Кеңес Оразбекұлы
Қанатты сөз — қазына
2 -кітап
Қанатты сөзге байланысты ой-түйіндеулер мен мысал-деректерді жинап, құрастырған, мән-мағынасын түсіндірген Кеңес Оразбекұлы Дүйсен.
«Қанатты сөз — қазынаның» бұл екінші кітабында халық арасына кең тараған мақал-мәтелдер мен қанатты сөздердің, тәлімді сөз тіркестерінің 700-ден аса үзінді-үлгілерін жинап, құрастырып беріп отырмыз. Олардың шығу тегін танымал жазушылар мен этно-графтардың, тарихшылар мен журналистердің, тағы басқа мамандық иелерінің халық салт-дәстүрлері мен этнографиясына, тарихы мен өмір-тіршілігіне, ру шежірелері мен табиғи құбылыстарға қатысты ой-түйіндеулерінен, мысал-деректерінен үзінділер келтіріп, әр қайсысын түсіндірмелермен толықтырып отырмыз.
Бұл кітап та қазақ оқырманының қуанып табысатын, дүркін-дүркін сүйсіне қолына алып, ондағы ойларды өмірлік бағдарына айналдырып, әр шаңырақтың қымбат рухани қазынасының қатарына қосар деп сенеміз.
Жинақ балалар мен шәкірт жастарға, ұстаздар мен көпшілік оқырманға арналған.
«Кейде дәу ірі қараны пышаққа жыққан отбасы бір аяғын жылқы етіне немесе жылқы сойғаны сиыр етіне алмастыратын. Осылайша ел іші жылқы етінен де, сиыр етінен де ауыз тиетін. Ал қаңтар-ақпан айларында ауылдың үлкендерін шақырып, «соғымнан дәм татқызу», «шеке жегізу» деген жоралғылар жасалатын. Келген қонақтың бәрі: «Соғымдарыңыз шүйгін болсын», — деген тілек айтатын. Сөйтіп ауыл болып бірін-бірі қонаққа шақыру қыс бойы жалғасатын еді. Бұл халықтың бауырмашыл, бірлікті де берекелі болуына жақсы үрдіс бастамасы десек қателеспейміз. Соғым басына келе алмаған сыйлы адамдардың сыбағаларын анам сарымайдай сақтайтын. «Ескерсең ескі асыңнан сақта», — деген сөз осыны айғақтаса керек. Қысты күні жүре алмайтын кемпір-шалдардың сыбағаларын анам жеке-жеке дорбаға салып, оны шанаға байлап, бір парақ қағазға керекті мәліметтерді жазып, осы кісілердің үйлеріне апарып бер дейтін. Бұл мәртебелі шаруаға мені жұмсағанына мәз болып, барған жеріме: «Сыбаға әкелдім», — деп мақтанышпен ұсынатынмын. Разы болған қарттардың баталарын алып, қолыма ұстатқан тәтті мәмпәсилеріне тойып қайтатынмын. Шіркін, қазақтың соғымы ұзақ қыста таусылмайтын мейрам еді. Қазір бәрі өзгеше…». (А. Сексенбаева, 37.).
Сый-құрметің, сыбағаң үзілмесін, қарым-қатынас жасап тұр деген мағынада ұғынылады.
А
АБЫЛАЙ АСПАС АСУ
(Екінші нұсқа) *
«Абылай хан „Жайыл қырғынын“ жасаған соңғы жорығында қазақ пен қырғыздың нақты шекара сызығын белгілеп, ащы ішекше созылып бара жатқан қоныс дауын түбегейлі шеше алды. Бұл жөнінде Халел Досмұхамбетов « Кенесарының соңғы күндері» атты шығармасында:
«Қонысқа таласып қырғыздармен де бір мезгіл соғысты. Ақы-рында қырғыздармен келіс қылып, жердің шегін айырды. Алатаудың қыры екі ағайынды жұртқа шекара болды. «Абылай аспас асу» деген сөз сонан қалды» (Х. Досмұхамбетов. «Кенесарының соңғы күндері» 1994. Жалын. №9 — 10) дейді». (М. Исахан, Р. Оразов,50.29.10.2009.).
«Абылай аспас асу» дегеннің мағынасы, бұл асу шекара, одан Абылай ханның өзі аса алмайды, оның ар жағына Абылайдың бұйрық-өкімі жүрмейді деген сөз.
АДАЙДЫҢ БЕЙІТТЕРІН КӨРГЕНДЕ ӨЛГІҢ КЕЛЕДІ
«Кіші жүз ру-тайпаларының арасында, әсіресе, адайлар арасында бейіт соғу, мола салу, құлпы тас орнату дәстүрі айрықша дамыған. Үстірт үстіндегі, Арал төңірегіндегі байтақ қорым-пантеондар қазақ-тың молалық-сәулет өнерінің озық үлгілері болып табылады. Әйгілі тұлғаларды даралап жерлеу, сын тастарды әулет-ата мен ру-тайпа бойынша көшелеп орнату, қыз-келіншектерге оқшау шоғыр етіп там соғу сияқты ежелден бастау алған дәстүр назар аударарлық.
Қарақалпақстанның Қоңырат ауданындағы Дәуіт ата қорымында адай қыз-келіншектеріне бірінен-бірі әсем ақшаңқан күмбездер шоғыры бөлек соғылған.
Мұндай молалық — сәулет өнерінің үлгілерінен байырғы наным-сенімнің белгілерін айқын байқауға болады. Жергілікті ұлутас сияқты құрылыс материалдары дәстүрлі наным-сенімді айрықша кие тұтып, адам ықыласының заттана көрініс табуына мол мүмкіндік берген». (А. Сейдімбек, 93. 626-бет).
Бұл сөз тіркесі бір жағынан адайлардың бәсекелестікпен салынған бейіттеріне таңданысты байқатса, екінші жағынан өзінің де басына осындай бейіт орнар ма екен дегендей аңсарлы ойды жеткізеді.
*«Қанатты сөз-қазына», 1-кітабын қараңыз.
АДАМ — ӘРІ ЖОЛ, ӘРІ ЖОЛАУШЫ
«Сопылар „адам — әрі жол, әрі жолаушы“ дейді. Кез келген адамның жетістік әрі қателіктерімен өзі басып өтер өмір жолы бар. Ол — соның жолы, яғни адамның өзі — жол. Сонымен бірге отырсаң да, тұрсаң да, ұйықтап жатсаң да, сен бұл пәниге уақытша келген жолаушысың. Бәріміздің баратын, тоқтайтын межеміз — бір. Сон-дықтан өлетін-өлмейтін кезін пенде білмейді. Бұл бір Аллаға аян». (Б. Момышұлы, 15.71-б.)
Иә, әр адам өзінше жол, артында отбасылық, ел ішілік өмір қолтаңбалары қалады. Атқарған еңбек нәтижелері, шығармашылық, ғылыми еңбектері қалады дегендей.
Сондай-ақ Б. Момышұлы айтқандай әр адамның өз жолы, өз тағдыры бар, яғни, әр адам өзінше бір жатқан жол. Ол жолды қанша қаласа да басқа адам қайталай алмайды, сүре алмайды. Сондай-ақ әр адам аумалы-төкпелі, ащылы-тәттілі өмірдің, тағдырдың иесі, ұзынды-қысқалы шым-шытырық өмір жолының жолаушысы. Оны басқа адам қанша қаласа да алмастыра алмайды. Адамның әрі жол, әрі жолаушы болатыны, адамдардың бір-бірін құрметтеп, бағалап, жолдарын қия кеспеуі тиістігін осылайша ұғындырып тұр емес пе.
АДАМЗАТТЫҢ БӘРІН СҮЙ БАУЫРЫМ ДЕП
«Абай гуманистік көзқарасты насихаттады. Ол адам атаулы жаратылысында бірдей деп қарады. Өзін өзгеден артық санай-тындарды сөгіп, „менімен сен тең бе деп мақтанасың, білімсіздіктің белгісі ол баяғы“ деді „Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп“; „Атаның баласы болма, адамның баласы бол“ дейді. Ол жалпы адамзатты түгел сүюге және оларды тең көруге үндейді, өте-мөте ауыр азап арқалаған мазлұмдарға* жанашырлық істеп, іш күйдіруді дәріптейді. „Мазлұмға жаның ашып, ішің күйсін, қаракет қыл, пайдасы көпке тисін“ дейді». (М. Қани,55. 348-б.).
«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп». Былайша айтқанда, өз туғаныңмен, бауырыңмен қандай қатынаста болсаң, өзге адамдармен де сондай қатынаста бол деген ойды жеткізіп тұр. Абайдың үлкен гумманист ақын екені осы сөзінен-ақ аңғарылып тұрғандай.
АҒАЙЫННЫҢ АТЫ ОЗҒАНША,
АУЫЛДАСТЫҢ ТАЙЫ ОЗСЫН
«Жазда болатын ас-тойлардың бір қызығы бәйге. Жүйрік аттары жорғаларын, сәйгүліктерін баптап жарататын. Аты бәйгеден келген қазақтың қуанғаннан төбесі көкке жеткенддей болады. Ондағы бәйгеге келген жүлде емес (кейбір астарда бірінші бәйгеге жүз қараға дейін, кейде одан да көп жүлде тігілетін) — атағы. Жүлдеден ат иесі өзіне ырымға деп бірдеңе алып қалғаны болмаса, негізі оны ауылдастары, туған-туысқандары, жолдас-жораларына бөліп беретін. « Ағайынның аты озғанша, ауылдастың тайы озсын» деген мақалдың шығуына осы дәстүр де себеп болуы мүмкін. Бұл- қазақтың ұлттық мінезінің бір көрінісі». (С. Қалиев, М. Оразаев, М. Смайылова, 57.104-б.)
Бұл мақал ауылдасқа, көршіге, дос-жаранға деген тілектестік ниетті білдіру, байқату үшін айтылады.
АҒАЙЫН ТАТУ БОЛСА АТ КӨП,
АБЫСЫН ТАТУ БОЛСА АС КӨП
(Екінші нұсқа) *
«Ағайынды жігіттердің әйелдері бір-біріне «абысын» болады. Абысындар өзара жақын, сырлас, мұңдас болады, бірігіп, ынтымақты жұмыс істейді. Бір-бірінің өкпе, назын, әзіл қалжыңын кектемеуі керек. Қазақта «Ағайын тату болса ат көп, абысын тату болса ас көп» деген сөздің философиялық мағынасы осындайдан шыққан. Абысындардың үлкені «шешей», кішісі «келін» деп аталады.
Халықтың тағылымында «абысын асы» деген дәстүр бар. Ері жолға шыққанда, олар абысындарын шақырып, дастарқан жайып, әңгіме-дүкен құрады. Бұл дәстүр олардың сыйластық, татулық, бірлік-ынтымағының белгісі әрі ұлттық тәрбиенің бір түрі» (С. Кенжеахметов, 43. 202-203-б.).
Яғни, ағайын мен ағайын, абысын мен абысын тату, ынтымақты болса, үйлеріне береке байлық, молшылық та келеді деген ойды береді.
*«Қанатты сөз-қазына», 1-кітабын қараңыз.
АҒАЙЫННАН ЖАТ ЖАҚСЫ — СЫЙЛАСА АЛСА,
АРҒЫМАҚТАН ЖАБЫ ЖАҚСЫ — ШАБА АЛСА
«Біреудің жанына екінші біреу көшіп келгенде, оның керегесін жайысып, шаңырағын көтеріп, уығын шаншысу — қазаққа бұлжы-майтын тәртіп. Жаңа көршінің үйі тігіліп болған соң, көмектескен көршілер бір-бір малын сойып, оны үй ішімен асқа шақырады. Бұған ауыл болып мәре-сәре болады. „Көрші хақысы — тәңір хақысы“ деп түсінетін қазақта, міне, осыдан бастап өзара көмек, қормалдық, сенім басталады. Алым-берім жүреді. Мұның негізгі ұйытқысы — әйелдер. Бұлар бір-бірімен етене болып кетсе, еруліктің жалғасы берекеге ұласады. Көршілерде той-томалақ, өлім-жітім ортақ атқарылады. Бірге қуанып, бірге қайғырады. Содан келіп „Ағайыннан жат жақсы — сыйласа алса, арғымақтан жабы жақсы — шаба алса“ дегенді қазақ осыдан шығарған». (А. Жүнісұлы, 9. 13.04.1995.)
Ағайындарымен, жақын дос-құрбыларымен араласып-құраласып, барысып-келісіп сыйласуды білмейтін тұйық, жатбауыр адамдарды сынағанда айтылады.
АҒАСЫ БАРДЫҢ ЖАҒАСЫ БАР,
ІНІСІ БАРДЫҢ ТЫНЫСЫ БАР
«Қазақта ағаны арқа, ініні медет тұтады. Содан: „Ағасы бардың жағасы бар, інісі бардың тынысы бар“ деген мақал тараған». (М. Рүстемов, 86.75-б.).
Бұл — бірге туған бауырлар немесе жақын, ағайын адамдар бір-біріне қарайласып, көмектесіп тұрады. Сондайда ағасы інісіне сүйеніш, қорған болады, інісі ағасына қолқабыс етіп, қолын ұзартады, тынысы болады дегені.
АҒЫ БАРДЫҢ — БАҒЫ БАР
«Сүттен қымыз, шұбат, айран, қатық, сары май, ірімшік, құрт, сүзбе, қаймақ сияқты ішетін, жейтін, сусындайтын алуан түрлі тағам әзірлейді. „Ағы бардың — бағы бар“ деп қазақ халқы сүт тағамын бақыт несібесі деп білген». (С. Қалиев, М. Оразаев, М. Смайылова, 57. 67-б.)
Яғни, сиыры, сауын малы бар үйдің бағы бар дегенді білдіреді. Бір сиыр бір үйлі жанды, тіпті артылып бара жатса, көрші-қолаңды ақпен жарылқап, сүтін сатқанның өзінде тиын-тебенін айырып, күн көрісіне сеп болмай ма.
АЗДЫҢ АТАСЫ БІР
«Ұрпақ сабақтастығы ұзарып, түпкі атадан өрбіген үрім -бұтақтың арасы бірнеше буынға ұласады. Алайда, ұрпақ қаншалықты өсіп-өнсе де өзінің этнотегін, әсіресе, түпкі атасын ұмытпайды. Сөйтіп, бірнеше ауыл құрайтын жеті атаға дейінгі әулеттер жиынтығы аталастар ретінде айғақталады. Аралары жеті атаға толған аталастар өзара қыз алысып, қыз беріскенімен, өмірдің бір қуаныш, бір өкініш сәттерінде бір-біріне қарайлас болып отырады. Ал, дәстүрлі өмір-салтта болып тұратын жұт, індет, жаугершілік сияқты нәубеттер салдарынан селдіреген аталастар, әдетте түпкі ата-тегін тірек ете отырып, өзара қайтадан кіріге түсетін болған. «Аздың атасы бір» деген мәтел сөзің мәнісі осында. (А. Сейдімбек, 93. 132-б.).
Адамдар өзара күш біріктіріп, қорғаныс, шабуылға дайындалғанда немесе бір іске жабыла жұмылғанда, «Аздың атасы бір» деп, осы мәтелге жүгінген. Яғни, «бес саусақ біріксе, бітпейтін іс жоқ» дегендей мағынаны береді.
АЗ ТАМАҚҚА БАУЫРШЫНЫҢ КЕРЕГІ ЖОҚ
«Бауыршы — ХIV-ғасырларда Дешті –Қыпшақ үлкен мәжіліс-терінде ет турауға шебер, ұста адамдарды арнайы ұстаған. Бұларды „бауыршы“ деп атаған. Ибн Баттута саяхатнамасында Өзбек ханның мәжілісінде болғанда, бұл туралы былай деп жазыпты: Мәжілістер болғанда бауыршылар келеді. Бәрі арнайы жібек киім киіп келеді. Олар етті ұсақтап турайды. Ет тураудың нағыз майталмандары», — дейді.
Бауыршы ескі түркі тілінде бар сөз. Қазақта «Аз тамаққа бауыршының керегі жоқ» деген мақал бар». (Н. Құлмаханбетова, 52. 221-б.).
Аз іске, шағын шаруаға көмекшінің, артық адамның қажеті жоқ, өзім-ақ тындырамын деген мағынада ұғынылады.
АЙБИКЕ АУЫЛЫНА ҚОНҒАНША,
НҰРБИКЕНІҢ КӨШІП КЕТКЕН ЖҰРТЫНА ҚОН
«Шежіре деректерінде арғын ішіндегі Қаракесектен (Болатқожа) өрбіген аталардың бірі — Шаншар абыз. Шаншардың Қызбике (Қызданбике деп те атайды), Айбике, Нұрбике деп аталатын үш әйелі болған. Қызбике ұрпағы селдір, өсіп-өне қоймаған. Айбикеден — Келдібек, Тыныбек, Есіркеп, Жәнібек туып, «төрт бек» атанып, олардың жеті ұрпағына дейін билік пен бектік дарыған. Мәселен, Келдібек, Қазыбек, Бекболат, Тіленші, Алшынбай, Мәди — бұлар исі қазаққа әйгілі тұлғалар.
Ал, Нұрбикеден — Тілеуке, Бертіс туған. Бұлардың ұрпақтары да өсіп-өніп, небір жақсы-жайсаңдар мен бай-бағыландар шыққан. Қарт Бөгенбаймен үзеңгілес болған Жарылғап батыр, дәулескер күйші Тәттімбет, жиырма мың жылқы біткен дәулетті байлар Адамбай, Тұрсын осы Нұрбике ұрпақтары». (А. Сейдімбек, 93.)
Мәтел сөзге келетін болсақ, мұны нағашылы-жиен, ағайын-туыс арасындағы әзіл-оспақ деп бағамдаған жөн.
АЙҒЫРКІСІ
«…Соңғы кезде жылқы көрсек болды, жазушы Несіпбек Дәутаев есімізге түсетінді шығарды. Алдымен ежелгі грек мифологиясындағы кентавр деген ұғымның жайын айтайыншы. Жартылай жылқы, жартылай адам деген мағынаны білдіретін көрінеді. Бұл өзі сақтардың жасаған жорықтарына байланысты туған ұғым деген де әңгіме бар. Аттан түспейтін адамдар, атпен бірге жаралған адамдар тақілеттес. Өлмейтін, өшпейтін осы аңызды Несіпбек Дәутаев біздің ұғымымызға тағы бір жақындатып қойды. Кентаврды бұрын „адамат“ деп те аударып жүргенбіз, Несіпбек Дәутаев „айғыркісі“ деген баламаны сарт еткізді». Ж. Қорғасбек, «Ақ желкен» журналы, №10, 2017ж.
Энциклопедиялық басылымдарда былай түсіндіреді: Кентавр — көне грек мифологиясы бойынша, басы мен кеудесі — адам, қалған тұрқы жылқы кейіптес, тау-тас пен ормандарда жасайтын жабайы, ажалды пенде. Бұл образ терістік тараптан келген скиф, кассит сияқты көшпелі тайпалардың салт атты жауынгерлерін алғаш көргенде (мініс жылқыларын тұңғыш рет көрген), таң қалып, үрейленгеннен пайда болған. Сондықтан да оларды мейірімсіз, қатал мінез-құлықты кісіайғыр немесе айғыркісі түрінде елестетеді.
АЙ КӨРДІМ АМАН КӨРДІМ,
БАЯҒЫДАЙ ЗАМАН КӨРДІМ.
ЕСКІ АЙДА ЕСІРКЕДІҢ
ЖАҢА АЙДА ЖАРЫЛҚА
«…Алғашқы адамдар Айды, Күнді, жұлдыздарды немесе табиғат құбылыстарын жанды зат есебінде санап, өздерінің тағдыры, болашағы, істеген ісінің сәтті немесе сәтсіз болуы солардың мейірбандылығында деп ұққан. Бұған мысал дінге сенуші қарттардың жаңа Ай туғанда: „Ай көрдім аман көрдім, баяғыдай заман көрдім. Ескі айда есіркедің, жаңа айда жарылқа“ — дейтіні дәлел бола алады». (С. Мұқанов, 77.43-б.).
Халқымыз көне заманнан келе жатқан жоралғы бойнша, өткен күндеріне шүкіршілік, тәуба етіп, болашақ күндерден көп үміт күткен. Сол сенім бойынша жаңа туған айға қарап, алақан жая отырып, жоғарыдағы төрт жол өлеңді қайталап, алдағы өмірлеріне жақсы тілек, лебіздер айтып, бата қайыруды дәстүрге айналдырған. Сол дәстүр әлі де ұмытылмай келеді.
АЙ ҚЫРЫНАН ТУСА, АЙБАЛТАҢДЫ САЙЛА,
АЙ ШАЛҚАСЫНАН ТУСА, КҮРЕГІҢДІ САЙЛА
«…Онан соң:
Ай қырынан туса, айбалтаңды сайла,
Ай шалқасынан туса, күрегіңді сайла,
деген де мақал бар. Бұл ертеректе, шапқыншылық заманда шық-қан мақал. Ай қырынан (тігінен) туса, жаз шыға бастайды, жорыққа аттану да көбейеді. Ал шалқасынан туғаны қыстың белгісі». (Х. Әбішев, 18. 36-б.).
Бұл мақалды бүгінде былайша келтіреді:
Айдың тік тұрғаны
Өзіне жайсыз, халыққа жайлы.
Шалқасынан туғаны
Өзіне жайлы, халыққа жайсыз.
Яғни, Ай тігінен туса, ауа райы шаруаға жайлы, жылы болады. Ал, Ай шалқасынан жатса, ай суық, жайсыз болып өтеді. Оны көрген адам: «Ай шалқасынан жатыр, үскірік болады десейші», — деп үрейленеді.
АЙ МҮЙІЗДІ АЛТЫ КҮН,
ҚАҺАРЛЫ КЕЛСЕ — ҚАТТЫ КҮН,
ҚЫРЫНА АЛСА — ҚЫРЫҚ КҮН
«Кейбір жылдары, мысалы ақ қоян жылы қыс қатты болып, көпке дейін күннің сағы сынбай тұрады. Малға жайсыздау тиетін мұндай кездегі амалды „ай мүйізді алты күн, қаһарлы келсе — қатты күн, қырына алса — қырық күн“ дейді». (Н. Уәлиұлы. 9.).
Бұл қыс мезгілінде, әсіресе ақпан айында келетін қарлы-боранды амалдың бірі. Бұл амал кей жылдары ақпаннан наурызға дейін созылып кетеді. Қыс қатты болған жылдары жұтқа ұрындыруы мүмкін.
АЙНАЛАЙЫН
«Көңіл хошын білдіретін осы бір сөз көне заманғы салттан қалған, бұл салт бойынша науқас адамды емдеу үшін оның басынан бір нәрсе айналдыратын, сонан соң оны — мал болса, соятын, зат болса, кедейлерге садақаға беретін болған», — деп жазады да (Ә. Диваев — К.О.), дәлелі ретінде Будаговтың сөздігіне сүйенеді…
Бұл жерде автор бұрын аурудың басынан айналдырып әкетілген малды не затты садақа етіп берудің болғанын меңзейді, расында да «айналайын», «садағаң кетейін» деген сөздер, сөз тіркестері осындай әдеттен туған болса керек». (Ф. Оразаева, 30.27-б.).
Сол мал сияқты айналып, садағаң болайын деген ойдың қысқарған мәні. Бүгінде бұл сөз тіркесі еркелету, ерекше жақсы көру мағынасында ұғынылады. Қаратпа сөз ретінде де айтылады.
АЙЛЫАДЫР
«Айлыадыр (Айдадыр) — Маңғыстау қазақтарының тіліндегі Түрікменстанның, сондай-ақ түрікмендердің атауы.
«…Елдің арты — Айладыр.
Айладырды аударып,
Маңғыстаудың қара ойын
Адай халқы жерлеген…»
(Сәттігұл «Досан батыр»).
Түрікменстан территориясының негізгі бөлігін құмды жертараптар (ландшафтар) алып жатыр, сондықтан да түрікмен тілінде құмға қатысты жағырапиялық атаулар көп. Маңғыстаулықтар бархан деген құмды бедердің қазақша баламасы болмағандықтан, оның сыртқы пішініне қарап «айлы», «айпішінді» деп, ал жалпы құм бетінің ойлы-төбелі тегіс еместіктерін қатты тілімделген «адырларға» балап, тұтас аймақты «Айлыадыр» деген поэтикалық атаумен атаған». (С. Қон-дыбаев, 9. 6.10.1994.)
Бархан деген сөздің орнына «айлыадыр» деп қолдануға болатын сияқты.
АЙ ТОЛҒАНЫН БІЛМЕС, ЖІГІТ БОЛҒАНЫН БІЛМЕС
«Жырау соңында жүрген кісі Айға көзі түсіп кеткенде:
Ай толғанын білмес,
Жігіт болғанын білмес, —
деп айдың ортасы болып қалғанына, уақыттың тез өтіп бара жатқанына таңырқайды. Ай 15-інде толып, одан кейін орталап, кеми береді.
…Ортасы (15-і) кезінде Ай тура күнге қарама-қарсы тұрады да, бізге толған Ай болып көрінеді. Міне, сондықтан бұл мезетте — Айдың 15-інде Күн де батады (ұясына қонады), Ай да туады. Күн батып бара жатқанда, Ай туып келе жатады, сонда оның шарасы толық болады». (Х. Әбішев, 18. 37-б.).
Өмір өткінші, айдың қалай лезде өткенін, құлдыраңдап ойнап жүрген баланың қалай ер жетіп, азамат, жігіт болғанын аңғармай да қаласың дегенге меңзейді.
АЙЫБЫНА — МЫНАУ,
ҚИЫБЫНА — МЫНАУ
«…Сондай-ақ, „айыбына — мынау, қиыбына — мынау“ деген фра-зеологиялық тіркес те кездеседі. Сөйтсек, мұндағы „айыбы“ — материал да, „қиыбы“ — моральдық шығын екен. Демек, мұнымыз „материалдық — моральдық шығын“ дегеннің қазақы нұсқасы болып шығады». (Н. Уәлиев, 9.).
