енді бірде орнынан қайта тұрып, тәлтіректеп жүр. Адам баласы ғой, алғашқыда Жаңабек те қарсы қайраттың қамын қылып, екі-үш мәрте қол сілтеп көріп еді, бірақ жұдырықтары құр ауаны қармалап, мүлде басқа жаққа лағып кетті.
— Ха-ха-ха! Өй, ішегім-ай!.. Әй, мынаның сенімен тіпті төбелеспек ниеті бар ғой!.. — Бұларды сырттан ғана қызықтап тұрған манағы тығыршық қара Жаңабектің айдалаға лаққан қолдарына қарап, қарқ-қарқ күліп, өзінше мәз-мейрам.
Кенет аяғы жыңғылдың түбіртегіне шалынып кеткен Жаңабек етбетінен жерге мұрттай ұшты. «Енді тепкінің астына алатын шығар» деп ойлады ол дүкеншінің ұлы бура сандарын шабындырып, жанына жетіп келгенде. Жалма-жан көзін жұмып, басын екі қолымен қорғаштай қойды. Бірақ анау тепкен жоқ. Бар болғаны:
— Тұр, кәне, жаныңның барында! — деді гүрілдеп. — Әйтпесе қазір быт-шытыңды шығарам!
Әзірше бойынан өзін-өзі қорғаудың соқыр инстинкті жойыла қоймаған тілші жігіт аяғының буын-буынын әзер билеп, орнынан зорға дегенде сүйретіліп түрегеле берді. Шынын айтқанда, жаңағы санасын сансыратып жіберген жойқын соққылардан кейін дәл қазір оның біреумен төбелеспек түгіл адамша қорғануға да шамасы жоқ еді. Дәл қазір оның көз алдының бәрі-бәрі — нар қамыстардың үпелек бастары да, анау шайдай ашық көк зеңгір аспан да, сәскеден бері өзі көлеңкесінде жатып балық аулаған әне бір дария жиектегі жалғыз сәмбі талдың жап-жасыл талдырмаш бұтасы да сәл-пәл теңселіп тұрды. Алайда, бір ғажабы, тап қазір бойынан манағы бұларды алғаш көргенде пайда болған дүлей қорқынышты таба алмады.
— Ал, ұр-ұр!.. Бәрібір жазғаным — жазған!.. — Штаттан тыс тілші байғұс күп болып ісіп кеткен еріндерін әзер қимылдатты.
— Өй, мынаның өзі қыңыр неме ғой? Кәне, мені жіберші, — деді осы арада Тоқтардың жанындағы манағы қиғаш қабақ, қысық көз қара анадай жерде тұрып өз-өзінен делебесі қозып. — Тықылдап, тіпті тілін тартатын емес қой.
— Жә, шал айттым ғой, араласпа! — Дүкеншінің ұлы қарсы алдындағы қауқарсыз қарсыласын керіле құлаштап, тағы бір періп қалды. Қарулы, жойқын соққы бұл жолы дәл иектің астынан тиген еді, Жаңабек есік пен төрдей жерге дейін шалқалап барып-барып, жансыз адамша сылқ ете түсті. Бұдан кейін не болып, не қойғанын білмейді. Әйтеуір бір кезде есін жиса, қол аяғы қай жақтағы бір кендір арқанмен шандып байланған күйі дария жиектегі былқылдақ саздың үстінде кескен теректей домаланып жатыр екен. Әуелі кірпігін қимылдатып көріп еді. Күп боп ісіп кеткен екі көзінің аңғалағы соның өзін кәдімгідей ауысынып, солқылдап суырып ала жөнелді. «Біткен екем… — деп ойлады Жаңабек іші удай ашып. — Ой, жаным-ай, құдай мен не ғып осынша әлжуаз қылып жаратқан?!»
Ауырмайтын жері жоқ тәрізді — олай-бұлай қозғалақтап көріп еді, тұла бойы мың сан ине қадалғандай шаншып, сүйек-сүйегі сырқырап қоя берді. Басы шойыннан құйылғандай ап-ауыр. Терісі сыпырылып, қызылшақаланып қалған бір шынтағы мен иегі, мұрнының қыр арқасы удай ашып, жанын шырқыратып жатыр. Шыт-шыт болып жарылып кеткен еріндері кебірсіп қалыпты. Жібітбек болып тілімен ептеп бір-екі рет жалап көріп еді, аузы одан сайын кермек татып, жүрегі кілкілдеп кетті. Лоқсып құсқысы келгендей болды.
— Бала, анаң қара анауың тірілді!.. — деді осы кезде біреу дәудірлеп. Бұл — манағы тағыршық қараның даусы еді. «Мыналар әлі кетпепті ғой… — деп ойлады Жаңабек бей-жай. — Мейлі, енді маған бәрібір емес пе». Мойнын бұрып, даус шыққан жаққа көзінің қиығын салып еді, бұдан елу-алпыс қадамдай жердегі кішкентай төмпешіктің үстінде манағы екеуі арақ ішіп отыр екен. Бұған қарап, бір-бірінің бүйірінен түртіп, ыржаң-ыржаң етеді. «Мысыққа ойын, тышқанға өлім керек, — деп күңк етті Жаңабек өзіне-өзі. — Қап, мына қорлықты-ай…» Тұла бойы кендір арқанмен маталған тілші байғұс амалсыздан көздерін басқа жаққа бұрды.
— Әй, құдай біледі, осының мынадан дәметіп жатыр, — деді тағы да мұның әрбір қимылын сырттан бақылап отырған Тоқтардың серігі себепсізден себепсіз жырқылдап.
— Онда несі бар, қазір ауыз тигіземіз, — деді дүкеншінің ұлы кекетінді үнмен. Сонан соң бұған сонадайдан көзін ежірейтіп: — Әй, бірақ ішіп болысымен иманыңды үйіресің, түсіндің бе? Ана жардың үстінен со күйінде суға бір-ақ лақтырамыз. Сырдың балықтары бір қарық болып қалсын бейшаралар, — деді.
— Ой, мынауың бір дұрыс идея ғой. Жалпы, сенің мына кәлләң жақсы жұмыс істейді. — «Шал» серігінің ұстарамен қырып тастаған басының енді-енді ғана қара құйқалана бастаған торсықтай екі шекелігін мәпелей сипап қойды. — бірақ бұл да құдайдың пендесі ғой, жанын жаһаннамға жіберер алдында мына пейіштің зәм-зәм суынан қалай болғанда да дәм татар.
— Айтсаң болды ғой, шал. Жалпы, өзің білесің, мен қолы ашық, мырза жігітпін ғой. Қазір оған тағы бір көзің жетеді. — Тоқтар осыны айтты да, алдындағы бөтелкеден екі жүздік қырлы стаканға лықылдатып құя бастады. Сонан соң мас болмаса да жұртқа әдейі көз қылғысы келгендей өп-өтірік тәлтіректей басып, саздың үстіне қол-аяғы байлаулы жатқан Жаңабектің қасына келіп, жүрелей тізе бүкті.
— Мә, іш!..
Орыс арағының өткір иісі мұрынды жарып, мүңк ете қалды. Жаңабек тыжырынып, басын шайқады.
— Іш-іш, қорықпа! — Тоқтар енді стаканды дәл мұның танауының астына әкеліп тосты. — Іш дейім, әйтпесе қазір аузыңа құям.
Штаттан тыс тілші қыңырайып, мойнын басқа жаққа қарай бұрды.
— Мынау қайтеді, әй?! — Дүкеншінің ұлы жалма-жан оның басын жерден көтеріп алып, тізесінің үстіне қойды да, ананың жанталаса қарсыласқанына қарамастан стакандағы арақты аузына зорлап құя бастады. — Іш, мұрынбоқ! Іш дейім мен саған!..
Енді болмаса тұншығып бара жатқан соң тілші байғұс стакандағыны қылқылдатып жұта бастады. әйтеуір, абырой болғанда, шашалған жоқ. Ақ арақ онсыз да удай ашып жатқан аш өзегін өртеп жібергендей болды. Шаруасы біткен Тоқтар тізесіндегі басты енді жөніне жібере салды.
— Қалай, бұдан былай редакция деген пәленің маңайынан жүрмейтіндей болған шығарсың, ә? — деді сонан соң теріс қарап қайрансыз жатқан қарсыласының ту сыртынан мысқылдай көз тігіп. — Әй, корреспондентсымақ, мен сенен сұрап тұрмын!
Іші әлем-жәлем болып, қорлық пен мазақтың әзәзіл отына өртеніп жатқан Жаңабек ернін тістеп, үн-түнсіз қалды. Көзінен екі-үш түйір ып-ыстық жас еріксіз ытып-ытып кетті. Бір жақсысы, мұны дүкеншінің ұлы көрген жоқ, ол бұл кезде алшаңдай басып, төмпешіктің үстінде құзғын қарғаша шоқиып отырған тығыншық қараның жанына барып аялдаған еді.
Бірте-бірте Жаңабектің ыстығы көтеріліп, тұла бойы лыпылдап қыза бастады. Тілі аузына сыймай шөлдеп жатқанын да енді сезгендей болды. Әрі-бері бұлқынып көріп еді, онсыз да арқан батып, шыдатпай жатқан денесі шыбын жанын одан сайын көзіне көрсетті. Сонан соң амалы құрып, сұлқ түсіп жатты да қойды.
Төңірек қайтадан тым-тырыс боп, намазға ұйыған діндәрларша мүлги қалды. Манағыдай емес арақ ішуге қайтадан отырған әлгі екеуінің әңгімесі де құлағына түсініксіз күңгірлеп, талып естіледі. «Мына қарақшылар мені шынымен-ақ дарияға тастамақ па?!» Осыны ойлағанда тілші байғұстың тұла бойы бір ысып, бір суып, жаны түршікті. Осы арадан мықтаса жүз-жүз елу қадамдай жерде Сырдың төңірегінде аты әйгілі бір иірімі бар-ды. Түксиген биік жардың астындағы «Қызкеткен» деп аталатын сол иірімге — Сырдарияның суы қанша қайтса да — кісі бойламайды. Өзінің түсі де суық-ақ: әлгі биік жарлауытты кеулей ағатын ұлы өзен осы араға келгенде беті көбіктеніп, кей жерінде асау аттай жұлқына долданып, кей тұсында шыркөбелектей дөңгеленіп, иірімденіп ағады. Ертеректе «Ақиіннің» сүйгеніне қосыла алмаған Дариға деген бір қызы ата-анасы мен туған-туыстарына ерегісіп, мойнына тас байлап, осы иірімге батып өліпті. «Қызкеткен» аты содан қалса керек.
«Ой, алла-ай, шынымен сол иірімге енді мен де жұтылмақпын ба?.. — деді Жаңабек осыны ойлағанда, бәлкім, өмірінде тұңғыш рет жаратқан иенің атын есіне алып. — Ойпырмай құдайға соншалықты не жазығым бар еді, жазығым сол жұртты сүліктей сорған дүкеншінің қылығын әшкере қылғаным ба? Жо-жоқ, егер Аллатағаланың бары рас болса, тап сол үшін мені жазғыра қылмас, жан дүниесі иманның нұрына толы жаратқан ие әділдікті, ақиқатты жақтамайтын ба еді? Ендеше…» Осы араға келгенде Жаңабектің ойы үзіліп кетті, енді ол біразға дейін манағыдай тәнін де, жанын да азапқа салған ауырпатлықты сезген жоқ, тек бойындағы бүткіл сана-сезім атаулы өзінен буалдыр тартып, көмескіленіп, көзге түртсе көргісіз бір қалың тұманға сүңгіп бара жатты…
2
Жаңабекті жетімшілдікті көрді деуге де, көрмеді деуге де болатын. Әкесі Сибаділлә марқұм үш жасында мұны қазыр тұрмысқа шығып, өз алдарына түтін түтетіп кеткен екі әпкесі мен шешесі Сырғалыға аманаттап, о дүниеге жүріп кетіпті. Жасы ұлғайғанда көрген жалғыз ұлы болғандықтан да шығар, әйтеуір ана дүниеге аттанар алдында көзіне тіршілікте жиған бүткіл мал-мүлкі мен екі қызы, құдай қосқан қосағы көрінбей, үй ішіне, жақын-жуығына артында қалған жалғыз тұяқты қайта-қайта тапсыра беріпті ғой байғұс. Обалына не керек, шешесі де, үйелмелі-сүйелмелі екі әпкесі де әкесі марқұмның тілегін жерге тастаған жоқ — жалғыз ұлды жоқ байлыққа былқытып, бұлғақтатып қоймағандарымен, маңдайынан шертпей өсірді. Бірақ табиғаттың қай жаратылысы тұқымына тарпай тұрған, о баста нәті жуас Жаңабек үйінің іші қанша мәпелесе де, өмірге еркелеуді үйрене алмай-ақ қойды. Жастайынан жетім әпкелері мен жесір шешесінің жүздеріндегі жоқшылық пен мұңды оқып өскен ол жасқаншақтау, кекшілдеу, бұйығы мінезді жігіт болып ер жетті. Ауылдан көп ұзап, оқи да алмады. Жастары келген әпкелері табиғат заңына қарсы тұра алмай, жан-жаққа тұрмысқа шығып кеткен соң беттегі ажарымен бірге бойындағы қуаты да кеми бастаған шешесінің күн көрісі бірте-бірте қиындай берді. Мұны байқаған табиғатынан жуас болса да, намысшыл бозбала оқуды тоғызыншы кластан соң біржола доғарып, еңбеккке аралысты. «Шырағым-ау, тым болмаса онжылдықты бітіріп алсаңшы, мен өлмеспін, ен елдің ортасында отырмын ғой» деген шеше тілін де алмады. Шешесі қанша ен ел деп аузын толтырғанмен, енді о байғұсты қартайған шағында жартылығын қолтығына қыстыртып, кез келген тракторшы мен бригадирге: «Шырағым, бір тележка шөбім бар еді, отыным бар еді…» дегізіп, телмеңдетіп қойғысы келмеді.
Әуелі фермада қара жұмыс істеп жүрді, кейін мотористікке ауысты. Бұл бір қолайлы мамандық болып шықты — күндіз үйде өзінің жеке шаруасын істейді, малына қарайды, қорасын жөндейді, пішенін шабады дегендей, тек кешкілік бір мезгіл ел жатқанша моторын айдап «Ақиін» деп аталатын шағын елді мекенге движокпен электр жарығын жіберіп тұрса, жетіп жатыр.
Алақандай «Ақиінде» әрбір мамандық құнды. Оның үстіне осы күнгі тіршіліктің бәрі электрге тәуелді емес пе. Сол электріңіздің бар билігі енді осы Жаңабектің құзырында: моторист те, монтер де, ең ар жағы бір үйдің электр розеткасы жанып кетсе, оны барып оңдап беретін жөндеуші механик те бір өзі. Қанша айтқанмен, әкесі ұста болған ғой, қолының місекерлігі бар: тіпті көңілі кетсе, қарапайым розетка емес, анау-мынау радиоқабылдағыш пен телевизорларыңызды да оңдап жібереді. Қысқасы, көп басты ауыртып не керек, осының өзі-ақ төңірегіне енді жетіліп келе жатқан жетім бала мен жесір кемпірдің беделін бір көтеріп тастауға артығымен жетіп артылғандай болып еді. Бұрын жұртқа сауын айтып, Жаңабектің шешесі жүгірсе, енді жұрт бұларға жүгіретін болды.
— Жаңабекжан-ай, ілдәлдаға көнсе, мына тоқ шәйнекті дөндеп көрші. Қара тігілгір, ала қояйын десең, дүкені құрғырыңда да жоқ.
— Қайным-ай, ағаңның «телебезірін» қарап бере қойшы, тіпті сол бұзылғалы балалары кешкілік үйге айналуды қойды.
— Айналайын-ай, мына радионы көріп бере салшы, атаңнан қалған көз еді…
Міне, осы секілді өтініштер Жаңабектің от басында күнен күнге жиі естілетін болды. Осының бәріне ана байғұс іштей шүкірлік етіп, оңашада көкірегінің тереңінде жатқан ең басты, ең асыл арманын баласына құлақ қағыс етіп қояды.
— Е, жасаған, ризамын. Менің де жалғызымды жітілтіп, ел қатарына қостың. Жарығым-ау, енді осы үйге бір шүйекбас келіп, мына жиған-тергеніме иелік етсе, менде басқа арман жоқ…
Жаңабекке мұндайда шекесін қасып, күбіжіктеп, төмен қарауға тура келеді. Тіпті егер шешесі осындай әңгімені бөтендеу бірер кісінің алдында айтса, ішінен «Әй, осы апамды-ай!..» деп, өз-өзінен қызарып қоя беретіні бар. Жалғыз шешесі емес, анда-санда қыдырып келетін әпкелерінің де біраз аман-саулықтан кейінгі әңгіме-қауғаларының басты тақырыбы — не пәлесін барын қайдам — осы келін мәселесіне қарай бұрылып жүре береді. Қызық қой осы үлкен кісілер! Ау, сол аты бар да заты жоқ осы үй ішінің қиялдарында ғана қыдырып жүрген келіншекті мұның өз іші де жек көрмейді. Ыңғайы келсе, тап осы қазір үйленуге бар. Бар мәселе, соның ыңғайы келмей жүргенінде емес пе. Ал олардың болса, сол келінді Жаңабек жұртқа ерегісіп, қасақана әдейі алып келмей жүргендей көретіні қайтерсің.
Алайда, өмірде бір кездері бос қиял болып көрінетін нәрселердің кәдімгі шындыққа айналып жататын сәттері де аз болмайды екен — Жаңабек те ақыры үйленіп тынды. Шешесінде де, әпкелерінде де ес жоқ. Қайта-қайта айтатындары:
— Е, құдай, ұзағынан сүйіндіргей!..
Шынында да, бұл күнді олардың зарыға күткендері байқалып тұрды. Бәрі де қашан той тарқағанша қуанғаннан ебіл-себіл боп, екі аяқтары жерге тимей, зыр жүгірумен жүрді байғұстар.
Ниеттеріне қарай, қырдағы қойшының қызы — келіншегі Өзипа ақкөңіл, бауырмал жан болып шықты. Жастайынан аяздың бетінде, желдің өтінде дегендей еңбекке пісіп өскен шопан ұрпағы емес пе — кез келген жұмысыңа да жанып тұрады, үй шарусына да, түз шаруасына да бірдей. Мұны көрген ауылдастары біразға дейін: — Апыр-ай, мына сулы көз Сырғалының аузының салымын-ай! Келінін қарашы, келінін!.. Жанып тұрған от қой, от!.. — деп, бір жағынан, жаңа түскен шүйкебасқа сүйініштерін білдірсе, бір жағынан, қазақы қызғаныштарын да жасыра алмай жүрді.
Бақытты еді Жаңабек. Шынында да, көлденең жұрт түгел алғашында өз бақытына өзі сене алмай жүрген кездері де болған. Есіктің алдындағы сәкіде отырып алып шаруа қамымен ақ шәйі орамалымен қызыл ала қанауыз көйлегі көлбеңдеп, көз алдынан олай-бұлай сылаң қағып өтетін келіншегінің күн қаққан қара торы жүзі мен мойылдай мөлдіреген көздеріне, сәмбі талай солқылдаған қыпша беліне қарай бергісі келетін. Алайда онысын Өзипа байқап қойыпты. Бір күні түнде екеуі құшақтасып жатқанда ып-ыстық қылып, сыбыр ете қалды:
— Сен маған сәкіде отырғанда тесіліп қарамашы. Ұялам… Жаңабек те қатты қысылды. Қысылғаны емей немене, қарап жатып, мұрнының үсті тершіп, екі бетінің ұшы дуылдап қоя берді. Абырой болғанда, қараңғыда мұның қарадай бүлінгенін байқаған ешкім болған жоқ әйтеуір.
— Кешір, енді қарамаймын… — деді келіншегіне міңгірлеп.
Өзипа кісінің еріксіз қытығына тиетін күлкісіне салып, сыңқылдап қоя берді. Біраздан соң күлкіден діріл қаққан екі иығын әзер тоқтатып:
— Сонда маған мүлде қарамай қоясың ба? Қарамаймын емес, өйтіп тесіліп қарамаймын де, — деді.
Жаңабек өзінің жауабының сөлекеттеу шыққанын сонда барып бір-ақ түсінген. «Ойбай-ау, Өзипаға қарамағанда бұл кімге қарайды сонда? Тесіліп қарамаймын десе бір сәрі. Мүлде қарамаймын дегенім қай сасқаным, шырағым-ау?! — деген ол сонда өзін-өзі тергеуге алып. — Әй, мен де әлгі… немін ғой…»
***
Күндер білдірмей сырғып өте берді. «Жиған-тергеніме иелік ететін бір шүйкебасты көрсем, арманым жоқ» деп өзін ана дүниеге күні бұрын дайындап жүрген Сырғалы кемпір келінді былай қойып, немересін де көрді. Жаңабек Өзипаға, Өзипа Жаңабекке үйренді. Үйренгені сондай, тіпті Жаңабек көңілі түспеген кездері келіншегіне бұрынғыдай тесілмек түгіл жай көз қырын да салмайтын болды. Жо-жоқ, көңілі суығандықтан емес. Әлі де Өзипасын жақсы көреді ғой. Бірақ жиырманың үстіне шығып, кемелдене бастаған жас жігіттің толық бақытқа бөленуі үшін бір Өзипа мен «Ақиінге» электр жарығын жіберетін жалғыз движок аздық ете бастағандай болды. Жаңабектің көңіліне осылайша өзі бұрын байқап білмеген бір құпия алаң кірді.
Мына өмірді тереңірек зерттеп қараса, жасынан бұйығылау, намысшыл жігіттің тіршілікте көңілі толмайтын нәрселері аз емес екен. Ең бастысы әділет жоқ болып шықты — біреулер жанын қинамай-ақ аузымен құс тістеп құрметке бөленіп жүр, ал екінші біреулер бейнетке жанын қанша жалдаса да, ішер ас, киер киімге жарымай отыр. Әрине, аштықтан, жалаңаштықтан өліп жатқан ешкім жоқ, бірақ Жаңабек те басқа жұрт секілді телевизор көреді, газет оқиды ғой. Сондағы естіген-білгендерімен салыстырғанда, мына өздері сүріп жүрген өмір өмір емес секілді болады да тұрады. Газет демекші, ең алдымен жас жігіттің бұрынғы барға риза, жоққа қанағат тым әдемі қазақы түсінігінің күлін көкке ұшырған нақ осы баспасөз болды.