«Бөлтірік шешен Сыпатай батырға бұрылып:
— Батыр, келген шаруаңызды айта отырыңыз! — дейді. Сонда Сыпатай батыр:
— Бөлтірік батыр, келген жұмысымды айтайын. Өрістегі екі биемнің жоғалғанына бес жыл болған еді. Сол екі биені сенің Жантүгел туысқаның ұрлапты. Жақында біздің екі жылқышы келіп, ауылыңның жылқысының ішінен танып алып келді. Сол екі биені сенің көзіңе көрсетіп алайық деп жетектей келдік — әне, байлаулы тұр, — дейді.
— Батыр-ау, маған не қыл дейсің? — деп құрақ ұшады Бөлтірік.
Сыпатай батыр:
— «Өзің үшін туыпсың, елің үшін күйіпсің» деген сенің өз аузыңнан шыққан сөз емес пе? Екі биенің бес жылдан бергі өсімін есепте, айып-қиыбын қосып, бір үйір жылқыны алдыма тездетіп саласың! — деп қаһарланыпты». (Бөлтірік Әлменұлы, 20.71-72-б.).
Жоғарыдағы екі мысал бір-бірін толықтырып, айып-қиып деген сөздің бүгінгі материалдық-моральдық шығын екенін айқын жеткізіп тұр.
АЙЫРЫЛАР ДОС ЕРДІҢ АРТҚЫ ҚАСЫН СҰРАЙДЫ
«Қазақы ерде алдыңғы және артқы қас болады. Алдыңғы қас ілгері қарай сәл кергітіп, тіктеу қойылады. Артқы қасқа қарағанда сәл биіктеу келеді. Артқы қас сәл аласа, үсті кең. Ұялы, орнықты, шалқақтау қиылған. Қастың міндеті көп. Бәрінен де үстінде отырған адам не алға, не артқа оқыс лоқып, сыпырылып түспеуі үшін қажет. Әсіресе, артқы қастың орны бөлек. Оның қасиетін «Айырылар (айыр-ылысар) дос ердің артқы қасын сұрайды» деген мақал дәлелдейді. (Ж. Бабалықұлы,23.).
Ер бөлінбейтін бүтін бұйым. Ендеше бөлінбейтінді бөлеміз деп, «ердің артқы қасын сұрағаны», достықтан кетісеміз дегені.
АҚ БАТА, ҚЫЗЫЛ ҚАН
«Дәстүр бойынша, алдымен ақ жол тілеп, құдалық берік болу үшін бір мал шалынады. Оның бауыздау қанына қол батырып, бата бұзбауға серттеседі. О баста бауыздау қаны құйылған бата аяққа екі жақтың сөзін сөйлейтін бас құдалар найзаларының ұштарын батырып, қаннан дәм тату арқылы жүзеге асырылған бұл ырым «қанға қан қосылды, енді туыс болдық» деген ишаратты білдірген». (Х. Арғынбаев. «Қазақ халқындағы семья мен неке», А., 1973, 184-бет). Тіліміздегі «Ақ бата, қызыл қан» деген сөз оралымында осы салттың жаңғырығы сақталған. Сондай-ақ, құда арасында реніш, кикілжің туса, не уәде бұзылса, «Сендерге не болды? Ақ бата, қызыл қан шығарған құда емессіңдер ме?» — деп басу айту да көнеден келе жатқан сөйлеу үлгісі. Дәулетіне қарай күйеу әкесі бата аяққа бата арнап, бір жылқы не түйе, болмаса түліктерді бір-бір тоғызға толтырып береді. Мал бауыздалғанда бата берген құда «бауыздау құда» деп аталады». (Б. Әлімқұлов, 21.).
АҚ ҚОЙДЫҢ КЕЛДЕСІ,
ҚАРА ҚОЙДЫҢ КЕЛДЕСІ,
МЕН ҚҰДАЙДЫҢ ПЕНДЕСІ
«Үлкендерден естуіміз: қазақтар ертеректе (шамасы XVIII ғасырға дейін болса керек) намаздың шартын, дұғалықтарын білмеген шақта, намазға „Ақ қойдың келдесі (басы), қара қойдың келдесі, мен құдайдың пендесі“ деп жығыла берген». (С. Мұқанов, 77.50-б.).
АҚ ТҮЙЕНІҢ ҚАРНЫ ЖАРЫЛҒАН КҮН
«Кеудесі алтын сандық Күләнда Бөкешова апамнан:
— «Ақ түйенің қарны жарылған күн» деген сөз не мағына береді? — деп сұрадым.
— Жалпы қай малды алып қарасақ та, сүйегінен сылып алынған сұрып еті өз қарнына түгел сыйып кетеді екен. Үйірлеп жылқы, табындап сиыр ұстаған ауқатты отбасы майды түйенің қарнына жинайтын болған. Сонда оның ішіне қанша май кететінін өздерің-ақ жобалай беріңдер. Күнделікті пайдаланатынын бөлек ұстап, түйе қарынды мұздай жерде мұртын бұзбай сақтаған.
Сол шаңырақта торқалы той боларда көрші-көлем жиналып:
— Бәйбіше, ел болып асыға күткен ертеңгі қуанышта ақ түйенің қарны жарылатын шығар? — деп қолқа салатынға ұқсайды.
Қарынға пышақ тигізу рәсімін де ауылға беделді аналар атқарған. «Ақ түйенің қарны жарылған күн» деген сөз осыдан қалса керек, — деп әңгімесін аяқтайтын әр сөзі бір қаралық қайран апам». (Қ. Әбіл, 31. 30.07. 2008.).
«Ақ түйе — қазақтың көне салты бойынша, ерекше үлкен жиын-той салтанатта сойылатын түйені ақ түйе деп атаған.
Сең жүреді көктемде астан-кестең,
Ақ түйенің бауырын арқан кескен.
Ұлы күні ұлыстың бас қосқанда,
Өлеңіңді айт, құрбыжан, қатар өскен, — деп қазақтың қара өлеңінде айтылатындай, қазақтар өздерінің қуанышты күндерін «ақ түйенің қарны жарылған күн» деп айтқаны белгілі. Қарық боп қалды, ит басына іркіт төгілді. Ақ жарылқанып қалдық деген сөздер осындайда айтылса керек». (Д. Төлебаев, 9.)
«Ақ түйенің қарны жарылды» — айрықша, ерекше күн, көптен күткен той, ұлы оқиға деген мағынаны береді.
АҚПАНДА КҮН АТ АДЫМ ҰЗАРАДЫ
«Ақпан аяғында аяз айылын жиып, қыс қаһарынан айырылады. «Ақпанда күн ат адым ұзарады» (мәтел). (Ж. Кейкін, 42.153-б.).
Бұл сөз тіркесінің толық нұсқасы «Қаңтарда күн қарға адым, ақпанда ат адым ұзарады» болуы керек. Иә, күн мен түннің ұзақтығы желтоқсан айының 22-сінде теңелетіні белгілі. Ал желтоқсанның 23-інен ары қарай күн жайымен ұзара бастайды. Содан қаңтар айында аздап, секондтап ұзара түскен күн ақпан айында минуттап, белгілі дәрежеде ұзарып, айқын байқалады. Халқымыз күннің осы ұзаруын бейнелі түрде бере білген.
АҚПАН-ДАҚПАН АЛТЫ КҮН,
АЯЗЫМЕН ЖЕТІ КҮН
«Ал, біздің жақта (Батыс Қазақстан — К.О.) ақпан — осы ақпан айында келетін бір амал. Себебі, „Ақпан-дақпан алты күн, аязымен жеті күн“ дейді. Бұл жеті күн нағыз қыс ортасында келеді. Бұл күндері қар жауып, жел тұрып, боран, бұрқасын болады, аяз күшейеді». (Р. Құдайбергенов, 9. 21. 02. 1990.).
«Он бір тоғыстағы (16.12 — 11.01 күндері) қаңтардың қарлы бораны деген амалдан соң, тоғыз тоғыста (12.01 — 8.02) өтетін аязды күндерді ай мүйізді алты күн немесе ақпан-тоқпанның (дақпанның) аязы деп атайды (орыстарда бұл аязды күндер „крешенские морозы“ делінеді)». (Н. Уәлиұлы, 9.).
Ақпан айында өтетін алты-жеті күндік аязды күндерді айтады. Оны халқымыз ақпан-тоқпанның аязы дейді.
АҚСАҚ ТЕМІР КӨРЕГЕН,
АУЗЫН АЙҒА БІЛЕГЕН
«Елдің даңқын ері шығарады, ердің даңқын елі шығарады» деген ғой. Оның атақ-даңқын аспанға көтеруіне сүбелі үлес қосқан Әмір Темір. Ол басына кесене салып (Қожа Ахмет Иассауи мавзолейі — К.О.), Қожа Ахметтің атын асқақтатты. Кесене даңқы жер жарған қатал хан Әмір Темірдің атына «көреген, ақылды» деген сөзді қосты. Ел арасында «Ақсақ Темір көреген, аузын айға білеген» деген нақылды тудырды.» (М. Жылқайдарұлы, 11. 19. 09. 1999.).
«Темір есіміне „көреген“ сөзінің неге жалғанғанын білесіз бе?! Түркі елінің тегеурінін дүниеге ең соңғы рет мойындатқан Әмір Темір тек алысты болжағыш талантты қолбасшы ғана емес, ол ғажайып түс көргіш, көрген түсін қатесіз жори алатын әруақ қонған киелі адам болған. Сондықтан да „Әмір Темір“ есімі соңынан „көреген“ деген қосымша лақаб жалғанған. Бұл әдеттегі әдебиетте айтылып жүргендей Шыңғыс хан ұрпағынан қыз алған соң тағылған „жезде, не күйеу“ мағынасын білдіретін титул ғана емес». (Х. Көктәнді, 45. 6-б.).
Ол да Шыңғысхандай «аузын айға білеп», бүкіл дүние жүзін жаулап алуды көкседі. Дегенімен, жаулап алған қағанаттың қызығын өзі де, ұрпақтары да көре алмады.
АҚСЕРКЕ МЕН ҚҰЛЖАН ӨЛІП ТЕ
ТАРАҚТЫ ЕЛ БОЛҒАН
«Байғозы өлгеннен кейін де Тарақтыдан батырлық үзілмеген. „Ақсерке мен Құлжан өліп те Тарақты ел болған“ дейтін мәтел бар. Оның мәнісі былай. Тарақтылар орыс отаршылдарына қарсы ұлт-азаттық күресіне белсене атсалысқанын тарихи фактілер растайды. Алғашқыда олар Саржан Қасымовтың, кейін Кенесары ханның қозғалысын қолдайды. Шамамен, 1830 жылы Тарақты Ақсерке мен Құлжан (Байғозының немересі) және Тоқа Бәйтелі батырлар мың қолмен Шоңның Қарағашы деген жерде (Қарағанды облысының Жаңаарқа ауданының бұрынғы „Рассвет“ совхозының маңы) полков-ник Шубиннің солдаттарымен соғысады. От қарулы отаршыларға төтеп бере алмаған көтерілісшілер көп қырғынға ұшырайды. Сол соғыста Ақсерке мен Құлжан батырлар шейіт болады». (С. Арынұлы, 9. 11—17.06.2015.)
Бұл мәтел ел арасында кейде «Ақсерке, Құлжан өліп те ел болғанбыз» деп ықшамдалып айтылады.
АҚТАБАН ШҰБЫРЫНДЫ
АЛҚАКӨЛ СҰЛАМА
«1724—1725 жылдары жоңғар феодалдарының шапқыншы әскерлері Сырдария алабындағы отырықшы егінші ауылдар мен қалаларды ойрандап, Қазақ хандығының астанасы Түркістан қаласын және Қазақ хандығына қарасты Ташкент, Сайрам, т.б. қалаларды басып алып, талан-таражға ұшыратты және қиратты…
Жасанған жаудың тұтқиылдан жасалған жойқын жорығынан есі шығып, бас құрып тойтарыс беру мүмкіндігінен айырылған қазақтар тоз-тоз болып жосып, Сырдария өзенінің ар жағына өтті. Орта жүз бен ұлы жүз қазақтарының бір бөлігі Шыршық өзенінен ары кетті. Қазақтардың біразы Алқакөл маңынан Бұхара мен Самарқанға қарай ағылды. Ал кіші жүз қазақтары Сауран қаласын айналып, қазіргі Шиелі, Қызылорда тұсынан Хиуаға қарай беттеді.
Бұл ауыр оқиға қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деп аталады. Мұның былай аталуы: жаудан қашып жаяу шұбырған қалың қауым әрі болдырып, әрі ашаршылықтан бұралып, Алқакөл көлінің жағасына келіп сұлап жатқанда, көп ішінен бір ақсақал шығып: «Адам баласы өмірде көрген жақсылық пен жаманшылықтың бәрін ұмытпауы керек. Біз осы көрген күнімізді не деп атасақ болар?!» — деп сұрапты. Сонда тағы бір қария орнынан тұрып: мұның аты: «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» болсын депті. Мұның мәнісі: атамекен, мал-мүлкінен айрылып, жаяу-жалпы, аш-жалаңаш босқан ел шұбыра-шұбыра табаны ағарып, азып-тозды деген сөз екен». (М. Қани, 55. 273-б).
«Алқакөл — Қызылорда облысының солтүстік-шығысында орналасқан Телікөлдің бұрынғы тарихи атауы («ҚСЭ», 7-том, 84-бет). Қазақ тарихында «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» деген қанды қырғын дәуірді білмейтін адам кемде-кем. Қалмақ ойранынан босып, Қаратау асқан халықтың келіп тізе бүккен жері осы көлдің жағасы делінеді.
Алқакөл — қанды қасіреттің ғана емес, ел ішіндегі алауыздық пен жеңілістердің халық есінде қалған жалғыз нышаны, сол сияқты екі ғасырға созылған кейінгі бодандықтың да рәмізі болып табылады». (С. Қондыбаев, 9. 6.10.94.)
Айналасындағы бүлінген, астан-кестеңі шыққан дүниені бейнелеп айту үшін адам осы сөз тіркесін қолданады.
АҚ ҮЙ АМАНАТ
«Тарихымызда „Ақ үй аманат“ берген екен деген сөз бар. Жаугершілік замандарда екі жақ мәмілеге келіп, бітімгершілікке тоқтағанда, осы салт біткен істің айғағы ретінде жүрген. Мұндайда кінәлі жақ жеңілгенін мойындап, бар сән-салтанатымен, дүние-жиһазымен ақ үй аманат әкеліп тапсырған. Ол тек жеңілгендіктің айғағы емес, жеңген елді мойындаудың, ендігі татулықтың кепілі деп саналған. Оны бұзу — үлкен күнә болған». (М. Жақып).
«Бөгенбай батырдың жоңғарларға күйрете соққы беріп, қазақ елін түбегейлі жеңіске жеткізген айқас 1750 жылы Аяқ деген жерде болып, жоңғарлар жеңілгендіктерін мойындап, қазақ батырларына ақ отау тігіп, ақ тұлпар шалып, достық нышаны ретінде сойылған тұлпардың басын тартып, бұдан былай қазақ халқымен жауласпау шартына қол қойған келісім жасалады. Сөйтіп, қазақ халқы ғасыр бойы созылған күресін жеңіспен аяқтайды». Ғ. Баталов, «Өзімді өзім тани білсем…». Алматы, 2001ж,134б.
Жоғарыдағы екі мысалдан байқағанымыздай, жауласқан екі елдің бітім, келісімге келіп, «Ақ үй аманат» деп үй орнатқаны — жою мен құртудың емес, құрудың, өсіп-өну, ортақтасып үй тұрғызудың, достық пен бейбітшіліктің ескерткіш рәмізіндей көрінеді.
Осы орайда жеке адамдарға байланысты мына бір салтты да еске түсіре кетейік: сол ескі замандарда жеңген жаудың алдына барып, белдікті мойынға салып, тізерлеп тұрып сауға сұрайтын жоралғы да болған.
АҚЫЛ — ЖАСТАН, АСЫЛ — ТАСТАН
«Сырым батыр Тайбөрі көлі (Қақпақты көлі) суының қадір-қасиеті мен бағасына бірде-бір өзен-көлді теңестірмесе керек. Көл бара-бара суалып, ел баласына сусын керек ететін күндер болар деп жорамал жасап, оның суының нәрін молайта түсуді мұрат тұтады. Осы ойын іске асыру үшін сонау Ойылдың бір қалтарысынан бөгет салып, су арнасын Тай бөріге бұрып жіберуді көздейді. Су бөгетке тіреліп, Ойыл өзенінің қалтарысындағы су деңгейі көтеріледі. Осы сәтті оңтайлы пайдалана білген Сырым бабамыз бөгеттен елу шақырымдай жердегі биік орналасқан құмақ жерді жырып жібереді. Осы кезде жаңа арна пайда болады. Оның атауын ел Жарыпшыққан деп атаған. Міне, дәл осы Жарыпшыққан арнасы Тайбөрі көлі суының тартылып кетуінен қорғаған.
Сырым батыр бұл бөгетті 1797 жылдың көктемінде тұрғыза бастайды. Сол мезгілде су тасып кетіп, бөгетті тұрғыза алмай амалдары таусылып, қиналған сарбаздарына Сырым ойнап жүрген ауылдың бір топ балаларын нұсқап: «Не айтып, қандай ойын ойнап жүргендерін біліп кел», — деп бір сарбазын жұмсапты.
Көп кешікпей жіберген сарбазы балалар да тасқын суды бөгей алмай, «Шым сал да — құм сал, құм сал да — құрым сал», деп дау-рығып ойнап жүргендерін айтады. «Ақыл — жастан, асыл — тастан» деген емес пе. Біз де солай жасауымыз керек деп бұйрық берген екен. Елден құрым киіз, ағаш үйдің ескі туырлықтарын жинатып, бөгет салу ісіне кіріскен. Міне, бөгеттің негізі осылай тұрғызылыпты. Содан бұл «Сырым бөгеті» аталып кеткен». (Т. Құсайн, Ж. Шөжеғұл, 31. 26.11.2014).
АҚЫННЫҢ ҚҰЛАҒЫ ӨЗІНЕН
ҚЫРЫҚ ЖЫЛ БҰРЫН ТУАДЫ
«…Алайда отқа да түскен, суға да түскен сол Махамбеттің заманында қараорман елі де болған, шұрайлы жері де болған. Өріс толы малын шетінен кертіп жеп отырса, кім қой дер еді. Солай бола тұра жұмыр басын бәйгеге тіккені қалай? Қайда салса да қайтпай, ақ алмастай қиып түсіп, шамырқанса шарт сынатын құдіреті неде? Оның Абайға дейінгі ақын-жырауларға қарағанда өркештеніп, айбынды көрініп тұратын себебі: құр босқа шындықты айтып шырқырай бермей, ақиқаттың сөзін сөйлеп, халқына тізе батырып, қаңқақсатып жылатқан қарау күштерге қарсы майдан аша білгенінде; „Исатай — басшы, мен — қосшы“ деп, қала берді бүгінгі кейбір ұры ұлықтар секілді халықтың нанын жемей, қамын жеп, ашық айқасқа шыққан көзсіз ерлігінде; „Қабырғасын қаусатып, Бір-біріндеп сөксе де, Қабағын шытпас ер керек Біздің бүйткен бұл іске!“ деп кілең арыстан айбат, жолбарыс жүректі жігіттерді іріктеп, күреске бастаған көк серек азатшылдығында; өзі өмір сүрген өңірдің құбылмалы тіршілігіне қарап, алдағы күннің жақсылық, жамандығын сезе білетін көріпкелдігінде. Ноғайбай шешен: „Ақынның құлағы өзінен қырық жыл бұрын туады“ деп, мүмкін осыған қарап айтқан шығар, кім біледі». (Р. Ниязбек, 9. 21—27.08.2014.).
Әдетте ақын-жазушылар мен жалпы ойшылдардың интел-лектуалдық қабілеті жоғары болатынын, тарихи өткенді терең біліп, соның арқасында болашақты да болжай білетін көріпкелдік қасиетін Ноғайбай шешен дәл түйіндеп бере білген.
АҚЫРАП, ҚАУЫС, КӘРІ — ҚҰРТАҢДЫ ТАУЫС
«Қауыс амалы қарашаның 20—25 жаңасына дейін созылады. Бұл — араб тілінен енген сөз. Осы мезгілде жерге қар түсіп, төңіректі түгелдей ақ ұлпа жабады. Жеңіл, жұмсақ қар. Осыған байланысты қазекең бұл амалды ақ қар деп те атаған. Қауыс негізінен, қазақ тұрмыс-тіршілігіне қауіпті, қаһарлы амал саналған.
«Ақырап, қауыс, кәрі-құртаңды тауыс» деген мақал жәйден-жәй айтылмаса керек. Мұның мағынасы «ақырап» (қазан), қауыс (қараша) айларында күн салқындайды, кәрі, ақсақ-тоқсақ малдарыңды жара-татын уақыт болды» дегенді білдірсе керек. Міне, осы қауыс амалы кезінде күн суытып, бұрқақ, өткінші жаңбыр жауатын болған». (07. 20.11.2014.)
«Ақырап ақырын келді, қарлы боранын шақырып келді» деген сөз тіркесі де бұл ай, амалдың қандай қасиетке ие екенін айқындап тұр.
АҚШАНЫҢ СӨЗІНІҢ ҚЫНЫ БАР,
КҮНТУДЫҢ СӨЗІНІҢ ҚҰНЫ БАР,
ЫСТЫНЫҢ ҚЫЗЫЛДАН ДАМБАЛЫ БАР
«Ақша батыр, Ақша елі, Ақшаның қулығы, „Ақша тоған“, Ақшаның бір ер-тоқымы бір кісіні алдағаны жайлы аңыз әңгімелер ұшан-теңіз. Ақша батырдың шыққан ортасы жайлы бірер сөз. Ақшалар қуақы, қақпа сөзге ұста келеді екен. Ел ішінде „Ақшаның сөзінің қыны бар, Күнтудың сөзінің құны бар, Ыстының қызылдан дамбалы бар“ деген бұрынғылардан сөз қалған. Олай дейтіні Ақшалар қу тілді, Күнтулер әр нәрсені дөп басып тауып айтады екен, ал Ыстылар шетінен батыр, әрі сәнқой болған. Олар ертеде қызыл бараттан дамбал киіп, сәнденіп жүретін көрінеді». (О. Хатитұлы, 48. №4, 2001.)
Бұл сөз тіркесіндегі Ақша, Күнту, Ысты — Ұлы жүздің құрамына кіретін рулық мәнге ие болған аталар. (Мәселен, Ақша Суаннан, Күнту Шымыр Дулаттан, Ысты Сарыүйсіннен тарайды). Ру-аталардың ерекше қасиеттерін дәріптеуден сөз тіркесі туған.
АЛА ЖІПТІ АТТАМА
«Қазақта «ала жібінен аттау» деген сөз бар, ол — ұрлық жасау және біреуге қиянат жасау дегенді білдіреді. Ал арғы танымдық — мифтік мәні қалыптасқан шектен, нормадан шығып кету, яғни, белгілі бір тәртіптің шекарасы осы — ала жіп, мысалы, екі дауласушы жақтың арасына ала жіп тасталады не керіліп қойылады. Бұл да шекара, төреші үшін ақ пен қараның шектесу аймағы — ақ пен қара арасы-дағы орта дүние.
Ала жіп жас баланың аяғына тұсау ретінде де пайдаланылады, бұл жағдайда баланың о дүниеден (қазақта туған адам қырық күнге, не бір-үш жылға дейін «әлі бұл дүниелік емес» деп есептелінген) өтіп, тірі адамдар қатарына қосылуы, ала жіпті қиып, шекарадан өтуі болып табылады». (С. Қондыбаев, 62.).
«…Есігіне құлып салмай, ала жіппен байланған. „Ала жібіңді де аттаған жоқпын“, — деген сөз осыдан шыққан». (С. Мәдімарұлы, 73.).
Қазақ баласын сөзді естіп ұға алатын, айтқанды ептеп істейтін кезінен — тұсауы кесілгеннен бастап ұрлыққа, зорлыққа, жырын-дылыққа барма, жолама деп баулиды. Біреудің ала жібін аттама, бүлінгеннен бүлдірге алма дегенді әу бастан-ақ құлағына сіңісті етеді.
АЛА ЖІПТІ КЕСІСТІ
«Біреудің ала жібін аттамау» деген сөз кісіге қиянат жасамау мағынасында қолданылады. Адамдардың бірін-бірі көрместей болып араздасуы — бейнелеп айтқанда, «ала жіпті кесісті» делінеді. Бұл да жоғарыда айтылған ишара-белгіден келіп шығады. Қасиетті киелі жіпті үзу, дұшпанға өлім тілеу мағынасында да қабылданған. Кісілер арасындағы қарым-қатынасты тоқтату да ишараланып, ала жіпті үзу арқылы көрсетілген. Жалпы, ала жіп үзілсе, қасиеті кетеді деп есептелінген». (Г. Ақпанбек, 6).
Өзара ренжісіп, өкпелесіп кетті деген мағынаны береді.