Сол тұста осы ауылдың басшылығында да бір өзгеріс болған-ды. «Ақиінді» пәленбай жыл басқарған Шардарбек аяқ астынан бағы өрлеп, совхоздың партия комитетінің хатшылығына жоғарылап кетті де, орнына көрші колхоздан бұл өңірге бейтаныстау Келдібай деген кісі келді. Жаңалыққа құмар ақиіндіктерді басшылықтың ауысуы бір желпінтіп тастады. Алайда әкім атаулыға ішінен қырындау қарайтын Жаңабек соған көп еліге қоймап еді. Сөйтсе, онысы бекер-ақ болған екен, бір күні сол Келдібай мұны кеңсесіне оңашалап шақырып алып:
— Бала, осы сідің үйдегі келінді пошташыға тіркеп қойсақ қайтеді. Өзің білесің, бұл күнде бір айлықпен күн көру қиын, сендерге қосымша қаражат болсын, әйтпесе, осы орынға тілек білдірушілер осы ауылда жетеді. Су да жақынына ағады, есітіп жатырмын, сен өзімнің інім екенсің, бәріміз бозғыл атамнан тараймыз ғой, оны білетін бе ең өзі?… — деді.
Жасыратыны жоқ, жаңа меңгерушінің ықыласына Жаңабек іштей едәуір жібіп қалды. Және өмірінде бастық атаулыдан сырт жүретін бұйығылау жігітті сол әкімдер жағы бүйтіп бұрын-соңды бауырына тартып көрмеген болатын.
— Істейтін не жұмыс бар, ферманың басындағыларға таратып берсеңдер болды айында-жылында бір-ақ келетін «кәзит-жорналды», ал малшыларға қатынаған көліктен өзіміз беріп жіберіп отырамыз. Сен маған келіннің еңбек кітапшасын жеткіз, поштаның бастығына беріп, тіркетіп қояйын.
Жаңабек үйіне екі езуі екі құлағына жетіп, қуанып келді. Шешесі мен әйеліне бар жаңалығын бір-ақ ақтарып жатыр — осылай да осылай: Келдекең бұларға туыс боп шықты, соның арқасында енді Өзипа үйде тегін айлық алып отырмақ, ферма басындағыларға газет-журналды Жаңабектің өзі-ақ таратып бермек… Мына тосын жаңалық бұл әулеттің басқа мүшелерін де біраз желпінтіп тастады. Енді ше, алақандай «Ақиінде» кітапхананың меңгерушісі, бастауыш кластың мұғалімі мен осы пошташыдан басқа әйел баласы айналдырарлық жұмыс елге жоқ, сол айналдырған үш қызметтің бірінің тұтқасын Сырғалының келіні ұстағалы тұрған жоқ па?!
Хош, сонымен Өзипа ойламаған жерден «Ақиіннің» пошташысы болып шыға келсін. Сыйға — сый, сыраға — бал: Жаңабек өзіне қарағанда тіршілік заңын ертерек меңгерген, шаруақор келіншегі мен көпті көрген шешесінің айтуымен дереу бір малды сойып тастап, Келдібай ағасын үй ішімен ерулікке де шақырып жіберді. Бұған ағасы ғана емес, бұл ауылға әлі жөнді сіңсіп кете алмай жүрген Гүләйім жеңгесі бек риза болып қалды.
Ең бастысы, іске пысық, сөзге өткір жас келін Өзипа бұл екі әулеттің арасындағы таныстықты әрі қарай табыспен дамытып алып кетіп еді. Бастықтың үйіне сырттан қонақ келсе, дереу жүгіріп барып, көмектесе қояды. Осы ауылдан естіген жаңалығы болса, жүгіріп барып Гүләйім жеңгесіне бірінші боп жеткізуге асығады. Арасында күйеуіне де нұсқау беріп тастауды ұмытпайды:
— Жаңабек-ау, ана қайнағаның үйінің «сібетін» тексеріп бере қойсаңшы…
— Апамның баласы-ау, жеңешем радио бұзылып тұр деп еді, барып жөндей салсаңшы…
Сырғалының келіні кейбір қатындар секілді күйеуіне бірдеңе айтса, жекіп, не бұйырып айтпайды: еркегінің еркелеп діңкесін құртады, сондықтан оның жай қатардағы өтініштерінің өзі жұмсаған адамына жұрттың бұйрығынан гөрі пәрмендірек әсер етеді — жаңағыдай сөздерден кейін көп кешікмей топлиының өкшесін ішіне қарай қисайта басып, ферма меңгерушісінің үйіне қарай бет түзеген Жаңабекті бір-ақ көресіз.
Бірақ, қанша айтқанмен, бұл Жаңабекке бұрынғы, мысалы, бұдан бір-екі жыл бұрынғы Жаңабек емес еді. Оның өміріне бір жаңалық кіргені анық еді, және ол жаңалық тап сол өзіміз жоғарыда егжей-тегжейлі баяндап өткен келіншегінің жаңа мамандығына сәйкес орталықтан үйіне ай-сайын екі-үш рет буат-буат боп бір-ақ жететін газет-журналдарға еріп келген болатын. Ферма басындағыларға таратып бергеннен кейін қашан қырдағы малшыларға көлік қатынағанын күтіп жаңағы газет-журналдардың бірталайы Сырғалы кемпірдің қуыс-қуыс бөлмелерінің бір бұрышында жатады. Көбінесе күнұзын қолы бос Жаңабек алғашында соларды еріккен сәттерінде бірауық парақтап, көз қиығын салып қойып жүрді. Сонан соң бірте-бірте кәдімгідей зер салып оқитын шығарды. Мына қызықты қараңыз: сүйте-сүйте енді ол бір күндері сол газет-журналдарсыз тіршілік ете алмайтын халге жетті ғой ақыры. Сүйтсе, дүниенің бар қызығы сол ала қағаздардың беттерінде жатыр екен. Өзі бұрын атын естігені болмаса, затына мән беріп көрмеген әділет, демократия, праволық мемлекет, плюреализм… тағысын тағы осы секілді ұғымдар мұның миына енді әбден орнығып алғаны сондай, ол бірте-бірте өзінің, тіпті жалғыз өзінің ғана емес-ау, бүткіл ауылдастарының тіршілігін қорашсына бастады!
Ел болған соң шақырыспасыз, той-томалақсыз бола ма, сондай жиындарда «Ақиіннің» жұртының басы бір қосылып, өздерінше мәре-сәре болып қалады. Ортаға ас келіп, ызыңдап, ләңгі тепкен, асық атқан, әткеншек итерген бала-шаға жиын болған үйдің алдын бермей, еркектер — төргі, әйелдер — ауызғы бөлмеге жиналысып, қау-қау әңгіме-дүкен басталады. Осы аймақтың соңғы хабарлары — кімнің кіммен құда болғаны, кімнің кімге қанша киіт кигізгені, қалыңға қанша дүние алғаны, кімнің баласының сүндетке отырғызылғаны, немесе отырғызылмағаны, пәленшенің жаназасына қанша молданың қатысқаны, қойшы, әйтеуір, кім нені жаңалық деп тапса, соның бәрі айтылады. Жаңабек мұндай әңгімелерге сырттан ғана құлақ салып, көп араласпайды. «Біздің қазекең де қызық, әңгімелерінің түрін қарашы! — дейді іштей қырыстанып. — Ау, өмірлік маңызы бар республикалық, одақтық, тіпті әлемдік қаншама қатпар-қатпар мәселелер бар — соларды неге қозғамайды? Мәселеңки, экология проблемасын алайық. Осы арадан жүз елу, мықтаса екі жүз шақырымдай ғана жерде жатқан Арал теңізі бүкіл әлемді шулатып жылдан-жылға күнде қалған терідей қушиып, тартылып келеді. Сырдария болса мынау — суы су емес, сарқындыға айналып бара жатқан. Бүткіл еліміз коммунизм, социализм деген абстрактылы ұғымдарды ысырып тастап, нарықтық экономикаға көшуге дайындалуда. Грузия мен Прибалтика республикаларының жайы анау — Одақтан әне шығам, міне шығам деп ауыздығымен алысып жұлқынып тұрған. Осының бәрін неге ойламайды бұ жұрт ауыл-үйдің өсегін аңдығанша?..»
Қоғамда тұрып сол қоғамнан тыс өмір сүре алмайсың, Жаңабек ауылдастарының саяси белсенділіктерінің төмендігіне іштей қанша көңілі толмаса да, әңгімеге мүлде араласпай тағы отыра алмайды. Жұрт саябір тапқан бір тұста:
— Ал енді Ирак Кувейтті басып алыпты, оны есіттіңіздер ме? — дейді мәслихаттың тақырыбын басқа арнаға бұруға тырысып.
— Көтек, не дейді?.. — Шай құйып отырған осы ауылдағы соңғы хабарларды жедел таратушы сөзшең жеңгейлердің бірі Қорлығайын от басып алғандай шоршып түседі. — Қашан, шырағым-ау?
— Тап осы өткен жетіде, — дейді Жаңабек сол Кувейтті басып алуға өзі де қатысып қайтқан адамша. — Саддам Хусейн бүткіл әскерін шекараға жинады да, бір күнде басты да алды.
— Құсайінің кім, әлгі біздің Құлманбетиярдың Қызылордадағы «мәшинес» баласы емес пе? — дейді осы кезде төрдің алдында отырған әліпті таяқ деп білмейтін «Ақиіннің» жасы үлекн шалдарының бірі Жарылқап аузындағы бауырсағын қызыл иегімен малжаңдап жатып. — О балаға не көрінген, ондай басбұзақылығы жоқ сияқты еді ғой.
Айтқан әңгіменің бірін есітіп, бірін шала есітитіне құлағының едәуір мүкісі бар, сауатсыз, ақкөңіл шалдың сөзіне жұрт ду етіп, қыран-топан бір күліп алды. Және құр күліп қойса жақсы ғой, онсыз да қиюы қашыңқырап бара жатқан саяси маслихаттың тағдырын одан әрі шиеленістіріп жіберді.
— Ата-ау, о балаң қалаға барған соң бұзылыпты ғой, Қызылорданың «көлигандары» кісіні бұзбай қоя ма? — дейді қу тілді Әбділдә деген тракторшы аңқау шалды енді мүлде адастырып. Және естімей қалар дегендей аузын тура Жарылқаптың құлағына тақап тұрып айтады.
Шал байғұс манағы қызыл иегімен малжаңдап отырған бауырсақты осы кезде әзер жұтып, тиісті жеріне жіберіп құтылады да, басын шайқайды.
— Иә-иә! Бұ күнде жұрт құтырды ғой. Осының бәрі тоқшылықтан, тоқтықтан. Ау, аш болсыншы, көрейін мен оның қалай тойтаңдағанын! Е, шырақтарым-ай, бірлік керек, бірлік…
Дастарқан басындағылар тағы да бір дуылдасып басылады. Енді олар Жаңабек көтерген бүгінгі күннің саяси өміріндегі осы бір ең маңызды мәселені мүлде ұмытып, бір-біріне бес қайнаса сорпасы қосылмайтын айдаладағы Иракты Қызылордамен, ал оның дүние жүзіне әйгілі президентін осы ауылдан шыққан Құлмамбетияр деген кісінің обылыс орталығында тұратын теміржолшы баласымен шатыстырып, мүлде басқа жаққа лағып кеткен Жарылқап шалдың мінезін қызықтап кетеді.
Қалған жұрт мәз-мейрам болып жатқанда, Жаңабек аузына су толтырып алғандай, бір шетте қабағын сыздатып, бұртиыңқырап отырады. «Осыларға адам деп әңгіме айтып отырған мен де ақымақ, — дейді іштей басқа амалы жоқтықтан өзін-өзі қажытып. — Әй, неменелеріне жетісіп күледі-ай сонда? Тура қағанақтары қарық, сағанақтары сарық болып тұрғандай. Оу, тым болмаса осылар сол кувейттіктердің бұлардікіндей жаман жаппа тамдарда емес, кранынан ыстық суы да, жылы суы да сарқыраған, ауласы кипаристердің көлеңкесіне көмілген, керек десеңіз, іштерінде айналасы ат шаптырым бассейіндері бар қазіргі замандық жайлы коттедждерде тұратындарын, дастарқандарынан қысы-жазы көкөніс пен жемістің неше атасынан бастап бекіренің уылдырығына дейін үзілмейтінін, балаларының тек қана американ компьютерлерімен ғана жабдықталған кең, сәулетті сарайларда оқитындарын да білмейді ғой. Сөйтіп отырып мысқылшылдарын қайтерсің. Қап, ерегіскенде енді жақ ашпаспын-ау бұл қазаққа қарап».
Иә, қысқасы, оның бойындағы қазақ қоғамының осындай «кертартпа» мінездеріне деген қарсылықтар ақырында қордалана-қордалана келіп, жас жігіттің қолына еріксіз қалам ұстатып еді. Әуелі жазғандарын облыстық, республикалық баспасөздердің редакцияларына жолдап жүрді, бірақ ол жақтағылардан хабар келе қоймады. Сонан соң дәл сол мақалаларын қайта көшіріп, ешқандай өзгертпестен аудандық «Коммунизм шұғыласына» жіберді. Бір күні буда-буда жиналып қалған аудандық газеттің соңғы нөмірлерін ақтарып отырса, сол мақалаларының бірі тура алғашқы беттің қақ ортасында жарқырап шығып тұр. Мақаланың аты — «Қойлы ауылдың қоралары», авторы Ж. Сибаділлаев. Ой, сондағы қуанғаны-ай! Қуанғаны емей немене, ошақтың басында сексеуілдің шоғына аққұман демдеп жатқан келіншегін барып, құшақтай алған жоқ па. Аңсыз отырған Өзипа ошақтың үстіне құлап қала жаздады, әйтеуір абыройлары бар екен, құдай сақтады ғой.
— Өзипаш, мынаң қара» — деді Жаңабек отқа құламай аман-есен қалған келіншегінің атын еркелете атап. — Менің мақалам!..
— Қойшы!.. — Алғашында «Түу, мынаны жын қуған ба?» деп жақтырмай қалған келіншегінің көзі де оттай жайнап жүре берді. Бірақ газетті сенер-сенбесін білмей, екіұштылау алды. — Шын айтасың ба?
— Енді сенің бірдеңеңді алдап алғалы тұрдеп пе ең? Оқысаңшы одан да, — деді Жаңабек шыдамсызданып.
Сиырдың тіліндей ғана шағын сын мақаланы Өзипа тез-тез жүгіртіп қып шықты да, дәл күйеуі күткендей-ақ жарыла қуана қоймай, екіұдай күйде үнсіз тұрып қалды.
Жаңабектің іші бір жайсыздықты сезгендей қылп ете түсті.
— Не, ұнамады ма?
— Жо-қ… — Келіншегі орнынан тұрып, мұның келіп қолын алды. — Құттықтаймын.
— Рахмет. — деді Жаңабек те көңілі алғашқыдай алып ұшпаса да, әйтеуір құдай қосқан қосағының ниетіне риза болып. — Қалай енді, былай… — деді сонан соң әлденеге сенімсіздеу үнмен қипақтаныңқырап.
— Жақсы, тек Тілепбай қайнағаны жамандаған сияқты болыпсың, сонысы болмаса… — деді Өзипа күлімсіреп.
— Өй, сенің ойлап тұрғаның сол ма? Бәсе, аяқ астынан неғып бүйтіп қалды десем!.. — Жаңабек қуанып кетті. Келіншегінің алғашында не ғып үндемей қалғанына енді түсінгендей болды. — Қызықсың, Өзипаш! Енді мен сонда шындықты жазбауым керек пе?
Өзипа сол күлімсіреген күйі:
Қайдам… — деп, иығын қиқаң еткізді де, шаруа қамымен қазандыққа қарай бұрылды.
***
Ел ішінде алып-қашпа әңгіме жата ма, не керек, «ойбай, Сибаділланың ұлы кәзитке Тілепбайды жамандап жазыпты, совхоздың қорасын дұрыстап салмайды. Сондықтан қоғамдық малдың күйі нашар депті» деген хабар ауыл-үйдің «сымсыз телефондары» арқылы» Ақиінді тегіс аралап шығып еді. Тілепбай қораны қалай салса да «Ақиінге» сыйлы кісілердің бірі еді, құрбыластары мен жасы кішілері оны Тәке десе, келіндер жағы «Би қайнаға», көбінесе «Бригәт қайнаға» деп әспеттейтін. Сондай кісіні қаршадай баланың «Ақиіннің» отын бірге оттап, суын бірге сулап отырып, тура басқа айтар жер құрып қалғандай баспасөз арқылы айдай әлемге әшкере қылғаны қалай дегенмен де жалпақ жұртқа әбестеу көрінді. Әйелдер жағы:
— Шырағым-ау, онысы несі, басқа жазатын түк табылмай қалғандай? — деп, беттерін шымшыласа, еркектер бұған нендей уәж айтарын білмей, шекелерін қасысты.
Алайда Жаңабек ешкімнен қыңбады. Ол ауылдастарының өзі туралы сыпсың-сыпсың әңгімелерін ескіліктің қалдығы ретінде қабыл алды. «Түптің түбінде бір кезде бұл өңірге де сын мен өзара сын, демократия, пікірлердің плюреализмі келуі керек қой. Ендеше сол әділ заманды бір табан болса да жақындата беруге тиіспіз. Ал сол демократия шеруінің басында праволық мемлекетті қызу жақтаушылардың бірі Сибаділлаев Жаңабек жүрсе, несі айып?!» деп түйді ол ішінен. Сол күнен бастап ол бұрын өзінің бойынан аңғармаған жаңа бір қасиеттерді байқағандай болды. Енді ол «Ақиіннің» жалғыз көшесімен қарсы ұшырасқандарға басын тәкаппар кейіппен болар-болмас қана изеп қойып, алшаңдай басып өтетін әдет тапты.
Шағын ауылдың байқампаз әйелдері оның бұл қылығын да назардан тыс қалдырған жоқ. Иінағаштарын асып, бұлақ басына келгенде, өріске бота-тайлақ, бұзау-тана айдай шыққанда, бір-бірінен оттық, не жермай сұрай барғанда өзді-өздері:
— Шешей-ау, со баланы ілім көтеріп кетпесе не қылсын. Бұрын мінезі жібектей еді, күнен-күнге бір түрлі болып барады өзі.
— Құрысыншы! Семіздікті қой көтереді деп, ана сулыкөз кемпір мен Өзипа келіннің арқасында жиналған аз-маз дәулетті көтере алмай жүрген де, шіркін! Әйтпесе не енді?..
— Иә, соны айтам-ау. Тауып жатқан көлденең пайдасы жоқ. Сідік шаптырым жердегі движокке күніне бір — сыриып барып, сыриып қайтқаннан басқа не бітіріп жатыр?! — десіп, күңкілдесіп жүрді.
Жалғыз әйелдер қауымы емес, бірте-біре ақиіндіктердің көпшілігі-ақ Жаңабекпен бұрынғыдай емес, байқап-байқап сәлемдесетін болды. Тіпті ауылдағы үш-төрт қатар–құрбысының өзі бұған сырт бергендей қалып танытты. «Өңшең жағымпаздар! Бәрі де Тілепбайдан қорқады, ал менің тап содан қыңбағаным!..» — деп ойлады құрбылары жайлы Жаңабек. Дегенмен, халық іші болған соң бәрі бірдей болмайды ғой, азғантай ауылдан бірлі-жарым болса да, бұған ниеті түзулер де табылмай қалған жоқ. Солардың ішінде әсіресе Алданыш деген тракторшының ықыласы бұған ерекше құлады. Екеуі оңаша бір кездескен сәтте ол:
— Әй, Жаңабекжан, саған рахмет — Тілепбайды бір қатырдың! — деп, бұның қолын алып, құшырлана қысып-қысып қойды. Темірмен алысып өскен қол емес пе, уысы қап-қатты екен, жас жігіттің нәзіктеу саусақтарын бытыр-бытыр еткізіп жіберді. Қанша тырысса да, Жаңабектің аузынан ауысынған дыбыстар шығып кетті. Өзінің тым әбестеу қимылдап қойғанын ол кісі де білсе керек, атын жуып-шайып жатыр-ау дегенмен. — Кешір, айналайын, қолыңды қаттырақ қысып жібердім білем. Ал енді бар ғой, оқып шықтым: мақалаң — во! Біле білсең, бұ бастықтардың көкірегіне кейде өстіп асып қою керек. Әйтпесе, құдайларын ұмытып кетеді мүлде.
Алданыш осы ауылдағы бастықтармен жиірек ұстасыңқырап қалатын санаулы кісілердің бірі-тін. Ертеректе ішкілікке де үйірлеу болып жүрді, соның кесірінен де Ақиіннің атқамінерлеріне шіркін атанған кездері де аз болмапты. Сондықтан да оның тілші жігітке аяқ астынан не ғып ықыластана қалғанын түсіну шешуі қиын жұмбақ емес-ті.
Иә, сол Алданышты Жаңабек творчествосының осы өңірдегі бірден-бір ең қызу қолдаушысы, шын жанашыр табынушысы деуге болатын. Мұның газет бетіне жылт еткен бірдеңесі шықса, кездескен жерде:
— Бала, ал енді бар ғой, оқып шықтым: мақалаң во!.. — деп, бас бармағын шошайтып, темекінің түтіні жеп тастаған сап-сары тістері бейкүнә ыржиып, қарап тұратын. Ал кей-кейде тіпті:
— Қалай, «жорналис» жолдас, денсаулық мықты ма, қаламың жүріп тұр ма? — деп, мұның бағасын мүлде көтеріп жіберетін. Совхоз орталығындағы мектеп-интернаттың сегізінші класын толық, ал тоғызыншысын жартылай ғана бітірген моторист жігіттің іші, шынын айту керек, Алданыштың әсіресе осы «жорналс жолдас» деген сөзін естігісі келіп, елжіреп тұратын.
«Дәндеген қарсақ құлағымен ін қазады» деген рас екен: Жаңабек содан мақала жазуды жиілетті. Және енді сол жазғандарын бұрынғыдай облысқа, не республикаға жіберіп әуреленіп жатпайды, тура аудандық газеттің өзне айдайды да отырады. Соның бәрі бірдей кәдеге аспағанымен, ішіндегі жолы болғыштары жарқетіп, «Коммунизм шұғыласынан» орын алып жатады.
Уақыт солай зымырап өте берсін. Бір күні аудандық газеттің өзінен, өзінен болғанда тура редакторынан қатынас хат келіп тұр. «Құрметті Сибаділлаев жолдас! Осылай да осылай — пәленінші күні болатын аудандық тілшілердің слетіне шақырамыз. Міндетті түрде қатысуыңызды сұраймыз» депті.
Ал кәні, сол күні Жаңабектің бойына ас батсайшы. Дәл осылай толқыса, тек баяғыда Өзипаны аларда ғана толқыған шығар. Келіншегіне сандықта жатқан судай жаңа костюм-шалбар мен әпкесі Қызылорданың универмагынан базарлыққа әкеп берген ақ шаңқан қытайлық жейдені алдырып, үтіктетті. Аяққа қара туфлиді киді, күзем жүні қырқылмаған тоқтының терісіндей аздап жабайыланып кеткен шашты айна алдында тұрып алып, қайта-қайта сулай тарады, сонан соң аудан орталығы — Қазалы қайдасың деп тартып отырды.
***
Қазалыдағы жиыннан Сибайділланың жалғыз ұлы екі езуі екі құлағына жетіп оралды. Өзінің айтуына қарағанда, редактор мұның жазғанын өлгенше мақтап, бүткіл ауданның тілшілеріне үлгі ретінде ұсыныпты. «Осылай да осылай… Сибаділлаев жазса, тек шындықты жазады, ешкімнің бет-жүзіне қарамайды. Жазатынының бәрі — сын мақалалар. Нағыз қайта құру, жариялылық заманының рухына сай келетін дүниелер. Ал, кешіріңіздер, сіздердің көпшіліктеріңіз әлі тоқырау дәуірінің шаң-тозаңынан арыла алмай жүрсіздер — кілең бір көпіртіп келіп мақтау, жотқы — бар, жабыны — тұлпар, қара қарғаны — сұңқар ретінде дәріптеу, сын жазбайсыздар, жазған күнде де сылап-сипап, аяғын сиырқұйымшақтандырып жібересіздер. Ал, Сибаділлаев жолдас…»
Жаңабек жан дегендегі жалғыз сырласы Өзипаға ауданнан көрген-білгендерін осылайша шетінен масағын қалдырмай, рет-ретімен баяндап отырған. Әңгіменің осы бір жеріне келгенде — ой, алла, өмірде күтпеген, оқыс жайлар да бола береді ғой — келіншегінің өз-өзінен бұлқан-талқаны шықпасы бар ма.
— Иә, аудандағы редактордың несі кетіп барады. Ал біз осы ауылдың бәріне шіркін болуға айналдық. Оу, ақың кеткенше жұрттың бәрін шетінен мұрнынан тізіп сынай бергенше, арасында бір мақтап та қоймайсың ба?! О, несі тіпті, редактор-редактор деп…
Желпініп, өзінің отының басына өзі әзер сиып отырған Жаңабек аяқ астынан сам-соз болып, отырып қалды. Алғашында тым жақсы мәслихаттың күтпеген жерден шырқын кетірген келіншегін еркектік жолымен біраз тәртіпке салып алмаққа бір оқталып еді, жағдайды ақыл безбеніне сала келе, ол ойынан айнып қалды. Ойлап қараса, Өзипаның айтып отырғанының да жаны бар. Әуелі ферманың қорасын дұрыстап салмады деп Тілепбайды сынады, одан үкіметтің бақшасына қарағанда өзінің жекеменшік қауындығына көп көңіл бөледі деп Қарамеңдінің баласы Қасқырбайға тиісті, ал енді жуырдағы бір мақаласында — ыңғайсыз да болса айту керек — кітапханашы уақытылы ашып тұрмайды деп өзімен кішкентайынан бірге өскен Күнімайды кінәлады ғой…
Жаңабек қараптан-қарап өз-өзінен қысылып кетті. Тілепбай мен Қақырбайдың өз обалдары өздеріне делік, ал енді Күнімайдың пәлендей көп жазығы жоқ еді ғой. Рас, кітапхананы уақытылы ашпайды. Бірақ осы ауылда мына өзінен — Сибаділләнің ұлы Жаңабектен — басқа сол мекемеге бас сұғып жатқан жан шамалы емес пе? Сонда Күнімай бұның жалғыз өзіне бола бүткіл шаруасынан қалып, кітпахананны күні-түні күзетіп отыруы керек пе?
Шынында да, мен оны неге сынап жүрмін-әй өзі?
Ол осы сауалдың төңірегінде сәл-пәл ойланып отырды да, кенет абайсызда әлдекім ұрлығының үстінен түскендей өз-өзінен қызарып кетті. Иә, жасыратын несі бар, осы Жаңабектің бір кездері Күнімайда көңілі болып еді. Ол бірақ екеуінің арасындағы жайды әзіл-қалжыңға айналдырып, бұған көнбейтінін сыпайылап қана білдірген-ді. Апырмай, соны өзінің осы уақытқа дейін ұмытпай жүргені ме? Бәсе, әйтеуір кітапхананың жұмысын сынағысы келді де тұрып еді, бәрі соның бәлесі екен ғой. Мынаусы енді, шынында, былай… шетіндеу шаруа болыпты-ау. Сол жиылыста редактор аудан бойынша екі-үш кісіге «Коммунизм шұғыласының» штаттан тыс тілшісі деген куәлігін салтанатты жағдайда тапсырған. Сол куәліктің алғашқысы да осы Жаңабекке тиіп еді. «Манадан бері босқа сөйлей бергенше Өзипашқа сол куәлігімді көрсетсемші, — деп ойлады тілші жігіт осы есіне түскенде.. — Ту, мен де қызықпын, әйтеуір, адам деген әңгімені әуелі негізгі жаңалықтан бастамай ма? Дегенмен, келіншегінің жаңағы пікірінің жаны бар сияқты: енді біреулерді мақтап та жазып көрсін, кім біледі, сол қайта құру дегеніңіздің өзі жұрттың бәріе жаппай топырлатып сынай беру емес шығар, бәлкім».
«Коммунизм шұғыласының» штаттан тыс тілшісі енді негізгі жұмысынан босаған бір сәттерінде кімдерді мақтап жазуға болар екен деген сауалдың төңірегінде бас қатырып көрді. Келдібайды мақтайын десе, бастыққа жағымпазданған секілді бір түрлі ыңғайсыз. Оның үстіне жұрт ағайынына тартты деп гу ете қалудан да тайынбайды. Ал Алданышты басты кейіпкер етіп алуға оқталып көрсе — шын мәнінде, Жаңабектің бұл ауылда одан жақын кімі бар — ол кісінің әлі күнге дейін ара-тұра мейрамдарда болса да, ащы судан ұрттап қоятын жаман әдеті қалмай жүр екен. Ақыры Жаңабек ешкіммен жұмысы жоқ, қарақұмда өзімен өзі болып, қой бағып жатқан бір Сырлыбай деген жуас шопан шал бар еді, соған тоқтады. Көп ұзамай «Коммунизм шұғыласының» бетінде «қарақұмды малға маңғыртқан» деген көлдей очерк пайда болды. Басқа баспасөзге көп мән бермесе де, аудандық газетті назардан тыс қалдырмайтын ақиіндіктер мына жаңалыққа біраз таңырқасып қалды. «Апыр-ай, мына Сибаділланың баласына құдай бірдеңе берер, ойбай-ау, мынаның пейілі жақсылыққа бұрыла бастапты ғой» десті олар штаттан тыс тілшінің сыртынан. Бұрын мұның газетке шыққан материалдарына онша көңілі құлай қоймайтын Өзипа да бұл очеркті ерекше ынтамен оқып шықты.
— Апамның баласы-ау, мына қызыл қашар биыл, өзің білесің, қысыр қалды, енді осыны қыстай шөпке ортақ қылғанша көктем шыққанша сол Сырлыбай атамдардікіне қосып қоя тұрсақ қайтеді? Болса да совхоздың тегін шөбі, ештеңелері кетпес, — деді ол жааңғы мақала шыққан соң бірер жеті өткеннен кейін.
— Көрейік… — деді Жаңабек селқостау. — Ұят болып жүрмесе.
— Несі ұят. Осы сенің-ақ бет моншағың үзіледі де тұрады екен.
Ақыры келіншегінің сөзін жерге тастай алмаған Жаңабек құмға қатынаған көліктердің біріне қызыл қашарды Сырлыбай атасына сәлем айтып, салып жіберіп еді, «Қарақұмды малға мыңғыртқан» очеркінің басты кейіпкері ләм-мим деп сөзге келместен, сиырды алып қалыпты. Және әлгі көлікке қайтарда «Сырғалы құрбыма апарып берерсіңдер, биыл қыс қатты болып тұр ғой, бұзау-танасына жалатар» деп, бес-алты қап жем салып жіберіпті. Бұл — Жаңабектің өмірінде еркек боп тапқан тұңғыш көлденең табысы еді.
Әрине, осыдан кейін тілші жігіт сыннан гөрі очерктердің жанына да, малына да пайдалырақ болатынын ептеп түсіне бастады. Бірақ, құдайдың құдіреті, қаламы құрғыры сол мақтауға келгенде кегежектеп жөнді жүрмей қояды. Әлде өзі табиғатынан сыншыл жан ба, әлде жесір шешесі мен жетім әпкелерінің жуандау әулеттерден көрген кәдімгі ауыз толтырып айтатындай әділетсіздік болмаса да, оны-мұны қағажуларын жастайынан көкірегіне көп тоқып өскендіктен бе, әйтеуір кекшіл-ақ. Жұртты, оның ішінде де, Алданыш ағасының тілімен айтқанда, солардың кеудесі өсіп кеткендерін сын тезіне салғысы келеді де тұрады. Міне, тілші жігіттің ойынша, сондай кеудесі өсіп кеткендердің бірі Нұрқожа дүкенші-тін, және оның бұлайша ойлауының себебі де жоқ емес еді.
Нұрқожа — қою қара мұрты май жаққандай үнемі жылтырап жүретін, толық төртпақ денелі жігіт ағасы — осыдан жыл жарымдай бұрын «Ақиінге» аудан орталығынан көшіп келген болатын. Салқын қабағының астындағы кішілеу қой көздері кісіні өзіне көп жақындатпай, үнемі белгілі бір ара қашықтықта ұстайтын бұл кісінің негізінен істің адамы екені бірден байқалатын. Аз сөйлеп, көп тыңдайтын, бостекі қалжыңға, пайдасыз әңгімеге жоқ ол өзінің осы тектес ерекшеліктерімен тұрғылықты, байырғы ақиіндіктерден кәдімгідей оқшауланып тұратын.
Білетіндердің айтуынша, дүкенші балалы-шағалы кісі көрінеді, бірақ ер жетіп кеткен балаларын жылы орындарынан қозғамай, аудан орталығындағы жекеменшік шарбағына қалдырып кеткен ол бұл ауылға әйелі екеуі ғана көшіп келген-ді. Кезінде Нұрқожаның осы бір тосындау көші де бұл төңіректің әйелдерін біразға дейін тың әңгімеге жарытып тастап еді.
— Ей, алла!.. Бала-шағаларын түгелдей қаладағы тамына тастап кетіпті. Көктігілсін, енді екеуден-екеу құр сопа бастары қалай отырады-әй?
— Бір-бірін ермек қылатын шығар. Біз секілді ауылдың салпы етек жаман қатыны емес, ана әйелін көрдіңдер ме, сары қарын болса да әлі үстіне шаң жұқтырмай, көлкілдеп отыр.
— Аузы — толған алтын. Әй, не қылса да сол бір аузының өзінде біздің төрт-бес сиырымыздың пұлы тұр-ау.
— Қара тігілсін, өзіміздің бұрынғы Әутайымыз жақсы еді қағынғыр. Мына дүкенші кісіге қабағының астымен қарап сыздайды да тұрады.
— Өзінің бұ жақта ешқандай жақын-жуығы да жоқ дейді. Шақырып әкелген мына Келдібай көрінеді ғой, осылармен құда-жекжат па, әйтеуір сондай бір ілік-шатыстары бар.
Міне, осы секілді судай жаңа мәліметтер Нұрқожаның көшіне сол кезде-ақ іле-шала еріп келген-ді. Қанша айтқанмен еркек емес пе, Жаңабек құлағы шалуын шалғанмен, қатын-қалаштың мұндай өсек-аяңдарына көп мән бере қоймайтын. Оның үстіне, ішкілікке үйір болмағандықтан ба, сол дүкеніңе айында-жылында бір бас сұққаны болмаса, көп бармайды. Барып не қылады, басқаны былай қойып, бұл тартатын «Беломорға» дейін келіншегі Өзипа әкелсе.
Сол Өзипа бір күні дүкеннен мұңайыңқырап оралды. Енесіне бірдеңе-бірдеңелерді күңкілдеп айтып жатыр. Құлағын салса, кәдімгідей кісінің намысына тиетін жай. Дүкенге тәуір кәмпит түскен екен, әлгі дүкенші мұның келіншегіне бітіп қалды деп, бермей қойыпты. Өзипа бітсе біткен шығар деп жөніне кете беріпті. Сонан соң арада бірер сағат өткенде әлдеқандай тағы бір екінші шаруасымен сол дүкенге қайта бір соқса, дүкенші әлгі бітіп кетті деген кәмпитін Келдібайдың үйіндегі жеңгей мен Тілепбайдың үйіндегі жаңа түскен келіннің сөмкелеріне тыққыштап салып жатыр дейді.
Мынаны естігенде Жаңабай іштей күйіп кетті. Өзипашы шайды кәмпитпен тістеп ішкенді жақсы көретін, оны былай қойғанда, әлгі Нұрқожаның бұларды басынып, көзге ілмеуін қарамаймысың. Бәрінен жанға батқаны осы басынғандығы еді. Нұрқожаның сауда тәртібін кейде осылайша аяққа басатынын бұрын да еміс-еміс есітетін, енді мынадан кейін сол сөздің растығына ешқандай шүбәсі қалмады. Ішінен: «Қап, сен мұртты ма?!.» деді кіжініп. Міне, «Коммунизм шұғыласының» таяудағы нөмірлерінің бірінде жарық көрген ақиіндік дүкенші туралы фельетон өмірге осылай келіп еді
3
— Жаңабек! Жа –ңа-бек!.. — Өзипаның жан даусы құлаққа ұрған танадай тым-тырыс жатқан өзен жағалауын жаңғыртып жіберді. Алайда ымырттың күңгірт бояулары бетін жаңа ғана сипап өткен сай-салалар мен шоқ-шоқжиде мен жыңғыл, қамыс аралас өскен тоғай іші сазарып, сыр берер емес. Етегі елпі, жеңі желпі алу-далу, мелшие қалған.
— Жа-ңа-бе –к!..
Жаңабек қол-аяғы матаулы күйінде әлі сол дария жиектегі былқылдақ саздың үстінде тырп ете алмай жатқан. Қазір ол келіншегінің аянышты үнін анық есітті. Бірақ әлденеге қырыстанып, үнсіз қалды. «Дүкеншінің менің қайда кеткенімді көрсетіп, жөн сілтеп жіберген неме ғой, жүрсін енді осылай сандалып» деді іштей ызасы қайнап. Қанша айтқанмен ымырт түсіп, топырақ тоңази бастаған шақ қой, былқылдақ саздың салқын лебі қарыған ол жалаңаш денесі дір-дір етіп, жаурап та барады. Тағы да — осымен бүгіндікке нешінші рет десеңізші! — олай-бұлай жанталаса бұлқынып көріп еді, су тиіп, ширай түскен кендір арқан қызылшақа болып күнге әбден пісіп қалған терісін тызылдатып, денесіне одан сайын бата түсті.
Өзипа жүгіріп отырып, Жаңабектен екі жүз-үш жүз метрдей жердегі өзен жиегінен бір-ақ шықты. Төңірек сол баяғысынша демін ішінен ғана алып, тымырая түскен. Жардың басында ентігіп тұрған келіншек төменде көксұрланып жатқан Сырдарияның айдынына үрейлене көз салып, аз-маз тұрды. Әлдеқайдан құрбақалар құрқылдасты. Қанаттары жалпылдап дәл төбесінен бір құс ұшып өтті. «Бісміллә-бісміллә, мынау байғыз ғой!..» деді онсыз да зәресі шып тұрған келіншек. Сонан соң бұдан бұрын әрі өзіне-өзі әлі келмей, әйелдігіне салып, еңкілдеп жылап қоя берді.
— Жаңабе-ек-к! Жаңабек дейім-м!..
Қанша дегенмен ақ көңіл жігіт бұдан әріге шыдамады. Ендігі жасырынбақ ойнаудың сәні де жоқ еді.
— Не-е?.. — деді ол қамыстың арасынан даусы қырылдап.
— Алла-алла!.. Құдай-ай, әйтеуір тірі екен ғой! — деді, күйеуінің жердің астынан шыққандай тосын даусын естігенде алғаш селк ете қалған Өзипа. — Жаңабек-жан ай, қазір-қазір!..
Келіншек көйлегінің етегіне сүріне-қабына әні-міне дегенше күйеуінің жанына жүгіріп жетті де, жерде домалап жатқан оны жалма-жан құшақтай алып, сыңсып қоя берді.
— І-і-і! Ің-ң-ң!.. Құдай-ау шынымен қол аяғын матап тастаған ба? Жетпей, желкесі қиылғырлар-ай, тура көк ала торғайдай қылыпты ғой!..
Онсыз да ызадан жарылардай болып жатқан Жаңабек дүңк ете қалды.
— Өшір үніңді!.. Одан да мына арқанды шеш.
— Қазір-қазір-р!..
Келіншек саусақтары дірілдеп, күйеуінің бүткіл денесіне жыланша оратылып қалған арқанның түйінін іздей бастады. Бір кезде тапты-ау. Бірақ балшық пен ылғал сіңіп, тастай қатып қалған сол түйіні құрғырды шешуге шамасы келмей, біраз әуреленді.
— Пышағың жоқ па? — деді Жаңабек.
— Жоқ.
— Онда тісіңмен тістеп шеш!
— Ойбай-ау, манадан бері сол не ғып ойыма келмеген. Қазір-қазір!.. — деді Өзипа даусы дірілдеңкіреп.
Келіншек күйеуінің үстіне еңкейген күйі түйіннің бір ұшына маржандай тізілген қайратты тістерімен қысқашша қадала қалды да, екінші шетін қолымен бар күшімен шірене тартты: арқан шешіле бастады.
— Болды, — деді бір кезде Өзипа. — Тұра ғой енді.
Жаңабек сүйретіліп орнына әзер тұрды. Келіншегі оған қайтадан жалма-жан құшағын жая ұмтылды.
— Жоламаңдар маған!.. — Жаңабек оның ұсына берген қолын қағып жіберді. — Қазір өлтірем бәріңді!.. деді сонан соң даусы қырылдап. Сөйтті де маңдайын «Ақиінге» туралап, адымдай жөнелді.
Өзипа әуелі не істерін білмей состиып тұрып қаллды. Сонан соң бірте-бірте алакеугімде көлеңкесі әр жерден бір қараңдап, өзінен тез ұзай берген күйеуінің артынан бүлкілдеп жүгіре жөнелді. Жаяуды жаяу жібере ме, дарияға келіп тірелетін сайды кесіп өтіп, қабаққа асыла бергенде күйеуін қуып та жетті. Бірақ жанына тым жақын баруға бата алмай:
— Құдай үшін кешірші. Мен ол жертартқырлардың жаман ойы бар екенін қайдан білейін. Сенде тығыз жұмысымыз бар деп қиылып тұрған соң, аңғал басым сілтеп жібере қойып едім… — деді анадайдан жалынышты дауыспен. — Сөйтіп мана кешкілік бұлақтың басына суға барсам, «матасекілдерін» жуып жатыр екен. Әлгі дүкеншінің қағынғыры: «Ана күйеуіңді барып, босатып ал. Дария жиекке байлап кеттік. Енді екіншілей редакцияға қарай аттап баспайтын болсын, әйтпесе тура аяғын сындырам» дейді. Өзі ішіп алыпты, аузынан арақтың иісі бұрқырап тұр.
Жаңабек артына кілт бұрылып, ыза мен намыстан ұшқын атқан ашулы көздерін келіншегіне қарай жалт еткізді:
— Әй, енді қоясың ба, жоқ па?!.
Өзипа амалы құрып, үн-түнсіз состиып тұрды да қалды. Бұдан кейін ол қашан ауылға жеткенше күйеуінің ізінен не біржола қара үзіп қалып та қоймай, не жанына тым жақындамай анадайдан үн-түнсіз салпақтап ерді де отырды.
Арада бір сағаттай уақыт өткенде екеуі үздікті-создықты отырған шақ қой, сыртта бейсауыт жүрген жан жоқ, төңірек тым-тырыс. Маңдайларына біткен жалғыз мотористері дарияның жиегінде байлаулы жатқандықтан ауылда тіпті электр жарығы да жоқ еді: терезелерден май шамның әлсіз сәулелері сығыраяды.
Көшенің ортан беліндегі өз үйінің алдына келгенде Жаңабек бір-ақ тоқтап, манағыдай емес елдің ішіне енген соң екі арадағы ара қашықтықты біраз жақындатқан келіншегін дарбазадан бірінші өткізіп жіберді.
— Шам жақ!.. — деді сонан соң әмірлі үнмен өз тамының түксиіп тұрған қап-қараңғы терезелеріне қарап қойып. (Шешесі бұдан екі-үш күн бұрын кішкентай немересін алып, қаладағы қызына қыдырып кеткен болатын.)
Өзипа жүгіріп жүріп шам жақты. Жүгіріп жүріп самауырға шоқ салды. Жүгіріп жүріп есіктің алдындағы қолжуғышқа су құйды. Ал Жаңабек жаңағы тұтатылған май шамның біреуін алды да, екі бөлмелі етіп үй секілді ұқыптап салынған сарайдың сыртқы есігіндегі ілмешекті көтеріп жіберіп, ішке енді.