АЛАҢ КЕЛЕ МЕ,
АЛАШ КЕЛЕ МЕ
«Қазақтың „Алаш“ атанғанынан хабардарсың ғой, ә? Бұл сөз сонау Шыңғыс хан тұсынан бастау алады, — деді жазушы (Ғабит Мүсірепов — К.О.). — Шыңғыс хан бар мүлікті төрт баласына бөліп бергенде, Дешті Қыпшақты, Сібірдің күн батыс жағын, осы күнгі Сарыарқаны, Еділ-Жайық өлкесін үлкен баласы Жошыға берген деседі. Ол күнде Жошы ұлысына қараған алты рулы ел бар екен. Сол алты рудың һәр-қайсысына Шыңғыс алты ұран беріпті, һәр руға бөлек таңба, ағаш қос беріпті. Сол күнде бүкіл Жошы ұлысының ұраны „Алаш“ болыпты. Жошы ұлысында алты ру болғандықтан, „Алты Алаш“ болады. „Алаш“ деген сөздің алғашқы мағынасы — Отан кісісі (соотечественник) деген сөз десетін бұрынғылар. Және қазақта „Алаң келе ме, Алаш келе ме“ деген бір мәтел сөз бар. Сондағы Алаң — шет елдің кісісі, Алаш — Отан мағынасында алынған. Тіпті сол заманда Жошы ханға „Алаши“ деп лақап ат қойылған ғой. Алаши — алаштың басшысы (глава соотечества) деген сөз». (Қ. Сәрсекеев, 31. 21. 03. 2012.).
Бұл жаугершілік заманнан қалған сөз, яғни, жастарды күн салып қаратып, «Алаң келе ме, Алаш келе ме?» деп сұрайды, мұнысы: жау келе ме, өз қандасымыз келе ме дегенді аңғартады.
«АЛАШ» АЛАШ БОЛҒАНДА,
АЛАША ХАН БОЛҒАНДА
«Аламан деген ханның бір ұлы анасынан алапес болып туыпты. Соны ұнатпаған хан, атын «Алаша» қояды да, қасына жүз жігіт қосып, шешесі мен Алашаны Ұлытаудан асырып тастайды. Сонда ержеткен Алаша өз бетімен хандық құрып, ел болып кетеді. Алаша өлгенде Ұлытаудан ағатын «Қара кеңгір» өзенінің бойына көміліп, қабірінің үстіне мазар салынады. Сол «Алаша хан» атты әдемі жасалған мазар Ұлытаудағы Кеңгір бойында әлі күнге дейін қаз-қалпында сақтаулы.
Қазақта «Алаш алаш болғанда, Алаша хан болғанда» деген де сөз бар. Соның мағынасы ғылым жүзінде бертінде ашылып, Қазақстан Ғылым академиясының баспасы, «Қазақстан эпиграфикасы» деген атпен шығарған кітапта белгілі тіл ғалымы Ғайнетдин Мұсабаев «Кеген жазуы» деген еңбегінде тастан жасалған мүсінге және көне жазуға сүйене отырып, «алаш» және «алаша» деген сөздерге талдау жасайды. Ғайнетдиннің баяндауынша, қазақтың «алты алаш» деген сөзі «алты ел» деген ұғымды білдіреді деуі шындыққа жатады. Демек, қазақ сол алтаудың бірі ғана. Өзге бесеуі: қырғыз, өзбек, түрікпен, қарақалпақ және башқұрт. Бұлардың қазіргі аттары мен халық болып бөлінуі соңғы мың жылдың орта тұсынан басталды. Сондықтан қазақта бар рулардың көпшілігі оларда да бар. Кей халық өздері бағынған хандардың есімдерімен аталып кеткен. Мысалы, өзбек, ноғай, т.б.
Ғайнетдиннің жорамалынша, «алаш» хандығы құрылып, «Алаша» ханның билеуі, шамасы бұдан екі жарым мың жылдай бұрын болса керек». (С. Мұқанов, 77..29-30-б.).
АЛАШ АЛАШ БОЛҒАНДА,
АЛАША ХАН БОЛҒАНДА,
ҮЙІМІЗ АҒАШ, ҰРАНЫМЫЗ АЛАШ БОЛҒАНДА,
ҮШ ЖҮЗДІҢ БАЛАСЫ ҚАЗАҚ ЕМЕС ПЕ ЕДІК
(Екінші нұсқасы)
«Халықтың ауызша тарихнамасында Үш жүз қазақтың түп аталары Байшора, Жаншора, Қарашора, енді бірде Ақарыс, Жанарыс, Бекарыс деген кісілерден тарайды. Олар бірде бір кісінің балалары болса, енді бірде үш атақты бидің балалары болып саналады. Түркі халықтарының тілінде «шора», «арыс» атты сөздер белгілі бір басшыға (ханға) немесе батырға «әскери серік, көмекші жігіт» деген мағына береді. Айталық, шора (кейде қазақша дыбысталуы «жора») — қазақ, қырғыз, башқұрт, татар тілдерінде «жолдас, жігіт» дегенді білдірсе, «арыс» сөзінің мағынасы «тіреу, тірек» деген ұғымға тіреледі. Арбаның атқа жегілетін белдігі «арыс» деп аталады, яғни ол арбаны аттың қамытына жалғастыратын тірек, тіреу. Шежірелік аңыздардың баяны бойынша, қазақтардың үш жүзге (үш арысқа) бөлінуі анадан ала болып туғандықтан, елден қуылған хан ұлы Алашаны Майқы би баласы Алшындардың өзара біріге отырып орталарынан хан көтеруімен байланысты қалыптасқан. «…Бастапқы бір келген жүз жігіттің қолбасы, мырзасы Үйсінді «Ұлы жүз Үйсін» атады. Түпқазық салықшы болсын. Жауға шапқанда бұлар шаппасын, тас түйін боп тұрсын десті. Ортаншы келген жүз жігіт қолбасы, мырзасы Болатқожа бұл жүз жігіт тосқауылшы орта буында жүрсін, ханның бақташысы есепті болсын деп, оны Орта жүз «Ақжол» атады. Соңғы келген жүз жігіт қолбасы, мырзасы Алшынды беті қайтпаған жаужүрек, жан қадірің білмейтін кезуілші деп, қарсы алдында жүріп жауға шабатұғын да осылар болсын деп, Кіші жүз «Алшын» деп ат қойды. Кезуілші қашса тосқауылшыға, тосқауылшы қашса, салықшыға барады, салықшы қашпайды. Тұрған-тұрған жерінде өліп қалуға бар, көңдімбай, көнтерілерді қойса керек. Қазақтың үш жүз аталған жері — осы. Бұрынғы заманда қазақтың Жүз деген де аталарының аты болса керек. Алаш деген де аталарының аты болса керек. «Жүз» атты ұруға, «Алаш» деген атты ұранға қойып, жауға шапқанда, «Алаш, алаш деп шабыңдар! «Алаш, алаш» демегенді әкең де болса ұрып жық деп бата қылысыпты. Кеше «Алаш алаш болғанда, Алаша хан болғанда, үйіміз ағаш, ұранымыз Алаш болғанда үш жүздің баласы қазақ емес пе едік» деп айтылған сөз содан қалды». (А. Сейдімбек, 32. 21-бет.)
Қазақтың Ұлы жүзі «Ақарыс», Орта жүзі «Бекарыс», Кіші жүзі «Жанарыс» болып аталып, ұзын саны он екі ата (кейде тоғыз) болып келетін ру-тайпаларының топтасуы — орталықтанған жүйеге — хандыққа тіреу болуға талпынысының, «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаратын» бірлікке ұмтылысының, ел-жұрт болып қалыптасу тарихының халық санасындағы жаңғырығы.
АЛДЫНА АС ҚОЙДЫМ,
ЕКІ ҚОЛЫН БОС ҚОЙДЫМ
Тамақ ал, же деген ұғымдарды береді.
«Ертеректе қазақ балыққа қақалып өлсе, туыстары оны балықпен сыйлаған адамнан құн сұрайды екен. Сондықтан қазақ қонаққа балық асса, „ал, же“ деп айтпайды екен. „Алдына ас қойдым, екі қолын бос қойдым“ деген сөз де, тегі, балықшылардан шыққан болуы керек. „Балық жеген бағыспас, жан-жағымен қағыспас“ деген сөзі де балықшылықтың қазақ арасында көп таралғандығын дәлелдейді». (С. Қалиев, М. Оразаев, М. Смайылова, 57. 121-б.).
АЛДЫҢҒЫ АРБА ҚАЛАЙ ЖҮРСЕ,
СОҢҒЫ АРБА ДА СОЛАЙ ЖҮРЕДІ
«Қазақтың арбаны ерте заманнан пайдаланғаны тарихи деректерден мәлім. Арба көші-қонда да, соғыс құралы тұрғысында да қолданылған. Бұл жағдайдың екеуінде де әркім өз арбасымен қалаған уақытында қалаған жағына қарай жүре бермеген. Белгілі тәртіп, жүйе бойынша қозғалған. Көші-қонда көш бастаушы болған, ол алдыңғы арба. Қалғаны соның соңынан ереді. „Алдыңғы арба қалай жүрсе, соңғы арба да солай жүреді“ деген сөз сол заманда қалыптасқан болар ма деп жорамалдаймын. Ал, оның доңғалаққа ауысуы сөздің кейіннен туған баламасы болса керек. („Алдыңғы доңғалақ қалай жүрсе, соңғы доңғалақ та солай жүреді“). Тілімізде екі түрі де кеңінен қолданылады. Мән-мағынасын бір десе де болады». (С. Шүкірұлы, 9.).
Ата-баба мен ұрпақтың, аға буын мен кіші буынның, үлкен мен кішінің арасында жалғастық болады, жолы бір болады дегенді аңғартады.
АЛҚАТСАҢ АЛҚАТ ҚЫЗЫҢДЫ,
АҚТАР ОЛ ДӘМ-ТҰЗЫҢДЫ
Алқату — еркелету, ардақтау, қолпаштау. Соңғы кезде сөздік қордан шығып барады. «Алқатсаң алқат қызыңды, ақтар ол дәм-тұзыңды». (Мәтел). (Б. Қыдырбекұлы, 69. 35-б.).
Қызыңды ардақтап, үкілеп, ар-ұятын биік ұстап тәрбиелей біл, ол ет жақын жанашырың болып, еңбегіңді, дәм-тұзыңды ақтайды деген мәнде ұғынылады.
АЛТАЙ МЕН АТЫРАУДАН,
АРҚА МЕН АЛАТАУҒА ДЕЙІН
«Алтай-Атырау — әдебиет пен баспасөзде, теледидарда өте жиі қолданылатын тіркес. Батыстан Шығысқа бірнеше мың шақырымға созылып жатқан Қазақстан үшін бұл кеңдіктің, байтақтықтың көрсеткіші болып қала бермек». (С. Қондыбаев. 9. 6.10.94.)
Негізінен С. Қондыбаевтың бұл келтірген тіркесі толыққанды емес. Халық аузында «Алтай мен Атыраудан, Арқа мен Алатауға дейін» деген де тіркес бар. Яғни, Алтай мен Атырау — еліміздің кеңдігін көлденеңінен немесе Батыстан Шығысқа дейінгі белдеуін сипаттаса, Арқа мен Алатау — тігінен немесе Солтүстіктен Оңтүстікке дейінгі ауқымын көрнекі түрде көрсетеді.
АЛТАЙ — МЕНІҢ МЕКЕНІМ,
ЕЖЕЛГІ ЖЕРГЕ ЖЕТЕМІН
«Жоңғарлардың бетін қайтарғаннан кейін-ақ, қазақтың бір бөлім рулары сол жоңғарлар басып алған ежелгі атамеккенге табан тіреуді мақсат етіп, шығысқа бет алғаны тарихтан мәлім. Айдарынан жел ескен Қабанбай сынды қолбасылар бастаған қазақтың қалың көші осылайша атақонысқа табан тіреді. Осылардың бір дәлелі — найманның қызай руының 1757 жылғы „Мамырсу бітімінен“ кейін Есенгелді батырдың бастауымен Тарбағатайға, одан ары қазіргі қоныстары Іле алқабына көшуі. Бұдан соң Ер Жәнібек бастаған Абақ Керейлердің „Алтай — менің мекенім, ежелгі жерге жетемін“ деп аттанған дүбірлі көші де қозғалды. Қазақ елі осылайша Абылайдай кемеңгер дипломат басшысының жүргізген саясатының арқасында ежелгі мекенге керегесін жая берді. Бұл жерде Абылай ханның Аягөзде өткізген бірнеше маңызды кездесулері, қазіргі күні ол жақта өмір кешіп жатқан 2 миллион қазақтың орнығуына, Қазақ — Қытай арасындағы халықаралық сауданың басталуына, екі елдің бұдан былай бейбіт өмір сүруіне тікелей себеп болды десек, артық айтқандық болмас.» (Е. Айтмұхаммедұлы. 50. 2. 06. 2011.)
Иә, осы тұста айта кетейік, найман, керей, үйсін, қаңлы руларының, тіпті хандық мемлекеттерінің ежелгі түркі заманынан бері (Ү — ҮІ) осы Алтай тауы төңірегін айнала қоныстанып мекен еткенін, кіндік кескен атажұрты екенін тарихи, археологиялық деректер де растап келеді. Көш иелерінің: «Алтай — менің мекенім, ежелгі жерге жетемін» деп айтып отырғаны да сол ата-бабадан жалғасып келе жатқан жад.
АЛТАЙ — ТҮРКІЛЕРДІҢ АЛТЫН БЕСІГІ
«Ақиық ақын М. Жұмабаевтың «Алыстағы бауырыма» деген әйгілі жырында:
Кел, кетейік Алтайға,
Ата мирас — Алтын таққа, —
деген жолдар бар. Яғни, Алтайдың күллі түркі-моңғолға ортақ мекен екенін айғақтап тұр. Бірақ, бүгінде төрт мемлекет — Қазақстан, Қытай, Ресей мен Моңғолияның аумағына кіретін қасиетті таудың төрт жағында да қазақтар мекен етіп отыр. Өр Алтайда да, Таулы Алтайда да, Қобда бетінде де, Батыс Алтайда да — киелі мекендердің бәрінде де қазақтар отыр. Демек, біз Алтайдан кіндігімізді үзбеген, қара шаңыраққа ие болып отырған жұртпыз». Д. Қыдырәлі. «Қазақстан тарихы» порталы.
«Қ. Салғарұлы бұдан әрі түрік атауының шығу төркінін іздейді. „Түрік“ атауының қай кезде пайда болғандығын көрсететін айғақтар жоққа тән, нақтылық жетіспейді. Зерттеуші сондықтан жанама деректерді де назардан тыс қалдырмайды. Жазба дерек бойынша — „түрік“ деген христиан эрасынан кейінгі ҮІ ғасырда Алтайда пайда болған халықтың және оның тілінің атауы. „Алтай — түріктердің алтын бесігі“ деген ұғым осыдан шыққан». (А. Ысымұлы, 31. 29.05.2013).
Түркі тектес халықтар біздің жыл санау дәуірімізден бұрынғы ежелгі замандарда Алтай тауының баурайында ел болып ұйысып (Ергенеқон), Тәңір тауы (Алтай) жоталарының айналасын бойлай мемлекет (қағанат) болып дамып-өркендегені белгілі. Ол мемлекеттер ыдырап, өз ара қақтығысып, біздің жыл санау дәуіріміздің алғашқы ғасырларында шар тарапқа жайыла қоныс теуіп, Ұлы көшті де бастап берген. Бірақ олар әлемнің қай тарабында өмір сүрсе де, ұлы отандары — Алтайды ұмытқан жоқ. Алтайды олар түркітектілерді ұйыстырған Алтын бесік деп құрмет тұтып, көтермелеп келеді. Сондықтан да бұл сөз тіркесін кейде «Алтай — көк түріктің қара шаңырағы», «Көк түріктің кіндігі — Алтайда», «Алтай — көк түріктің Алтын тағы» деп те түрлендіреді.
Жоғарыдағы сөздерді оқып отырғанда, ойың қияндарға шарықтап, шабыт жетегіне ересің: сол атажұрт Алтай төңірегінде «Алтай — көк түріктің алтын бесігі» атты ғажайып ертегі қалашығын, «Ергенеқон», «Өтікен» өлкелерін орнатып, сонда жыл сайын халық-аралық түркі фестивалін өткізіп тұрса, қандай ғанибет болар еді! Онда көкпар, ат сайыстары, түркілердің әскери өнері, ұлттық қолөнері, ойын-сауық, күрес, айтыс, тоғызқұмалақ, асық ойындары және т. б. ұйымдастырып, Тоныкөк. Күлтегін, Білге қаған тас құлпытастары макеттері мен ескерткіштері орнатылса, Алтай өңірі туристік Алтын Ордаға айналмас па еді!
АЛТЫ АРЫС ЕЛ
«Қазақ шежірелерінде Ұлы жүзді алты арыс (тайпа) ел дейтін де дерек бар. Олар: Бәйдібектің бірінші келінінен туған Сарүйсін — бірінші арыс, екінші келінінен туған Шапырашты, Ошақты, Ысты — екінші арыс, үшінші келіннен туған Албан, Суан, Дулат — үшінші арыс, құрамына Шанышқылы мен Қатағанды қосып алған Қаңлы — төртінші арыс, Жалайыр — бесінші арыс, Сіргелі — алтыншы арыс. Шежіре деректерінде Бәйдібектің ағасы Байдұлладан тарады делінетін Шақшам ұрпағы санының аздығына байланысты тайпалық өреге кейіндеу жеткен. Орта жүз де алты арыс ел — Арғын, Найман, Қыпшақ, Қоңырат, Керей, Уақ. Тарақты тайпасы Тәуке ханның «ноқта ағасы» институтын енгізуіне байланысты кейін дараланған сияқты»…Кіші жүздің он екі ата Байұлы да алты-алты тайпадан екі бірлестіктің қосылуы арқылы құралғаны байқалады. Әлім бірлестігі де алты арыс ел. Шежіре деректерінде Жетіру бірлестігінің де алғашқыда алты арыс ел болғаны, Тама тайпасының Жетіру бірлестігіне кейін қосылғаны айтылады». (А. Сейдімбек, 93. 86-б.).
Бір қауым ел деген мағынаға жақын.
АЛТЫ ЖАСАР БАЛА ЖОЛ ЖҮРІП КЕЛСЕ,
АЛПЫСТАҒЫ ШАЛ БАРЫП АМАНДАСАДЫ
«Жалпы ауыл адамдары ұзақ сапардан келген ағайынға жиылып келіп амандасу немесе алыс сапарға аттанғалы жатқан адамға жиылып барып» «жол болсын»деп тілек айту дәстүрі болған.» Алты жасар бала жол жүріп келсе, алпыстағы шал барып амандасады» деген мәтел соның айғағы. (С. Қалиев, М. Оразаев, М. Смайылова, 75.34.)
«Алыстан қонақ келсе — ауыл адамдары оған міндетті түрде сәлем береді және үйіне шақырады. „Алыстан алты жасар бала келсе — алпыстағы адам барып сәлем береді“ деген қазақтың ғажап әдептілік мәтелі бар». (С. Кенжеахметұлы, 43.).
АЛТЫН КҮРЕК
«Алтын күрек — көктем желі. Арқа жұртында көктем желінің бірнеше атауы бар. Көктемгі қар ерітер қатты желді тұтастай Өкпек жел дейді. Оның аса қатты, екпіндей соққан сәттерін Атанжығар деп те атайды. Бұл жел өткір, салқын болғанымен, қарды қатырмайды, ерітеді. Өкпек жел кей мезгілде қар аралас жаңбырлы да болып келеді, кейде қара жаңбырлы болады. Осы желдің сәл жұмсақтауын Ебінің желі дейді. Арқа жұрты көктемгі күн мен түннің теңесуін „Самарқанның көк тасы еритін күн“, көктемнің басы деп, осы кеште наурыз көже деп көршілік қонақасы береді. Міне, нақ осы тұста оңтүстіктен соғатын жылы желді — Алтын күрек деп атайды. Бұл атау қарды өндірте ерітуіне қарай қойылған. Алтын күрек желі шынында да, күреп тастағандай, жерді қардан тез-ақ аршып тастайды». (С. Шүкірұлы, 9. 23.08.2001.)
Бұл сөз тіркесін негізінен оңтүстік өлкенің адамдары қолданады, соған қарағанда оңтүстікке тән жылы, қарды күреп ерітетін желдің түрі болса керек.
АЛТЫН АЗБАЙДЫ, ДАУ ШІРІМЕЙДІ
«Алтын азбайды, дау шірімейді», — дейді халқымыз. Яки, дәугерлер жеті атадан бергі дауды да қуып, биге жігунуге хақылы». (М. Тағыбергенұлы.).
Мұндағы айтылмақ ой, алтын — асыл металл, сондықтан ол бүлінбейді, тозбайды. Дау ескірмейді.
АЛТЫН ЕРІҢ АТҚА БАТСА,
АЛТЫНЫН АЛ ДА ОТҚА ЖАҚ
Қанша асыл, бағалы дүние болса да, біреуге немесе өзіңе зиян, залалы тиетін болса, одан құтыл, садақа, құрбандыққа бер деген мағынаны береді.
«Ел ағасы атанған сыйлы адамдарды ақындар:
Бір тайпа елдің басы еді,
Алтын елдің қасы еді, —
деп мақтаған. Кейбіреулері музейлерде сақталған ондай тұрман-дар нәзік шеберліктің куәсі іспетті. Алайда халықтың қастерлейтіні сәнді алтын тұрманы емес, аты болған. Сондықтан: «алтын ерің атқа батса, алтынын ал да отқа жақ» деген мақал қалған». (С. Мұқанов, 77. 126-б.).
АЛТЫН КӨРСЕ, ПЕРІШТЕ ЖОЛДАН ТАЯДЫ
«Алтын көрсе періште жолдан таяды». Бұл тәмсіл сонау заманда да бар екен. Біреудің дүниеқұмарлығын әшкерелегенде айтылса керек. Періште жолмен келе жатады. Жол жиегінде алтын жатыр екен. Соны алмаққа бола періште жолдан шығады дейді. Жұрттың бәрі осылай түсінеді. Ал бұдан 60—70 жыл бұрын атам Нұрсұлтан маған бұл тәмсілді мүлде басқаша айтып еді.
Періште келе жатады. Жолында алтын жатыр. Алтынды алмау, оған жоламау үшін періште жолдан таяды. Меніңше тәрбиелік мәні бар нағыз тәмсіл осы болмақ». (Ж. Нұрмахан, 9. 25—31.08. 2011.).
«Зерделей келгенде, бұл мақал алтын көрген періште оны айналып өту үшін тура жолынан бұрылуға мәжбүр болады деген мағынаны береді екен. Шындығында да жолда жатқан алтынның бәрін құшақтай құласа, оның қай жері періште?
Сондықтан да ақиқат жолынан ауытқып жүргендер осы мақалды малданып, өздерін періштеге апарып теңеп әуре болмай-ақ қойсын…» (Қ. Әбіл, 31. 30. 07. 2008.).
Ал бұл мақалдың қазіргі мағынасы: Егер біреу, алтын, байлық, ақша ұсынып жатса, періштедей таза адамның өзі әділеттілікті белден басып, тура жолдан таяды, ақшаға, мол тегін байлыққа қызықпай қоймайды деген мағынада қолданады. Адамдардың дүниеқұмарлығын, дүниеқоңыздығын әшкерелегенде айтылады.
Бір өкініштісі, Жанаш ата келтірген екінші тәмсілдегі мәнінен айырылып қалған.
АЛТЫ САН АЛАШ
«Сан. Сандық ұғым қазақ халқында ерте кезде тек мыңдыққа дейін ғана жақсы дамыған. Тұрмыс-тірлікте одан жоғары, күрделі сандарды қолданудың қажеті де шамалы болған. Сондықтан „миллион“, „миллиард“ сияқты терминдерді пайдаланбаған. Есеп мыңнан асқан жағдайда „түмен“ (туман) деген терминді қолданған. Бір түмен он мыңға тең. Ал егер есеп жүз мыңнан асса, „сан“ терминін пайдаланған. Бір сан — жүз мыңға тең болған. Тілімізде „Алты сан алаш“ деген тіркес бар. Ол қазіргі есеппен „алты жүз мың алаш“ дегенді білдіреді. Қазақтың ең көп есебі „мың сан“ болған, ол — жүз миллионға тең». (Д. Жүнісов, 9. 1—6.05.2014.).
Ал, «алты сан алаш» деген тіркес көп сан халық, қазақтың құрамы көп, төрт көзіміз түгел деген мағыналарды білдіреді.
АЛТЫ САН АЛАШ,
ҚЫРЫҚ САН ҚЫРЫМ
«Халық әдебиетінде ежелден келе жатқан „Он сан оймауыт, тоғыз сан — торғауыт, сегіз сан — сейілхан, жеті сан — жем (бойындағылар, келімсіктер), алты сан — Алаш, қырық сан — Қырым“ деген ұғымдар бар екендігі белгілі. Солардың шешуіне келсек: он сан оймауыт дегеніміз — ноғайлы елі, ноғай халқы, тоғыз сан торғауыт — қалмақтар, сегіз сан сейілхан — сегіз арыс түрікпен халқы, алты сан Алаш — қазақ халқы. Мұның кейде Түрік ханнан тараған алты халық мағынасын беретіні бар. Осылардың бәрі жиналып, кезінде қырық сан қырым аталған. Қырымымыз — қазіргі Қырым түбегі. Демек, Қырым ерте замандарда аталмыш елдердің бәрінің орталығы болғанға ұқсайды. Соңында қырық сан халық бөлініп-бөлініп, әрбір ұлт, әр ел өз алдарына енші алып кеткен деген жорамал бар». (М. Жаданов, 9. 1.10.1993.)
«Ақ Орда құрамына кірген тайпалардың ішіндегі алты арыс ел — қыпшақ, жалайыр, найман, қоңырат, қаракесек (арғын), алшындар — Шыңғысханның батысқа жасаған жорығының алғашқы кезінде- ақ «алты сан алаш» деген атпен Жошы ұлысына енген. Жошы хан оларды үйсін Майқы би арқылы басқарған. «Алты сан алаштың ол кездегі қоныстанған жері — Алтай мен Каспий теңізінің аралығы, бір шеті Тобыл мен Сыр бойы, Жетісу өлкесі. 13-ғасырдың екінші жартысында бұлар одақ болған ізімен Алтын Ордадан бөлініп, Ақ Орда атты мемлекет болған». (М. Қани, 55. 209-б.).
Бұл сөз тіркесі кейде «Алты алаш» деп те аталады. Алты алаш туралы ел аузында әр түрлі пікірлер айтылады. Оның бірінде бұл санатқа алты ұлтты кіргізсе, енді бірінде жоғарыда айтылғандай, қазақтың өз ішіндегі тайпалар бірлестігі жатқызылады. Солардың бір-екі варианты мынадай:
а) 1.Қазақ. 2.Өзбек. 3.Қарақалпақ. 4.Башқұрт. 5.Ноғай. 6.Татар.
ә) 1. Өзбек 2.Қазақ. 3. Ұйғыр. 4.Түрікпен. 5.Қырғыз. 6.Қарақалпақ.
Бір ұлт, халықтың өзі бірнеше ру, тайпадан құралады немесе бірнеше ру, тайпа жиылып бір халықты құрайды деген мағынаны береді. «Қырық сан қырым» тіркесі қазақтың «Қырымның қырық батыры» эпостық батырлар жырын да еске түсіретіндей.
АЛТЫ ТАСПА БҰЗАУ ТІС,
БЫЛЖЫРАМАЙ АТТАН ТҮС
«Әсілі, мықты қамшыға ең керегі он екі таспа. Он екі таспадан өрілген өрім алты қырлы болып түседі. Қамшының бұл түрі көзге де сұлу көрінеді, әрі атқа мінеген адамға айбат беретін қару есебінде болып келеді. Одан кейінгісі сегіз таспа төрт қырлы болып шығады. Ал, алты таспадан өрілген қамшы дөңгелек болып түседі. Оны бұзау тіс қамшы деп те жатады. Бұл енді кез келген адам ұстайтын қамшының жеңілдеу, қарапайым түрі. „Алты таспа бұзау тіс, былжырамай аттан түс“ деген сөз содан қалған». (Ш. Екеев.).
Ел, жер қыдырған қыдырымпаздар мен хабаршыларды, қыр көрсетіп маңғазсынған адамдарды сабасына түсіріп, мысын басу үшін айтылатын нақыл сөз.
АЛТЫ ТҰТАМ АТ ҚАМШЫ,
ЖЕТІ ТҰТАМ ЖЕР ҚАМШЫ
«Егер, қажетті материалың, яғни, тобылғы, қайыс былғары және өткір бәкің мен жеңіл қайрағың даяр тұрса, бір қамшыны бір сағаттың мөлшерінде жасап шығаруға болады. Сабы тобылғыдан жасалады. Тобылғының сабының ұзындығы алты тұтам болуы тиіс. Ел ішінде „Алты тұтам ат қамшы, жеті тұтам жер қамшы“ деген де сөз бар. Ал, бәйгеге шабатын шабандоздар мен балалар ұстайтын қамшыны жеңілдеу болсын деп, оның сабын төрт тұтам тобылғыдан жасайды. Бұрынғы уақытта қыз балалар ұстайтын қамшының тобылғысының үстін қайыспен қос сақиналап басады екен. Қазіргі күні бұл ғұрып ұмтылған десе де болады». (Ш. Екеев.).
Қамшыны сипаттап, ерекше қасиетін ашып көрсетерде айтылады. Екінші сыңарын кейде «Жеті тұтам «жез қамшы», «Жеті өрім қамшы» деп те айтады.
АЛЫП АНАДАН ТУАДЫ
«Ана құрсағындағы жан иесі тоғыз айдың ішінде, тіршіліктің әр сатысындағы табиғатта бар он сегіз мың ғаламдық жолын басып өтеді. Былайша айтқанда, бір клеткалық „қарапайым тіршілік“ кезінен бастап, адамға дейінгі жетілу баспалдақтарын басып өтеді. Бұл табиғат жаратылыстарының ішіндегі аса күрделі құбылыстарына кететін миллиондаған жылдарды адам баласы анасының құрсағында жатқан тоғыз айда-ақ басып өтетіндігі, тек табиғат шеңберінің ғана құдіретіне сыйса керек. Олай болса, адам ғұмырының ең ұзақ та ауыр жолы ана құрсағында қалыптасады екен. Міне, осынау өсу сатысында, жан иесінің жүрек тәрбиесін тек ана сезімі ғана дұрыс бағыттап, жетілдіріп отырады. Тап осы кезеңде адамшылықтың алтын діңгегі болып саналатын, күллі тәрбие атаулының арқауы — жүрек тәрбиесінің мазмұны қалыптасады. Мінеки, осындай өте нәзік, табиғат құбылыс-тарын тереңінен тартып түсіне алған халық даналығы: „Алып анадан туады“ деп тұжырымдағанын зор мақтанышпен айтуға болады. Мейірімді ананың парасаты мен дарқан мінезді әженің шапағаты дүниеге келген сәбиді халықтық тәлімнің ғасырлар бойы қалыптасқан алтын бесігімен тербеп отырып ер жеткізеді». (13).
Бұл сөз тіркесінің толық нұсқасы: Ат — биеден, аруана — түйеден, алып — анадан» болуы мүмкін.
АНА МЕН БАЛА КІНДІКТЕС
Ана мен баланың өзара жақындығын, ыстықтығын, қымбаттығын бейнелегенде қолданылады.
Атамыз қазақта: «Ана мен бала кіндіктес» деген сөз бар. Өйткені, құрсақ көтерген әрбір ананың көңіл күйі іште жатқан нәрестеге тікелей әсер етеді. Анам жарықтық: «Балаң жақсы болсын десең, үнемі жақсы нәрсеге көз тоқтатып, жақсылықты ғана ойла» дейтін. Ана баласын емізгенде өзін салмақты ұстап, еміренсе, емшегі иіп, сүті көбейіп, балаға жұғымдылығы артады. Бала рақаттанып, терлеп-тепшіп емеді. Тыныш емген бала ақылды болады. Баланы емізіп отырған ана ашуланса, дауыстап сөйлесе, бала шошынып қалады. Жас сәбидің мінезінің өзгеруіне ол да әсер етпей қоймайды». (Н. Ырысбекова.).
АПАМ ҮЙІ — АҚ ЖАЙЛАУ
«Қазақта бауырларының шалғай елге ұзатылып кеткен апаларын ер жеткен соң іздеп бару салты болған. Сағынтып келген бауырымен қауышқан апаның қуанышын айтып сөз жетпес. Өткеннен де, кет-кеннен де ата-анасы, бауырларының амандығын сұрап, сағыныштан әбден құсаланып, зарығып жүргенде, інісін көріп көзайым болып, өшкені жанып, өлгені тірілгендей күй кешеді. Қайран апа бауырына көңілі тойып, мауқын баса алмай, ертелі-кеш айналып-толғанып, барлық тәтті-дәмді, жылы-жұмсағын соның алдына жайып, аузына тосады екен. Сірә, „Апам үйі — ақ жайлау“ деген сөз де осындайдан қалған болса керек». (М. Ниязбеков, 82.10-б.).
Бұл сөз тіркесін кейде ер кіндікті бауырларына қаратып, «Ағам үйі — ақ жайлау» деп айтатыны да бар.
АРАЛ МЕН СЕМЕЙ ҚАСІРЕТІ
«Арал мен Семей — ХХ ғасырдағы Қазақ халқының басына түскен нәубет-тауқыметтердің жиынтық образдарына айналған топонимдер. Теңіздің тартылуы — ойсыздық пен жөнсіз әміршілдіктің (Кеңестік тоталитаризм кезеңіндегі — К.О.), ал Семей полигоны (ядролық сынақ полигоны — К.О.) — тұтас халыққа істелінген қиянаттың ең танымал ескерткіштері». (С. Қондыбаев, 9. 6.10.94.)
«Арал мен Семей қасіреті» дегенде біз тартылған теңіз табанынан көтерілген тұзды шаңның, полигондағы ядролық сынақтан жер бетіне шөгіп қалған радияцилық сәуленің зардаптарын айтып отырмыз. Олар сол өңірлердегі табиғат пен тұрғын халқына қатты әсер етіп, талай адамдар денсаулықтарынан айрылды, мүгедектікке ұшырады, қайғы-қасіретке тап болды. Міне, осындай экологилық зардаптардың табиғатқа, адамзатқа тигізген әсерін Арал мен Семей қасіреті дейміз.
АРАМЗАНЫҢ ҚҰЙРЫҒЫ БІР-АҚ ТҰТАМ
«Қойдың төлі — қозы. Қойлар көктемсіз төлдемес үшін, қошқарға күз айларында күйек* байлайды. Қыс туатын қозылар «арамза» аталады. Ол жүдеубас болады. «Арамзаның құйрығы бір-ақ тұтам* (кішкене мағынасында) деген мақал содан». (С. Мұқанов, 77. 83-б.).
«Қазақтар иттің ақ, сары, шымқай қара (меңсіз қара) түстісін ұнатпайды. Ор және төрткөз итті қолға мүлдем ұстамауға тырысады. Онан гөрі төбел, ақтөс, алаяқ, аласын „иесіне адал серік“ ретінде артық бағаласа, құйрығының ұшында ғана кездесетін ағын „арамза“ деп танып, оның бір тұтамдайын кесіп тастайды. „Арамзаның құйрығы бір-ақ тұтам“ деген тіркес осыған қатысты тууы ықтимал». (Б. Қиянатұлы. 9. 30. 11. 1995.).
Арамдық пен қулықтың, өтіріктің өмірі қысқа, ерте ме, кеш пе оның жайы ашылады, әшкере болады дегенді аңғартады.
АРАНДАП ҚАЛДЫ
«Жым — аңдардың өздерінің қалың бұта арасына салып алған жолы. Сенен тұра қашса, жымға кіріп кетеді. Сен кіре алмай қаласың. Соны „жым“ дейді. Жымға қазақ „аран“ құрады. Анау тар жер ғой, теңселіп, ирелеңдеген сондай бір ұрымтал жерге істікті қойып, ағашқа бекітеді. Ана жақтан қуаласаң, үріккен аң ентелеп келген бетімен, көкірегімен қадалады. Соны қазақтар „аран“ дейді. Немесе аранның екінші түрі бар. Жолбарыс, аю секілді ірі аңдарды ұстауға арналған. Жерді қазған соң, үстін бұтамен, шөппен жауып, қазылғанын білдірмей қояды. Ал шұңқырдың ішінде үлкен-үлкен қазықтар болады. Аңдар шұқырға түссе болды, әлгі қазықтардың біріне қадалып, сол жерде қалады. Бұл тәсілді соғыста да пайдаланады. Ертеректе кәдімгі ағаштың басын жонып, қаламның ұшы секілді етіп, үшкірлеп көміп, аран жасаған. Қашқан жаудың әскері келіп қадалатын болған». (Ж. Бабалықұлы,24..204-295-б.).
Біреудің қулық-сұмдығына сеніп, алданып қалды. Өкініштен «қап» деп, санын соқты. Біреудің алдап соққан қақпанына түсті дегендей мағыналарды береді.
Күйек* — алжапқыш сияқты, бірақ одан анағұрлым кішілеу, қошқар-лардың жыныс мүшесін жауып тұратын мата жапқыш.
Тұтам* — бес саусақпен тұтқандағы көлемге шамалас, 4—5 еліге тең жуандық өлшемі.
АРҒЫМАҚ АТҚА КӨП МІНДІМ,
САДАҒА КЕТСІН БУДАННАН.
ЕР ЖІГІТПЕН ДОС БОЛДЫМ,
САДАҒА КЕТСІН ТУҒАННАН
Қарабайыр мен түркімен арғымағынан туған жылқыны будан деп атаған. «Арғымақ атқа көп міндім, садаға кетсін буданнан. Ер жігітпен дос болдым, садаға кетсін туғаннан», — деген атам қазақ. Өйткені, буданның бір түп жусан — азығы, бір түп жусан — қазығы. Будан ат екі түп жусанмен басыңды жаудан құтқарады. Ол күй таңдамайтын-дығымен, төзімділігімен, жүйріктігімен бағалы». (С. Шаухаманов. 31.31. 07. 2002.).
Бұл сөз тіркесі өзіміздікінен садаға кетсін немесе өзіміздікіне еш нәрсе жетпейді деген мәнде айтылады.
АРҒЫН АҒА БАЛАСЫ
«Қазақтың этноқұрылымдық жүйесінде қалыптасқан дәстүр бойынша, жүздік деңгейдегі ноқта ағалары: Ұлы жүзде — жалайыр, Орта жүзде — тарақты, Кіші жүзде — табын тайпалары. Дәл сол сияқты, аға балалары: Ұлы жүзде — ошақты, Орта жүзде — арғын, Кіші жүзде — әлім (қаракесек) тайпалары. Ал, қара шаңырақ иелері: Ұлы жүзде — албан, Орта жүзде — қыпшақ, Кіші жүзде — шөмекей тайпа-лары. Осындай мәртебелер рулық, аталық, әулеттік деңгейде де бар». (А. Сейдімбек, 93.143-144-б.).
Бүгінде мәні ескірсе де, бұл тіркестердің мән-мағыналарын ұғын-дыра кеткенді жөн көрдік.
Ноқта ағасы — ел ішінде жол, жөн бастауға құқылы деп, олардың орнын ерекшелеп, көтермелеп, арнайы сый-сияпаттар көрсетіп отырған.
Оған С. Мұқановтың мына түсіндірмесі дәлел: «Ат басына ауыз-дықсыз кигізілетін тұрман — ноқта. Оған шылбыр бау ғана… тағылады да, тоқтағанда, атты онымен байлайды. Қазақта (ноқта ағасы» — үлкен, басшы мағынасында қолданылады. Олай дейтіні, көне заманда әке балаларына енші бергенде, көш алдында жүретін ноқталы түйені үлкен ұл жетектеген.
Содан «ноқта ағасы» атанған». (С, Мұқанов, 77. 125-б.).
Аға баласы — үлкен (қара) шаңырақтың үлкен ұлынан тараған ұрпақ. Жасы үлкен-кішілігіне қарамай, жолы үлкен деп ерекше құрмет көрсетіп, көтермелеген.
Шаңырақ иелері — үлкен (қара) шаңырақтың кенже ұлынан тараған ұрпақ. Әдетте қара шаңырақ кенже ұлға мұраға қалған. Жасы үлкен-кішілігіне қарамай, келген кісі, қонақтар алдымен солардың үйіне түсіп, үлкен шаңырақ деп құрмет көрсетіп, дастарқандарынан дәм татуды міндет тұтқан.
АРҚАЛАНЫП КЕТТІ
«Соңғы кездерде, әсіресе, өнер адамдары туралы айтылғанда немесе жазылғанда, «аруақтанып кетті», домбыраны немесе қобызды «біраз тартқаннан соң аруақтанып шыға келді» деген сөз тіркестері жиі айтылатын болды. Мұндай кезде «арқаланып кетті», «арқаланып шыға келді» деу жөн. Тегінде өнер адамдарын «арқасы бар екен» демейтін бе еді?
Шынында «аруақ»* деген сөз өлген адамның рухы деген ұғымды бермей ме? Дәріптеп отырған адамымыз «аруақтанып кетсе», өліп қалғаны ма? Осы тіркесті тек адамға ғана емес, малға да қолданатын болдық.
Қазақ үлкен бір іс бастарда аруаққа сыйынатын, медет сұрағанда, аруаққа табынатын, жапа шеккенде аруақ шақыратын. «Аруақ» деген сөзді орынсыз қолданбайық, аруақты сыйлайық, аруақпен ойнамайық, ағайын». (Е. Бейсенбек. 9. 18.11.1993).
Иә, расында да «Аруаққа сиынды, табынды», «аруақ аттады», «аруақ (ұрды) атты», «аруақ қысты», «аруақ қолдады», «аруақ (демесін, жебесін) қолдасын», «аруаққа шет болма», «аруақ жар бола көр» және т.б. тіркестер ата-баба аруағын меңзеп тұрған жоқ па.
Аруақ* — араб сөзі, «рух» дегеннің көпше түрі: діни сенім бойынша, көзге көрінбейтін, табиғаттан тыс күштер, өлген кісінің, ұлы адамның (әулиенің) «жаны» мағынасында қолданылады. Ата-бабамыздың аруағы, аруақ қонған кісі тәрізді тіркестер де бар.
АРМЫСЫЗ!
«…Біздің қазақта да, меніңше, әр заманда әрқалай амандасып жүрді. Мәселен, Ислам діні біздің даламызға жайылмас бұрын бізде «ассалаумағалейкум!» «уағалейкумассалам!» деген амандасу түрі болған жоқ, әрине. Өздеріңізге мәлім, «ассалаумағалейкум!» деген сөз «саған Алланың нұры жаусын!» деген сөз. «Уағаллейкумассалам!» дегені «сізге де Алланың нұры жаусын!» дегенді білдіреді. Демек, бұл — таза дінге байланысты амандасу. Ал оған дейін көшпелі халықтар, оның ішінде қазақтар: «Армысыз!» деп амандасқан екен.. Сіз ақсақалға: «Армысыз, ақсақал!» деп амандассаңыз, ол кісі сізге: «Бар бол, балам!» деп жауап қайтаратын болған.
Ал енді мына кеңес дәуірінде дінге тыйым салынды да, мұсылманша амандасу, кітаптардағы, кейбір өлең, ауыз әдебиетінің нұсқаларындағы «Алла» деген сөзді алып тастады. Соның ықпалымен қалалықтар «сәлеметсіз бе» -ге көшіп алды. Ал Қытайдағы қазақтар қытайша «ниң хау маның» қазақшасын қолданып («хау ма» — сіз жақсымысыз» дегені), «жақсымыз» дейді. Қазір «ассалаумағалейкум!» деп те, «топ ортаға бір сәлем!» деп те амандаса береміз». (Қ. Жұмаділов, 31. 15.10.2014).
«Армысың» деген амандасу сұрағына адам «бармын» деп жауап беріп амандасады. Сонда қазіргі «ассалаумағалейкум» мен «уағалейкумассаламның» орнына өткен ғасыр қазағы осылай деп амандасып, әңгімені «ардан» бастағаны ғой.
«Армысың ба» деген сұрақты «сен арсың ба» деген сұрақ екендігін білеміз, оған «ия, бармын», яғни «арым бар» деп жауап береді. Қарап отырсақ, «ар» деген бейне бір «киелі зат, нәрсе» сияқты, адам өзін адаммын деп есептеуі үшін оның осындай «қасиетті бұйымы» — ары болуы керек екен, әлгі амандасу сұрағы адамның ең басты нәрсе ретінде осы ардың бар-жоғын анықтау болып тұр. Қазақ нашар, ұяты жоқ, көргенсіз, ең алдымен намысы жоқ адамды арсыз адам дейді, адамның ары болмауы — адамды хайуан деумен бірдей. Қазақтағы «жаным — малының садағасы, арым — жанымның садағасы» (басқа айтылу варианттары да бар) (Мысалы, «Малым — жанымның садағасы, жаным — арымның садағасы» — К.О.) деген ұран боларлық сөздің мәні — жан үшін, жер бетінде тірі болып, өмір сүру үшін барлық мал мен байлық-дүниені құрбан етуге болады, ал ар — жаннан-өмірден де қымбат, сондықтан ар үшін өмірімді қиюға бармын дегенді білдіреді. Арлы болу да, арлану да жақсы қасиет екенін де білеміз». (С. Қондыбаев, 62. 140-б.)
«Сонымен арийлік — нақты айқындалған рух — арий рухы ретінде мойындалуы тиіс. Арий болудың мемлекеттік маңызы бар еді, арийліктер Қостанай қаласының жанында орналасқан Сынтаста және Арқайым қалалары өркениетін құрушылар болып есептеледі. Арийлердің рухы қазақтарға да тән еді. Қазақтардың үлкен қауымға немесе көп болып жиналған халыққа „Армысыздар“ деп ілтипат көрсетуі тегін емес қой. Бұл яғни біз арлар арларға сәлем бердік дегенді білдіреді ғой. Радио тілшілері қазақ тіліндегі хабарларын дәл осылай бастайды. Бірақ өкінішке қарай, соңғы уақытта сәлемдесудің мұндай түрі сирек қолданылып жүр». Е. Омаров, 308-бет.
Сондай-ақ қазақ тілінде «ар» түбір тіркесін құрайтын сөздер жиілігі Ш. Шаяхметов атындағы «Тіл — Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығы мамандарының зерттеуі бойынша, басқа әріп тіркестеріне қарағанда ең жоғары (600 мыңнан аса) көрсеткішке жетіп отырғаны көп нәрсені ұқтырғандай. Мәселен, қазақ тіліндегі ар, ар-ұят, ар-ождан, ардақ, артық, ардагер, арқау, арыс, арыстан, арғын, арман, аран, арсыз, арай, аралас, арғымақ, арда, ару, аруана, арқа, арал, арша, араша, арқан, арық, олар, бұлар және т. б. сөздерден арийлік иіс аңқып тұрған жоқ па.
АРУАҚ АТТАҒАН, ОҢБАС*
Аруақты қорлады, ар-ұятын аяққа басты, әдет-ғұрыпты бұзды, ондай адамның жолы болмайды, оңбайды деген мағынада.
«Түркітілдес халықтардың ішінде ата-баба аруағын пір тұтқан, оны сыйлап, сыйынып отырған біздің бабаларымыз екені — шындық. Аруақ сыйлау бұрынғы өткен зиялы адамдардың — ақындардың, батыр-лардың, ру, тайпа көсемдерінің аруақтары қиналған кезде желеп-жебеп жүрсін, мақсат-мұратымызға жетуге себепкер болсын деген ұғымнан туындаса керек. Қазақ аруақты айтқанда ұшатын бүркіттей қомданып, еңсесі көтеріліп қалады. Басқа уәжге тоқталмаса да, аруаққа тоқтайды.
«Мен оған аруағымды қорлатпаймын», «Аруақ аттаған, оңбас» тағы да басқа осындай қанатты сөздер халқымыздың ата-баба аруағына деген шын пейілінен, ыстық жүрегінен туған». (Ж. Бабалықұлы, 24. 305-б.).
«Аруақ қолдасын» деген сөзді аузынан тастамаған ата бабамыз тек бұл сөзді жай ғана қолдануды немесе шексіз фанаттықпен табынуды емес, өткенмен қарым-қатынасты қамтамасыз ететін, ұлттық шабыт пен жігердің тұтастығынан «жіпсіз жалғанған» тылсым байланысын үзбеудің тәсілі деп айта аламыз. Міне, намыс пен жігер, ұлттық пен отаншылдықтың жауынгерлік рухы біздің ділімізде осы Аруақ шақырудан тікелей туындайды. Егер біз оны шариғатта айтылмаған деп ділімізден алып тастайтын болсақ, онда ұлттық жауынгерлік рухтан да қол үземіз деген сөз». (Берік Аташпен сұқбаттан. 47. 12.04.2013.)
Батыр бабаларымыз жауға шапқанда, жиын-тойда отырған би-шешендер бір ерек істі бастарда, «Аруақ қолдасын» деп ата-баба рухына жүгініп, бойларына рух, қуат жинайтын болған. Бұл ұран бүгінгі күндері де маңызын жойған жоқ.
АРЫСТАНБАБҚА ТҮНЕ,
ҚОЖА АХМЕТТЕН ТІЛЕ
(Екінші нұсқасы) *
«Қожа Ахметтің ұстазы Арыстанбабты 33 мың сахабаның бірі деп айтуға болатын сияқты. Өйткені, дін аңыздары бойынша, Арыстанбаб Пайғамбардың көзін көріп, оның ұлы қасиеті — Мұғжизасына куә және аманатына адал болған әулие. Ел піріне саналған кие — дана. Сондықтан халық «Арыстанбабқа түне, Қожа Ахметтен тіле» деп текке айтпаса керек. Әулиенің қасиетіне байланысты «Баптардың бабы Арыстанбаб» деп ерекше дәріптеледі. Сыр бойында көне Отырар жерінде мазары
тұрған әулиеге деген құрмет пен тағзым кеңестік дәуірде де тоқтаған жоқ. Кейбір деректерде есімі мұсылман елдеріне етене жақын әулие көптеген діндерді біліп, оларды зерттеп, дұрыс-бұрысын саралаған ғұлама ретінде танылады». (О. Қауғабаев.).
Егер Қожа Ахметтің басына барып, зиярат етіп, тілек тілегің келсе, ең алдымен оның ұстазы Арыстанбаб әулиенің алдынан өт немесе түнеп, ғибадат ет. Сонда ғибадатың толыққанды болып, тілегің қабыл болады деген мағынаны береді.
* «Арқаланып кетті» тақырыпшасын қараңыз.
* «Қанатты сөз — қазына», бірінші кітабын қараңыз.
АРТҚЫ АЙЫЛДЫҢ БАТҚАНЫН
ИЕСІ БІЛМЕС, АТ БІЛЕР,
АҒАЙЫННЫҢ АУҒАНЫН
ЖАҚЫНЫ БІЛМЕС, ЖАТ БІЛЕР
Яғни, «Сырт көз — сыншы» деген мағынаға жақын сөз.
«Екі айылдан (тартпадан) атқа көбірек бататыны — қарыннан тартылатын шап-айыл. „Артқы айылдың батқанын иесі білмес, ат білер, ағайынның ауғанын жақыны білмес, жат білер“ деген мақал осыдан туған болу керек. Шапқанда болмаса, шап айылды қазақ бос ұстайды. Төс айыл үнемі қатты тартылады. Өйткені, ол қаусыратын тұста тынысты қорғайтын төс сүйек бар». (С. Мұқанов, 77. 125-б.).