Салғаннан түпкі бөлмеге қарай өтті. Бұнда негізінен тек осы үйдің еркегіне тиісті мүліктер ғана сақталатын еді. Сондықтан да қай заттың қай жерде тұратыны есіне әбден жатталып қалған Жаңабек іздегенін қиналмай-ақ тапты. «Қазір оларды өлтірем… Жүгіріп жүріп деді ол алтыншы аңшы мылтығының оқшантайын тексеріп жатып. Сонан соң брезент қаптың ішінде жатқан оқтаулы патрондардың біреуін мылтыққа, екі-үшеуін шалбарының қалтасына сүңгітіп жіберді де, әлденеге белді бекем буған кейіппен мылтықты алып, аулаға шықты. Бір таңданарлығы, не мылтықты қабырғадағы шегеге ілулі тұрған жерінен алып жатқанда, не оны оқтар сәтте иә саусақтары дірілдеп, иә көңіліне көлденең бір қобалжу еніп, жүйкесі ешқандай сыр берген жоқ.
Шай қамымен олай-бұлай жүгіріп, сырт көзге өзімен-өзі болып кеткен сияқты болғанымен көзінің бір қырымен күйеуінің әрбір қимылын сырттай аңдып жүрген Өзипа оның қолындағы мылтықты көргенде, мүлде шошып кетті.
— Ойбау-ау, оның не, тасташы анауыңды, құртасың ғой бәрімізді!.. — деді ол екі беті құп-қу болып.
— Үніңді өшір, әйтпесе қазір сені де жайрата салам!.. — деді Жаңабек оның қасынан өтіп бара жатып. Сүйтті де қақпаның есігін сарт еткізіп, көшенің келесі басына қарай адымдай жөнелді.
— Жаңабе-ек-к!.. — деді келіншегі ышқынып. Үні жабайыланып, тарғыл-тарғыл шығып кетті. Бірақ оның жан даусын ап-анық есітсе де, Жаңабек артына ең болмаса бұрылып та қарамады.
«Ойбау-ау, мынау сұмдық қой, сұмдық!.. — деді денесі қалтырап, өзіне-өзі әзер иелік етіп тұрған келіншек күбірлеп. — Енем де жоқ, енді қайттім?!.»
***
Арада бес-алты минуттай өткенде Жаңабек ентіге басып, ауылдың шетіндегі дүкеншінің ауласына барып та енді. Төңірекке мойнын соза қараған, еңселі, шатырлы үйдің алдында манағы «Урал» мотоцикл қаңтарулы тұр. Сарайдың жанында арақтан босаған ағаш жәшіктер қатарлана қаланып қалыпты. О баста неден босағаны бір құдайдың өзіне ғана аян сыйымдылығы әрқилы темір бөшкелер ауланың екінші бір бұрышына жиналған. Мұнда да тым-тырыс тыныштық. Тек терезелерінен себезгілеген шамдарының жарығы басқа үйлердікінен молырақ, сәулеттірек секілді. «Иттер, керосиннің де тәуірін өздері жағатын шығар!..» — деп ойлады жас жігіт ішінен күңк етіп.
Ентігін басып, жан-жағынан тың тыңдап, тағы сәл-пәл тұрды. Манағыдай емес, жүрегі дүрсілдеп, қаттырақ соға бастады. Көзінің алды бір сәтке кіреуке тартып, қарауытып кеткендей болды. «Ештеңе етпейді, қазір басылады. Шаршағандыкі болар, иә, иә, шаршағандыкі…» — деді жас жігіт өзін сабырға шақырып.
Шамалыдан соң аяғын еппен басып, әйнектің тұсына келді. Тағы да сәл-пәл аялдады. Сонан соң әлденеге белді бекем буған түрмен терезенің жақтауын жұдырығымен дүңкілдетіп, қағып-қағып қалды.
Ашық тұрған желдеткіштен:
— Көтек, бұ қайсысы?! — деген әйел даусы саңқ ете түсті де, артынша перденің бір шетінен басын ғана қылтитқан дүкеншінің әйелінің таныс бейнесі қылаңытты.
— Тоқтарды шақыр!.. — деді Жаңабек онымен бетпе-бет келіп:
— Оны не қылайын деп едің, шырағыс-ау… Жұмысың болса, үйге кіріп сөйлеспеймісің?
— Жоқ, кіруге уақытым жоқ, тез шақырып жібер есік алдына. — Жаңабек осыны айтты да, «енді сөз бітті» дегендей артқа қарай он шақты қадам шегініп, манағы жинаулы тұрған ағаш жәшіктердің тасасына барып жасырынды.
Бәрін көріп тұр: терезе перделерінің ар жағынан бөлмені әрі-бері кезгілеген екі-үш адамның бөлмені әрі-бері кезгілеген екі-үш адамның көлеңкесі бірауық көлеңдеп тұрды да, әлден соң көрінбей кетті. Сықыр етіп дәліздің есігі ашылды. Тырп-тырп басқан аяқ киімнің тықыры естілді.
Жаңабек жалма-жан мылтықтың құндығын бауырына қысқан күйі демін ішінен ғана алып, тым-тырыс тына қалды. Кенет сарт етіп сыртқы есік айқара ашылды да, іштен еңгезердей біреу шыға келді.
— Бұ кім-әй?!. — деді ол өз-өзіне нық дауыспен. Бұл — дүкеншінің ұлы Тоқтардың нақ өзі еді. Алайда Жаңабек жауаптасуға үлгере алмады, ол аузын ашам дегенше болған жоқ, жолындағы бос шелек пе, леген бе — әйтеуір іші қуыс темір ыдысты қаңғыр еткізіп, дәл осы кезде тысқа оның серігі — манағы тығыншық қара да шықты. Тілші жігіт оны да даусынан тыныды.
— Әй, жаңағы кім екен-ай? — деді ол да түк болмағандай мардымсып. Ештеңеден сескеніп тұрғандары көрінбейді, тіпті ата жаулары келсе де, айылдарын жиятын түрлері жоқ. Жаңабек мыналардың жайбарақаттықтарына күйіп кетті.
— Имандарыңды үйіріп, бері қарай шығыңдар. Қазір атам!.. — деді ол анадайдан дауыстап. Сүйтті де саусақтары дірілдеп, шүріппені іздей бастады. Қараңғы түнді тіліп, мылтық үні… гүрс ете қалды. Бірақ оқ көздеген нысанадан әлдеқайда биік кетті. Жо-жоқ, Жаңабектің ниеті шын-ақ қарайып еді, жігіт шүріппені баса берген кезде әлдекім артынан келіп мылтықты құнадағанын қағып үлгерген болатын. Бұл — Өзипаның айтуымен жүгіріп келген Алданыш-тын… Және сол Өзипа жанталаса жүгіріп жүріп ауылдың Алданыштан басқа да бірсыпыра адамын аяғынан тік тұрғызып үлгерген еді.
Жеті түнде шаңқ еткен мылтық даусы қандай үрейлі: демнің арасында дүкеншінің ауласы ызы-қиқу шу болды да қалды.
— Ойбай! Ойбай!..
— Астапыралла! Мынау жын ба, пері ме?!. Құдай-ау, бұ кім өзі?
— Ойбай-ойбай, өлтіреді ғой, ұстасаңдаршы!.. — дескен еркек-әйелі аралас шаң-шұң дауыстар жан-жақтан-ақ қаптап кетті.
— Тірі ме әйтеуір?!
— Тірі-тірі!..
Алғашында басы айналыңқырап мең-зең тұрып қалған Жаңабек аяқ астынан осыншама адамның қайдан қаптап кеткенін біле алмай дал болды. Алданыш, Тоқтар, тығыншық қара, дүкеншінің бәйбішесі, өзі, тағы үш-төрт әйел мен еркек… тіпті біт қараса, жанында қолтығына жабысып, өзінің Өзипасы тұр еңіз-теңіз болып.
— Жүр, кетейікші. Жаңабек, жүрші енді, жалынам, жаным, жү-үр-р… — дейді.
— Әй, сені ме, сені!.. Әй, мына жаман енді басқаны қойып, отымның басына ойран салды ғой. Қап, көзіңді қойып, отымның басына ойран салды ғой. Қап, көзіңді көгертіп, басыңды түрмеде шірітпесем бе?! Көрерсің осыдан, айтқаным айтқан! — деп, анадайдан әшейінде аузының сызданып сөз шығып болмайтын Нұрқожа жүр барқ-барқ етіп.
Не болып, не қойғанын өзі де білмейді, қойшы әйтеуір, бір кезде Алданыш пен Өзипа екеуі екі қолтығынан ұстап, үйіне әкеле жатыр екен. Келіншегі арасында ықылық атып қойып, пырс-пырс жылайды, ал Алданыш ағасы сымбырлап ақыл айтып келеді.
— Ай, Жаңабекжан-ай, асылы, мынауың бір немқолайлылау іс болды ғой. Ау, мына мен секілді шала сауатты көп надан қазақтың бірі болсаң, сөзім басқа. Көзің ашық, көкірегің даңғырадай сайрап тұрған-ақ жігітсің. Ал мен саған шынымды айтайын — осы ауылда ілім-білім жағынан сенің алдыңа түсетін құдайдың жаны жоқ. Бірақ, бала, байқа: тап мен бірдеңе білетін болсам, мына дүкенші осал жау емес. Ондай кісілермен бұлай ойнауға болмайды, қарағым.
Алданыштың ақылының уақытынан сәл-пәл кейінірек айтылғаны болмаса, бәрі дұрыс еді. Оны енді-енді сабасына түсе бастаған Жаңабек те ептеп ұға бастаған. Бірақ ол дәл қазір бәрінен де бұрын тезірек үйіне жетіп, төсекке құлай кетуді ғана ойлап келе жатқан болатын — одан өзгеге шамасы да жоқ-ты.
4
Алданыш бұл жолы қателеспепті: дүкеншінің оңай жау емес екендігі расқа шықты. Келесі күні ел орынға отыра бере-ақ «Ойбай, Сибаділланың ұлын „мілитса“ ауданға әкетіпті» деген суыт хабар дүңк ете қалды. Көптен бері ауыз толтырып айтарлық жаңалыққа жарыңқырамай жүрген ақиіндіктер үшін бұл нағыз іздегенге сұрағанның өзі болды да қойды — сол сол-ақ екен осы тақырыпты төңіректеген алыпқашпа әңгімелер желді күнгі өрттей лаулап ала жөнелді.
— Мына дүкенші де нағыз арамзаның өзі болды: қалай тез арызданып үлгерген, ең құрығанда арада екі-үш күн өтсе бір сәрі, — десті біреулер таңырқасып.
— Ойбай-ау, оның несіне таң-тамаша бола қалдыңдар! Қашан да бардың қолы — ұзын, бұл мұрттың тамыры тереңде жатқан жоқ па, — деді екінші біреулер оларға салғаннан бұлтартпас дәлелдерін кесе айтып.
— Ойпырмай, дегенмен нағыз жытқыр екен, ең болмаса осы ауылдың ақсақалдарына бір-екі ауыз ойласпағаны ма?
— Өй, сендер де қызықсыңдар, осы күні ақасақалға ойласатын заман ба? Ал енді со баланың өзі де тым даңдайсыңқырап кетті ғой — әйтпесе енді мылтық кезеніп, сонша не басына күн туды? Алданыштың атасына рахмет, ол балмағанда, кісі өлімі болуы кәдік еді. Енді Сибаділланың ұлының осынысы да жөн еді демексіңдер ме?
— Оның да рас-ау. Қайта әйтеуір абыройлары бар екен. Айтпа-айтпа, кісі өлгенде екі жақ та сорлайтын еді.
— Қой, заман бұзылды ғой. Осы күнгінің балдары шешелерінен тумай жатып шетерінен «нербіни». Әйтпесе не енді…
Әрине, «Ақиіндегі» осы секілді әрқилы жорамалдар мен топшылаулардың бәрін тізіп шығу мүмкін болмайтын. Бір-ақ нәрсе айқын еді — әйтеуір бұл хабар уақыт өткен сайын жаңа мәліметтермен байи берді, сондықтан да көлденең жұрттың делебесін қоздырған осы тақылеттес әңгімелер әзірше күннен-күнге өрши түспесе, өшетін түр байқатпады.
Баласын милиция ауданға айдап кеткен күннің ертесіне оралған Сырғалы кемпір мына тосын суық хабарды естігенде, талып қалды. Көрше-қолаңы мен келіні бетіне мұздай су бүркіп жүріп, арада жарты сағаттай өткенде байғұсты әзер тірілтіп алды. Өзипада өң-түс жоқ, қайта-қайта көздері мөлдіреп, жылай береді.
Сырғалының отағасысы Сибаділла марқұм ағайынға жоқ-жітіктеу атаның ұлы болатын. Бұлардың бүткіл «Ақиіндегі» ет жақыны ертеректе осы елдің есепшісі болып, осыдан он шақты жыл бұрын пенсияға шыққан Сибаділланың немере інісі Ибаділла еді ғой, кешкілік сол келді. Шалы қайтқалы бері бір ауылда отырса да бұларға көп қатынай қоймайтын қайнысы қара көрсеткенде, Сырғалы байғұс көңілі босап, біраз шерін тарқатып алды.
Ибаділла өсіп-өнген жан болатын. Жастайынан отының басына дәулет құралған оның ер жеткен балалары аудан, обылыс орталықтарында тәуір-тәуір қызметтер атқаратын. Сондықтан да шығар бір кездегі ферма есепшісі төңірегіндегі ағайын-туғанға сыйлы еді.
— Иә, есітіп жатырмын, бұл бір қиын жағдай болды, — деді сол Ибаділла жеңгесі өзіне біраз мұң-шерін ақтарып, сәл-пәл тынышталған бір тұста. — Ал енді сен былай қыл: мына келінді ертіп, ауданға бар. Аудандағы әлгі Жанайым бар емес пе, — үлкен қызыңды айтам, — соның үйіндегі күйеу баланы ертіп, милицияның бастығына жолығыңдар. Сүйтіп олардың ауыз ләмін бір байқайық. Сонан соңғысын тағы да ақылдаса жатамыз ғой. Ұмытпай тұрғанда және бір айтайын дегенім — ауысқан-түйіскен тиын-тебенің болса, осы бастан қамдана бер. Оның да керек жерлері болады әлі.
— Ойбай, о не дегенің, Мырзабала-ау, бар жиған-тергенім со жалғыздың садағасы емес пе?! — Алғашқыдай емес, қайнысын көріп, арқасын тауға тірегендей болып қалған Сырғалы ес жия бастады. — Сонан несін жасырайын, осы үйде мың теңгедей пұл бар. Ол жетпесе, мына қорадағы малдарды шетінен сүйре де, сата бер, ешкім сені қолыңнан қаға алмайды.
***
Сырғалының екі қызы да, күйеу балалары да жоқ-жітіктеу бір айлыққа қарап қалған жұмысшы жандар еді. Сондықтан кемпір «босқа дүрліктірмей-ақ қояйық» деп совхоз орталығындағы қызына хабар да берген жоқ, немересі мен келіні соңынан ертіп, ертеңіне ертелетіп ауданға тартып отырды. Абырой болғанда, жолшыбай кездескен жеңіл машиналардың біріне ілескен олар қалаға түстен қалмай жетті. Барса, Жанайым да, құрылысшы болып істейтін күйеу баласы Қабылан да шай-су ішуге үйлеріне келіп отыр екен. Бұлардың ебіл-себілі шыққан түрлерін көріп, үрпиісіп қалды. Қыз байғұс бауыр үшін жаралған емес пе, інісінің жағдайын естігенде Жанайым аңырап қоя берді.
— Ойбай-ойбай!.. Онда тамағы құрысын, бәріміз де сол, «мілитсаның» есігін барып күзетейік, — деді ол салғаннан.
Қабылан, қанша айтқанмен еркек емес пе, әйелдерді сабырға шақырып, басу айта сөйледі.
— Жанайым, жаман ырым бастамай әуелі ана көзіңнің жасын тый, — деді ол келіншегіне. — Бәріміз ұбап-шұбағаннан еш пайда жоқ, құр босқа әбігер боламыз. Сен балалармен үйде қал, «мілитсаға» біз: апам, Өзипа — үшеуіміз барамыз.
Барлығы осыған тоқтасты. Милицияға үшеуі барды. Екі-үш сағаттай күтіп отырып, өлдім-талдым дегенде кешке қарай бастыққа да кірді-ау. Бірақ үшеуін бірдей кіргізген жоқ.
— Біреуіңіз де жетесіздер, — деді кезекші сержант бұларға жақтырмаған түрмен.
— Ойбай, қалқам, онда мен кірейін, — деді қабылдау бөлмесіндегі қаз-қатар тізілген орындықтардың бірінде әрқилы ренішті ойға түсіп, қажып отырған Сырғалы аяқ астынан абыр-сабыр болып.
Бастық — дембелше денесі шойыннан құйғандай нып-нығыз, қырықтар шамасындағы қасқа бас ер кісі — кемпірдің әңгімесін бөлмей, бастан-аяқ құлақ қойып тыңдады.
— Ал, енді менің жарығым сондай-сондай қорлықтарына шыдай алмай атып отыр мылтықты, әйтпесе тышқан мұрнын қанатып көрген бала емес. Жуас. Әкесі марқұм да қой аузынан шөп алмастың нақ өзі еді, — деді Сырғалы әңгімесін қорыта келе.
— Әй, апа-ай… — Манадан бері кемпірдің әңгімесін үн-түнсіз тыңдаумен отырған бастық басын шайқады. — Ал енді өзіңіз ойлаңызшы; қалай болғанда да балаңыз біреуді мылтықпен атты ғой — атты. Ашуланып атты ма, ерегісіп атты ма — ол жағы сот процесінде анықталады. Ал сіздің оған шаң жуытқыңыз келмейді. Заң олай ете алмайды. Заң тек фактыны ғана мойындайды.
— Өйбүй, айналайын-ау, сол дүкеншінің көрсеткен «пәктісі» дұрыс болмай тұр емес пе, — деді ана байғұс тағы да шыр-пыр болып. — Соқталдай екі жігіт менің баламды елсізге арқанмен матайды да жөндеріне кетеді. Сонан соң ғой Жаңабекжанның мылтыққа жармасып жүргені. Әйтпесе, пайғамбар жасынан асқанда өтірік айтып не қылайын, тышқан мұрнын да қаната алмайтын бала. Міне, биыл жиырманың үшеуіне шықты, осы уақытқа дейін кісі өлтірмек түгіл, біреудің бетіне «әй» деп қарсы келіп көрді ме екен. Әкесі марқұм да сондай болатын, бейшара.
Заң қызметкері бәрібір жіби қоймады. Жібудің орнына түсін суытыңқырап:
— Жоқ, апа, біз заңды бұза алмаймыз, — деді әлденеге белді бекем буған үнмен. — Жұрт біреуді атпақ түгел, жай қол көтергені үшін пәленбай жылға бас еркінен айрылып жатады. Ащы да болса да ақиқатын айтайын, біз сіздің балаңызды ақтай алмаймыз.
Сырғалының жүрегі сығылып, тұла бойы өз-өзінен шымырлап жүре берді. Аңғалағын мың сан әжім торлаған кәрі көздерінен шұбырып жас ақты.
— Е, қарағым-ай!.. Онда төрінен көрі жуық мына маған құрыдың десеңші. Жұрттыкіндей көп емес, маңдайға біткен жалғыз еді ғой, жаным. Енді қайттім, енді?!.
Бастық қарт кісінің жас баладай егілгеніне шыдай алмай, орнынан тұрып кетті.
— Маған не қыл дейсіз, шеше-ау?
Сырғалы енді мүлде сүлдесі құрып, меңірейіп үн-түнсіз отырды да қойды. Отырмағанда қайда бармақ? Ең дөкей әкім баланың өзі осылай десе, қалған жұрттан не үміт, не қайыр?..
Милиция подполковнигі ат шаптырым кабинетті олай-бұлай кезіп, кемпірдің жанынан екі-үш рет өтті де, бір кезде орнына келіп қайта отырды.
— Апа, бір кеңес айтайын, тыңдаңызшы, — деді сонан соң даусын жұмсартып. — Ал мен бұл тығырықтан шығудың бір-ақ жолын көріп тұрмын. Ол үшін арыз иесі тез арада шағымын қайтып алуға тиіс. Сонда ғана балаңыз аман қалады. Ұқтыңыз ба?
Сырғалы дереу көзінің жасын тыйып, басын көтеріп алды.
— Сонда аман қалады деймісің, балам?
— Иә. Ол үшін — елдің іші емес пе — ағайын-тумаларыңыз әлгі дүкеншіні арызын қайтарып алуға көндірулері керек. Әйтеуір жазым болған ешкім жоқ қой.
Кемпір дүкеншінің көнер-көнбесіне анық көзі жетіп тұрмаса да, аяқ астынан табыла кеткен мына ақылға мүлде ауаланып, қатты қуанып кетті. Ол енді сырт көзге киген киімін де, түрі мен түсі де суықтау көрінетін мына қарсы алдында қасқайып отырған ер кісіден милиция бастығын емес, өзінің құтқарушысын көргендей оған аналық мейірімге толы жанарларымен елжірей қарады.
— Айналайын-ай, көп жаса, үбірлі-шүбірлі бол! Маған онда тезірек елге жет десеңші. Сонша не болыпты, дүкенші бала да көнер. Ол да бір ашу қысып берген шығар арызды. Қанша айтқанмен Жаңабекжандыкі де артықтау болған ғой. Е-е, тоба, жұп-жуас, қой аузынан шөп алмайтын-ақ бала еді. Оны не қылса да бір шайтан азғырды ғой, қарағым. Ал қош бол, құлдығым. Өзің де бір кескін-кейпің келіскен жарығым екенсің, Аллатағала саған да әрдайым назарын салып жүргей!.. — Сырғалы бастыққа қайта-қайта алғысын жаудырып, енді көйлегінің етегіне сүріне-қабына, есікке қарай бет алды.
— Жарайды, шеше. Мені тым мақтап жібердіңіз ғой, — деді подполковник жымиып. — Бірақ айтқанымды дұрыстап ұғып алыңыз. Шағым иесі арызын қайтарып алмай, біздің сізге көмектесуге шамамыз келмейді.
***
Алғашында Нұрқожаның өзі де, әйелі де кешірім бермей тулаған екен, ел іші, ағайынның ортасы емес пе, Ибаділла бастаған екі-үш шал басын иіп, екінші рет барғанда амалсыздан көніпті.
— Сіздерді сыйлағаннан амалым жоқ, Иеке, — депті ол төрдің алдында отырған Ибаділлаға қарай жүзін бұрып. — Әйтпесе со балаға әбден қаным қарайып еді. Әуелі жалпақ елге жамандап, атымда «кәзитке» басты. Онымен қоймай, артымнан отымның басын келіп ойрандады. Ай, құдайшылығын өздеріңіз айтыңыздаршы, осыдан кейін мен оны қалай кешірем?! Тек мына сіздер екінші рет қайтып келген соң, діңкем құрып отыр.