АС ИЕСІМЕН ТӘТТІ
«Қоқан хандығына қазақтан елші барғанда, оларды өлтірмек боп алдына у себілген ас қояды. Шыдамсыздау біреуі астан бір- екі асап, өліп кетеді, аман қалғаны қашып құтылады. Осыдан кейін бейтаныс елге барған қазақтар алдындағы асты әуелі үй иелеріне алдырып, уланбағандарына көздері жеткен сон ғана жейтін болған екен. „Ас иесімен тәтті“ деген сөз сондай сенімсіздіктен туып, содан қалған болса керек… … бірақ бертін келе ол бұрын байқалмаған жаңа мәнге ие болған». (Ә. Диваев, 30. 27-б.).
Бүгінде бұл мәтел үй, ас иесі дастарқан басында бірге отырғанда ғана дастарқанның сәні кіреді, ас дәмді болады, дастарқанда әңгіме-сұқбат құрып отырғанда, ас бойға жақсы сіңеді деген мағынада айтылған.
АСЫҒЫ АЛШЫСЫНАН ТҮСТІ
Кімнің сақасы алшы түссе, бірінші ату кезегі соған тиеді. Тіліміз-дегі «асығы алшысынан түсті» деген тұрақты сөз тіркесі осылай қалыптасқан. Әдетте бұл сөз біреудің жолы болып олжалы болғанда, бәйге, сыйлық алғанда, ұтыс шыққанда т. с. с. жағдайларда айтылады». (Д. Шоқпарұлы, 9. 17.02.94).
Жолы болғыш, олжалы адамдарға қаратып айтылады.
АСЫҚ ОЙНАҒАН АЗАР,
ТОБЫҚ ОЙНАҒАН ТОЗАР,
БӘРІНЕН ДЕ ҚОЙ БАҒЫП,
ҚҰЙРЫҚ ЖЕГЕН ОЗАР
«Қазір көпшілік „Асық ойнаған азар, доп ойнаған тозар“ деп жүр. Бұл заманның талабына орай өзгерген тіркес болса керек. О баста „Асық ойнаған азар, тобық ойнаған тозар. Бәрінен де қой бағып, құйрық жеген озар“ деп айтылған. Ойын баласы қай ойынды да азғанша ойнауға әзір. Содан ата-ана баласын күндіз-түнгі ойыннан шектеп, басқа да пайдалы іс-әрекетке тарту мақсатында осындай тіркесті шығарса керек. Ал, тобық деген қандай ойын? Тобық — малдың артқы аяғының сүйегі. Өзі асықтай ғана. Мүжілген тобық сүйегін қазақтар өзара бәстесу құралына айналдырған. Егер біреудің қандай да бір затын алғысы келсе немесе бір затқа бәстескісі келсе, онда екінші адамға осы тобықты жасыруды ұсынады. Бәстесуші адам тобық жасырушыға „мен тобықты сұрағанда, таңдайыңнан алып бер“ деп шарт қояды. Талап әр түрлі болуы мүмкін. Бірі „сұрағанда жанқалтаңнан алып бер“ десе, енді бірі „тіліңнің астынан беретін бол“ дейді. Ойын мерзімі шектеусіз. Бәстесуші қалайда жеңу үшін оңтайлы сәтті күтеді. Бәстен жеңілмес үшін, тобық жасырушы да біраз әуреге түсері анық. Өйткені, ойламаған жерден әлгі бәстескен адамы алдынан шыға келуі мүмкін ғой. Бәстің шартын үнемі ұмытпай жүру оңай шаруа емес, әрине. Екінші жағынан, тобықты таңдайға салып, тілдің астынан алып беремін деп жүріп, тамағына қарай кетіп қалса қайтеді? Міне, сол үшін „тобық ойнаған тозар“ деген сөз қалған». (К. Елемес. 102. 20.03.2013.).
Бүгінде бұл мақалдың мәні ескіргені сондай, қайта керісінше, мына компьютер, теледидар заманында балаларды далаға шығарып ойната алмайтын жағдайға жеттік қой.
АСЫРА СІЛТЕУ БОЛМАСЫН,
АША ТҰЯҚ ҚАЛМАСЫН
«РКП (б) Орталық Комитеті Қазақстанға арнайы жіберген Ф. Голощекин 1925 жылғы желтоқсанда өткен Өлкелік партия конферен-циясында «Ауылда шынайы кеңес өкіметі жоқ, тек байдың үстемдігі мен ру билігі бар» деп шолақ қайырып, қазақ сахарасында «Кіші Октябрь» идеясын жүзеге асыруға негіз қалады. «Кіші Октябрьді» жүзеге асыру ниетімен әуелі 700-ге жуық байдың бар малын тартып алды.
Қалың ел көшіп келе жатқан жолындағы қонған жеріне күштеп қоныстандырылды. Не суы, не нуы, не баспанасы жоқ, шөлде мал түгілі адамдар қырыла бастады. Қалада да, далада да алба-жұлба, аш-жалаңаш босқындар көбейіп кетті. Баяғы қоғамдастырылған 40 миллион мал жем-шөбі, су-суаны, күнделікті күтімі болмағандықтан жаппай ақ сүйекке ұшырап, 1932 жылдың аяғында оның 4 миллиондайы ғана қалды. Өзегі талған халық сірә «асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген ұранды нақ осы тұста мәтелге айналдырып жіберсе керек». (103).
1930 жылдардағы Қазақстанды коллективтендіру дәуірінде туған «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» мақалы сол кездегі солақай саясат пен ұрда жық белсенділердің асыра сілтеуінің нәтижесінде, керісінше орындалды: Бай-кулактармен бірге орта шаруалардың да, тіпті кедей-кепшіктердің де мал-мүлкі аяусыз тәркіленіп, ел жаппай аштыққа, қырғынға ұшырады. Сол алмағайып дәуірдің көңіл-күйі бейнелеп айтқанда, осы «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген сөзге түйінделіп, тарих қасіретіне айналғандай.
АСЫР САЛЫП ОЙНАУ
«Қазақтың дәстүрлі баспаналарының бірі — асыр. Оны алып, үлкен шатыр десе де болғандай. Асырды көбінде жаушылық, жорыққа шықанда, ұлы тойлар істегенде пайдаланады. Ертеде жаугершілік кезде көп әскермен жорыққа шыққан хандар асырда, ал әскерлер қарапайым кішкене шатырларда тұрған. Асырды тігу үшін жерге білектей ағаштарды қағып отырғызып, төртбұрыштап, кергіштеп, шатырлап, „сүйегін“ тұрғызып алып, сыртын әшекейленген киізбен немесе берік, асыл пұлдармен жабатын болған. Асырға әскер басылары жиналып, әңгіме, жиналыс жасауы үшін кең, қолайлы істелетін болған. Асырды ұлы, үлкен тойларда да тігеді. Асырды тойға тігетіндіктен қазақта „Асыр салып ойнау“ деген де сөз тіркесі кездеседі». (Б. Кәмәлашұлы, 40.15-б.).
Бүгінде бұл сөз тіркесін шат-шадыман, көңілді, думандатып ойнап жүрген балаларға қаратып айтады.
АТ — АСПАННАН (АЛЛАДАН),
САНА — СӘЛЕМНЕН,
ИМАН — ӘЛІПТЕН
«…Сондай-ақ, «Балам бақытты болсын десең, әуелі әдемі ат қой, сәби санасына «сәлем» дарыт, және тілін Алланың атымен шығар» (сәбиді құндағынан қозғағанда, бесіктің бетін ашқанда сәлем бер), дейді (Имам Термизи риуаты). Демек, қазақтың «Ат — аспаннан (Алладан), сана — сәлемнен, иман — әліптен» дейтіні осыдан…
«Ат — аспаннан» дегеннен еске түседі, ақын Сараның «Найманда қаракерей, сыбан, мұрын, Жеті ата Жолымбетке құйған нұрын», — деп Біржанның алдына салатын Жолымбет дейтін бабамыз болған. Жарықтық 135 жас жасапты. Кенжесі 117 жасында туыпты. Екі қарттың кенжесіне Жақсыбай дейтін абыз:
Қосмұрат болсын бала аты,
Қатайсын, өссін қанаты.
Ат — аспаннан дейтұғын
Бұрынғының санаты.
Алланың берген баласы,
Пенденің жоқ шарасы.
Жүз жаста көп жан алжиды —
Жүруге келмей шамасы.
Асқанда жүзден ұл берген
Құдіретке қарашы.
Сәбиге сәлем берейік,
Бір Алла болсын панасы.
Қосмұрат қалың ел болсын!
Налыма енді, нағашы!
— деп ат қойыпты. Ғұмырында 125 отаудың шаңырағын көтеріп, жарты мыңға жуық ұрпаққа батасын дарытқан дана баба Қосмұратын үйлендіріп, Қара шаңырақты тапсырып барып, көз жұмыпты. Қосмұрат қазір жеті Жолымбеттің ең үлкен руы». (У. Қыдырханұлы, 31. 15.10.2014.)
Жер астындағы, үстіндегі, көктегі, тіпті шексіз ғаламшардағы барлық зат, ұғым атаулының аты, есімі бар. Оған жер бетіндегі мақлұхат, набатат атаулы, өлі-тірі табиғи денелер мен ұғымдар, адам аттары да жатады. Дүниедегі барлық зат, ұғым атаулыға ат жабысқан. Атам қазақтың ат — аспаннан, Алладан дейтіні сондықтан болар.
Адам мен адам арасындағы сөз, әңгіме сабақтасудың бәрі сәлемнен бастау алады. Тіпті бесіктегі сәбидің де шымылдығын сәлеммен ашады. Жазу түспеген ақ қағаздай сәби санасы осы сәлем арқылы алғаш түйсік түсіп, бірте-бірте толысып, дамыса керек.
Ал иманның әліптен болатыны, иманның негізі — исламның бас кітабы — Құран Кәрімде, Құран кітабы араб әрпімен жазылған. Бұл әліппені бас әріп — әліптен бастап игереді. Иманның әліптен дейтіні содан болар. Тағы бір астарлы мағынасы, адам бойына иман мен адамгершілік қасиеттері кішкентай сәбилік кезден бастап бірте-бірте бойға сіңеді дегені болса керек.
Дегенімен, атам қазақтың осындай ұшан-теңіз фәлсафалық түсінікті алты-ақ ауыз сөзбен түйіндеп бере білгені қандай ғажап!
АТ АЙНАЛЫП, ҚАЗЫҒЫН ТАБАР
Кетсе, қайтып оралады, түптің-түбінде келетін жері ғой, деген мағынаны береді.
«Атты мінуден босатқанда оттамасын десе, тізгінін шоқтығына қаңтарып (байлап) жібереді, бос оттағанда ұзап кетпес үшін алдыңғы және артқы бір-бір аяғына өре салады; тіпті жақында оттасын десе, үш аяғына шідер, секіріп аттасын десе алдыңғы екі аяғына ғана тұсау салады; ашықпай айнала оттасын десе, қаққан қазыққа арқандайды. „Ат айналып қазығын табады“ деу содан шықса керек». (С. Мұқанов, 77.125-б.).
АТ БАСЫНА КҮН ТУСА,
АУЫЗДЫҚПЕН СУ ІШЕР,
ЕР БАСЫНА КҮН ТУСА,
ЕТІГІМЕН СУ КЕШЕР
Ер жігіт қиындыққа тап болса, төзеді, үйреніп, көндігеді немесе қандай ауыр іс, қауіп-қатер, қиыншылықтан да қорықпай, білек сыбана кіріседі деген мағынаны береді.
«Мінген атты еркіне көндіру, оның басын қалаған жаққа бұру үшін қолданылатын тұрман — жүген. Оның темірден жасалған шығыршық, ілгек, ауыздық тәрізді бөлшектері болады. Оларды тек жол жүргенде ғана пайдаланады. Онымен ат жем жеп, су іше алмайды. Сондықтан да „ат басына күн туса, ауыздықпен су ішер, ер басына күн туса, етігімен су кешер“ дейді қазақ мақалы. Расында да, жайшылықта ауыздық су ішуге бөгет жасайды… Ауыздықпен ат айдаушының қолын жалғастыратын бау — „тізгін“ аталады. „Жүгенсіздік“ деген сөз адамға қатысты айтылғанда, бетімен кетушілік, тәртіп бұзушылық, дөрекі мінезді мағынасында қолданылады». (С. Мұқанов, 77. 125-б.).
АТ БОЛАТЫН ТАЙ САЯҚҚА ҮЙІР,
АДАМ БОЛАТЫН БАЛА ҚОНАҚҚА ҮЙІР
Қонақжай, қонаққа үйір балаларды ерекшелегенде осы сөзге жүгіне-ді.
«Ат болатын тай саяққа үйір, адам болатын бала қонаққа үйір» дейді қазақ. Саяқ — өзге жылқыларға жоламай, бөлек жайылатын аттар». (С. Мұқанов, 77.76-б.)
АТ ЖАЛЫН ТАРТЫП МІНДІ
«Байталдың кекілінің түбін қынап, ұшын тегістейді. Құйрығын құндыздығынан (құйрықтың түбі, құйысқандықтан тұтамдай төмен) бір, орта тұсынан екінші рет бунап күзеп, ұшын қырқып қояды.
«Құнанның кекілін түбінен, құйрығын құндыздығынан сәл ғана қынайды да, басқа жағына тиіспейді. Ал екеуінің де жалын түбінен сыпыра күзеп, шоқтықтың алдыңғы жағынан (жалдың біткен жерінен) бір тұтам жал қалдырады. Атқа мінерде кісі, аяғын үзеңгіге салған соң, сол қолымен содан ұстап, оң қолымен ердің артқы қасынан ұстап көтеріледі. Сірә, қазақтың „Ат жалын тартып мінді“, — деген сөзі осыдан шыққан болар». (Н. Қазыбеков, 56. 71-б.).
Бұл сөздің мағынасы ер жетті, жігіт, азамат болды деген мәнде ұғынылады.
АТА ҚАРҒЫСЫНА ҰШЫРАҒАН ҰЛ ОҢБАЙДЫ
(Екінші нұсқасы) *
«…Бата-тілек құдайдың құлағына шалынбай қоймайды, ата-ананы ренжіткен ұл мен қыздың көсегесі көгермейді, жолы болмайды, жаманшылыққа ұшырайды» деп түсінген халықтың діни сенімі ауыз әдебиетінің асыл үлгілерінен де орын алған. Мысалы, «Қыз Жібек» жырының бір нұсқасында Төлеген батыр Қыз Жібектің ауылын іздеп бармақ болып, әкесі Базарбайдан рұқсат сұрағанда; «Өзімнің құда түсуге көңілге алған жерім бар. Еділ-Жайық бойында қыз құрып қалғандай, алыстан қыз іздеп, ант бұзып аттанамын дегенің қай көргенсіздік», — деп рұқсат бермейді. Жібекпен уәде байласқан Төлеген әкесі Базарбайдың наразылығына қарамай аттанбақ болады.
Ата салтын бұздың деп назаланған Базарбай баласы Төлегеннің жанына ешбір жолдас ертпей, алыс сапарға жалғыз жібереді. Төлеген аттанарда Базарбай теріс батасын береді. Теріс бата алып, «ата назасына» ұшыраған Төлеген сол сапардан оралмай, жолда қапылыста Бекежан қарақшының қолынан қаза табады. Жырды шығарушы ақын-жыраулар осы арқылы ата-ананы ренжітпеу керек, «Ата қарғысына ұшыраған ұл оңбайды» деген ой-пікірді уағыздап отыр». (С. Қалиев, М. Оразаев, М. Смайылова, 57.182-183-б.).
«Әке-шешені ренжіту дінде — күнә, қоғамда — қылмыс, өмірде — ұят. Ата-ананың өкпе, наласына ұшыраған адамдардың жолы болмайды. „Ата-анасы қарғағанды тәңірі қарғайды“ делінген Пайғамбар хадисінде». (С. Кенжеахметұлы, 43.196-б.).
Бұл — ата-анасына қарсы келгенді құдай да құптамайды деген мәндегі ауыр сөз.
*«Қанатты сөз — қазына», 1-кітабын қараңыз.
АТ ҚОЙЫП, АЙДАР ТАҒУ
«Жас баланың алғаш жүректілік көрсетіп, көзге түскен уақытта көрсеткен ерлігіне сай өзіне ат алатындығы туралы көне түркілік қызықты деректер де ғалымдарға мәлім. Осы дәстүрдің жаңғырығындай тілімізде «Ат қойып, айдар тағу» деген бейнелі сөз сақталған. Айдар — жылқының құйрық-жалына алтындаған зер қосып, жіңішке қып өрілген бау. Оны осы бір айтулы күні басқа жұрттан ата тегін айырып, айқындап көрсету үшін жігіттің кежегесіне тағады. Ал кежеге дегеніміз — түрік бабаларымыздың желкесіне түсірген жуан бір өрім шашы. Осыған орай тілімізде «кежегесі кері кету», «кежегесі кейін тарту» секілді сөз оралымдары сақталған. (Б. Әлімқұлов, 21.).
«Ат қойып, айдар тағу» дегенде, жоңғарлармен айқасқан әйгілі батырлардың бірі — Қаракерей Қабанбай батыр есімізге түседі. Оның шын есімі — Ерасыл, ал Қабанбай — кейін ер жете келе айдар болып тағылған аты. Бала кезінде бітімі кесек, тұлғалы Ерасылды жеңгелері «Нар бала» десе, жезделері қайрат-күшіне, батылдығына сүйсініп, «Қабан» атайды. Ер жете келе жойқын күшімен, алғырлығымен, қайтпас қайсарлығымен танылған батырды серіктері «Қабанбай» атап кетеді. Ел-жұртқа да сол «Қаракерей Қабанбай» деген атпен мәшһүр болады.
Ал «Кежегесі* кері кету», «кежегесі кейін тарту» деген сөз тіркестерінің ауыспалы мағынасы — бір іске зуақы соқпады, мойны жар бермеді, тартыншақтады, өзіне сенбеді деген мәнде ұғынылады.
*Кежеге — бас сүйектің желке тұсы.
АТ ҚҰЙРЫҒЫН КЕСТІ
Қайта айналып келместей болып ренжіп, өкпелеп кетті деген мағынаны береді.
«… „Қара қылды қақ жарған“ немесе „айттым — бітті, кестім — үзлді“ деген тіркестер осы билер шешімімен тікелей байланысты. Енді „ат кекілін кесті“, „ат құйрығын кесті“ деген сөздердің „байланысын үзді“, „ренжісіп кетті“ дегеннің ар жағындағы тасаланған мағынасын қарастырайық. Кейде, әсіресе, құн дауымен байланысты жағдайларда бидің шешімімен келіспейтін де жағдайлар болады. Оны құн даулаушылар әдетте былай білдіреді: мәселен, жақыны кісі қолынан қаза тапқан адам алқалы топқа сол өлген туысының атын жетелеп келеді де, көптің алдынды оның кекілін, құйрығын кесіп, тұлдайды. Сөйтіп, „біз бұл шешімге риза емеспіз, бәрібір кегімізді қайтарамыз, қарсы жақ, соған дайын болыңдар“ дегенді аңғартады…» (Н. Уәлиұлы, 9.).
АТАЛАСТЫҢ АТЫ ОЗҒАНША,
АУЫЛДАСТЫҢ ТАЙЫ ОЗСЫН
Бұл — көршілердің, ауылдастардың өзара ыстық сыйластығы, бауырластығы негізінде туған мақал.
«Кейде үлкен рулар мен аталастардың қоныстары бір болады. Ал, кіші рулардың, әсіресе, аталастардың қонысы міндетті түрде тұтас келеді.
Әр ауыл негізінде бір атаның баласы бола тұра, ішінде өзге, кейде алыстағы аталар мен рулардан келетін «кірме» дейтіндер де болады. Оларды «қоңсы» деп те атады… Аталық пен қоңсы арасы ұрыс-жанжалда көрінеді. Аталықтар — басым, қоңсылар — қорғаншақ. Дегенімен, аталықтар «Көрші ақысы, тәңір ақысы» десе де, «отты көсей берсең өшеді, көршіні қуалай берсең көшеді», «Аталастың аты озғанша, ауылдастың тайы озсын», деп қоңсыны сыйлайды». (С. Мұқанов, 77. 68-б.).
АТҚА ҚОНДЫ
«Атқа отырды — бұл сөз тіркесін де жиі қолданатын болдық. О заман да бұ заман, атқа отырмайды, мінеді. Тіпті „жаппай атқа қонды“, — дейді. Орындыққа, таққа, арбаға көбіне отырады дейді. Бұл орысшадан тікелей аударма болса керек. Орыс тілінде: „Он сел на коня“ немесе „Сесть на коня“ делінеді ғой. Орыс тілінде атқа міну деген сөз жоқ. Атқа отыру дейді. Басқа тілге иек сүйей бермей, өзіміздің құдай берген татымды да шұрайлы тілімізде сөйлеп, жазғанымыз жөн». (Е. Бейсенбек. 9. 18.11.1993.).
Осындайда «Ат — ердің қанаты» деген мәтел еске түседі. Яғни, халқымыз атты ұшқыр құсқа теңейді. Содан атқа мінуді де «атқа қонды» деп құсқа лайықты метафоралық термин сөзбен атаған.
АТ-ШАПАН АЙЫП ТАРТУ
«Шапанның қоғамдық қатынаста қолданудың да тағы бір жолы — жазалы адамның „ат-шапан айып тартуы“. Бұрынғы кезде түрлі қылмыс істеп, не қателік жасап кінәлі болған адам айыбының төлемі үшін малмен бірге міндетті түрде шапан төлеуге тиіс болды. Бұл мысалдан шапанның хұқықтық қатынасты белгілеуге де қолданылғанын көреміз». (Қ. Ахметжанов, 9. 4.08.94.)
Айыбын өтеді, ат шапан айыпқа ілікті деген мәнде.
АТТЫҒА ЕРЕМ ДЕП
ЖАЯУДЫҢ ТАҢЫ (АЙЫРЫЛАДЫ) ЖЫРТЫЛАДЫ
Мағынасы «Әлін білмеген — әлек» деген мәтелмен мәндес.
«…Аттыға ерем деп жаяудың таңы жыртылады» деген мақал күш келмейтін іске жармасатын адамдар жайында айтылады. Таң — сан мен сүбенің* түйіскен тұсы». (С. Мұқанов, 77.).
*Сүбе — қабырға етегіне біткен майлы қалың ет.
АТТЫҢ ЖАЛЫНДА,
АТАННЫҢ ҚОМЫНДА
Бұл сөз тіркесі бүгінде үй-күйсіз, жағдайсыз, төрт құбыласы тең емес жағдайда жасалған, дайындалған дүниені сипаттағанда, түсін-діргенде қолданылады.
«Аттың жалында, атанның қомында*» деген мәтелді де бұза-жара қолданып, «аттың жалында, түйенің қомында» деп жүрміз. Бұндай қом–майдың жиналуы көбіне атандарға ғана тән. Барлық түйе қом жинай бермейді. Атан түйе ат сияқты, өгіз сияқты күш көлігі. Бұл ыңғайсыздықты, асығыстықты білдіретін, қазақтың ертеде бір жерде тұрақтамай үдере көшуінен туындаған мәтел болуы мүмкін». (Ж. Омаров, 85.).
АТ ҰСТАР
«Бала туғанда баланың әкесінен, атасынан немесе нағашы жұртынан сүйінші сұрай алдынан шыққан адам ұл болса, „Ат ұстар“ деп, қыз болса „көйлек тігер“, „қырық жеті“ деп хабарлаған. Кейінгісі қызды қалың малға беруге, „жат жұрттың адамы“ деп қарауға байланысты туған ой-пікірлердің көрінісі», (С. Қалиев, М. Оразаев, М. Смайылова, 57.14-б.).
Ат ұстар — үйдің иесі, мұрагері дегенді аңғартады.
АТЫНЫҢ СЫРЫ ИЕСІНЕ МӘЛІМ
«Осы тұста қазақы жылқының ішінде әртүрлі жаратуды сүйетін жылқылардың болатынын ескере кеткен жөн. Бірі тоқжарау күйінде жақсы шапса, енді бірі әбден жеңілдеп жарағанда ғана жақсы шабады. «Атының сыры иесіне мәлім» дегендей, нағыз атсейіс қолындағы сәйгүліктің тілін білуге тиіс. Мұндайда, жаратар аттың қара еттілігін, май еттілігін жазбай танитын атбегінің қапысыз танымы қажет. Онсыз жоны тырсиып тұрған қара етті жылқыны жаратамын деп, жілік майын үзіп алу немесе олпы-солпы болып тұрған май етті жылқыны жүдеу екен», — деп кем жаратып алу оп-оңай». (А. Сейдімбек, 92.).
Мінез-қасиетіне, ерекшелігіне қанық деген мәнде ұғынылады.
*Қом– түйе өркешінің түп жағындағы тұтаса біткен жота майы.
АТЫМТАЙ ЖОМАРТ
(Екінші нұсқасы*)
«Қазақ арасында Атымтай (арабша Хатимтай) көбірек аталады. Себебі, ол байлықпен емес, мырзалықпен (жомарттықпен) атын шығарады. Біреу Атымтайға: „Мен де сендей жомарт болам“ дейді. Бірақ алғаш берген адамы сол күні екінші рет келгенде: „Мана алып едің ғой“ депті. Бақса, сұраншы болып жүрген Қыдыр (ырыстың атасы) екен. Сонда Қыдыр: „Сен қалай Атымтай бола аласың? Ол күніне неше барсаң да бетіңді қақпайды, ал, сен, екі келгенде сараңдық жасадың!“ — депті-міс». (С. Мұқанов, 77.150-б.).
Кеңпейіл, қолы ашық, жомарт кісілерді дәріптегенде, осы Атымтай жомартқа теңейді.
АТЫ ЫРАҢДАП,
АДАМЫ ТЫРАҢДАП
«Аты ыраңдап, адамы тыраңдап» деген мақалға түсінігі (С. Мұқанов «Өмір мектебі» — К.О.) мынадай: «Ыраң» деген сөзді біздің ел мақалға қосқанымен, не екенін білмейді. Ол шөптің бір түрі екенін мен бертінде, Жетісу елінен ғана естідім». (Қ. Әлім, 31. 03. 02. 2011).
Аты — оттап, жайылып, өзі ұйқы соғып әлек деген әзіл-қағытпа. Астарлы мағынасы: Адамдар әрі-сәрі күйде болып, шаруалары жүрмей, бетімен кеткен ұжым, шаруашылықтарды сынағанда айтылады.
АУЗЫН АРАНДАЙ АШЫП
Ашқарақтық, тойымсыздық, қомағайлық танытқан адамды осылайша бейнелейді.
«Ерте заманда аран, керен деген мүйіз сыртты мақұлық болыпты деседі көнекөз қариялар. Ол екеуі де жеміне шапқанда аузын ашып алып жүгірсе керек-ті. Шамасы, қомағай, ашқарақтығы шығар. „Аузын арандай ашып“ деген тіркес содан қалған деседі». (Б. Қыдырбекұлы, 69.).
Ел арасында айтылатын «Аузын керіскедей ашып» деген сөз тіркесі де жоғарыдағыдай ұғымда қолданылады. Соған қарағанда, керіске де сондай алып аңның (сусиыр, мүйізтұмсық сияқты) бірінен болса керек.
* «Қанатты сөз — қазына», 1-кітабын қараңыз.
АУЗЫНДА ӘЗІЛІ ЖОҚТЫҢ
ҚОЛЫНДА ШОҚПАРЫ БАР
«Қалжыңды кек алуға, кекетіп келемеждеуге, кемсітіп сағын сындыруға қолданса, қадірі кетеді. Ол қалжың емес, төбелестің басы болады. Құрығанда көңілде дық қалады. Сондықтан әзілді орнымен келістіріп айта да білу керек, жүйесімен түсініп, қарымды жауап қайтара да білу керек. Әзіл-қалжыңның қасиеті — тапқырлық пен шапшаңдықта. Әдемі әзіл ақылдан шығады. „Аузында әзілі жоқтың қолында шоқпары бар“ дейді. Әзіл-қалжыңды түсінбейтіндердің көбі ақ-қараны ажырата алмайтын топастау келеді. Қалжыңға бола ерін бауырына алып, тік шапшитындарға сөзді қор етпеген абзал. Ал бірін мыңға балап жүретін көңілі көл, жаны жайсаң адамдар болады. Олар айналасына күлкі сыйлап, өзгені жадыратып, өзі жарқырап жүреді». (Б. Момышұлы, 15. 29-б.)
Әзіл-қалжың сөзге әзілмен, тапқырлықпен жауап берудің орнына, қалжың айтқан кісіге ренжіп, өкпелеп, кейде жұдырығын ала жүгіретін, әзілді түсінбейтін топастау кісілер болады. Жоғарыдағы мақал сондай кісілерді әшкерелегенде қолданылады.
АУРУДЫҢ ЕМІ — САУДЫҢ СӘЛЕМІ
«– Пенде шіркін асығын күнде алшы түсірсе де, басы ауырып, балтыры сыздамай тұрмайды. Ауырмайтын адам жоқ. „Аурудың емі — саудың сәлемі“ дейді. Ең бір сауабы үлкен сәлем — сырқат адамның қолын алып сәлемдесіп, көңілін сұрау. Жаны мен тәні бірдей қиналып, „әлдеқалай болам“ деп көңілі күпті, жүрегі қаяу тартып жатқан кісіге жылы-жылы сөз айтып, рухын көтеру ауру адамның көңіліне — медет, бойына қуат береді. „Жақсы сөз — жарым ырыс“ деп тегін айтлымаған. Сол ауру адам, Алла емін салып жазылып кетсе, сенен жәрдем көргендей кездескен жерде ықыласы ерекше болады да жүреді. Неге десең, жайшылықтағы сәлемнен науқас кездегі сәлемнің орны ерекше, жөні бөлек сезіледі. Жаман айтпай жақсы жоқ, бұл дүниедегі татар дәмі таусылып, қазаны төңкерілсе, тірі кезінде сәлем беріп, көңілін сұрап тұрғаның үшін, тірлігінің соңғы күндерінде тілдесіп қалғаның үшін өзіңе риза боласың. „Әттеген-ай, сонда неге бармадым“ деген өкініштің уыты жүрегіңді езбейді». (Б. Момышұлынан. 15.70-71-б.)
Аурудың көңілін сұрап, арнайы барып сәлем беру арқылы оның көңілін көтеріп, жайландырасың. Рухына дем беріп, сауығуына сенім ұялатасың деген мәнде ұғынылады.
АУЫЗДЫҒЫМЕН АЛЫСТЫ
«Ауыздығымен алысты» деп асау, бас білдірмеген, бойға үйрет-ілмеген аттарға айтылады. «Ауыздығын қарш-қарш шайнап, ауыздығымен алысып тұр» дейміз кейде». (Ж. Бабалықұлы, 24. 273-274-б.).
Аласұрып, жанын жеді, жұлқынды деген мағынада.
АУЫЗДЫҚТАУ
«Ауыздық — жүгеннің ат аузы ішінде тұратын бөлігі. Ауыздық екі бөлшек саусақтай жұмыр темірден жасалып, бір-біріне шығыршықты, үзбелі, қозғалмалы етіп түйістіріледі. Екеуі біріккенде бір сүйемдей болады. Ауыздықтың екі басы екі сулыққа бекітілген. Мұның бәрі де қозғалмалы бөлшектер. Ер-тоқым, айыл-тұрман жабдықтары ішінде ең керекті бөлігі жүген болса, ал жүгеннің барлық абырой, атағы ауыздыққа байланысты. Асау, тарпаңды ырқына көндіру ауыздықтау арқылы көндіру, тәртіпке шақыру мақсатымен адамға қатысты да айтылады». (Ж. Бабалықұлы, 24.275-б.).
АУРУҒА ЕМ, САУҒА ҚУАТ, ДӘРІ — ҚЫМЫЗ
«Жамбыл атамыз: „ауруға ем, сауға қуат, дәрі — қымыз“ — дегендей, сары қымыз дертке шипа, денеге күш. Қымыз ерекше дәмді, құнарлы, адамның жан сарайын ашып, зауқын келтіретін хош иісті және өте сіңімді сусын. Оның бұлай болу себебі, жылқы жануардың өзіне ғана тән асыл қасиетінен болса керек». (С. Қалиев, М. Оразаев, М. Смайылова, 57.71-б.).
Қымыздың ерекше қасиеттерін сипаттап, түйіндеп берген осы сөз тіркесінде қандай үлкен мән жатқанын әлі түсінбей келеміз.
АУЫЛДЫҢ АЛТЫ АУЗЫ
«Сойылған малды асаба алдымен қонақтар отырған үйдің босағасына әкеліп бата тілейді. Қонақтар бата жасаған соң мал сойылып, ет асылады. Ет піскенше меймандарға кең дастарқан жайылып, дастарқанға құрт, ірімшік, бауырсақ, жент, сары май қойылып, қаймақтаған шай құйылады. Шайдан соң жаздыгүні болса қымыз, қыстыгүні болса езген құрт беріледі. Осы мезгілде әдетте үй иесі жағынан домбыра шертіліп, күй тартылып, ән айтылады. Бұл „ауылдың алты ауыз“ деп аталады. Одан соң кезек меймандарға келеді. Меймандардың ән шырқап, қисса-дастан, яки ертегі айтуы керек. Егер айта алмаса, түрлі әзіл-қалжыңдар істеледі». (М. Қани, 55..385-б.)
Ән-күй тарту, өнер көрсету кезегі меймандарға берілгенде, оны «қонақкәде» деп атайды.
АУЫЛ ИТІНІҢ ҚҰЙРЫҒЫ ҚАЙҚЫ
«Қазақ ұғымында: „Ит жеті ырыстың біреуі“, „Итті тепкен — ырысты тебеді“, „Иесін сыйлағанның итіне сүйек сал“, яғни тамақтандыр, т.б. айтылады. Итті бұлай қадірлеу мал шаруашылығымен шұғылданған көшпелі елде қажет-ақ. Өйткені, ит — адамның үйде де, түзде де сенімді серігі. Сондықтан „итті иесімен қинасын“ деген. Ал „Ауыл итінің құйрығы қайқы“ деген мақал әр ит өз ауылында күшті деген және басқа да астарлы ұғымды білдірген». (С. Мұқанов, 77.).
Бүгінде бұл мәтел көбіне кейбір адамдардың ерекше мінез-қасиеттерін сипаттағанда айтылады.
АЯЗ ӘЛІҢДІ БІЛ,
ҚҰМЫРСҚА ЖОЛЫҢДЫ БІЛ
(Екінші нұсқасы) *
«Аяз би өзінің зеректігі, тапқырлығы, ақылдылығы арқасында уәзір болады. Халық аузында Майқы бидің қасынан орын алған екі бидің біреуі (екіншісі — Құмырсқа) деген аңыз бар. Оның даналығын, достыққа адалдығын сертке, беріктігін, әділдігін хан да, қара да мойындаған. Хан болған Аяз би өзінің қой баққандағы жыртық шапанын хан сарайы босағасына іліп, соған көзі түскен сайын тәубесіне келген дейді. Содан халық аузында: „Аяз әліңді біл, құмырсқа жолыңды біл“ деген дана сөз қалған». (54.).
Әркім ең алдымен өзін-өзі кеше кім еді, бүгін кім болып отырғанын, билік-мансапқа қолы қалай жеткенін, яғни өз өмір-болмысына сын көзбен қарап, өткенін естен шығармауын ескертіп тұр.
* «Қанатты сөз — қазына», 1 — кітабын қараңыз.
Ә
ӘДЕТ ӘДЕТ ЕМЕС, ЖӨН — ӘДЕТ
«Көнеден келе жатқан жөн-жоба, әдет (заң) бойынша Керей ханнан кейін хандық биліктің тізгіні аға баласы ретінде Мұрындыққа тиесілі болған. Солай деп Мырза Мұхаммед Хайдар да жазады. (Мұхаммед Хайдар Дулати „Тарих-и Рашиди“ — Алматы, 2003, 306 бет). Алайда Қазақ хандығының шаңырағын көтерісіп, туын қадасқан тұтқа ретінде жол Жәнібекке берілген. Мұрындық даланың жазылмаған заңы — жөн-жобаға тоқтаған. „Әдет, әдет емес, жөн — әдет“ дейтін мақал сөз осындай қисында айтылған. Қазақтың қария сөздері, шежіре деректері осылай дейді». (А. Сейдімбек, 93. 326-б.).
Бүгінде ежелден қалыптасқан әдет, дәстүрді кейбір адамдар жағдайына қарай өзінше құбылтып, бұзып-бұрмалап, кейде барлығын, байлығын танытып әспеттеп жіберетіні жасырын емес. Сондай жағдайларда жөн білетін адам оларды осы мәтел арқылы жол-жобаға салады.
ӘЗ БОЛМАЙ, МӘЗ БОЛМАЙДЫ
«Халқымыздың таным-наным болжамы бойынша күн мен түн тепе-теңдікке жеткен кезде әуеде ғажайып бір діріл мен гуіл естіледі, сол үнді „әз“ дейді. Әз өткенде бүкіл жан-жануар, күллі өсімдік дүниесінде, жалпы тіршілік әлемінің бойына қан жүгіріп, қайта түлеп жаңарады, ескінің ауырлығы кетеді. Әздің жүргені әдетте байқала бермейді, оның өткенін қой алдымен сезеді екен. Қой аспанға қарап жамырай маңырап, тұрып қалатын көрінеді. Соны көрген малшы „жаз хабары келді“ деп қуаныпты. „Әз болмай, мәз болмайды“ немесе „Әз болмай жаз болмайды“ дейтін нақыл сөз содан шығыпты». (З. Ахметова, 16. 326-б.)
«Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде» (1-том, 583—584б. «Ғылым» баспасы, 1974ж.) «әз» деген сөздің екі түрлі мағынасын беріпті. Бірінші мағынасы — соқыр, көр, екінші мағынасы — ғазиз, ардақты, жақсы. Ал, жоғарыдағы мәтелдегі «әз» сөзінде осы екі түрлі мағынаның арасындағы бір құпия белгі бар сияқты көрінеді. Ол қандай белгі, қасиет-қуатына тереңдей бойлау, түсіну қиын.
Әздің 22-наурызға дейін өтетіні күн мен түннің теңелген сәтін байқатса керек. Содан кейін күн бірте-бірте ұзарып, ауа райы жылына бастайды. Ендеше, мәтелдің мағынасы күн мен түн теңелмей, ауа райы жылынбайды, мәз болмайды дегенді аңғартса керек.
ӘЗ ТӘУКЕНІҢ «ЖЕТІ ЖАРҒЫСЫ»
«…Аталған екі заң („Қасым ханның қасқа жолы“, „Есім ханның ескі жолы“) ұлы хан әз Тәуке тұсында (XVIIғ. аяғы мен XVIIIғ. басы) одан әрі жетілдіріледі, жаңа құқық тараулары енгізіледі. Ол бүкіл қазақ жұртына белгілі әділетті заң ретінде „Жеті жарғы“ деген атпен танылды. Әз Тәуке Хан кеңесі мен Билер кеңесін құрды. Жыл сайын Құрылтай өткізіледі. Осындай мемлекеттік, құқықтық, азаматтық ережелер негізін жасауға атақты үйсін Төле би, арғын Қаздауысты Қазыбек би, алшын Әйтеке би, Әнет бабалар қатынасты. Бұрынғы бес тараудан тұратын Ережеге жесір дауы мен құн дауы қосылады. Аталған заң қағазға түскен, түспегені әлі белгісіз. Бірақ мұны елдің батыр, билері, ақсақалдары, шешендері құрандай жаттап, кейінгі ұрпаққа жткізді». (С. Кенжеахметұлы, 43.8-10-б.).
«Қасқа жол» мен «Ескі жол» заңдары 17-ғасырдың аяқ кезі мен 18-ғасырдың басында қайта толықтырылып, елеулі өзгерістер енгізіліп, дамытылды. Тәуке хан (1680—1718) тұсында «Күлтөбенің басында күнде кеңес» өткізіліп, «Қасқа жолдың» бұрынғы бес тарауына тағы да екі тарау қосылып, «жеті жарғы» («жеті заң») деп аталды. Бұл жаңадан қосылған екі тарау: жер дауы туралы заң мен құн дауы туралы заң еді. Тәуке хан тұсында Қазақ хандығының шығыс жағындағы жайылымдарды ойрат-жоңғар фоедалдарының басып алуына байланысты жердің таралуы, мал жайылымдарына таласқан жанжалдардан адам өлімінің жиі болуы себепті жер дауын мүлік заңынан бөліп алып, жеке-жеке тарау енгізуге тура келді.
«Орыс департаментінде» бұл заңдар «Тәуке ханның заңдары» деп аталды». (М. Қани, 55.319-б.).
Ел арасында бұл «жарғы» «Тәуке ханның жеті жарғысы» деген атпен танымал.
Бұл бүгінгі біздің Ата заңымыз сияқты хандық дәуірдегі мемлекет құрушы басты заң қағидаларының бірінен саналған.
ӘКЕ КӨРГЕН ОҚ ЖОНАДЫ,
ШЕШЕ КӨРГЕН ТОН ПІШЕДІ
«Қазақта: «Әке көрген оқ жонады, шеше көрген тон пішеді» деген өте орынды сөз бар. Бұл сөз мынадан шыққан: қазақ тарихы жаугершілікке толы. Сондықтан қазақ ұл дүниеге келген күні «бір сарбаз қосылды, жасақ молайды, жауды жайратады бұл» деп қуанған. Сондықтан да ұлдан күтетін алғашқы үміті — ел мен жерді жаудан қорғайтын бір батыр қазақтың маңдайына бітсе екен деу. Өйткені, оның әкесі, әкесінің әкесі арғы бабасы да оқ жонып, сайысып өткен. Ең негізгі мақсат отаншылдық рухқа тәрбиелеу болғандықтан, оқ пен сойылға, садақ пен бос мойын шоқпарға балаларын баулыған.
Енді «тон пішеді» -ге келсек — ертедегі қазақта мата тоқитын, киім тігетін өндіріс орны дегендер болмаған. Өрмек құрып, шекпенді тоқыған да, теріні илеп, тон мен ішікті тіккен де, киізді басып, баспананы жасаған да, жабағыны жіпселеп, көктеп, күпіні тіккен де –әйел. Былайша айтқанда, бұрынғы қазақтың үсті-басын бүтіндеген, сәндеген де –сол. «Ана көрген тон пішедіні» қазақ осыған бола айтқан». (А. Жүнісұлы. 9.).
Ер бала — әкесіне, қыз бала — шешесіне ұқсап, тартады, солардан көріп-тоқығанын істейді, меңгереді деген ұғымды береді.
ӘКЕСІ ҚҰРДАСТЫҢ БАЛАСЫ ҚҰРДАС
«Жездесі мен балдызының, жеңгесі мен қайнысының, бажалардың, құрдастардың арасындағы қалжың ерсі емес. Кейбір жігіттер әкесінің құрдастарымен де реті келген жерде үлкен адамның жасын сыйлауды ұмытпай зілсіз, жеңіл қалжыңдасып жүреді», «Әкесі құрдастың баласы құрдас» дегеніміз — осы». (М. Ниязбеков, 105.31).
«Құрдастардың әйелдері де құрдас болып есептеледі. „Әкесі құрдастың баласы құрдас“ деп, олардың балалары да әзілге араласып отырады. Құрдастық қалжыңдар басқа түркі халықтарының арасында кездесе бермейді». (С. Кенжеахметұлы, 43.217-218-б.).
Әзіл-қалжыңға жуық жүретін халқымыз соған ілік іздегенде, осы мақалға жүгінеді. «Әзілің жарасса, атаңмен ойна» мақалы да содан туған.
ӘКЕСІНЕ БАЛАСЫ КЕРУІШ ҮЙРЕТІПТІ
Бұл — әкесіне баласы ақыл үйретіпті дегенге саяды.
«Керуіш — музыка аспабы (оның пошымы садаққа ұқсайды, астында жастық ағашы, екі басын шалқасынан кере тартып тұратын бұрау ағашы бар. Оның шегі кәдімгі шуда жіп болған. Керуішті „адырна“ деп те атаған. „Әкесіне баласы керуіш үйретіпті“ деген мақал содан қалған. Керуішпен шабуылға шақыратын, жауға шапқанда да соны азынатып, айқай-қиқуға басатын». (Б. Қыдырбекұлы, 69.).
ӘЛЕМНІҢ ЖЕТІ КЕРЕМЕТІ
«Қазақ халқы ғана емес, әлем халықтары да жеті санын қастерлеген. Біздің жыл санауымыздан үш ғасыр бұрын ұлы қолбасшы патша Александр Македонский (Ескендір Зұлқарнайын) Кіші және Орта Азияны, Египетті, Оңтүстік Индияны, т.б. елдерді жаулап алып, сол өңірлерде өзі көріп тамашалаған ерекше сәулет өнер үлгілеріне аса жоғары баға берген. Кейінгі заманда олар „Әлемнің жеті кереметі“ атанған». (Ж. Кейкін, 42.).
Сол уақыттары «Әлемнің жеті кереметі» дегенде, мынандай сәулет өнер үлгілері ауызға ілігетін:1.Мысыр пирамидасы. 2.Вавилон-ның аспалы бағы.3. Ертедегі Артемида храмы.4.Олимпиадағы Зевстің мүсіні.5.Галикарнастағы Мавсол патшаның табытханасы.6.Жерорта теңізі аралындағы Гелиостың (Күн Құдайы) қоладан жасалған мүсіні. 7. Александрия манары.
Бүгінде бір таңғажайып құрылысқа баға бергенде, «Әлемнің жеті кереметінің бірі» деп таңдай қағатынымыз содан қалған.
ӘЛЕМНІҢ СЕГІЗІНШІ КЕРЕМЕТІ
«Әлемнің жеті кереметі» деген ұғымды біздің дәуірімізге дейінгі III ғасырда Жерорта теңізі жағалауындағы халықтар қалыптастырған екен (Қара — «Әлемнің жеті кереметі»). Қасиетті де тылсым жеті санымен байланыстырылып, ежелгі дүниенің ауқымымен өлшен-генімен, бұл ұғым күні бүгінге дейін өзгеріссіз жетіп отыр.
Әйткенімен, жеті кереметтің қатарына әлемнің басқа бөлігіндегі, яғни, Азия, Еуропа, Америка, Африка құрлықтарындағы көптеген ғажайып, ауқымды құрылыстар кірмей қалған. Америкадағы инктердің пирамидаларын, Ұлы Қытай қорғанын, Үндістандағы Тәж — Махалды, Александрия кітапханасын, Ұлықбек овсерваториясын, Пальмира, Петербург, Венеция ескерткіштерін және тағы басқаларды да кереметтердің қатарына жатқызуға болар еді. Ал өзіміздегі аңызға айналған Отырар кітапханасы, Қожа Ахмет Иассауи мавзолейі де сондай ғажайыптардың қатарында емес пе.
Сол себептен де әрбір елдің жергілікті тұрғындары өздеріндегі таңғажайып ескерткіштерді үлгі ретінде бағалағысы келгенде, оларды жоғарыдағы жеті кереметтің қатарына қойып дәріптейтін болған. Содан барып «Әлемнің сегізінші кереметі» деген тұрақты тіркес өмірге келген екен.
ӘЛ — МИСАҚТАН БЕРІ МҰСЫЛМАНМЫН
Бұл сөз тіркесі «Әлімсақтан бері…» деп те айтылады. Дүние жаратылғаннан, баяғыдан бері немесе дүние есігін ашқаннан, туғаннан бері… дегенді білдіреді.
«Бұл оқиға адамдар әлі фәниге келмей тұрғанда Алла күллі адам рухтарын жинап алып, «Мен, сендердің Раббыларың емеспін бе? — деген сәтте олар: «Иә, әлбетте» деген. (Сонда Алла) қиямет күні: «Бұдан хабарымыз жоқ демеңдер», — дейді (Ағраф, 9/172). Яғни, сол кезде барлық рухтар перде болар тәндері болмағандықтан, Алланы айдан анық көріп мойынсұнған. Қазақта «Әл-мисақтан бері мұсылман-мын» деген сөз осыдан қалған». (99.).
ӘЛІПТІҢ АРТЫН БАҚ
Бір іс-шараның нәтижесін күт, асықпа, сабырлы бол дегенді ұғындырады.
«Араб алфавитінде «а» орнына қолданатын бас әріп «алиф» аталады. Біз оны қазақшалап «әліп» дейміз. Қыпшақтардың «әліп» аталатын рулық таңбасы осы араб әлібі десек (солай деушілер бар да), онда Қыпшақ руы Орта Азияға арабтардың, олармен бірге ислам дінінің келуінен әлдеқайда бұрын құралған ел болып шығады. Олай болса, қыпшақ «әлібін» арабтан алынды деудің қисыны жоқ. Ендеше, Қыпшақтікі қай «әліп»?
Көне түркілерде «әліп», «дақ», «жеке» мағынасында да айтылған. Мысалы, бал ашатын құмалақтың саны 41 болады. Сонда, қырқын жұпқа, біреуін даққа санайды. Балды (болжауды) «жұп» емес, «дақ» шешеді. Құмалақшы 41құмалақты үшке бөледі де, төрт-төрттен бөлшектеп, соңғы бөлшектен «маңдай» аталатын үстіңгі қатарын, ортасынан «белдеу» аталатын орта қатарын, төменнен «аяқ» аталатын соңғы қатарын шығарады. Солай бөлшектегенде «әліп» қай қатарда тұрса, құмалақшы балды соған қарап айтады. Қазақтың «әр істің ақырын күт» деудің орнына «әліптің артын бақ» деуі осыдан. Қыпшақтардың әлібі осы болуы мүмкін». (С. Мұқанов, 77.).
ӘЛІПТІ ТАЯҚ ДЕП БІЛМЕЙДІ
«…Ол кездегі қазақ алфавиті арабша еді ғой, оның алғашқы «а» әрпін «әліп (алиф) деп атайтынбыз, «әліп» — жоғарыдан төмен қарай тік тартқан сызық та (қазақтың оқымаған адамды «Әліпті таяқ деп білмейді» деуі содан…» (С. Мұқанов, 78. 99-б.).
Сауатсыз деген мағынаны береді.
ӘР БАЛАНЫҢ ҚОЛЫНДА БІР ШАҚЫЛДАҚ
«Шақылдақ — екі асық жіліктен жасалған ойыншық. «Әр баланың қолында бір шақылдақ». (Б. Қыдырбекұлы, 69. 95-б.).
Бұл мәтел балалар ойыншыққа қарық болыпты ғой деген ойды аңғартады.
ӘРБІР БАЛА АНАСЫНЫҢ БІР ТІСІН АЛАДЫ
«Толғақ қысқанда, әйелдің бір мүшесін ерекше ауырта келеді. Мәселен, оның тісі ауруы мүмкін. Тіліміздегі «Әрбір бала анасының бір тісін алады» деген мақал осыдан туған. Бұл — «тіс толғақ» деп аталады. Осылайша анасының тізесі ауырып белгі берсе, «тізе толғақ, желкесі ауырса, «желке толғақ, т.с.с. ұшырасады». (Б. Әлімқұлов, 21.).
Әрбір бала анасына бейнет те әкеледі деген мағынада ұғынылады.
ӘР ХАННЫҢ ТҰСЫНДА БІР СҰРҚЫЛТАЙ
«Жетісуда Шыңғыс әулетінен төрелік еткен Тезек төре ақындыққа, өнерге бой ұрған адамның бірі болған. Оның Сүйінбаймен айтысында:
Тұсында Абылайдың Бұқар жырау,
Хан Әбілдің кезінде Түбек тұр-ау.