Дүкенші де айта біледі ғой, мына сөздерден кейін шалдар байғұс қалбалақтап қалысыпты.
— Ойбай, айналайын, сенің сөзіңнің бір қатасы жоқ. Ал енді о баланың өзінің де обалы жоқ еді, бірақ ана кемпір байғұс аңырап отырған соң, шыдай алмадық, — десіпті олар «осы қайтадан айнып қала ма, қайтеді» дегенедей дүкеншіге қарай жаутаңдап. Сонан соң дереу құжыңдасып, Сырғалы кемпірдің ақ шүберекке түйіп берген мың сомын үй иесінің алдына тастапты. — Ал, қарағым, сен де бір аруақты атаның баласысың, мынау — өзіңнің алдыңдағы ат-шарап айыбымыз.
Қойшы, сүйтіп арада бір жеті өткенде әрең дегенде Жаңабек милициядан босап, «Ақиініне» оралды-ау. Кешкі мезгіл болатын. Өзипа сиырды сауып, қорадан шығып келе жатқан-ды, сүйтсе, дарбазаның есігін ыңырсытып, сұңқиып аулаға күйеуі кіріп келеді. Қуанған мен қорыққан бірдей деген рас екен, тіпті не істеп, не қойғанын байқамағаны ғой:
— Ене!.. — деп, айқайлап жіберіпті.
Есік алдындағы сәкіде үш жасар немересі Қырмызыны алдына алып, алдандырып отырған Сырғалы байғұс шошып кетіп:
— О, не тағы, жазған! Құдай-ай, бір жерің жазым болып қалған жоқ па, қарағым? — деп, орнынан апыл-ғұпыл ұшып тұрды.
— Балаң келді, ене! Жаңабек!.. — деді Өзипа даусы дірілдеп.
Не керек, бұларды көріп жатқан ешкім жоқ, үшеуі кешкі алакеугімде бірін-бірі құшақтап, апақ-шапақ болды да қалды.
— О, жарығым! Жалғыз ботам!.. — деп, шешесі.
— Апамның баласы-ау!.. — деп келіншегі екеуі екі жағынан құшақтай алып жатыр.
Ал енді тіпті бір кезде аяғына біреу оратылғандай болғанға қараса, әлгі кішкентай Қырмызысы екен шалғайынан тартқылап жүрген. Және онысымен қоймай:
— Көке! Кө-ке!.. — деп, былдыр-былдыр етеді.
Мынаны көргенде Жаңабектің мүлде көңілі босап кетті. Жалма-жан кішкентайын көтеріп алып, бауырына басты. Бұрын «кемпірдің баласы» деп осы кішкентай қызға жас жұбайлардың қай-қайсысы да көп жолай бермейтін. Қазір жас жігіт сол бір қазақы рәсімді де бір сәтке ұмытып, ірімшік иісі аңқиған сәбидің балбыраған беттерінен жарылыңқырап кеткен қап-қатқал ернін тигізді.
Не керек, бұл үйдің іші сол күні түн ортасы ауа бір-ақ жатты. Әуелі екі иығынан дем алып, ортаға самаурын келді. Күндегідей емес, шай ұзақ ішілді. Сырғалы мен Өзипа қайта-қайта төрдің алдында жастық шынтақтап жатқан Жаңабекке қарай береді.
— Сақалың өсіп, жүдеп кетіпсің ғой, құлыным-ау, — деді шешесі елжіреп. Өзипа, әрине, күйеуін енесінің көзінше бүйтіп айналып-толғана аламайды. Бірақ ол да кемпірден қалыса қоймай:
— Көздерін қараш, ене, көздері тура шүңірейіп кетіпті, — деді күйеуін ып-ыстық жанарының астымен ғана құпиялай аймалап.
Жаңабек күлімсіреп, алақанымен бет-аузын бір сипап қойды.
— Аламыз ғой… — деді сонан соң ыржиып.
— Сонда сені, жарығым-ау, әлгі түрмесінің өзіне қамады ма? Е, жасаған, әйтеуір бір бәледен аман қалдың ғой, — деді Сырғалы уөзінің жасын бырт-бырт үзіп.
— Қой, апа, жыламашы. — Жаңабек орнынан тұрып, шешесін иығынан құшақтады. — Түрмеге жатпақ түгел, оны көргеміз жоқ. КПЗ-да жаттық бар болғаны.
— О неменесі тағы?
— Ол ма? Ол енді… — Жас жігіт шешесіне КПЗ-ны қалай түсіндірерін білмей, еріксіз шекесін қасыды.
— Сарай сияқты бірдеңе шығар, — деді Өзипа да осы кезде әңгімеге бір бүйірден қыстырылып.
— Жо-жоқ… Әлгі өздерің барған милицияның кеңсесі бар емес пе, соның астындағы подвалда.
Ұғымтал келіншек мәселенің төркініне сұңғылалықпен түсіне қойды.
— Жертөле десеңші онда.
— Иә, солай деуге де болады.
— Жердің асты болса, ауасы тар шығар, — деді шешесі баласына мүсіркей қарап. Бірақ Жаңабек оның бұл қаупін жоққа шығарды.
— Жоқ, апа. Ауасы пәлендей жаман емес, осы біздің үйдің ауасы секілді.
Шай ішілді. Әрине, шайдан кейін араға бір-екі сағат салып ет келді. Сонан соң тағы да шай.
— Өлә, сағат екіден кетіпті ғой!.. — деді бір кезде Өзипа қабырғадағы сағатқа қадалып. — Ене, ұйқыларыңыз келген жоқ па?
Әңгімемен жастардың қасында тым ұзақ отырып қалғанын енді ғана аңғарған Сырғалы аяқ астынан абыр-сабыр болды да қалды.
— Ойбай онда төсек сал. Әңгімені соғып отыра беріппіз ғой, Жаңабекжан әбден қалжыраған шығар.
— Мұнан соң Өзипа төсек салу қамына кірісті де, кемпір «Әуп, белім-ай» деп, орнынан қиралаңдай түрегеліп, қарсыдағы өзінің бөлмесіне қарай аяңдады. Кетіп бара жатып: — Ана Қырмызыны менің қасыма көтеріп салыңдар, — деді.
Жұрттың бәрі төсектеріне жатып, шам сөнді. Манадан бері осы сәтті тағатсыздана тосып жүрген Өзипа оттай демімен сыбыр етіп, жалма-жан күйеуін құшақтай алды.
— Жаным!..
— Өзипаш!..
Ыстық құшақтар бір-бірімен ынтыға айқасып, біразға дейін екеуі де үн-түнсіз жатты да қойды. Бір кезде мауықтары басылғандай болған соң, күңкіл-күңкіл әңгімеге көшті. Өзипа Жаңабек кеткеннен бері көрген-білгенін күйеуіне масағын қалдырмай баяндап берді.
— Ойпырмай, сонда әлгі мұрт сол мың сомды ұялмай алды дейсің бе? — деді әңгіме ақшаға келіп тірелген бір тұста Жаңабек.
— Қызықсың, алмай ше. Со дүкенші біреуді аяйды деп отырсың ба?
— Қап, «матасекіл» алам деп жүрген ақша еді…
— Құрысыншы сол «матасекілі» де, бәрі де. — Өзипа оң қолымен күйеуін қайтадан құшақтап, бауырына тартты. — Бәрі де бас садағасы. Ойбай-ау, сен сотталып кеткенде қайтер едік?.. Жаңабек дейім, біз де неге осы жұрт секілді тып-тыныш өмір сүрмейміз? Күл болмаса, бұл болсын, неміз бар осы соларда? Бәрібір ешкімді ешкім түзетіп ала алмайды.
— Сонда немене, шындықты, мына ауылды күнен күнге аздырып бара жатқан былық-шылықты айтпауымыз керек пе? Онда бәріміз де көзімізді шүберекпен байлап алайық.
— Мейлі, сол көзімізді байласақ, байлап алғанымыз дұрыс шығар. Байламағанда тапқан пайдамыз қайсы? «Көп қара қарғаның ортасына бір ақ қарға пайда болса, қалғандары соған жан-жақтан шұқылап, күн бермейтін көрінеді» деп отыратын баяғыда әжем марқұм. Біз де сол осы ауылдың ақ арғасы болып жүрмейік.
Жаңабек келіншегінің мына әңгімесіне не уәж қайтарарын білмей, тырсиып, үндемей қалды. «Осы біздің Өзипа да қайдағыны, қайдан тауып алады, — деп ойлады іштей ренжіп. — Кісіні енді түк таппағандай қайдағы бір қарғаға теңегені несі?»
Күйеуінің аяқ астынан неменеге тым-тырыс қалғанын түсіне қойған жас келіншек ып-ыстық денесі балбырап, оған тақала жатты. Сонан соң:
— Қойшы, өкпелемеші. Өзің тіпті өкпеші болып кетіпсің ғой, — деді мұны мұрнынан еркелей тартып. — Кәне, берірек жақындап, мені құшақташы. Өзіңді жаман сағындым. Айтпақшы, Жаңатай, жақында бір қызық түс көрдім. Түске не болса сол кіре береді екен-ау өзі.
— Айтсаңшы енді.
— Наурыз мейрамы ма, Бірінші май ма, әйтеуір бір үлкен мерекеге осы ауылдың дүкенінің жанындағы алаңға жиналыппыз. Көктемнің күні құлпырып тұр. «Ақиіннің» бүткіл адамы жаңағы алаңда алтыбақан теуіп жүр екенбіз деймін.
Жаңабек елең ете қалды.
— Алтыбақан?!.
— Иә, кәдімгі алтыбақан ше. — Өзипа өз-өзінен сыңқ-сыңқ күліп жіберді. — Айтып отырмын ғой, осы ауыл түгелімен алтыбақанға мініп алып, әрі-бері тербеледі. Қасқырбай, дүкенші Нұрқожа, Алданыш, Келдібай қайнағалар, Гүләйім жеңгей, Қасқырбайдың әкесі Қараменді мен сол үйдегі Қамқа әжем… Ішінде мен де жүрмін. Бәріміз де жерден жеті қоян тапқандай шетімізден мәзбіз.
— Мыналарың қызық екен, — деді Жаңабек еріксіз езу тартып. — Сонда әлгі Қараменді ақсақал мен Қамқа кемпір де теуіп жүр ме алтыбақанды?
— Барлығымыз деймін, барлығымыз. Содан бір кезде әлгі Нұрқожа жексұрын қорбаңдап жүгіріп келіп, абайсыз отырған мені артымнан итеріп келіп жіберді. Бір тізерлей құлаппын жерге. Бірақ әйтеуір бір қолым — алтыбақанда. Екінші қолыммен жер таянып тұрдым да, қайта тіктелдім. Алақанымды бірдеңе сәл жырып кетіпті — шып-шып қан шығып тұр. Жан-жағыма ашуланып өлгенше қараймын келіп — дүкенші зым-зия жоқ. Оянып кетсем, түсім. Ертеңіне енеме айтсам, «Әйтеуір бір қолыңмен алтыбақаныңды ұстап қалғаның оңды болыпты, иншалла, бәрінің арты қайыр болады екен. Алақаныңның шып-шып қанағаны — Жаңабегіңнің басына түскен кемдікүн бейнеті, ал тербеліп тұрған алтыбақан — сендердің бүкіл өмірің, алдағы көретін қызықтарың. Ал өмір — Аллатағаланың пендеміне жазған үлкен сыны да, сыйы да. Әне, сол себепті әркім өз алтыбақаныңның тізгінін мықтап ұстау керек» дейді. Жалпы, біздің апам ақылды ғой. Түсті қалай керемет жориды, ә?
Жаңабек мырс ете қалды.
— Иә, сен енең екеуің көріпкел әулиесіңдер ғой. Шынында, мынауың бір қызық түс екен. Енді шамалыдан соң таң атады. Қой, аздап көз шырымын алайық.
Қос құшақ бірін-бірі қайта тапты. Сүйтіп жатып екеуі де талықсып ұйықтап кетті.
***
Бұрын жұмыссыздық дегенді құлағымен ғана еститін Жаңабек сонды енді көзбен көрді. Көзбен көрді деуіміз де сыпайылық болар, тура сол жұмыссыздық енді бұның өз басына түсті. Келдібай бұл жоқта мотористікті Әбділдә тракторшыға алып беріпті. Бұрындары сол Әбділдәнің ферма меңгерушісіне: «Белімнің құяңы бар ғой, трактордың селкіліне жарайтын түрім жоқ, Келдеке-ау, маған ауыл арасынан бір жеңілдеу жұмыс қарастырсаңшы» деп, қыңқылдап жүр екен дегенді құлағы шалғаны бар еді, міне, сол рас болып шықты. «Ойпыр-ай, басына іс түссе осы екен ғой. Жұрттың бәрі мені басына бастады-ау, — деп күйінді Жаңабек мына хабарды алғаш естігенде. — Ау, сол кісіге осы ауылда менің орнымнан басқа қызмет құрып қалды ма екен?..» Алайда ашуын сабырға жеңдірген бір тұста асықпай ойланып көрсе, шынында да ондай жанға тыныш жайлы жұмыс осы «Ақиініңізде» бірлі-жарым ғана екен.
Жаңабек ауылда сүйтіп сенделіп бір жеті жүрді, екі жеті жүрді. Сонан соң басқа амалды көре алмай, қыңыртықтай басып ферма меңгерушісінің кеңсесіне келді бір күні. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін мәселеге төтесінен көшті.
— Ал, Келдеке, мен жұмыссыз қалдым ғой.
— Білем… — деді бастық селқостау.
— Білсеңіз енді…
Алайда Келдібай әңгімені бұдан әрі сабақтамай, жас жігіттің мысын құртып, сазарып үн-түнсіз отырып алды. Иә, ферма меңгерушісінің сазаратын да жөні бар еді. Обалына не керек, осы ауылдың кейбір адамдарын баспасөз бетінде қатарынан бытырлатып сынап салғанда да осы Келдібай, руластығын қия алмады ма, әлде басқа да себептері бар ма, әйтеуір тілші жігітке көп шүйіле қоймап еді. Бірақ үйіне оңаша шақырып алып: «Шырағым, сол кәзит-пәзит дегенді не қыласың. Асылы, сен ол кәсіпті қой. Жұртқа құр шіркін боласың» деп, ақылын айтқан. Бірақ ол кез «Коммунизм шұғыласының» штаттан тыс тілшісінің біреуден ақыл сұрайтындай кезі ме еді, Жаңабек сол бір көреген сөздерді, өкінішке орай, құлағының ішімен емес, сыртымен ғана тыңдады ғой. Сондықтан да ол қазір үн-түнсіз сазарып қалған ферма бастығына іштей болса да зілдене алмады. Бар болғаны:
— Аға, енді өзіңіз бір сыласын істесеңізші, — деді қипақтап.
Келдібай бұған көзінің астымен сынай қадалып, тағы бір ауық отырды. Сонан соң:
— Жұмыс жоқ, — деді мізбақпастан. — Әй, сенің енді басқа соқтығысатын кісі таппағандай Нұрқожада нең бар ә?!. Ағайын ғой деп жүрсем, өзің бір жақсылықты түсінбейтін жігіт екенсің.
Жаңабек мына әңгімеден кейін біреу үстінен бір шелек мұздай суды қотара салған кісідей сілейді де қалды. «Өзің бір жақсылықты түсінбейтін жігіт екенсің!.. Жақсылықты түсінбейтін жігіт… жақсылықты түсінбейтін» деген сөздер құлағының түбінен зыңылдап тұрды да алды. Бастықтың қарсы алдында өзімен-өзі меңірейіп тағы да бірер мүйнеттей отырды да, сүйретіліп сыртқа шықты.
Үйіне қайтып келе жатып, жолшыбай алғаш осы дүкенші көшіп келгенде ауыл әйелдерінен құлағы шалып қалған бір әңгімені есіне алды. Ол әңгіме бойынша, Нұрқожаны осында шақырып әкелген осы Келдібай делінетін. Жалпы, көлденең әңгіме атаулыға мән бермейтін Жаңабек тұңғыш рет өзінің басындағы үлкен бір қателікті тап осы мінезінен көргендей болды. «Е-е, жұрттың бұлардың ымы-жымдары бір дейтіндері шын екен ғой. Апыр-ау, осындай қарапайым нәрселерге менің көзім не ғып елдің ең соңынан барып жетеді?..» деп ойлады ол өзіне-өзі нала болып.
Ертеңіне аудан қайдасың деп тартып отырды. Ауданға келісімен айдап отырып редакциядан бір-ақ шықты. Ойы — ұят та болса бар шындықты редактор ағасының алдына жайып салу еді. Алайда «қырсық қырық ағайынды» деген сөз ып-рас болса керек, Жаңабек ағасының орнын ғана сипап қалды: о кісі осыдан бір айдай бұрын жұмысын тапсырып, облыс орталығына көшіп кетіпті.
Жаңадан болған редактор райкомнан ауысқан кісі екен, сағаннан ақиіндік тілшіні жанына маңайлатпады. Мұның дүкенші туралы фельетон жазған жігіт екенін естігенде, тіпті мүлде шошып түсті.
— Е, сен со жігіт едім де… — деді екі самайында қалған екі уыс бурыл шашын жылмита тарап жатып. Ал, шырағым, төтесін айтайын: бұл қылығың совет баспасөзінің қызметкеріне мүлде жат нәрсе. Білем-білем, КПЗ-ға отырып шықтың ғой. Жоқ, шырағым, сірә, біз сендей штаттан тыс тілшінің куәлігін алатын шығармыз. Айдың-күннің аманында біреуге мылтық кезеу деген… бұл деген — сұмдық қой. Айтып отырмын ғой, куәлікті саған мына үстелдің үстіне қоюға тура келеді. — Редактор қара деуге де, қоңыр деуге де келмейтін лай су секілді күңгірттеу көздерін көзәйнегінің астынан ежірейтіп, алдындағы абажадай емен үстелдің үстін нұсқағандай болды.
— Ағасы, әуелі сіз түсініп алыңызшы, — деді Жаңабек те күйіп кетіп. — Совет, совет дейсіз. Ал сол дүкенде нақ сол совет саудасының тәртібі бұзылды ғой.
— Сонда, немене, біреуді мылтықпен ату керек пе сол үшін. Бұзылса, заң орындары бар — ну и што же, барсын, тексерсін. Причем бұл жерде редакция. Жоқ, жолдас, біз сенің ондай бұзақы қылығыңды ақтай алмаймыз. Мен, міне, отыз жылдан бері коммунистпін, енді қайдағы бір штаттан тыс қызметкер үшін партияның алдында жауап берер жағдайым жоқ.
— Ау, сізге жауап бер деп тұрған кім бар?
— Жо-жоқ, сен мені мына пәлеңе араластырма. Ал ана куәлікті дәл қазір маған тапсыр.
Жаңабек енді үн-түнсіз орнынан тұрды да, қолы дір-дір етіп, төс қалтасынан штатан тыс тілшінің куәлігін алды да, редактордың алдына тастай салды.
— Ал, алыңдар! Көпсінгендерің осы болса, мұны да алыңдар!.. — осыны айтып, самай шаштары үрпиіп, өзіне қарап кірпіше жиырыла қалған «Коммунизм шұғыласының» жаңа редакторын оқты көздерімен соңғы рет бір атты да, сыртқа ытқып шықты.
Асылы, бұл күн Жаңабектің есінде өз өмірбаянының ең бір қайғылы парағы ретінде қалатын шығар. Дәл қазір аудан орталығының асфальттанбаған, шеткерірек көшелерінің бірімен адамдай басып келе жатқан оның ішкі жан дүниесі мына дүниенің әділетсіз, ар-ұжданнан жұрдай болған қалпына қарғысын айтып, шыңғыра айқай салып келе жатыр еді. Штаттан тыс тілшінің сол бір алақандай қатырма қағазға хатталған куәлігінің бұл үшін орны бөлек еді ғой. Сол құйттай куәлікте мұның бір сәттік бағы да, соры да жатқан болатын. Бір кезде тағдыр сол бір қатырма қағазды бұған көкірегін бұрын өзі сезіп білмеген өзгеше сиқырлы күйге бөлеп, жомарттықпен сыйға тартып еді, енді, міне, біржолата қайтып алды. Неткен қатыгездік!.. Тіпті сол куәлік тағдырдың тосын сыйы емес, мұның адал, жанқияр еңбегінің өтеуі емес пе еді? Сол үшін бұл қаншама азапқа түсті десеңізші, құдай-ау» Сол үшін ауылдастарына шіркін де болды, келіншегінің өкпесіне де қалды, тіпті КПЗ-ға да отырып шықты ғой. Иә, тағдыр бұған диплом түгіл орта мектепті бітірушінің аттестатын да бұйыртпады. Алайда ол сонда да жолы болғыш жалпы жұрттың бақытын күндеп көрмеп еді ғой, әйтеуір пешенесіне жазылған қоңыр тірлігін күйттеп жүре берген. Ал енді сол қоңыр тірлігін күйттеген Жаңабектің қолы кішкентай бір қатырма қағазға жеткенде жаңағы жұрттың бұның соңынан шырақ алып түсуі қалай?.. Әділет пен ақиқат қане, советтің аузымен құс тістеген коммунистік моралі қайда?.. О, сорлы басым, асылы, осылардың бәріне имандай сеніп жүрген мына мен ақымақ!..» — деді жас жігіт іштей жалын ата күрсініп.
Сол күні ол аудан орталығындағы әпкесінің үйіне де соққан жоқ. Жолшыбай кездескен жүк машиналарының біріне ілесіп, аулына суыт қайтты.
***
Аулына келгеннен кейін Жаңабек сүлесоқ болып жүрді де қойды. Кейде ауладағы сәкінің үстіне шығып алып, көзін бір нүктеге қадаған күйі сағаттап тапжылмастан отырады да қояды. Кейде «Ақиінді» тастап, айдалаға жоқ іздеген адамша өзді-өзі қаңғырып кетеді. Бір түрлі тұйық — көп сөйлемейді, ойын-күлкіден атымен қалған. Әйтеуір дүние қамын тәрк еткен кісіше осындай бір жұмбақ күй тапты. Алғашында онша мән бермей жүрген Өзипа бірте-бірте күйеуінің мына мінезінен шошына бастады. Бір күні соны енесіне сыр қылып:
— Апа-ау, осы балаңыз не боп барады, байқайсыз ба? — деді қорқынышын жасыра алмай. Бірақ бұл дүниенің ащысы мен тұщысын бір кісідей татудай-ақ татқан қария келінінің күдігін сейілтіп, жайбарақат қалып танытты.