«Әр заманның бар дейді сұрқылтайы»,
Сұрқылтайым менің де екен мынау, —
дейді.
Қазақта «Әр ханның тұсында бір сұрқылтай» деген мәтел бар. Халқымыздың қолданған «сұрқылтай» сөзінің мағынасы «ханның кеңесшісі, ақылшысы, сөзін сөйлейтін ділмар, ақыны» дегенді білдіреді. Бұқар жырау — Абылай ханның ақылшы-кеңесшісі, сұрқылтайы болса, Тезек төренің айтуына қарағанда, Әділ ханның сұрқылтайы Түбек жырау болған. Мән-мағынасы мүлдем күңгірт тартып кеткендіктен, казіргі жазушылардың бірқатары мұны жағымсыз адамды сипаттайтын сөз ретінде қолданғандары байқалады. Тіпті бұл сөзді сын есім (оны да жағымсыз сипатты білдіретін) ретінде қолданушылық та бар». (Р. Жарылқасынов, 51.).
Бүгінде бұл сөз тіркесі әрбір елбасшы, әкім, бастықтың тұсында бірен-саран халыққа жағымсыз, нашар, атақ-дәрежесіне лайықсыз әкімсымақтар болатынын меңзеп, кері мағынасында айтылып жүр.
ӘСЕМПАЗ БОЛМА ӘР НЕГЕ,
ӨНЕРПАЗ БОЛСАҢ АРҚАЛАН.
СЕН ДЕ БІР КІРПІШ ДҮНИЕГЕ,
КЕТІГІН ТАП ТА, БАР ҚАЛАН!
«Дүние бір алып құрылыс, оған әрбір адам өз үлесін қосу керек деп тұжырымдайды: „Әсемпаз болма әр неге, өнерпаз болсаң арқалан, Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан!“ дейді. Абай ақыл-парасатты дәріптеп, ғылым мен ағарту иделарын насихаттайды. Абайдың философилық ой-пікірінің әлеуметтік маңызы мен алға басарлық мәні, міне, осында». (М. Қани, 55.348-349-б.)
Ал, біздің жұрт бүгінде әр кімге бір еліктеп, әсемпаз болуға тырысатын сияқты. Бұл түрімізбен қайда барып, не оңдырмақпыз?
Б
БАЙАНА, ҰМАЙ АНА, МАЙ АНА
«Бұл тақырыпқа кейіннен келген Л. П. Потапов арғуларды арғын руымен жақындастырады: «Прежде всего о племени аргу, в среде которого (ХІв.) бытовало слово baуat в значении «бог». Этнографиялық деректер түркі-моңғол халықтарының Байана, Ұмай ана, Май ана деп атап жүргендерінің бір ғана ана құдайы екенін анықтайды.
Қазақтың ішінде сақталған «ой-бай» сөзінің семантикалық мағынасы тек Байана ұғымы арқылы ғана түсінікті болады. «Ойбай» сөзі Байананы көмекке шақыру, жалбарыну, толық нұсқасы «Ой-бай-ана». Байана атының ұмтылуына ислам дінінің тікелей ықпалы бар екенін көреміз. Шындығында да Сібір түркілерінің әлі күнге есінде жүрген «Байана» қазақтың ішінде тек «Баян сұлу» немесе одағай «ойбай» түрінде сақталуы ислам дінінің тікелей ықпалының нәтижесі…
Байат — құдай деген мағынада арғу тілінде қолданылады екен, кейін бұл сөздер Қарахан қағанатының әдеби тілдеріне енген… Байат, байата — еркек құдай, ал байана әйел құдай ретінде қолданылған болар.
Көне заманда «байана» ұғымының географиялық және этникалық шекарасы Еуразия құрылығын түгел қамтып жатты. Бұл ұғым тек түркі-моңғол ғана емес, үнді-еуропа, фино-угор, семито-хамит, т. б. тіл семьияларында кеңінен тараған. Орыстар өздерінің жырауларын «байан» деп атады емес пе? Бірақ сөздің толық мәнін тек Орталық Азия халықтары сақтап қалды». Е. Омаров, 180—181б.
Көне түркі мифологиясы бойынша, Ұмай ана — Ұлы Даланы мекендеген түркі тілдес халықтардың ұрпақ жалғастырушысы, береке-молшылық тәңірісі болған. Ертеде және бүгінгі заманда да халқымыз келін түсіргенде, әйелдер босанғанда, бөбектер мен аналардың жебеуші пірі ретінде сыйынады: «Май әулие! Майсыз барсаң есіркер қай әулие», «Менің қолым емес, Бибатпаның қолы» деген тіркестер соның айғағы.
БАЙ БОЛ, МОЛДА БОЛ!
«Бала кезде үлкендердің қолына су құйғанда, олардың көбісі: «Бай бол, молда бол, балам!» — деп бата беруші еді. Кеңес дәуірінде білім алып, «Бай мен молданы қойдай қу қамшымен» деген сөздерді жаттап өскеннен бе, «Үп-үлкен кісілердің мұнысы несі?» — деп аң-таң қалушы едім. Өсе келе түйсінгенім: бай бол дегені — миыңда да, үйіңде де бар болсын, төрт құбылаң сай болсын дегені екен. Молда бол дегені — білімді бол, ақылды бол дегені екен. Байды сараң, молданы арам деп насихаттаған кеңес идеологисы қанша мықты болса да, қазақтар өз балаларына Баймолда, Бақтыбай, Молдабай секілді есімдерді тегін қоймаған шығар-ау.
Әрине, байлық — мұрат емес, кедейлік — ұят емес. Жан байлығына не жетсін». (А. Қожаұлы. 9. 02.02.95).
Иә, автор дұрыс қорытынды жасайды, жан байлығына не жетсін.
БАЙҚОҢЫР — ҒАРЫШ АЙЛАҒЫ
«Байқоңыр — үстіміздегі ғасырдың (ХХ-ғасыр — К.О.) көп атауларының бірі — ғарыш ғасыры деп аталса, сол ғасырдың рәмізі — осы Байқоңыр. Бұл рәмізде екіұдайлық айқын көрінеді. Өткен мен келешек, ескі мен жаңа мәдениет, ғылым мен ата дәстүр осы мекенде ұштасады, олардың арасындағы қайшылықтар да осы жерде көрінеді. Қырғыз жазушысы Ш. Айтматовтың „Боранды бекет“ повесінде осы екіұдай сезім барынша дәл бейнеленген». (С. Қондыбаев, 9. 6.10.94.)
«Байқоңыр — ғарыш айлағы» дегенде біздің көз алдымызға шексіз ғарыш пен жердің арасындағы жолдардың түйіскен тұсы, бекеті елестейді. Өркениет өзегі, қақпасы орталығы біздің қасиетті жерімізде екен ғой. Тек соны ел игілігіне пайдалана алсақ игі.
БАЛА ЖЕТІГЕ КЕЛГЕНШЕ
ЖЕРДЕН ТАЯҚ ЖЕЙДІ
«– Бала деген жығылады, сүрінеді, жердің қаттылығын біледі, қауіп-қатер бар екенін ұғады. Ыстық пен суықты сезінеді, ащы мен тәттіні ажыратады, сөйтіп жүріп айналасын таниды. „Бала жетіге келгенше жерден таяқ жейді“ деп қазақ соны айтады». (Б. Момышұлы. 15.308-б.)
Бала сүрініп жығылғында, құлап, жылағанда, оның ата-ана, жақын туыстарын осы мәтелмен жұбатады.
БАЛА КІНДІК ШЕШЕГЕ ТАРТАДЫ
«Қазақта ерекше бір қадірлі, өзгеден орны бөлек жанның бірі — кіндік шеше. Сондықтан да „Бала кіндік шешеге тартады“ деп, сәбидің кіндігін кімнің кесуі керек екеніне талғаммен қараған. Бойында жұғымсыз қылығы бар, немесе ауру-сырқаулы, дімкәс адамдарға кіндік кестірмеген. Кіндік шеше болу үшін келіншектің енесімен бірдей жауапкершілік міндеттерді мойнына алатын, жүріс-тұрысы әдепті, қолы ісмер, өнерлі, мінез-құлқы жағымды болуы керек делінеді. Бұл тіпті қазір, медициналық тұрғыда дәлелденген. Өйткені, сәбидің кіндігін кескен кісінің биоөрісі балаға беріледі екен. Яғни, сәбидің болмыс-бітімі кіндік шешеге тартуы мүмкін деген сөз бұл. Бәлкім, соңғы кездері қазақ халқының генефондының өзгеріске ұшырауы кіндікті өзге ұлт өкілдерінің кестіргенінен болса керек. Өйткені, перзентханада кіндік шешені таңдап жатпайды ғой. Бірақ, ұлт болашағын ойлайтын болсақ, сәбилеріміздің кіндігін өзіміздің қазақтың әйелдері кесу қажет екенін де ойластырғанымыз абзал». (13.)
Бұл мәтелді аналар босанатын үйлерге іліп қойып, дәрігерлер тарапынан қадағаланып отырса болар еді.
БАЛА ТӘРБИЕСІ — БАРШАҒА ОРТАҚ
«Сәлем беру мен амандасу әдептіліктің ең алғашқы әліппесі. Нәресте сәлем беріп, амандасқанда үлкендер аман-сәлемді жай ғана қабылдай салмайды. «Таудай азамат бол! Көп жаса!» — алғыстарын жаудырады.
Мұның өзі баланы ынталандыра, құлшындыра түседі. Ол енді сәлем беруде, амандасуда қате жібермеуге тырысады. Үлкендердің жақсы лебізін естуге құмартады.
Егер бала сәлем беруді немесе амандасуды мүлт жіберіп алса, онда үлкен кісі жайлап қана ескерту жасап, аман-сәлем жасауға мәжбүр етеді. Қазіргі кезде көп айтылатын «Бала тәрбиесі — баршаға ортақ» — дейтін сөздің түп төркіні осында болса керек. Сөйтіп, қазақ даласында бала тәрбиесі тек өз ата-анасының ғана міндеті емес, дүйім жұрттың ортақ ісіне айналған». (2).
Осы сөз тіркесінің мәніне терең үңілмей, көбіміз атүсті қараймыз. Өкінішті-ақ.
БАЛА ТІЛІ — БАЛ
«Бір қызығы, … қытай деректерінде: „Түркілер баласын іске шалымды болсын деп, әрбір істе алымды болсын деп, жаңа туған сәбидің таңдайына бал тамызады“, — деген жазбалар кезігеді. „Бала тілі — бал“, „таңдайынан бал тамған“ деген сөздер бізге көне түркілерден жеткенінің дәлелі, міне осы». (М. Ахет. 47.4—15. 12. 2009.).
Былдырлап жаңа сөйлей бастаған сәбилер мен балдырғандардың тілінде үлкендер үшін қызықты, күлкілі болып келетін сөз қолданыс-тары жиі кездеседі. Сол себепті олардың күлкіге кенелтетін сүйкімді сөздерін тәтті балға теңеп, «Бала тілі — бал» дейді.
БАЛАНЫ ЖӨРГЕГІНЕН БАУЛЫ
«Бесік жырының бәрінде ананың мақсат-мүддесі негізгі нысана ретінде қамтылады. Ана тілінен, ана арманына асатын ұлы мұрат жоқ. Осы сүйіспеншілік бала құлағына бесігінен енеді. Ер жетіп, ат жалын тартып мінгенде баласының қандай азамат болып өсуі — ана жырының қайнары. Сол арман баланы ғана емес, тыңдаушыны да еліктіреді. Үлкен-кішінің жүрегіне ізгілік ұрығын себеді. Қазақтың „Баланы жөргегінен баулы“ дейтіні содан». (Қ. Толыбаев, 95.201-б.).
Бұл мәтелдің «Баланы — бастан», «Баланы бесіктен баулы» деген нұсқалары да бар. Бәрінің мағынасы бір, яғни, бала тәрбиесіне ерте бастан көңіл бөл, жастайынан баулып-тәрбиеле деген мағынаны береді.
БАЛАЛЫҒЫҢ ҰСТАСА, НАҒАШЫҒА БАР
«Қай кезде де нағашы мен жиеннің әзілі жарасып отырған. Мұндайда „Балалығың ұстаса, нағашыңа бар“ дейді. Байқағанымыздай, нағашы жұрт жиеннің еркелігін де, тентектігін де көтере білген. Нағашылары да жиенін ұтқыр әзілмен түйреп, жарасымдылықты, туыстар арасындағы татулықты көрсете білген». (А. Дүйсенбайқызы, 9. 27.06—3.07.2013.)
«Нағашылы-жиенділер кездескен жерде бір-бірімен әзілдесіп, ойнап-күліп жатады. Жиен мұндайда өзін еркін сезінеді. „Балалығың ұстаса, нағашыға бар“ деген осыдан шыққан». (С. Кенжеахметұлы, 43. 207-б.)
Жиеннің бал-балалық шағы мен еркелік дәуреніне нағашы жұрттың куәгер болып келетіні рас. Дегенімен бұл жерде нағашы жұрттың жиен алдындағы ыстық ықыласы мен кең пейілдігі дәріптеліп тұрғанын байқауға болады. Осы орайда бұл тіркестің «Балалығың ұстаса, нағашыңа бар, Жігіттігің ұстаса, қайныңа бар» деген толық нұсқасын да айта кетейік.
БАЛАПАННАН БАРШЫНҒА ЖЕТТІҢ
«– Бүркіттің ең алғашқы туғанын „балапан“ дейді. Екі жасарын — „қантүбіт“, үш жасарын — „тірнек“, төрт жасарын — „тастүлек“, бес жаса-рын — „мұзбалақ“, алты жасарын — „көктүбіт“, жеті жасарын — „қана“, сегіз жасарын — „жана“, тоғыз жасарын — „майтүбіт“, он жасарын — „барқыт“, он бір жасарын „баршын“ деп атайды. Тіліміздегі „бала-паннан баршынға жеттің“ деп жататын сөз — адамның өсіп-жетіліп, кемелденуін образды түрде осылай теңеп айтқаны». (Б. Момышұлы, 15.125-128-б.)
Негізінен қыздардың бой жетіп, толысқанын да осы сөз тіркесімен дәріптейді.
БАЛҚАН, БАЛҚАН, БАЛҚАН ТАУ,
О ДА БІЗДІҢ БАРҒАН (КӨРГЕН) ТАУ
«…Әзірше, қазақ ауыз әдебиетінде сақталған, мейлінше қазақтың скиф — сақ дәуіріне қатысы бар бір-екі нақыл жұмбақ сөздерге тоқтала кетейік.
«Балқан, Балқан, Балқан тау, о да біздің барған тау — дейтін нақылды, „Ұлың Ұрымға кетсін, қызың Қырымға кетсін“ дейтін қарғысты күні бүгінге дейін екі қазақтың бірі біледі. Бұл „мәтелдер“ біз сөз ғып отырған заманнан беріректе шығуы мүмкін. Өйткені скиф — сақ ұрпақтары варвар деген жалпы атпен кейініректе Балқанға да, Римге де бірнеше рет жорықпен барып қайтқан». (Б. Адамбаев, 1.263-б.).
Қиян түкпірдегі бір елді-мекенге немесе алыс шет елге барып, көріп-білгенін жеткізерде осы мақалға сүйенеді.
Ал «Ұлың Ұрымға кетсін, қызың Қырымға кетсін» деген мәтел бүгінде басқа жаңа мән-мағынаға ие болып, «Ұлың — Ұрымға, қызың — Қырымға» деген өзгеріске ұшыраған. Яғни, ұл-қыз өсіріп, оларды жетілдірген, үйлендіріп, жеке шаңырақ көтеріп, шалқып өмір сүрген отбасыны дәріптегенде немесе той-қуаныштарда ізгі тілек, бата ретінде айтылады.
БАЛТА ТҮСКЕНШЕ, БӨРЕНЕ ЖАЛ ТАБАР
«Бұл мақалды „Балта шауып үлгергенше, бөрене тыныс ала тұрады“ деген мағынада ұғу керек». (М. Әлімбаев.).
Бұл мақал ойлануға, кеңесуге, ақылдасуға мұрсат, уақыт бар деген мәнде айтылады.
БАЛЫҚ АУЛАЙ АЛМАҒАН СУДЫ ЛАЙЛАЙДЫ
«Адамзат тұрмыс-салтында мал бағып, егін егуді үйренбей тұрғанда-ақ, аңшылықпен қатар балық аулаумен айналысқан. Әуелі балықты тұйық жерге қуып қамап, қолмен ұстап, шанышқы, найзамен түйреп ұстаса, соңынан қайықты ойлап тауып, қармақпен аулауды, тор салуды үйренеді. „Балық аулай алмаған суды лайлайды“ деген мақал ертеден қалған». (С. Қалиев, М. Оразаев, М. Смайылова, 57.120-б.).
Қолынан іс келмейді, қайта бүлдіреді деген ойды береді.
БАРҒАН ЖЕРІҢ БАЛҚАН ТАУ–
ОЛ ДА БІЗДІҢ КӨРГЕН ТАУ
(Екінші нұсқасы) *
Біз барған, барып көрген жер деген мағынаны береді.
«Балқан тау. Қазақ аңыздарында кездесетін аңыздық таудың аты.
Барған жерің Балқан тау —
Ол да біздің көрген тау.
Бұл өлең жолдары аңыздық әңгімелерде жиі кездеседі, бірақ, ежелгі мифтік мағынасы белгісіз. Сарыарқада осы аттас тау бар делінеді.
Түркілік тарихи ареалда бірнеше Балқан таулар бар. Бірі — Солтүстік-батыс Түрікмениядағы Балхан таулары, екіншісі — оңтүстік европалық Балкан таулары, үшіншісі — башқұрт жерінде, Асылыкөл маңында, Давлекан ауданында, төртінші — Челябі облысында, Дема өзені аңғарында, Куншак ауданында. Балқантау туралы башқұрт эпосы — «Заятүлек пен Сусұлуда» айтылады. Мұндағы Балқан — байлық символы, мұнда аңның барлық түрі мекен етеді, жігіт пен қыздың молалары осы таудың басында делінеді.
Балқан — мифтік жерұйық, космостың, таза кеңістіктің, жалпы ғаламның моделі…». (С. Қондыбаев, 62.16-б.).
БАРСАКЕЛМЕСКЕ КЕТТІ
«Барсакелмес — Қазақстанда осы аттас сор да, арал да („Барссакелмес“ қорығы — К.О.) бар. Сондай-ақ ертегілерде бұл жер атауы жиі ұшырасады. Барсакелмес — өмір сүруге мүмкін болмайтын, адам өміріне қауіпті немесе өте алыста орналасқан жерлердің жалпы образдық баламасы. Күнделікті тілімізде алысқа, ұзақ сапарға кеткен адамды әзілдеп, „Барсакелмеске кетті“ дейтініміз де сондықтан». (С. Қондыбаев. 9. 6.10.99.)
Бұл сөз тіркесін кейде қаза болған адамға қаратып та айтады.
БАРСАҢ СЫМБЫЛ ДА ЖОҚ
«Сымбыл — сырғауыл. Сырғауылдан айырмасы, жіңішке және кәсіпке ыңғайлап дайындаған ағаш. Көбіне уық жасауға ыңғайлап, жас беректерін, бостандарын қырқып, сопа басын ғана қалдырған үш-төрт жылғы бұтақ. Берек, бостан — ағаш бұтағы, үрімі. Көбіне теректің, қарағайдың бостаны делінеді. Талдың бұтағы, тобылғының, алманың берегі дейді қазақ. Бұл күндері бостан да, берек те, үрім де ұмытылып, тілімізде жалғыз қалып барады. Терек осал ағаш, оның бұтағының бостан аталуы да, бәлкім, сондықтан болар. «Бостаны бар-ды теректің, болаты бар-ды беректің» (Шалкиіз).
Терек пен кегейдің қай түрі болса да мұндай кәсіби шаруашылыққа жарамайды. Сымбылдың сымбалдан айырмасы жалғыз ағаштығы. «Барсаң сымбыл да жоқ» деген осыдан қалған». (Б. Қыдырбекұлы, 69.89-б.).
Бұл мәтел кейде «Барсаң бақыр да жоқ» деп айтылады. Барсаң түк жоқ деген мағынаны береді.
*Балқан, Балқан…» тақырыпшасын қараңыз.
.
БАТА
«Тіліміздегі «бата» сөзінің араб тіліне де, ислам дініне де қатысы жоқ. Кейбір зерттеушілеріміз бұл сөзді Құранның «фатиха» атты бірінші сүресінің қазақшаланған түрі дейді. Бұлай деудің мағыналық тұрғыдан да, дыбыстық өзгеру заңдылығы тұрғысынан да қисыны келмейді. Байырғы араб тілінде «фатиха» — «кітап ашар», «сөз басы», «Құранның негізі» деген мағына береді. Ал қазақ тіліндегі «бата» сөзінің мағынасы мүлде бөлек.
Батаны әдетте қарт адам, үлкен орындағы адам, жолы үлкен адам береді. Мұның өзі бата берудің ислам дініндегі рәсім-қалыбынан гөрі, көшпелілердің Тәңірілік наным-сеніммен туындаған дәстүріне жуықтау. Аруаққа сыйыну, аруақтың назасына ұшырамау, сол үшін тілек айту, ол тілекті сол аруақты орындағы адамның айтуы көшпелілердің байырғы кісілік қалыбының дәстүрі екені айқын. Мұның дәлелін өзгеден емес, сол «бата» сөзінің тіліміздегі қолданысынан байқауға болады: бата, батагөй, батагөйлік, батадай, баталас, баталастыру, баталасу, баталы, батасыз, баташыл, теріс бата т. б. Міне осы ұғымдарды «фатиха» сөзімен шендестіріп қолданудың қисыны жоқ. Мәселен, «фатихалас» («баталас»), «фатихаласу» («баталасу»), «фатихадай» («батадай») деген тіркес-ұғым ислам қалыбына мүлде жат…
Демек, байырғы салт-дәстүрімізді, кісілік қалыптарымызды қит етсе болды ислам дінінің қанжығасына бөктере салу, түптен келгенде, өзімізді өзіміз жабайы етіп, тексіз, дәстүрсіз етіп көрсетудің бір түрі болып шығады. Тәңірілік наным-сенім өзге діндерге қарағанда өмір-дегі моральдық-этикалық дегдарлығымен, әлеуметтік-экологиялық өмірмен үндес демократиялық сипатымен ерекшелінеді. Біздің халықтың рухани болмысы ғасырлар бойы осындай үрдіс негізінде тәрбиеленген». (А. Сейдімбек, 94. 87-88-б.)
Бата сөздің ислам дініне дейін де халық дәстүрінде болғанын фольклоршы ғалым С. Нагимовтың келтірген мына дерегі де растай түседі: «Бата сөз тек қазақ жұртында ғана емес, түркі-монғол халықтарында бағзы заманда дәстүрге, салтқа айналған. Бурят елі мұны «юролы», ал алтайлықтарда «алқышы» немесе «алқыш сос», монғолша «еролы» деп аталады…
Монғол халқының салт, жорасында, атап айтсақ, киіз басу, жүн өңдеу, аңға шығу, құда түсу, қыз ұзату, келін түсіру, некелесу, отау тігіп, шаңырақ көтеру, жаңа құрылған киіз үйді жабдықтау — бата сөзсіз өтпейді екен…
«Монғолдың құпия шежіресі» кітабындағы:
Асқар таудай алып бол,
Атпақ күндей жарық бол, —
деген жолдар да жақсы лебізге, ізгі сезімге толы». «Ақ бата», «Жазушы», 1992ж., 7б.
Жоғарыда аталған халықтардың бәрі қазақтармен көнеден келе жатқан қоныстас, көршілес елдер. Соған қарамай олардың діндері исламға жуықтамайды: буряттар мен монғолдар — будда, лама дінінде, алтайлықтар — христиан. Ал, «Монғолдың құпия шежіресі» — ислам дінінің «иісі мұрнына бармаған» Шыңғысхан, шаманизм заманындағы кітап.
Ал, бата, тілек — бәрінде ортақ. Ендеше, бата, тілектің негізі қайда жатыр?
БАТЫР БІР ОҚТЫҚ, БАЙ БІР ЖҰТТЫҚ
«Қой шаруашылығында, жалпы мал шаруашылығында ең қиын, қауіпті кезең қыс кезеңі, оның ең қатерлісі — жұт деген жағдай. Қар қалың түсіп, арты жаңбырға айналып, соңынан күн суытып кетсе, қардың беті мұз болып қатып қалады. Қой өз бетімен жайыла алмайды да, аштыққа ұшырайды. Бұл жағдайда әуелі жылқыны жаяды, оның тұяғы мықты, қарды бұзып, ол жеңіл жұтқа қиналмайды. Жылқының соңынан қойды жаяды, сөйтіп, малды қыстан аман алып шығады. Бірақ аяз қатты болса, бұл амал да жарамайды. Онда көшуге тура келеді. Егер көшіп, шөбі мол жерге жетсе, ол жақсы. Ал оған шама келмей, жұт ауыр болса, қазақтың малы жұттың құрбаны болады. Мыңғырған байлар барлық малдан айырылып, жалшылыққа жалданып кететін жағдайлар кездескен. „Батыр бір оқтық, бай бір жұттық“ деген мақал осыдан туған». (С. Қалиев, М. Оразаев, М. Смайылова, 57.).
Мына алмағайып дүниеде бүгін бар болсаң, ертең жоқ болуың оңай деген мағынада айтылады.
БАТЫРДАН — САУҒА, АҢШЫДАН — СЫРАЛҒЫ
Біреудің олжасы мен табысынан сый дәметкен жағдайда, осы сөз тіркесін ауызға алады.