— Одан шошынбай-ақ қой, балам. Қалқамның көңіліне уайым кіріп, ептеп көкірегі басылып қалды ғой. Бұл — уақытша нәрсе, бастарың жас, әлі-ақ бәрі бір күнгідей болмай ұмытылады да кетеді, — деді.
Өзипа күрсінді.
— Қайдам, апа. Аузыңызға — май әйтеуір…
Сүйтіп жүргенде бір күні Жаңабекті Келдібай кеңсесіне шақырып жатыр деген хабар келді. Барды. Бұрынғыдай емес, ферма меңгерушісінің өңі жылып қалған тәрізді. Шаруаның жөнін айтты. Әлгі қойшы Сырлыбай шал жуырда пенсияға шығыпты. Енді қаладағы балалары оны қолына көшіріп алып кеткелі жатқан көрінеді. Келдібай да, басқа мал мамандары да шалды отарыңда тағы бір жыл қала тұруға үгіттеп көрген екен, оған Сырлыбай ыңғай танытқанымен, кемпірі мен тамам ұл-қызы ат-тондары ала қашып, көнбей қойыпты. Ферма меңгерушісі енді сол бір отар қойды Жаңабектің келесі жазға дейін бағып беруін өтініп отыр екен.
— Ал сонымен уәдем — уәде, — деді Келдібай ұзын сөзін қысқаша қорытындылай келе. — Егер сол қойды биыл қыстан аман-есен шығарып берсең, жазға қарай ферма орталығынан қалаған қызметіңе орналастыруды өз мойныма алайын.
Жаңабек мәселені көп қиындатпай, келісті. Сүйтіп бар-жоғы екі-үш күннің айналасында үй-ішімен апыл-ғұпыл Қызылқұмға көшті де кетті.
Ағайынға өкпелі ме, әлде малдан қолы босамай ма, әйтеуір ол содан көпке дейін «Ақиінге» мүлде ат ізін салған жоқ. Онсыз да жұрттан саяқтау жүретін жас жігіт мүлде тұйықтанып алды. Айдалада жалғыз жүрген кісі қиялшыл келетін болу керек, кейде өрісте қой жайып жүріп әрқилы ойға кетеді. «Апыр-ау, сонда бұл шындық деген қайда? — дейді ол сондайда өзін-өзі тергеуге алып. — Шындық дейміз, әділет деп аһ ұрамыз. Жанымды жалдап, әділет үшін шырқырағанымда сол әділеттің маған тартқан сыйы осы ма?! Асылы, әлгі біздің Өзипаның баяғы топырағы торқа болғыр әжесі айтып отырады-мыс дейтін көп қарғасының ішіндегі жалғыз ақ қарға осы мына мен болып жүрмейін?..»
Неге екенін кім білсін, ақ қарға туралы ойласа болды, Жаңабек міндетті түрде келіншегінің баяғы таңғажайып түсін есіне алады. Іле-шала құлағына анасының мейірімді үні келгендей болады. «Әйтеуір бір қолыңмен алтыбақаннан ұстап қалғаның оңды болыпты, иншалла, бәрінің арты қайыр болады екен. Алақаныңның шып-шып қанағаны — Жаңабегіңнің басына түскен кемдікүн бейнеті, ал тербеліп тұрған алтыбақан — сендердің бүткіл өмірің, алдағы көретін қызықтарың. Ал — өмір Аллатағаланың пендесіне жазған сыйы да, сыны, әне, сол себепті әркім өз алтыбақанының тізгінін мықтап ұстау керек» дейді ол бұларды сабырға, ақылға шақырғандай.
Жаңабек бір сәт қиялға батып, өз ойына өзі мүлде ауаланып кетеді. Көз алдына жап-жасыл көкорай шалғынның үстінде баяу тербеліп тұрған қызылды-жасылды алтыбақандар елестейді…
Рәбиғаның махаббаты
«Жаным — арымның садағасы».
Қазақ халқының мақалы.
«Кто любил, уж тот любить не может,
Кто сгорел, того не подожжешь».
С. Есенин
1
Ұлықпан түн ортасында оянып кетті. Жүрегі атқақтап, дүрс-дүрс етеді — қорқынышты түс көріп, бастырылығып жатыр екен. Түс дейтін түс те емес, қым- қиғаш бірдеңе.
Бөлме шіш тастай қараңғы. Ұлықпан сипаланып жүріп киінді де, көше жаққа қараған терезенің алдына барып, пердеден сығалады. Таң әлі сібірлемепті — үңірейген қап-қара түн қабағын қарс жауып, түнеріп алған. Ақпанның ақ аяз бораны үйірін іздеген көк шулан бөріше ұлып-ұлып алады. Терезенің әйнектері мен телеграф сымдары сол мазаң күйді әлдеқайда ала қашып, тынымсыз зыңылдаумен тұр. Зың-ң… еткен мазасыз үн тірі жанды еріксіз селт еткізердей суық, сол үн сырттағы сақылдаған сары аязды, қарлы далада әрлі-берлі жосылған көк шулан бөрілерді көз алдыңа еріксіз әкеп, елес қып тосатын тәрізді. Ұлықпан жаңа түсінде не көргенін енді ғана есіне түсірді. Иә, қасқыр болатын… Екеуі ебіл-себіл болып алысып жатқан. Қандай қасқыр екені жадында жоқ, есінде тек ақсиған азулары қалыпты оның. Аппақ боп ырсиып, алқымына келіп-ақ қалып еді… Дәл осы сәтте «Колхозстройдың» олақтау ұсталары соққан совхоз үйінің шатыры тасыр-тұсыр етіп, дүсірлеп ала жөнелді. Бір шифер қаңғыр-күңгір етіп, зыңылдап жатқан тоң жерге ұшы түсті…
Жас жігіт ұядай жып-жылы бөлменің ішінде тұрып-ақ қалтырап кетті. Оның енді темекі шегуі керек еді, жұп-жұмсақ бомази пижамының қалтасында темекі жоқ болатын, сондықтан ол аяғын мысықша жымып басып, түкпірдегі жазу үстелінің, қабырғадағы киім ілгіштің үстін тінте бастады. Осы екі арада Айжамал оянды.
— Біссіміллә!.. Бұ немене?! — деді ол төсектен дереу басын жұлып ала қойып. Әйелінің аяғы ауыр еді. Сол есіне түскен Ұлықпан:
— Мен ғой… — деді кінәлі үнмен міңгірлеп.
— Туһ!.. Түн ішінде не ғып жүр?
— Жә, жата бермеймісің. Неменеге атып тұрдың бірдеңеден құр қалғандай. — Бұл жолы Ұлықпанның үнінде өзін кінәлі сезінуден гөрі кінәлау басым еді.
— Әне… Қойшы әрі!.. — Келіншек «осымен сөз бітті» дегендей теріс қарап, жатып қалды. Ұлықпан аяғын әлгіден де гөрі сақтана басып, үйдің ішін қайта шарлай бастады. Бұндайда іздеген зат табыла ма. Табылған жоқ. Қойсам, осы жерге қойған шығармын деген үмітті жердің бәрін тінтіп шықты.
Шамды жағып қарауға да болар еді, бірақ онда әйелін ашыңдырып алуы мүмкін. Бейшара онсыз да күннен-күнге жүдеп барады. Ойда жоқта Ұлықпанның (тек қана Ұлықпанның емес-ау) жолына кесе-көлденең тұра қалған бақытсыздық бұның өзінен гөрі жарының, екі баланың анасы Айжамалдың жанына қаттырақ батып кетті ме, қалай? Міне, қос қарлығашы қанаттарын жайып жіберіп, шешесінің жанында алаңсыз ұйықтап жатыр. Ұлықпан қыздарының бетінен бір-бір иіскеп қойып, темекісін іздей берді.
Айжамал әлі ұйықтай қоймапты. Біраздан соң ол да әрі-бері аунақшып жатты да, басын көтеріп, ішкөйлекшең күйінде төсектің үстіне шошайып отырып алды.
— Темекің бе?..
— Иә… — деді Ұлықпан күмілжіп.
— Тұр ғой ана телевизордың үстінде. — Айжамал да бағанағыдай емес, бәсеңсіп қалыпты. Ұрсуы керек еді, ұрыспады.
Ұлықпан үн-түнсіз барып, телевизордың үстіндегі темекісін алды. Бұрын келіншегі: «Соның үстіне зат қойма дегенім қайда, изображениесі бұзылады», — деп шыр-пыр шығатын. Өйткені Айжамал да барлық әйелдер секілді ұқыпты, үнемшіл еді. Бұнысы Ұлықпанға ұнайтын, себебі ол үнемшіл болғанда бит терісінен биялай тігетін үнемшіл емес-тін.
Ұлықпан дәлізге шығып, темекі тұтатты. Мұнда тіпті ызғып тұр екен, ішке барып күртесін киіп шығуға ниеттеніп еді, оған ерінді. Тоңса да тұра берді. Сыртқы есіктің тесік-тесігінен соққан аяздың сұры жаман, жаланып тұр. «Кем дегенде қырық градус бар шығар, — деп ойлап қойды темекісін тартып тұрып. — Биылғы қыс құтырды ғой. Есік терезені кезінде дұрыстап бітеп алу керек еді. Әй, бір қырсыз жалқау мендей-ақ болар. Айжамалдан басқа әйел болса құлағының құрыш етін жер еді, жаратқанның онысына да шүкір. Айтпақшы, бүгін тергеуші келетін күн ғой. Бұ жолы нені сұрар екен? Әй, Рәбиға, Рәбиға!.. Осылай болады деген бұның үш ұйқтаса түсіне кірген нәрсе ме?..»
Соңғы кездері үнемі осындай сұраулы сөйлемдермен ойлантын болып алған-ды. Бұдан біреулер сұрайды, бұл өзінен сұрайды, бұл өзінен сұрайды. Байқағаны — біреуден сұраудан гөрі өзіңнен өзің сұрау екен қиыны.
Өйткені адам өзінен тек қиналған сәтте білмеген нәрсесін ғана сұрайды екен ғой.
Ол әрі-бері мәңгіріп біраз тұрды да, қолындағы темекінің әлдеқашан сөніп қалған тұқылын есікке қарай шертіп жіберіп, жылы бөлмеге қайта енді.
Айжамал манағы орнынан әлі қозғалмапты, шоқиып отыр.
— Сен не ғып отырсың? — деді Ұлықпан үлкен қазақы пешке қарай өтіп бара жатып.
— Келіншек естімеген адамша отыра берді. Біраздан соң:
— Сағат қанша болды? — деді пешке сүйеніп жылынып тұрған күйеуіне мойын бұрмастан.
Ұлықпан қабырғадағы аспалы сағатқа үңіліп еді, бұлдырап ештеңе көріне қомады.
— Сағатты не қыласың?
Айжамал үн-түнсіз тағы біраз отырды. Сосын:
— Сені соттап жіберсе қайтеміз? — деді бір кезде. Ұлықпанның іші мұп-мұздай болып қоя берді.
— Соттаған несі? Жанұзақованы өлтірген мен бе сонда?
— Қайдам… Кейде кісінің ойына қай-қайдағы келеді екен. Жуырда, сен үйде жоқ болатынсың, телевизордан бір кино болды. Сонда бір кісіні соттады да жіберді…
— Ол кино ғой.
— Қайдам. Соңғы кезде ойыма қай-қайдағы үйір болып жүр. Бағана сен тысыр-тысыр етіп жүргенде, үйір болып жүр. Бағана сен тысыр-тысыр етіп жүргенде, үйге ұры кіріп кеткен бе деп шошып ояндым.
— Ұры сенің неңді алсын. Ол да өлетін жерін білетін шығар.
— Кім біліпті. Әйтеуір ойымнан бір күдік кетпейді.
Соның алдында ғана бір шым-шытырық түс көріп жатыр екенмін. Сенің аулыңа, Қарақалпақстанға, барған екенбіз деймін. Екеуміздің қолымызда екі чемодан, енемнің үйінің есігінің алдында тұрмыз. Енем бізге қарамайды, бізді көрсе де көрмеген болып, анадайдан бұрылып кетті. Бір уақта Кенжеқара келді тракторымен. «Ау, адасып жүрсіңдер ме, Қазақстанның қазақтары?! Бұл не тұрыс, үйге кірмейсіңдер», — дейді. Бізде үн жоқ.
— Жарайт… Қойшы енді, — деді Ұлықпан жақтырмай. Айжамал оған титтей де қарсылық білдірген жоқ. Бірақ күйеуім кейіді екен деп әңгімесін де тоқтатпады.
— Ұлықпан, бері келші… — деді сыбырлап.
— Немене, айта берсейші…
— Келш бері, енді. Мұнда… менің қасыма.
Ұлықпан амалсыздан келіншнгінің жанына барып қисайды. Жиырма төрттегі жас әйелдің төсектен шыққан жып-жылы денесі күйеуін бір сүйкеп өткенде-ақ өртеп жібергендей болды. Сөйткенше болған жоқ, Айжамалдың аш бүйірімен жанаса берген жігіттің қап-қатқыл алақанын бұзаудың тұмсығы сықылданған жұп-жұмсақ бірдеңе абайсызда түртіп-түртіп қалғаны. Ұлықпанның жүрегі еріксіз шым етті. «Қалай-қалай бұлқынады-ай мына жаман!..»
— Физзарядка жасап жатыр, — деді Айжамал назданып. — Әне, әне, көрдің бе?!
Ұлықпан да аяқ астынан бір түрлі жадырап кетті.
— Бұның зарядкасы қызық екен… түн ортасында, — деді күліп.
Екеуі қатарласып тағы біраз үн-түнсіз отырысты. Сыртта боран әлі ұлумен тұр. Ауық-ауық ішін тартып, тың тыңдағандай тына қалады. Аязбен сіресіп қалған телеграф сымдары зыңылдап, дамылсыз бебеу қағады.
— Ұлықпан…
— Әу…
— Сен өзіңе тиісті нәрсені ғана мойыныңа ал. Оны өлтірген — Мадрид пен Роза. Қажет болса, солардың өздері берсін жауабын…
— Жарайт, қойшы енді… — деді неше күннен бері талай талқыланып, құлағын мезі қылған әңгімеден әбден қалжыраған Ұлықпан. — Заң орындары бар, ақ-қарасын ажыратар. Сен ұйықта… Қазір таң атады.
— Қайдам, әйтеуір жүрегім қобалжи береді. Жақсылыққа көрінсе болды да.
Айжамал жеңіл күрсініп қойып, жанында жатқан қыздарының бастарын жастыққа дұрыстап салды да, жан-жақтарын көрпемен қымтап, төсегіне қайта қисайды.
Ұлықпан көзіне біреу тіреу қойып кеткендей бақырайып жатты да қойды. Дала әлі қараңғы. Боран ұлып тұр.
2
Осыдан екі жеті бұрын Ұлықпан жетекшілік ететін оныншы «Б» класының оқушысы Жанұзақова Рәбиға сірке суын ішіп, тұтқиылдан қаза тапты. Бұл маңайда бұрын-соңды мұндай жаманат естілмегелі қай заман — бүкіл ауыл, қала берді аудан төбелерінен жай түскендей шу ете түсті. Жұрт жағаларын ұстады.
Күн сенбі болатын. Ұлықпан екінші кезектегі сабағынан шығып, үйіне жаңа ғана келген. Мектеп жанындағы малшы балаларына арналаған интернатта Рәбиғамен бірге жатып оқитын оныншы «Б» класының оқушысы Айжан Құдайбергенова Ұлықпанның үйіне кешкі апақ-сапақта жүгіріп кірді де, есіктен аттар аттамастан еңіреп қоя берді:
— Ағай!.. Рәбиға уксус ішіп қойыпты. Жаңа ғана «скорыймен» ауданға алып кетті.
Ұлықпан аяғындағы бәтеңкесінің бір сыңарын шешіп, біреуін шешпеген күйі Айжанға қарап, сілейіп қатты да қалды.
— Завуч ағай сізді мектепке шақырып жатыр, — деді Айжан солқылын баса алмаған күйі. — Тез жетсін дейді.
— Қазір… — деді Ұлықпан қырылдап. — Мен қазір…
Бір қараса, Айжан кетіп қалыпты. Өзі әлгі бәтеңкесінің бір сыңарын қолына ұстаған күйі сілейіп әлі тұр. Ұлықпан үйге де кірместен қолдары дір-дір етіп, бәтеңкесінің бауын жүре байлай сыртқа шықты.
Азынаған ақпан айы ғой: аспан кешкі қызыл шұнақ аязбен шаңытып, тиісерге қара таппай жалаңдап тұр екен. Жылы үйден шыққан Ұлықпанның екі беті ду ете түсті.
Мұғалімдер бөлмесіне біраз мұғалім жиналып қалыпты. Бөлме іші өлік шыққан үйдей тұнжырап тұр. Бәрі де үнсіз, бәрі де осыдан жиырма шақты күн бұрын курортқа кеткен мектеп директоры Ілепес Қожаназаровтың орнында қалған директордың оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары, қырықтарды алқымдап қалған жалпақ қара кісі Қалаубай Тасболатовқа жалтақтап қарай берді. Қалаубайда да дыбыс жоқ.
— Маған неменесіне қарай бересіңдер? — деді ол бір уақытта. — Ана баланың артынан райбольницаға баруымыз керек екі-үшеуміздің. Соған кімді жіберуді ойласқалы шақырып отырмын.
Мұғалімдер енді Қалаубайды қойып, бір-бірлеріне қарасты.
— Өзің бастап барғаның дұрыс қой, — деді қартаңдау мұғалімдердің бірі Қамқа дейтін әйел. — Сосын мына Ұлықпан класс жетекшісі ғой және Розаның барғаны мақұл болар.
— Дұрыс. Басқа ұсыныс жоқ па? — Қалаубай жиналыс басқарып тұрған кісіше көпшілікке қарады. Бірнеше мұғалім «дұрыс, дұрыс қой» дескендей болды. Жұрттың назары енді Ұлықпан мен мектептегі қыздар советінің председателі, математика пәнінің мұғалім Роза Қасымхановаға ауды. Кешігіңкіреп келгендіктен, Ұлықпан есік жақта түрегеліп, тұрған әріптестерінің тесірейген көздері жаппай өзіне қарай бұрылғанда, қысылғаннан боп-боз боп қуарып кетті. Шекесі аяз қарығандай сырқырап, қол-аяғына әлсіз діріл жүгірді.
— Жоқ, мен бармаймын. Барғыш болсаңдар өздерің бара беріңдер! — деді осы кезде диванда отырған Роза Қасымханова орнынан ұшып түрегеліп. — Неге мен баруға тиіспін?!. — Осыны айтты да, көкпеңбек боп кеткен жұп-жұқа еріндері дір-дір етіп, жылап қоя берді. — Бармайм мен!..
— Неге бармайсың? — деді манағы Қамқа дейтін мұғалима жақтырмай.
Роза со еңіреген күйі Қамқаға қарап шаңқылдай жөнелді.
— Жайыңа отыр сен, білдің бе!.. Білем мен сен қатынның ойынды! Әнеугүнгі өшіңді алмақсың ғой. Ол қыздың алдында менің ешқандай кінәм жоқ!..
— Роза, қойсаңшы енді… — деді мұғалімдердің біреуі оған мүләйімси тіл қатып. — сені кінәлап жатқан кім бар? Сен бармасаң, басқа біреу табылар, көпшілік қой.
Бірақ Роза бәрбір басыла қоймады.
— Керегі жоқ сөзіңнің! — деді ашумен долырған мұп-мұздай көкшіл көздері найзағайша жарқылдап. — Сенен мәміле сұрап тұрған жоқпын. Сендердің бәрін бір сорттансындар. Білем, білем ғой, бәрің амалын тауып мені қараламақсыңдар. — Роза одан сайын еңіреп қоя берді.
— Мынау қайтеді-әй?!. Тәйт, долданба әрі! — деді енді Қамқа да ашуға мініп. — Бұл жерге ешкімнің долылығының керегі жоқ.
Қалаубай көздері адырайыңқырап, үстелінің үстіндегі өзінің темір күлсалғышын тықылдатты.
— Ау, ағайын, қоясыңдар ма, жоқ па?! Тым болмаса, шаңыраққа қарасаңдаршы, үкіметтің кеңесінде отырсыңдар ғой. Әлгі Мадрид қайда осы? Бүлдіруін біреу бүлдіреді де, айқайына біз қалатын болдық қой ақырында. Түсінбейм, түсінбейім!.. басымыз кететін шығар бір күні.
Қанша айтқанмен, қазақ деген әкім сыйлап өскен жұрт емес пе, Қалаубайдың сөзінен кейін мұғалімдер қайтадан сабасына түсе бастады.
— Мадрид қайда? — деді Қалаубай қайталап.
— Үйінен таба алмай келді ғой жаңағы шақыруға кеткен бала… — деді диванда отырғандардың бірі.
— Әне, әне! — деді завуч күйіп-пісіп. — Қой онда жүріп кетейік. Жазған құлда шаршау бар ма. Ұлықпан, сен жүгір, машина тап.
Олар аудан орталығына кештетіп жетті. Аудандық аурухана поселкенің шығыс жақ шетінде еді, Ұлықпан сұрап алған совхоздың бас зоотехнигінің ескі «Уазигі» орталық постардағы МАИ-шылардан қашып-пысып, қуыс-қуыстағы айналма жолдарды сағалап жетем дегенше, қас қарайып кеткен еді.
Жол бойы Қалаубай мен Ұлықпан да, Роза да — ол жылап-еңіреп жүріп ақыры бұлармен бірге баруға көнген-ді — ләм-мим деп бір-біріне үн қатқан жоқ.
— Сіздер кім боласыздар?.. — деді алғашында медсестра түнделетіп жетіп келген бұларға абдыраңқырай қарап.
— Мұғалімдер едік… — деді Қалаубай міңгірлеп.
— А-а?!. — Сестра енді бұларға мысқылдай жымиды. — жеткен екенсіздер ғой…
Ұлықпан бұдан әрі арбасуға шыдамай кетті.
— Аман ба? Тірі ме өзі?!.
— Жоқ. Денесін жаңа ғана моргке алып кетті.
Ұлықпан манағы мұғалімдер бөлмесінде кешкен күйін басынан қайта өткерді. Тіл-аузы байланып, бір орнында өлексеше сілейіп, қатты да қалды. Роза еңіреген күйі тұрған жеріне отыра кетті…
3
Ұлықпан келесі қырына аунап түсті. Айгүл қыңқылдап жылай бастады. Әуелгі қыңқылы жайбарақаттау еді, жұбатып өбектейтін ешкім табыла қоймаған соң, бірте-бірте жылауды үдетейін деді. Айжамал оянды.
— Не, құлыным, не? Бір жерің ауырып жатыр ма? Қазір-қазір… Түу, мына бала от болып күйіп жатыр ғой.
Ұлықпан есітпеген адамша жата берді.
— Суу… — деді Айгүл шешесінің құшағына енгеннен кейін жылауын саябырсытып. — Мама, су-у…
— Қазір, жаным, қазір… — Айжамал су әкелуге дәлізге шығып кетті.
— Жылытып берсейш… — деді Ұлықпан жататын бөлмеге қайта кірген әйеліне. Айжамал «сен әлі ояу ма ең» дегендей, күйеуі жатқан жаққа бір қарады да, қызының жанына барды.
— Қайнаған су ғой, ештеңе етпес. Іше ғой, ботам, мә, іш.
Суын ішіп болғаннан кейін Айгүл сәл-пәл аунақшып жатты да, көп ұзамай қалғып кетті. Үйдің іші қайтадан жым-жырт бола қалды. Таң алды ғой, жел де басылайын деген сияқты: үйдің шатыры сарт-сұрт желпілдеуін қояйын деді, тек телеграф бағандары ғана зыңылдайды.
— Сен әлі ұйықтамағанбысың? — деді Айжамал күйеуіне.
Ұлықпан үндемеді.
— Мына бала күіп-жанып жатыр. Суық тиген-ау деймін. Детсадтағылар дұрыс қарамайды, — деді Айжамал тағы да.
— Енді қайтеміз?
— Жай айтқаным ғой, біз қайте алушы едік.
Екеуі сырттағы болмашы сыбдырға құлақтарын түріп тағы біраз жатты.
— Ұлықпан… Осыдан аман-сау құтылсаң, қайтеміз? Көшеміз бе?
— Қайдам…
— Көшейікші. Осы көрген бейнетіміз де жетер. Жамбылға көшейік. Қамза ағайдың бізге келіңдер деп қылқылдағаны қашан. Сен де бір жайбасарсың, әйтеуір жағаң жайлау боп жүре бересің.
Ұлықпан жауап қатпай біраз жатты да:
— Көрерміз… — деді екіұштылау қылып.
Айжамал күйеуінің әңгімеге құлқы жоғын аңғарған соң, теріс қарап жатып қалды. «Шынында, сірә, осы биыл Жамбылға көшіп алармыз, — деп ойлады Ұлықпан. — Атамекен ғой. Апамдар қуанбаса, қарсы болмайды». Ұлықпанның әкесі кешегі Ұлы майданда хабарсыз кеткендердің бірі еді. Екі баламен (Ұлықпан мен інісі) жесір қалған шешесі күйеуін күтудей-ақ күтіпті. Елуінші жылдарға дейін күтсе керек. Содан жетім-жесірліктің әлегімен Қарақалпақстандағы төркіндеріне тартады ғой баяғы. Өйткені жалаңаш жалпы жүріп өзі ауруға шалдығады, сондықтан күн көрісі қиындай бастайды. Нағашылары екі жетім жиені мен қарындастарын құшақ жая қарсы алады. Сөйтіп, шайқалған шаңырақтың түтіні қайта түзеледі.
Ұлықпанның анасы қазір сол Қарақалпақстанда, кіші ұлының қолында. Бұл да күні кеше, институтты бітірем дегенше, сонда тұрған. Оқуды бітірген соң Айжамал екеуі жолдамамен осы қиырдағы «Қайрақтыдан» бір-ақ шықты ғой. Шүкір, жаман болмаған сияқты, келіншегі екеуі қол ұстасып келіп еді, қазір кәдімгідей тым жақсы семья болып отыр. Жаңағы айжамал айтып жатқан Қамза дейтін ағасы — мұның әкесімен бірге туысқан кісі. Соғыстан кейін біраз жыл сыртта әскери қызметте болып, бұлардан көз жазып қалыпты. Қазір Жамбылдағы пединтитутта кафедра меңгерушісі, доцент. Ұлықпандарды жылда «көшіп келіңдер» деп үгіттейді. «Адамға туысқан қартайғанда керек екен, — дейді ағасы. — Жалғыз ұл болса дипломат, сонау Африкада жүр тентіреп, енді тым болмаса жаныма сен көшіп келші, сосын ана қарақалпақ боп кеткен шешең мен ініңді алдырармыз. Мені осындай қуатымның барында пайдаланып қалмайсыңдар ма? Жұмыс та тауып берейін. Сүйт. Ана қызыл дипломды сандықтың түбіне қор қылма»
«Шынында, осы Айжамалдікі дұрыс, — деп бір түйіп қойды Ұлықпан өткен-кеткенін ақылға сала келе. — Алдымыздағы жаздан қалмай көшу керек. Жұрттың бәрі тырбанып, тіршілігін қылып жатыр қарасаң. Мекнікі не жүріс осы? Институтта бес жыл бойы көз майын тауысып қағаз кемірдім. Сол кезде армандар көп сияқты еді ғой. Мен институтты мұғалім емес, ғалым болам деп оқымап па едім? Мүмкін оным астамшылық болар, бірақ бір кезде тек қана солай ойлайтынмын. Ал қазір ше? Қазір білмеймін. Дәл қазір мен үшін маңызды нәрсе басқа… мүлде басқа».
Дала жым-жырт. Жел жуасиын депті. Анда-санда ғана өткен күнін жоқтағандай баяу ғана ыңырсыта сыңсып-сыңсып алады. Ұлықпан әлі ояу.
4
Олар ауруханада бас-аяғы бір сағаттай айналды. Қалаубай кезекші дәрігердің кабинетіне кіріп, Жанұзақованың өлімінің жай-жапсарын біліп қайтты. Дәрігер: «ауруханаға жетем дегенше, сірке суынан іші-бауыры күйіп, жидіп кеткен. Қолдан келгенін жасадық, әзірше сіздерге ештеңе айта алаймын», — депді. Осы кезде манағы мысқылдай қарайтын медсестра келіп, Ұлықпанның қолына бір жапырақ қағазды ұстатты.
— Жанұзақованың жазып қалдырғаны… қалтасынан табылды. Мүмкін сіздерге керегі болар, — деді ол қағазды беріп жатып. Манағыдай емес жүзі жылып қалыпты, бұрыштағы креслода әлі де ағыл-тегіл болып жылап отырған Розаға мүсіркей қарағандай болды.
Ұлықпан қағазға үңілген қалпы мелшді де қалды. Онда ірі-ірі әріптермен тайға таңба басқандай қылып мына төмендегі сөздер жазылған еді: «Егер мен осыдан өле кетсем, оған ешкім кінәлі емес. Уәтай, сен мені кешір… Рәбиға»
Ұлықпан мең-зең боп тұра берді. Кенет қолындағы қағазды біреу жұлып алды. Роза екен. Ол қағаздағы жазуға тез-тез қыдырта көз жүгіртіп өтті де, жалма-жан қысқы пальтосының іш қалтасына сүңгітіп жіберді.
— Бұл қағаз менде болады! — деді ол даусы қырылдап. — Менде!.. — Сүйтті де, тағы да ағыл-тегіл боп жылап қоя берді. Ұлықпан ұйқылы-ояу адамша мең-зең боп Розаға қарады. Оның көздері қып-қызыл боп ісіп кетіпті. Көзінің алды, бет-аузы шалбар-шалбар. «Мынау Роза ма? Кемпір ғой. Жоқ, бұл „Қайрақты“ орта мектебінің маңдайына біткен жалғыз сәнқой Роза Қасымханова емес. Олемес. Ол мұндай болмайтын».
Ұлықпанның құлағының түбі күңгірлегендей болды. Қалаубай екен.
— Ал енді жүріңдер… — деді ол. — Роза, көзіңнің жасын тый енді. Жылағанмен, өлген бала тірілмейді.
Бірақ Роза жылай берді. Онысымен тұрмай: — Мен емес!.. Оны өлтірген мен емес. Өзі, оның өзі!.. — деді ол жын ұрған адамша жан-жағына алақтп. — Сендер бәрің мені қаралағыларың келеді. Неменеге тым-тырыс бола қалдыңдар?!. Бірдеңе десеңдерші!..
Қалаубай мен Ұлықпан оны екеулеп есіктің алдындағы машинаға әзер әкеп мінгізді. Роза есінен айрылған адамша арпалысып жүр. Ұлықпанның басы мүлде зеңгіп кетті. «Жоқ, бұл Роза емес, ол мұндай болмайтын. Мына жынды кемпір бізге қайдан кезікті?..»
— Кеттік… — деді Қалаубай шоферға. — Тезірек кетейік. Роза, шырағым, сен қойшы енді. Сені ешкім кінәлай алмайды. Жаңағы қағазды көрдің ғой.
— Жоқ, жоқ!.. Сендердің бәрің мені қаралағалы жүрсіңдер! Білем ғой, білем мен сендердің арам ойларыңды. Маскүнем байдың жүрісі анау, бір сайқалдың босағасында бұралқы итше тентіреп. Екі аламен тірі жесір боп менің жүрісім мынау. Құдай-ау, құдай, бұл құдайға не жаздым мен, не жаздым?!.
Бұдан кейін Розаға басу айтуға ешкімнің батылы бармады. Бір беймағлұм әлеметтің құдіретімен сөйлеу, тіл қату қабілетінен айрылып қалған жандарша меңірейіп отырды да қойды. Біраздан соң Қасымханова да тынышталайын деді. Даусы бірте-бірте бәсеңси берді де, соңы тынымсыз ықылыққа ұласып, бір кезде біржолата үнін өшірді. Домаланған шағын «Уазик» мидай жазықпен ұшып келеді. Айнала көзге түртсе көргісіз, тек жеңіл машинаның маңдайындағы қос жұлдыздай себездеген өткір сәуле ғана түн түнегін тілгілеп ағып келеді. Осы «Қайрақтыға» мұғалім болып келгелі үш-төрт жылдың ішінде Ұлықпан бұл жолмен әрлі-берлі қанша мәрте сабылды екен. Соның ешқайсысында бұл араның түнінің осыншалықты меңіреулігін сезбепті. Жолда анда-санда болса да бірді-екілі малшы қыстауы, қарауытқан ескі мазарлар, кейде он шақты үй ферма орталықтары кездесетін сияқты еді. Сондайда машинаны қапталдай қойшының малсақ төбеттері жүгіріп шығып, жолаушыларды қыр астына әупілдесіп шығарып салатын. Бүгін соның бірі жоқ.
Әлденеден көңілі қоңылтақсып елегізген Ұлықпан машинадағыларды көзімен бір-бір шолып өтті. Бәрі де өзді-өзі болып, төмен қарай тұқырайысып кетіпті. Бәрі де меңіреу боп қалған сияқты. Тіпті Роза да. «Сендердің бәрің мені қаралағалы жүрсіңдер. Мен білем, бәрін білем!..» — дейтін сияқты ол ішінен. Сонда Ұлықпан да осы бейшара әйелді қаралағалы жүр ме? Кім бейшара? Бейшара ана қыршынынан қиылған Рәбиға ғой. Сол. «Егер мен осыдан өле кетсем. Бұған ешкім кінәлі емес. Уәтай, сен мені кешір… Рәбиға». Айтпақшы, Уәтайдың бұл уақиғаға қандай қатысы бар? Ә-ә, иә, иә…
Ұлықпан есіне Уәтай мен Рәбиғаға қатысты бір кішкентай оқиға түсті…
Кішкентай оқиға
Онда да дәл осындай түн болатын. Қазір анық есінде жоқ, сағат он бір, он екілердің шамасы сияқты еді. Ұлықпан ауылдағы жолдастарының бірінен үйінен қонақтан қайтып келе жатқан. Жолдағы интернат үйінің жанынан өте беріп, кенет тоқтай қалды. Ауладан күбір-күбір сөйлескен бір қыз бен жігіттің даусы шағады.
Ұлықпан салғаннан тани қойды — қыз өзі жетекшілік ететін оныншы «Б» -ның оқушысы Рәбиға Жанұзақова еді, ал жігітті анық шырамыта алмай тұр. Интернат үйінің терезелеріне қарап еді, балалар шамдарын сөндіріп жатып қалыпты, тек ең түпкі бөлмеде тәрбиешілер бөлмесінің терезесінде ғана жарық бар.
Ол енді ауладағы екеудің сұлбасын ептеп ажырата бастады. Жігіт Жанұзақованы қолынан ұстап алып жібермей тұр. Ұлықпан бірте-бірте оларға жақындай түсті. Бірақ аналар бұны қараңғыда көрмейтін сияқты, қаннен-қаперсіз. Міне, сөздері ап-анық естіле бастады.
— Жіберш дейім енді… апай ұрсады. Өткенде «екінші рет тағы осылай кешіксең, киноға барам деп сұраушы болма» деген… Уәтай, жібер деймін, — дейді Рәбиға қиылып.
— Ұрыса берсін, жібермейім… — Бұл — жігіттің, Уәтайдың дауысы,
— Неге?..
Жігіт біразға дейін үнсіз қалды.
— Кеше шақырғанда неге шықпадың? Алдыңғы күні де… — деді ол сонан соң күрсініп.
— Шыққым келмесе қайтем. Сол, шықпадым ал не қыласың?
— Білемін ғой… — Бұл жолы жігіттің даусы бір түрлі өкпелі шықты.
— Нені білесің?
Уәтай тағы біраз үнсіз қалды. Содан кейін тұрып-тұрып:
— Мен бір күні Мадридті оңдырмаймын, — деді аяқ астынан дүңк етіп.
— Біздің ағайды ма? Уәтай, шын айтып тұрмысың?
— Шын болмағанда ше!
— Онда менен жақсылық күтпе. Уәтай, бұзықсың сен. Бұл түріңмен кісі өлтірерсің бір күні. Енді қайтып маған жолама. Жібер-р!..
Рәбиға бұл жолы жігіттің қолынан қалайда босанғысы келіп, манағыдан гөрі қаттырақ бұлқынып-бұлқынып қалды.
— Жібер дейім!..
Уәтай сонда да жіберер емес, жіберудің орнына:
— Сен соны сүйесің… — деді тістеніп.
— Оны қайдан білдің?
— Мен бала емеспін. Білем. Көркемөнерпаздар дегенді шығарып алыпты. Соны сылтауратып сендерді, өзінің оқушыларын, айналдырады ол.
Рәбиға шошып түсті.
— Уәтай, сенің қалай аузың барады бұған?! Ол мұғалім ғой. Оның бұл — қоғамдық жұмысы. Мен оның ондай ештеңесін көргем жоқ, сондай жақсы жігіт…
— Жігіт деймісің?! — Уәтай Рәбиғаның қолдарын босатып жіберді. Рәбиға енді қаша жөнелетін шығар деп күткен Ұлықпан. Жоқ, қашқан жоқ. Уәтай күрсінді.
— Әне, сендер, қыздар қандайсыңдар? Өздеріңнің мұғалімдеріңді жігіт дейсіңдер…
— Ойнап айтам. Мен не дер екен десем.
Ұлықпан енді бұдан әрі шыдай алмай, жөткірініп жіберді. Рәбиға дыбыс шыққан жаққа жалт қарады да:
— Ойбай, ағай!.. — деді жалма-жан сыбырға көшіп. Сүйтті де, көйлегінің етегі желбіреп, интернатқа қарай жүгіре жөнелді.
Уәтай әуелі не істерін білмей орнында әрі-бері сипақтап тұрды да, Ұлықпанның өзін бәрібір танып тұрғанын түсініп, амалсыздан бұған қарай тіке жүрді. Әлгі Рәбиғаға ұқсап бір жағына тайып тұруға жігіттік намысы жібермеген сияқты.
— Сәламатсыз ба…
— Сәламат па. Бұл кім, Уәтаймысың? — деді Ұлықпан ештеңені аңғармағансып.
Уәтай бастауыш кластың оқушыларынша шекесін сипап, төмен қарады.
— Мен ғой, ағай…
— Не ғып жүрсің мұнда?
— Кинодан қайтып келе жатқам. Төтесініп мына интернаттың шарбағынан бері қарай секіре салғам.
— А-а… Шарбақтан секіруді әлі қоймаған екенсің ғой.
Уәтай кінәлі пішінмен ыржиып тұра берді. Ұлықпан да енді ол жағын қазбалай беруін қойып:
— Көптен бері көрінбейсің ғой ауылда? — деді жігітті әңгімеге тартып.
— Қыс бойы ауданда тракторшылардың курсында болдым. Жаздан бері фермада шөптемін. Бұрнағы күні келгем.
— Қазір трактор айдап жүрсің бе?
— Иә.
— Жақсы болды ғой. Біздің үйдің бір тележка отыны бар еді, қолың тигенде түсіріп берсейші бір. Енді сендердің рақаттарыңды қашан көреміз?
Уәтай күлді.
— Міндетті түрде, ағай. Түсіріп берейін…
Ұлықпан отын жайын жай айта салған, бір кездегі оқушысының әлгі ниетіне бір түрлі іші жылып қалды. Бұрын осы Уәтайдың аты аталса, бүкіл мұғалім зар қақсайтын. Ақыры ол сегіншіден кетіп тынды. Ұмытпаса, жаңағы Рәбиғалардан бір-екі класс жоғары оқитын. Ауырып қалған бір мұғалімнің орнына екі-үш айдай сабақ бергені болмаса, Ұлықпан осы баланы көп білмейтін. Алты жүзге тарта оқушы бар, қайсыбірін білесің. Бірақ бұл мектепке атышулы дүрдік ерін, шой желке, кісіге сүзеген тайыншаша сүзіліңкіреп қарайтын осы бір қысық көз сары баланың сыртқы пошымына қарап: «Әй, болсаң, боларсың-ау», — деп ойлайтын. Қазір өзінің сол ойына күдік келтіріп тұр.
— Клубтағы қандай кино екен? — деді Ұлықпан сәл-пәл үнсіздіктен кейін.
— «Красная калина» деген.
— Шукшиндікі ме?
— О жағын білмейім. Бұрын да бір рет көргем. Өте жақсы кино. Тракторшы жайлы.
— Ол не қылған тракторшы? — деді Ұлықпан оны сөйлете түскісі келіп.
— Кәдімгі… біз сияқты. Тек түрмеге отырып шыққаны болмаса. Бандиттердің өлтіріп кететіні өкінішті. Аңдып кеп, егіс басында өлтіріп кетеді оны.
Мынандай көңілсіз әңгімеден кейін екеуі тағы біраз үнсіз қалысты.
— Жарайт, ағай, мен кетейін… — деді бір уақытта Уәтай. Сөйтті де қоштаспастан жүре берді.
— Ұлықпан қазір бас зоотехниктің «Уазигінің» ішінде ұйқылы ояу мең-зең болып келе жатып сол бір түнді, Рәбиға мен тракторшы жігіт Уәтайды есіне алды. «Ол не қылған тракторшы? — Кәдімгі… біз сияқты. Тек түрмеге отырып шыққаны болмаса. Бандиттердің өлтіріп кететіні өкінішті. Аңдып кеп, егіс басында өлтіріп кетеді. Егіс басында…»
«Менің де түрмеге отыруым мүмкін-ау» деп ойлады Ұлықпан кабинада екі жағына кезек шайқатылып келе жатып.
5
Таң алдында ғана мызғып кеткен күйеуін Айжамал жұлқылап оята бастады.
— Тұр, тұр!.. Ұлықпан дейім… — деді ол жас балаша былқ-сылқ етіп ұйқысын аша алмай жатқан Ұлықпанды әрлі-берлі тербетіп. — Тұр дейім… Күн сәске түс болды.
Ұлықпан қып-қызыл боп кеткен көздерін әрең ашты. Бір қиырдан арып-ашып оралған жолаушыдай әбден қалжырап қалыпты. Бастары қорғасын құйғандай ап-ауыр, еркіне әзер көнеді.
— Не боп қалды?..
— Мектепке шақырып жатыр. Тез жетсін дейді.
— Тергеуші ме?
— Жоқ. Директор ағай келіпті курорттан. Түнде. Жаңа барсам, жұрттың бәрін қуырып жатыр екен. Саған да тез келсін деді.
— Қазір… — Ұлықпан орнынан тұруын тұрғанымен, ұйқысын аша алмай, жылы төсектің үстінде тағы біраз қалқиып отырды.
— Боран басылып па? — деді сонан соң мұның жұмыс киімдерін реттеп жатқан келіншегіне мойнын әзер бұрып.
— Басылыпты. Бол енді, тез. Ұрысып жүрер тағы, — деді Айжамал асықтырып.
— Мейлі. Бәрібір ұрсады ғой… — Ұлықпан орнынан тұрып, ықылассыз киіне бастады.
Мектепке келді. Есік алдында отыратын үй сыпырушы әйелдермен селқостау амандасып, ұзын дәліздің түкпіріндегі директордың кабинетіне қарай бұрылды. Сабақ жүріп жатыр. Дәліз тып-тыныш. Бәрі күн кешегідей. Ештеңе болмағандай. Осы мектепте Рәбиға Жанұзақова дейтін бір қара торы әсем қыз бала оқымағандай. Ұлықпан сол мең-зең күйі дәлізді бойлап жүріп келеді.
Келсе, кабинетте түнде ғана алыстағы Кавказдан арып-ашып оралған Ілепес Қожаназаров пен оның уақытша орнында қалған бірінші орынбасары Қалаубай қым-қиғаш керісіп жатыр екен. Абайсыз кіріп қалған Ұлықпан қайта шығып кетудің ретін таба алмай, «не де болса тәуекел» деп, директордың шағын кабинетінің екі жақ қабырғасына жағалай тізілген орындықтардың біріне отыра кетті. Орындық жып-жылы еді, Ұлықпан жаңа ғана бұл орындыққа біреулердің отырып кеткенін айтпай-ақ түсінді.
Көздері жүйкесі тозған кісілердің көзіндей жан-жағына тынымсыз қыдырып, үнемі қызарып жүретін орта жастағы бурыл самай директордың жүзі өрт сөндіріп шыққандай түтігіп кетіпті. Ұлықпанның сәлемін алған жоқ. Бұған жақтырмай бір қадалып алды да, алдында отырған орынбасарына қайта шүйлікті.
— Айналайын-ау, саған сенгеніміз осы ма? Жиырма күн жұмыста болмап ек, не істедіңдер, міне! Енді бәріміз сотталамыз. Содан басқа, сотталудан басқа, не қалды бізге?! Не істеп жүрдіңіздер, не бітірдіңіздер? Мен Сізден сұрап тұрмын!
Қалаубай да күреңітіп алыпты. Шыдамай орнынан атып тұрды.
— Сіз қалай ойлайсыз өзіңіз?! Егер сіз болсаңыз, болмас па еді осы оқиға? Бәрібір болатын еді. Мен сізге түсіндіріп тұрым ғой… Кездейсоқтық деп. Кездейсоқтық… Сол!.. Мен қайтем?! Мен тіпті сол балаға не болғанын ауруханаға апарарда бір-ақ есіттім. Бәрін бүлдіріп жүрген ана Роза. Мен сізге соны женсовет қылма деп талай ескерткем. «Қайтеміз, басқа ешкім көнбей отыр», — деп болмай қойған өзіңіз болатынсыз. Отыр ғой мынау класс жетекшісі. Сұрасаңызшы. Жоқ, мен ештеңені білмейім, ештеңеге жауап бере алмайым! Жоқ-ай, біреуі кетеді курортқа гөләйттап, тәрбие завучының сиқы анау алты ай қыс ауруханадан шықпайды. Көксау. Баяғыда айтпадым ба мен сізге сол кісіні ауыстырыңыз деп. Жоқ, екі ортада отқа күйе алмайым мен. Күйсеңіз, өзіңіз күйіңіз, сіз бірінші басшысыз!..
Мынадан кейін директор мүлде қалшылдан кетті. Қаламсап ұстап тұрған шидей, аппақ саусақтары дір-дір етіп:
— Қысқартыңыз!.. Шық, шығыңыз, кәне, кабинеттен!.. — деді өзіне-өзі ие болудан қалып.
Қалаубай директорға сүзеген бұқаша алая бір қарады да, аяғын салмақтай басып, кабинеттен үн-түнсіз шығып кетті. Дәлізден оның шойыннан құйғандай нып-нығыз тұлғасының еденнің тақтайларын сықырлата жаныштап бара жатқаны іштегілерге анық естіліп тұрды.
— Жүрісінің нығын көрдің бе иттің!.. — деді еріксіз аңтарылып қалған директор енді қалтасын қарманып. Ұлықпан оның қалтасынан не іздеп жатқанын түсінді. Жалпы, тым сақ, сондықтан да шамадан тыс қорқақтау кісі екендігі болмаса, Ілепес Қожаназаров, Ұлықпанның ойынша, ақ көңіл, таза адам еді. Жас мұғалім қазір оны бір түрлі аяп кетті. Орнынан дереу ұшып тұрып, үстелдің үстіндегі графиннен оған бір стакан су құйып берді.
Директор қалтасындағы кішкентай шыны құтыдан бір түйір ақ таблетканы алып, таңдайына басты.
— Рақмет, рақмет… — деді сосын стакандағы суды алып жатып. — Қиямет-қайым болса да бұлардың түгі қисаймайды, — деді сонан соң сөзімен Қалаубайды меңзеп. — Әңгімесін көрдің бе… Гөлайттап дейді. Сонда мен гөлайттап жүр екем-ау. Оныңша, солай екен ғой… — Сүйтті де екі қолымен шекесін тарс қысып алып, үнсіз отырып қалды. Осы сәт ол жас мұғалімнің алдындағы орынсыз қызбалығынан қысылып отыр ма, әлде Қалаубайда кеткен ызасын ойлап күйінді ме, әлде тіпті шынымен-ақ түрменің төрт қабат темір торын ойлап уайымдады ма — түсініксіз еді. Айтса айтпаса да, оныншы «Б» класының оқушысы Рәбиға Жанұзақова кенеттен қайтыс боп кеткен екі жетінің ішінде бұл мектепте түсініксіз нәрселер тым көбейіп кеткен-ді.
— Не болды?! — деді директор бір уақытта басын оқыс көтеріп алып. — Ұлықпан, сен айтшы бәрін рет-ретімен…
Рәбиғаға қатысты оқиғаның басы-қасында тікелей болмағандықтан, Ұлықпан рет-ретімен айта алмайтын еді. Сондықтан да ол осы уақиғаның басы-қасында жалғыз куәгер оныншы «Б» класының оқушысы, Рәбиғаның интернатта бірге жататын жақын құрбысы Айжан Құдайбергенованың өзіне берген жазбаша түсініктемесін қалтасынан алып, үн-түнсіз директорға ұсынды.
Оныншы «Б» класының оқушысы Айжан Құдайбергенованың класс жетекшісіне берген түсініктемесі.
Сенбі болатын. Біздің класта соңғы сабақ жүріп жатқан. Роза апайдың сабағы. Кенет бірдеңе тысыр еткендей болды да, іле-шала есіктен Мадрид ағайдың басы қылтиды.
— Роза, бір минутқа бері шығып кетіңізші, — деді ол өзіне тән салмақты дауыспен.
Роза апай түсіндіріп тұрған сабағын тоқтатып, дәлізге шықты. Олар сол жақта бір-бірімен сыбырласып сөйлескендей болды. Класта отырғандықтан, біз олардың не жөнінде сөйлескенін есіткен жоқпыз, әрине. Сәлден соң Роза апай класқа қайтып кірді. Қолында — бір жапырақ қағаз. Түрі сұп-сұр болып кетіпті апайдың.
— Жанұзақова, сен не бүлдіріп жүрсің? — деді есіктен кірер-кірместен Рәбиғаға шатынай қадалып.
Менің қасымда отырған Рәбиға орнынан атып тұрды. Кластағы балалардың бәрі Жанұзақоваға қарап аңтарыла қалды. Белгілі жай емес пе. Мен де көзімнің қиығын салдым. Рәбиға өрттей қып-қызыл болып кетіпті. Балалар байқады ма, байқамады ма — білмеймін, әйтеуір өзім анық аңғардым, денесі дір-дір етеді. Балалар да бірдеңені сезген сияқты, бәрі тым-тырыс болып тына қалды.
— Қазір сабақтан соң жеке қал, біз бұл мәселені бәрібір талқылаусыз қалдырмаймыз. Отыр!.. — деді апай оған жек көре қарап.
Рәбиға дір-дір етіп, орнына қайта отырды. Сабақ үсті болғандықтан, мен оған ештеңе айта алмадым, бірақ ішімнен қатты аяп кеттім. Рәбиға сол отырғаннан қашан сабақ біткенше қыбыр етпестен қақшиды да қалды. Түрі кісі аяғандай: көздері мөлт-мөлт етеді.
Сабақ біткен соң балалар үйді-үйлеріне тарай бастады. Мен Рәбиғаны жалғыз тастап кете алмай, есіктің алдына — дәлізге шығып күтіп тұрдым. Іштен апайдың ашулы даусы естіледі — кейіп жатыр. Мен былайырақ ысырылып тұрдым, өйткені біреулердің әңгімесіне тыңшыға ұқсап сырттан құлақ түрген ұят сияқты. Осы кезде дәлізде мектептің үй сыпырушысы Жамал апай еден жуып жүрді.
— Әй, қыз, сен неменеге қақиып тұрсың, қайтпаймысың? — деді ол маған дәліздің ана басынан айқайлап.
Мен не айтарымды білмегендіктен, үндемей тұра бердім.
— Мына қыздың тілі байланып қалған ба, қара тігілгір… — деді ол кісі күңкілдеп.
Бір кезде сол еденді жуған қалпымен біздің кластың жанына жетті. Сөйтті де жалма-жан қолындағы шелегін жерге қоя салып, іштегілердің әңгімесіне құлақ түре қойды. Кәрі кісі емес пе.
— Мыналар не деп жатыр? — деді сосын маған бұрылып. — Мынау әлгі көк көз қатын ба шаңқылдап жатқан? Әйтеуір, сол-ақ бүлінеді де жүреді екен.
Оның «көк көз қатын» деп тұрғаны Роза апай екенін мен түсіндім, бірақ Жамал апайға «білмейм» деп басымды шайқадым.
Жамал апай дереу біздің кластың есігін ашып жіберді де, ішке басын сұғып:
— Әй, қатын, неменеге быжылдап жатсың? Бол енді, кләсті босатыңдар, пол жуам, — деді, бірақ мен ол кісінің не дегенін аңғармай қалдым. Жамал апай есікті сарт еткізіп қайта жапты да, бұрқылдап жүріп, жұмысына қайта кірісті.
Бір кезде шиедей қып-қызыл боп кеткен Рәбиға кластан атып шықты. Ол менің өзін күтіп тұрғанымды көрсе де, көрмеген боп, жанымнан жүгіріп өтті. Мен қуа жөнелдім. Екеуміз сыртқы есікке қатар жеттік. Осы кезде дәл қарсы алдымыздан Мадрид ағайдың ұшыраса кеткені. Рәбиға бір секундқа қалт тұра қалды. Со кездегі оның Мадрид ағайға жек көре қадалған өткір көздерін көрсеңіз! Мен ондай көзді әлі күнге көргем жоқ. Осының бәрі қас қағым сәтте болды, Рәбиға қайтадан жүгіре жөнелді.
Интернатқа келсем, ол төсегінде бүк түсіп солқылдап жылап жатыр екен. Мен әрі-бері жұбатып едім, көнбеді. Сосын бір кезде көзіндегі жасын тыйып, жастықтан басын көтерді де:
— Айжан, сен асханаға бара берш. Мен қазір барам. Құдай үшін… барш, жалынам!.. — деді даусы қалтырап.
Мен амалсыздан асханаға кеттім. (Сол үшін өзімді мәңгі кешірмеймін!..) Рәбиғаның мінезін білем ғой — бірбеткей, айтқанынан қайтпайды, бәрібір өйтпесіме қоймас еді. Асханаға барып, тамақтанып қайтып келсем… Рәбиға сұлқ түсіп еденде құсып жатыр, қасында сірке суының бос құтысы… Мен қорыққаннан шыңғырп жіберіп, тәрбиеші апайларға қарай жүгірдім. Одан кейінгісінің несін айтам, бәрі белгілі ғой…
Түсініктеме жазушы — А. Құдайбергенова.
Директор Айжанның түсініктемесін оқып болғаннан кейін, мең-зең болып біраз отырды. Тағы да бір түйір валидолды таңдайының астына ытқытты.
Түске қарай тергеуші келді.
6
Тергеуші Рәбиға Жанұзақованың ісіне қатысты мұғалімдерді мектеп директорының кабинетіне жинап алды. Ұлықпан бірінші кезектің соңғы сабағынан шығып келсе, Ілеспес те, Мадрид пен Роза да осында екен. Бәрі де үн-түнсіз томсырая қалыпты Тергеуші — Ұлықпандар қатарлы, ұқыпты киінген, ұзын бойлы жас жігіт — алдындағы жаюлы жатқан қағаздарға үңіліп отыр.
— Саламатсыздар ма… — деді Ұлықпан жаймен ғана. Сүйтті де, есіктің алдындағы орындықтардың біріне отыра кетті.
Тергеуші басын шұғыл көтеріп алды. Ұлықпанмен жылы қабақпен амандасып, бірер ауыз сөзбен халін сұрады.
— Ал енді іске кірісейік, — деді сонан соң төрде отырған директорға бұрылып. — Ілеке, сіз де келіп қалған екенсіз. Жақсы болды. Бұған дейін осында отырған азаматтармен жеке-жеке сөйлесіп, істің барысына сай алғашқы тексеру жұмыстарын жүргізгенбіз. Міне… — Тергеуші жігіт алдындағы көк қатырма папкіге ұқыптай тіркелген бір бума қағазды көрсетті. — Енді бәріңіздің бастарыңызды қосып, мына Ілекеңнің, басшыларыңыздың алдында бір сөйлесудің реті келіп отыр.
— Дегендей, дегендей… — деді Ілепес себепсіз қозғалақтап. — Құлағымыз Сізде, айналайын…
Тергеуші алдындағы қағазына қайта шұқшиды.
— Жолдас Есенбаев Мадрид, — деді сонан соң қағаздан бас алмаған күйі, — Сіз осы істе өзіңізді айыпты деп санамайсыз, солай ғой? Әлде бұрынғы берген жауабығызға алып, қосарларыңыз бар ма?
Институтты өткен оқу жылында ғана бітіріп келген жиырма бір-жиырма екілердегі сыптай ақ құба жігіт әдемі сопақшалау басын оқыс көтеріп алды.
— Жоқ… Мен бұрынғы пікірімде қалам, — деді ол осындай өзіне сенімді адамдарда ғана болатын нық дауыспен. — Сырттай солай болып көрінгенмен, Жанұзақованың өліміне менің ешқандай қатысым жоқ.
— Қалайша? Оның сізге жазған ғашықтық хатын мектептегі қыздар советінің председателі, оқытушы Роза Қасымхановаға апарып берген өзіңіз емеспісіз?
— Мен… — деді Мадрид сәл-пәл іркіліп. — Бірақ менің басқаша етуге хақым да жоқ еді, өйткені мен тәрбиешімін, педагогпын. Менің ондайға арым бармайды.
Тергеуші өзінің қарсы алдында отырған жас жігітке мысқылдай жымиды. Бірақ Мадрид міз баққан жоқ. Міз бағудың орнына тергеушіге сұп-сұр жүзін қасқайтып отырып алды.
— Жоқ, сіз қылмыскерсіз!.. — деді тергеуші де өткір көздерін шоқша жайнатып. — Егер мен тергеуші болмай, прокурор болсам осылай айтар ем. Қайталап айтам — таза мораль тұрғысынан келгенде осы өлімге бас себепкер сізсіз. Рас, менің сізді тікелей қылмысқа тартуға негіз болардай затты айғақтарым жоқ. Бірақ сол бір хат сіздің жүрегіңізді қалай тебірентпеді? Сіз « тәрбиешімін, педагогпын» деп көкірек кересіз. Мен білсем, сіздің мұғалім болуға моральдық правоңыз жоқ, өйткені мұғалім болу үшін, тәрбиеші болу үшін әуелі адам болу керек.
Осы араға келгенде Мадридтің ақ құба бетіне білінер –білінбес қызыл жүгіргендей болды. Бірақ бұл қас қағым ғана сәтке созылатын алдамшы, баянсыз сезім еді, өйткені жиырма екі жастағы педагог өзін-өзі дереу билеп ала қойды.
— Сіз мені олай қорқыта алмайсыз, олай деуге хақыңыз да жоқ, — деді ол «осы не сандалып отырсыз» дегендей, тергеушіні табалай жымиып. — Заңды біз де білеміз…
Тергеуші оның не айтқысы келіп отырғанын және айтпақшы болып отырған нәрсесін ішінен әлдеқашан айтып та салғанын Мадридтің сайқал көздерінен түсіне қойды. Ол қазір өзінің кәдімгі заң қызметкерінен гөрі сол қызметке енді-енді үйреніп жүрген тәжірибесіз шәкірт сияқты төмендеп қалғанын да түсінді.
Ұлықпанның іші мұздап қоя берді. «Мынау залым ғой, залым екен ғой!..», — деп ойлады өзінен үш-төрт жас кіші әріптесіне шошына қарап. Лыпылдап басына қан шапты. Ол өзінің жуас, ұялшақ адамдардың санатына жататынын ішінен жақсы білетін. Сондықтан жиындарда, кезекті педкеңестерде көп сөйлемейтін. «Сен сөйле» деп біреу-міреу тізгін бермесе, көппен бірге мыңқиып отыра беретін. Қазір шыдамай кетті. Өзі сияқты, мына тергеуші сияқты айтысуға әлсіз адамдарды аяп кетті ішінен.
— Мадрид, — деді Ұлықпан аузынан еріксіз шығып кеткен өз сөзіне өзі үрке құлақ түріп. — Сен не сандалып отырсың?!. Кабинетте отырғандардың бәрі бірдеңеден шошып оянғандай аң-таң боп, Ұлықпанға қарады. Тіпті Мадрид те қапелімде ештеңе дей алмады. Сұп-сұр болып сазарды да қалды.
— Сенің сорлылығың да сол білгіштігіңде, заңды көп білетіндігіңде… — Ұлықпан қызбалықпен байқамай орнынан тұрып кеткен екен, айтарын айтып салса да, жұрттың алдында бірдеңені бүлдіріп алған жас баладан әрмен қып-қызыл болып, сылқ етіп қайта отыра кетті.
Мадрид қанша ұстамды болғанымен, бір қызарып, бір бозарып қанасына сыймай кетіпті. Ұлықпан орнына отырар-отырмастан ол да тап берді.
— Сіз олай орағытпаңыз, — деді ол еріндері дір-дір етіп. — Көкейіңіз белгілі болды!.. Алдыңыздағы жиырма-отыз оқушыға иелік ете алмай жүріп, сізге не жоқ осы?!
Ұлықпан жүрегін біреу абайсызда жұлқып-жұлқып қалғандай есеңгіреп кетті. «Көкейіңіз белгілі болдыІ.. Көкейіңіз белгілі болды!..» деген үш-ақ сөз өзінің бойындағы ең жұқа жері — ұят деген гүлдей нәзік сезімін өткір дыраумен шыңғырта осып-осып өткендей болды.
Мадрид тағы да бірдеңелерді айтуға оқтала берген, кенет мектеп директоры Ілепестің түйіліп кеткен қабағына көзі түсіп кетті де, жым боп, тоқтай қалды. Бөлме ішін ауыр үнсіздік жайлады.
— Жолдас Қасымханова, сіз де солай ойлайсыз ба? — деді тергеуші жігіт енді өзді-өзі болып бейқамдау отырған математика пәнінің мұғалімі қапелімде мәселенің байыбына бара алмай қалып.
— Рәбиға Жанұзақованың өліміне өзіңіздің тікелей қатысыңыз бар деп есептейсіз бе, әлде…
— Мүлде қатысым жоқ деп қалай айтайын. Бірақ мен емес оны өлтірген. Өзі, оның өзі!.. Оған менің тілім тиген жоқ.
— Тілім тиген жоқ дейсіз бе?.. — деді тергеуші Қасымхановаға сынай қадалыңқырап. — Демек, қалай болғаны сонда? Сіз оны тексертем депсіз ғой? Нені тексертпекші болдыңыз сонда?
Қасымханова көздері жасаурап, орнынан ұшып тұрды да, әдетінше жылап қоя берді.
— Жоқ, мен олай деп ештеңе дегем жоқ. Неше рет сұрадыңыз менен осыны. Сіздердің бәрің, бәрің… білем, білем мен… Мен емес ол қызға өле көрдеп жалынған. Бұл — самоубийство! Самоубийствомен өлгендерді тексермейді, газетке де жазбайды, өйткені ол біреудің жасаған қылмысы емес, білдіңіз бе?!
— Жарайды, сіздіңше солай-ақ болсын. Бірақ қылмыс өз-өзінен жасалмайды. Солай емес пе?
— Оны мен қайдан білем?! — деді Қасымханова көзінің жасын тыя алмаған күйі қолдарын долдана сермеп. — Соттасаңыздар да айтарым сол — мен басқа ештеңе білмейім!
Осы кезде директордың да шыдамы таусылса керек, ол да орнынан еріксіз ұшып тұрды, бірақ қапелімде заң орнының қызметкеріне көзі түсіп кетті де, қанша айтқанмен бір мекеменің дыңдай басшысы екені есіне түсіп, сылқ етіп орындығына қайта отырды.
— Әне, әне!.. Сүйтеді бұлар! — деді ол күйініп. — Сонда Жанұзақованың қазасын бір жақта курортта жүрген мына менен көретін шығарсыңдар сендер? Бәрі басын ала қашады. Түсінбейім, түсінбейім!.. Құрысын, мені құртатын шығар бұлар.
— Сіз болса қайтуші еді, — деді Роза «үйреніскен жау атыспаққа жақсы» дегендей Ілепестен айылын да жимай. — Сіздің жаныңыз бізден артық па сонша? Тәрбие жұмысы осы отырған бәрімізге ортақ, өйтіп бұқпантайламаңыз! Еркек дейді-ау бұларды да…
— Құрсын, құрсын!.. — деді директор күйіп-пісіп. — Міне, көрдіңіз ғой… — деді сонан соң тергеушіге қарай жас балаша жаутаңдап. — Осындайлармен қалай бірігіп жұмыс істейсіз? Бәрі де ауыздығымен алысып тұрған біреу, бәрі білгіш, бәрі заңқой… Ал, басқарып көр осындайларды!..
Тергеуші үндеген жоқ. Қасымханованы қайта тергей бастады.
— Сонымен сіз Жанұзақова турасында тексертем деген сөзді аузыңызға алған жоқсыз, солай ғой?
— Иә, иә!..
— Онда куәгерді шақыруға тура келеді. — Тергеуші Ілепес Қожаназаровқа бұрылды. — Үй сыпырушы Жамал Терлікбаеваны шақыртыңызшы.
Жамал кемпір директордың кабинетіне әдетінше салдырлап сөйлей кірді.
— Тағы не боп қалт, құдай!.. Уһ, аманшылық па әйтеуір?
— Аманшылық, шеше. Отырыңыз, — деді тергеуші үй сыпырушы кемпірге алдындағы бос тұрған орындықтардың біреуін нұсқап.
— Отырайын, қарағым, отырайын…
— Шеше! Мен Сізден Жанұзақова дейтін бала турасындағы әнеугүнгі маған берген куәлігіңді қайталап айтып беруіңізді сұраймын. Тек шыныңызды айтыңыз.
Кемпір қапелімде асып-абдырады да қалды.
— Ойбай, о не дегенің? Шыным сол, қарағым. Жалғыз бала асырап отырым, құдайға өйтіп күпір болатын жайым жоқ.
— Жарайт. Сонымен, сіз есікті ашып қалдыңыз… Жолдас Қасымханова марқұм Жанұзақоваға не деп ұрсып жатыр екен?
Бесплатный фрагмент закончился.
Купите книгу, чтобы продолжить чтение.