«Батырлар олжалы оралғанда, олардың қолындағы олжаның бестен бірі ханға тиесілі болады да, қалғаны соғысқа қатысқандарға үлестіріледі. Соғысқа, жорыққа қатысқандар олжадан сауға сұрап алады. Немесе тұтқынға түскен адамдардың бірін, тұтқын батырларды да қарсы жақтың адамдары сауға сұрап, оларды бас бостандыққа шығарып алу мүмкіндігі мен хұқын пайдаланған. Мұны сауға сұрау дейді. Кейде жеңілген жауынгер өз басын өстіп сұрап алып, бостандыққа шыққан немесе ауыр жазасын жеңілдеткен. Басын аман алып қалудың бұл жолын бас сауғалау дейді.
Ал аң-құс аулап, олжалы оралған аңшыдан олжасының бір бөлігін сұрап алу салтын — сыралғы деп атайды.
«Батырдан — сауға, аңшыдан — сыралғы» деген сөз содан қалған». (-)
БӘЙТЕРЕК
«Бәйтерек. Ғалам моделінің бір нақтыланып көрсетілген нұсқасы және ғаламның үш дүниесінің кіндік — осі, жалғастырушысы.
Ғазіреті Ғали тауында
Дарақ деген ағаш бар. (Қашаған).
«Ертегілер» жинағынан біз бәйтерекке қатысты тоғыз рет қайталанатын трафареттік сюжетті есептеп шығардық. Сол сюжеттер бойынша бәйтеректің образын аз да болса жинақтап көрсетуге болады.
Біріншіден, бәйтерек ғаламның орталығы болып табылатын киелі жерде, киелі бұлақ қасында орналасады. Ол үш дүниені жалғас-тырушы, төбесі — аспанда, тамыры — жер асты дүниесінде орналасқан. Екіншіден, бәйтеректің екі полюсінде алып қарақұс пен жылан — айдаһар бар, олар дуалистік қарама-қарсылықтың тұлғалануы болып табылады. Үшіншіден, бәйтеректің түбінде белгілі бір мифтік — киелі процесс өтеді, бұл — шамандыққа байланысты. Осы жерге батыр келіп жыланды өлтіріп, қарақұс балапандарын құтқарады, сол еңбегі үшін қарақұс батырды басқа дүниеге өткізеді. Бұл тұрғыда бәйтерек — ғаламдардың есігі болып табылады. Бәйтерек ғаламдық ағаш ретінде басқа мифтік дәстүрлерде де тараған. Мысалы, скандинав мифінде осындай ағаш Иггдрасиль, саха — якуттарда пайқайың деп аталады. Бәйтерек сөзінің этимологиясы бәй — «байырғы, түпкі, алғашқы, бірінші», терек — «тіріг» сөздерінен құралып, «өмір беруші», «алғашқы өмір» дегенді білдіреді.
Балама атаулары — дарақ, дарау, дара». (С. Қондыбаев, 62.18-19-б.).
Қазіргі кезде бәйтерек ұғымы — мықты діңгегіміз, тірегіміз, ұйытқымыз деген мағынаны да береді.
БӘЛЕДЕН МАШАЙЫҚ ҚАШЫПТЫ
«Бәледен машайық қашыпты». Бұл арадағы машайық сөзі араб тіліндегі «шейх» -тің көпше түрі. Ал машайық «қарт, қария» («Арабско-русской словарь». М., 1962, 533-бет). Өзбек тілінде машойих — «дін қызметкері», қырғызша машайық — «тақуа, дін тәрбиесін ұстаушы (адам)». Қазақ тілінде де сол мағыналарды және «әулие-әнбиелер жерленген көне мазарлардың шырақшысы, күтушісі» деген мағынаны (қар. Ш. Уәлиханов. Шығ., 129) білдіреді. Белгілі диалектолог ғалым Ж. Болатов Семей облысының Абай, Шұбартау аудандарында шайқы — «қожанасыр кісі», «алаңғасар», шайқы мінез тіркесі — «мінезі шәлкес, қияңқы» дегенді білдіреді деп көрсетеді. (Ә. Керімов, 51.).
Бұл мәтел біреуге тиіскісі кеп, түртіншектеп жүретін қияңқы, көп сөзді мылжың, пәлеқор адаммен айтысып-тартысып жатудан гөрі, көзіне көрінбей, қашып құтылған абзал деген ауыспалы мағынаны білдіреді.
БЕЗІ ЖОҚ ЕШКІ ПЫШАҚТЫ ТАБАДЫ
«Бабаларымыз малдың күйлілігін сауырына, бауырына, жауырына қарап айырған. Жай уақытта ешкінің семіздігін айыру мүмкін емес. Оны ешкі бағушы шекшектер жақсы білген. Ешкінің бұғасында екі безі болады. Жай уақытта ол көзге көрініп тұрады. Ал мал семіргенде қолдың жұдырығындай майға көміліп кете барады. „Безі жоқ ешкі пышақты табады“ деген мәтелдің тура мағынасы осындай». (Т. Майбас, 31. 25.06.2014.)
Безі жоқ семіз, қоңды ешкі соғымға кетеді, союға жарайды деген мағынаны береді.
БЕЙШАРАНЫ ЖҮНДЕЙ САБАПТЫ
«…Киіз басу дегенің үлкен бір мереке болатын. Әуелі ауылдың қыз-келіншектері киіз басатын үйге жүн сабауға жиналады. Әрқайсысының қолында жіңішке қатқан ырғайдан не тобылғыдан алынған екі сабау болады. Ортаға тері тулақты төсеп, үстіне бір құшақ күзем жүнді тастайды. Содан соң қыз-келіншектер айнала тізерлеп, алқа-қотан отыра қалып, қос қолындағы сабаумен тулақтың үстіндегі жүнді сабауға кіріседі. Қазақта әлдекім біреуден таяқ жеп қалса, „бейшараны жүндей сабапты“ дейтін сөз осыдан қалған». (Н. Қазыбеков, 56. 96-б.).
Киіз біртұтас, біртегіс болып шығу үшін, оған арналған жүн-жұрқаны алдымен сабап, түтіп жұмсартып, қопсытып алатыны да белгілі. Содан келіп, момын, қорғансыз адамдарды ұрып-соққанда немесе ұрсып жер-жебірене жеткенде «жүндей түтті», «жүндей түтіп жеді» деген сөз тіркестері де пайда болған.
БЕРГЕН ҮЙДЕ — БЕРЕКЕ,
БЕРМЕГЕН ҮЙДЕ БІТЕ БАР
«Жоққа жүйрік жетпейді, бар болса, берген жақсы. „Жасырғаның жоғалар, бергенің оралар“, — деп отырушы еді әжем марқұм. Ол кісі: „Берген үйде береке бар. „Берекем“ деген — періштенің аты. Бермейтін үйде біте бар, „біте“ деген — шайтанның аты. Пиғылы түзу адал адамның бергенінің есесін Алла өзі толтырады. Кіргеннің берекесін періштелер қорғап тұрады. Пейілден ортаймаңдар, мұқтажға қол созудан танбаңдар“, — деп отырушы еді рахметлік. Айналып келгенде мұның бәрі — халқымыздың даралығы мен дарқандығы»… (Б. Момышұлынан. 15.67-68-б.)
Мұндағы біте деп отырғаны көнеріп ескірген, тұрып қалған киім мен жүнге, мүлікке түсіп, оларды кеміріп бүлдіретін жәндік — күйені, құртты (моль) айтқаны. Иә, «бермейтін үйде» жатқан ондай зат, мүліктерге біте, күйе түсетіні рас қой.
БЕС БИЕНІҢ САБАСЫНДАЙ
«Жақсы әрі үлкен деген саба* бес жылқының терісінен жасалады. Зор денелі не етті-жеңді адамды «бес биенің сабасындай» екен деген сөз осыдан шықса керек.
«Төрт жылқының терісінен сабаның төрт қабырғасы шығады, оны сабаның бойы деп атайды. Сабаның бойы трапеция тәрізді пішіледі. Ал бесінші жылқының терісінен сабаның түбін шаршылап тігеді.
Болып-толып, кемеліне келген адамға «сабасына келіпті», ал ашуы басылған адамды «сабасына түсіпті» деген теңеу бар тілімізде. Ал сондай-ақ осыған байланысты халқымызда «Жалғыз ағаш пана болмас, жалғыз бие саба болмас», «Бес биенің сабасы, бес күн саусаң толмайды, жаманды қанша мақтасаң, жақсылардай болмайды» деген мәтел болса, Бұхар жырау: «Бәйбішеге жарасар еміздіктеген сабасы, келіншекке жарасар емшектегі баласы», — деген екен. (Д. Шоқпарұлы, 9.).
БЕС ЖАҚСЫ
Бес жақсы — қалыңмал немесе кісі құны ретінде төленетін дүние-мүліктің, малдың ең бағалы, басты деген бес түрі. «Бес жақсыны» кейде «бас жақсы» деп те атайды. Бұл «жақсылардың» түрі әр жерде әр түрлі: бір жерлерде оған нар түйе, жүйрік ат, қалы кілем, алмас қылыш, бұлғын ішік енсе, екінші бір жерде түзу мылтық, берік сауыт, бәйге аты, малдағы артық түйе және бір сырт киім жатады. Кейде мұндай жақсы аттар болмаған жерде әр жақсының орнына төрт ірі қараны немесе келісім бойынша басқа малды да, бұйымды да атаған…
*Саба — жүнін қырқып, ысқа салып, жылқы терісінен жасалған қымыз ашытатын ыдыс.
БЕС ТАҢБАЛЫ ҚЫПШАҚ
Орта жүз қыпшақ тайпасының құрамындағы ұзын, торы, көлденең, бұлтың, қарабалық руларынан өрбіген ұрпақты жинақтап, «Бес таңбалы қыпшақ» деп атайды. Шежіре дерегі бойынша Қыпшақтан — Сүлім алып, одан — Көбек алып, одан — Мүйізді, одан — Сары абыз, одан — «бес таңбалы қыпшақ» атанған Ұзын, Торы, Көлденең, Бұлтың, Қарабалық туған.
Шежіре дерегінің келесі бір нұсқасы Қыпшақ — Атансопы — Құл-ан-қытай — Сүлім алып — Мүйізді Сары абыз — Тоқтарбай — Қобылан-ды — Бөгенбай — Қаншошай — Қарадөң — Қарамерген деп келеді де, осы Қарамергеннен бес таңбалы қыпшақты өрбітеді. Бұл деректегі адамдардың басым көпшілігі қазақ фольклорындағы (жыр, ертек, аңыз) белгілі кейіпкерлер екені назар аударады». (А. Сейдімбек, 93. 434-б.)
БЕСҚОНАҚ
«Белгілі бір жұлдыздың батуынан келесі жылғы батуына дейінгі уақытты олар (есепшілер) бір жыл деп алды. Бұл аралықта 365 күн болатынын есепшілер жақсы білді. Осындағы 360 күнді шартты түрде 12 айға бөліп, әр айда 30 күн болады деп белгіледі. Қалған 5 немесе 6 күнді он екі айға қоспай, балақ күн немесе бесқонақ деп атады». (М. Ысқақов, 104. 220-221-б.).
Бесқонақ жұлдыздар ауысар кезде өтетіндіктен, бір күн боран, бір күн сырғыма, қатты жел болып, ауа райы құбылып тұрады. Сол себепті бесқонақ кейін келе амал атына айналып кеткен.
Қыс пен жаздың қақ ортасындағы (17—21 — наурыз аралығы) «түске дейін мүйіз, түстен кейін киіз» болып тұрып алатын «бесқонақты» есепшілер «Жуанның жіңішкерер, жіңішкенің үзілер тұсы» деп түсіндірген. Қазақ бұрын осы өлараны өткізбей жолаушы жүрмеген, көшпеген, жиын-той жасамаған, мал сойып, қонақ шақырмаған.
БЕС ТОҒЫСТЫҢ БЕТ ЖУАРЫ
«Наурыздың соңында шаруаға жайлы жағдай туғызар 5—10 күндік жауын-шашынды амал — Бес тоғыстың бет жуары. Бұл ай — ит шуақ, кемпір шуақ, ескек желді ай. Наурызда Үркер туа таң атады». (Ж. Кейкін, 42.).
БЕСІКСІЗ ҮЙДЕ БЕРЕКЕ ЖОҚ
Бұл — баласыз үйде береке жоқ дегені.
«Қай халықта да жұбайлар отбасын құрған соң, олар баласы болуын арман етеді. Себебі, бала — өмірдің жалғасы, отбасының жеміс берер гүлі, берекесі, ерлі-зайыптылардың тіреу-діңгегі. Сондықтан да қазақ халқы „Бесіксіз үйде береке жоқ“ деп ой топшылаған». (С. Қалиев, М. Оразаев, М. Смайылова, 57.).
БЕТКЕ ҰСТАР
«Ендігі әңгіме мейлі ханзада Сыңлы немесе Нулы болсын, біз айтып жүрген еш қазақ тайпаларының құрамында аты жоқ сақ ханзадасы болсын, әйтеуір бүгінгі қабырғалы қазақ халқының, дүниежүзі мәдениеті алдында бетке басар байлығы, ұлттық мақтанышы, рухани азығы, алтын тамыры екендігі анық». (С. Әмірбекұлы, Г. Айтжанбай, «Айқын», 09. 01. 2015.).
«Бетке басу» сөз тіркесі, «адамның айыбын, мінін, кемшілігін бетіне айту, көзінше ашық мәлім ету» деген мағынаны білдіреді. Әңгімеге арқау болып отырған ханзадаларымыз біздің бетке басар мініміз, кемшін тұсымыз емес, тамыры терең тарихымызды паш ететін ұлттық мақтанышымыз. Ендеше, бұл жерде «бетке басар» емес, керісінше, «үлгі тұтар, мақтан етер» деген оған кереғар мағынада жұмсалатын «бетке ұстар» тіркесі қолданылуға тиіс еді. Қаламы төселеген, көп жылдық тәжірибесі бар, тілді тәуір біледі деп саналатын белгілі журналист әріптестеріміздің осы сөз тіркестерінің мағынасын айырмады деуге сену қиын. Алайда, газет бетіне тайға таңба басқандай жазылған сәтсіз қолданыс көзге ұрып-ақ тұр». (Ш. Құрманбайұлы, 9. 5—11. 11. 2015.).
БЕТІНЕН БОЗДАҒЫ АҒЫП ТҰР
«Боздақ көктемде жүні күзелген түйе жануарының терісі үстіне күсқыртысы сорланып, тұз тәрізді бір зат бетіне жағылғандай көрінеді. Түйе терісінің күсқыртысындағы осы реңді қазақ тілінде боздақ деп атайды. Адамның қарны ашып, күйі кетіп, әлсіреген кезде, бет әлпеті, өң-түсі өзгеріп, қаны қашып, бозарып, сұрланып, беті шаңыттанып, бет түгі үрпиіп көрінген сол сәтін қазақтар „бетінен боздағы ағып тұр“ дейді. Бұл жалғаннан қыршын кеткендерді „боздақ“ дейді. Боздақ — кінәсіз, кіршіксіз жас, таза жастар, сүттен ақ, судан тұнықтар». (Ж. Бабалықұлы, 24.222-223-б.).
Бетінен боздағы шықты деген түрі де бар. Түр-кескіні бұзылып, өңі қашып, жағдайы болмай тұр деген мағынада.
БЕТІҢ ТІЛІНСІН
«Империя болып ғасырлар бойы дамығандықтан, Хун ордасында қатаң тәртіп болған. Кімде-кім ұрлық қылса, әлде басқа бір қылмыс жасайтын болса, бұдан былай ондай істі жасамас үшін әлгі айыпты адамның бетін тілетін болған. Тілінген жер өмір бойы тыртық болып қалады, демек бір кезде жасаған қылмысы мен қиянаты бүкіл өмірінде көрініп жүреді. Ондай адам екінші қылмыс жасауға батылы бармайды, себебі келесі жаза — өлім. Сондықтан осы күнге дейін қазақ арасында ұрысқанда, қарғағанда „бетің тілінсін“ деп айтады. Міне, сол заманмен тікелей жалғастырып тұрған әдет-ғұрыптың бірі — осы». (С. Өтенияз, 84.48-б.).
Ашу, ызалы жағдайда негізінен әйелдер тарапынан айтылатын сөз.
БОЗДЫ ЖЕРДЕ БОЗ ЖЫЛҚЫ СЕМІРЕР
«Боз от — бидайық, бетеге, қоңырбас, изен, ебелек, тағы басқа шабындық шөптердің жалпы атауы. „Бозды жерде боз жылқы семірер“ деген мақал осыдан шыққан. Бетегелі жондар, қауданды ойпаттар жылқыға қолайлы». (Ж. Әмірханова, 37.).
Бұл мақалды «бозды жерде боз жылқы ғана семірер деп тура мағынада емес, жалпы жылқы малы бозды жерде семіреді, қоң жияды деп ұғу керек.
БОЗҚЫРАУДЫҢ АМАЛЫ
«Бозқыраудың амалы. Қазақ сөздігі бойынша „бозқырау“ деп, қара күзде ағащтың бұтақтарында, шөптің бетінде болатын қырбықты айтады. Қазан айының 20-21-лері шамасында күн райы салқындай бастайды. Бұл суықта алғаш рет көкті үсік шалып, су бетіне қаймақ мұз тұрады. Осы айдың 20-25-і шамасындағы қардың көрінуін „ұшқын“ деп атаған. Қыс ұзаққа созылатын жылдары қарашаның 4-5-інде қар түсіп, жатып қалады. Осы айдың 17-19-ы шамасында қай жылы болмасын жылымық болып, кейде жаңбыр жауатынын халық есепшілері күні бұрын ел-жұртты хабардар етіп отырған». (Г. Исаева, 9. 24—30.09.2015.).
БОЙ ЖАСАДЫ
Адамның қайтыс болар, үзілер алдындағы көңіл көтеріп, сергек қалыпқа түсуі.
«…Өлген адамнан келер ешбір қауіп жоқ, тірі адамнан қорқу керек. Жаны ұшып кеткен марқұм тірілердің қамқорлығына мұқтаж болып қана жатады. Мен майданда өлімді көп көрдім. Өлімнің бетіне тура қарап жүрдім. Талай боздақтар көз алдымда жан үзді. Жаралы болып қансырап жатса да, алда өмірі бар адам мен татар дәмі таусылған адамның көзқарастары екі бөлек болады. Мен соны ұққан адаммын. Қазақта „бой жасады“ деген сөз бар. Көп адамдар бақиға аттанарда бір күн бе, бір сағат па, бір сәт пе — былайғы адамдарға тәуір бола бастағандай көрінеді. Мен ешқандай сәуегейлік жасаған жоқпын, ұқтың ба?..» (Б. Момышұлы.15. 318-б.)
БОҚЫРАУ
«Боқырау — күздің қар жауып, суық түсе бастаған кезі. Күздің бұл мезгілі Сары жұлдыздың (Есек қырған) көкке көтеріліп, жер-көктің суыта бастайтын, жер бетіне алғаш қырау түсетін кез. Мал аяғы қыстауға ілігіп, күйекке түсетін уақыт. Қазақстанның кейбір аймақ-тарында (Орталық, Оңтүстік облыстарда) бұл мезгілді „мал күйектейтін шақ“ деп те атайды». (Г. Исаева. 9. 24—30.09.2015.)
БОЛАТ КЕЗДІК ҚАП ТҮБІНДЕ (ЖАТПАС) ЖАТПАЙДЫ
«Бұл мәтел жайында ел арасында талас та, дұрыс айтпаушылық та көп. Сөзіміз дәлелді болу үшін баспасөз бетінде жарияланған екі мысалды ғана келтірейік.
«Ана тілі» 2005 жылғы мамырдың 26-сы. Тақырып: «Алмас қылыш қын түбінде жатпайды» (?) деп жазды.
Бұл мүлде дұрыс емес! Өйткені, ол қылыш туралы емес, ол: «Алмас пышақ қап түбінде жатпайды!» деп айтылады. Дұрысы сол! Енді қылыш туралы: біріншіден, қылыш алмастан жасалмайды, екіншіден, қылыштың қабы қын емес, қынап! Қын пышақтың, кездіктің қабы. Бір метр қылыш бір қарыс қынға қалай сияды? Міне, білмей, білуге де талпынбай жаза салу деген осы». (Ү. Тастанбеков, 9. 10—16.07.2014.).
«Болат кездік қын түбінде жатпайды» делінген нақылымызды: бірі «алтын кездік», бірі «асыл кездік», енді бірі «алмас кездік» деп «анықтап» әлек. Қазақ кездікті алтыннан да, алмастан да емес, болаттан жасаған. Сондай-ақ, бұл «анықтағыштардың»: «Алмас қылыш қын түбінде жатпайды» дейтінін қайтерсің. Қын-пышақ пен кездіктің қабы, ал қанжар, қылыш, семсердің қабы — қынап». (Ғ. Қабышұлы. 47. 19.09.2014.).
Ал бұл мәтелдің тағы бір нұсқасын белгілі ақын, этнограф Өтебай Тұрманжанов «Қазақтың мақал-мәтелі» жинағында (Алматы-1980, 121-бет) «Болат біз — қап түбінде жатпас» деп келтіріпті.
Біздің ойымызша, қисын, логикаға келетіні: «Болат кездік қап түбінде (жатпас) жатпайды» деген нұсқасы болар. Өйткені, өзіне сайланып жасалған қында тұрақтап тұратын өткір кездік қаптың түбіне тастаса, оны тіліп түсетіні белгілі ғой.
Ал енді мәтелдің мағынасына келсек, бойында талап-жігері, өнер-өрісі бар адам құр бекер жатпайды, елге, жұртқа пайдасын тигізеді, бойындағы сегіз қырлы өнерімен, өткірлігімен жарқырап шығып, елге атын танытады деген ойды бейнелейді.
БОТА ҚАЛЖЫҢ
«Қазақ — малжанды халық. Табиғатындағы жарасымды бір мінез-құлыққа зер сала қарасақ, төрт түлік малынан да байқалады. Мәселен, ел ішінде бота қалжың деген сөз бар. Жас бота бір-бірімен ойнағанда ерке баладай қылықтанады. Ауыздарын маймаңдатып, енді болмаса опырып тістеп алатындай ыңғай байқатады. Жануар, ол еркелігін иесіне де жасайды. Шыбықтай бұралған тізесімен қағып қалатын да әдеті бар… Сөйтіп жеңіл ойынға, қалжыңға шақырады. Қазақтың „бота қалжың“ деген сөзі осыдан өрбісе керек». (Д. Қонаев, 61.303-304-б.).
«Бота қалжың» — жеңіл, зілсіз, ойнақы қалжың дегені. Қазақ арасында мұндай қалжың әсіресе достар мен құрдастар, нағашы мен жиен, жезде мен балдыз арасында жиі айтылады.
БӨГЕЛЕГІ ҚУРАҒАН
«Қазақта отбасы сөзінің ауыспалы мағынасы — шаңырақ. Қара шаңырақ бүкіл әулетті айғақтайды. Себебі, жоғарғы әлемнен құт-несібе шаңырақ арқылы үйге құйылады. Сондықтан оның тура астына қазан тосылады. Шаңыраққа кепкен төстік, үрген қарын ілінеді. Ертөстіктің анасы сол төстікті жеген соң оны туғандығы ертегіде айтылған. Шаңырақтың күлдіреуіштерін бекіте түсу үшін кесе-көлденең байланатын кесінді ағаштарды бөгелек деп те атайды. Жалпы, көшпелілер түндікті, шаңырақты, бақанды ұрпақтың өмірге келу салтымен көп ұштастырады. Мәселен, бала көтермеген әйелді „бөгелегі қураған“ деп те жазғыратын болған». (А. Тойшанұлы.).
БӨРІСЫРҒАҚ
«Ұлы даланы мекен еткен жұрттың әр аймақта әр айда болып өткен уақиғаға байланысты, сол айға қосымша ат таға салуы да болған. Ақпан-Тоқпан әңгімесі соның бір ғана көрінісі деп қарастырған жөн болар. Бұл айдағы бар қазаққа белгілі қыс амалы ақпанның 17-23-і арасында өтетін „Бөрісырғақ“ бораны. Осы боранда даланың көкжалдары жұптасып, 62 күннен соң бөлтіріктерін туады».
Халық аузында бөрісырғақ боранды-шашынды амалдардың бірі. Бұл амал кезінде боран-шашынмен ұйытқып сырғақ жүреді. Ал сырғақ деп бұршақтан кіші мұзды қар түйіршіктерін айтады.
БҰҒЫНЫҢ МОЙЫН ЖУАРЫ
Жауын-шашынды күндер.
«Қазан айының соңында, қарашаның бас кезінде 5—10 күндік жауын-шашынды кезде бұғы маралмен насай-топыр құрады. Он бес тоғысқа сәйкес келетін бұл амал — «бұғының мойын жуары». (Ж. Кейкін, 42.14—6.).
«Қазанның 20-жаңасынан Бұғының мойын жуары амалы басталады. Бұл мезгілде бұғының түгі түсіп, әбден семіреді. Мойны жуандайды. Бұрынғылар бұғының осы өзгерістерін негізге алып, осы мезгілді бұғының мойын жуары деп атаған сыңайлы. Тағы бір дерек, бұл атау бұғының тау басындағы қарға мойнын сүйкеп жуғанын мегзейді дейді. Кей өңірлерде бұғының мойын жуандауы деп те атайды.
Жыл есепшілері бұғының үйірге түсуіне ерекше көңіл бөлген. Егер бұғылар үйірге ерте түссе, қыс аяғы созылады деп топшылаған. Осы амал кезінде бұғылар жарай бастайды, бұл үйірге түсудің алғашқы дайындығы есепті». (7.).
БҰЛ МЕНІҢ ҚОЛЫМ ЕМЕС,
ЖАҚЫП ПАЙҒАМБАРДЫҢ ҚОЛЫ
«Құмалақ бөлу — құмалақты оң қол мен сол қолдың көмегімен үш топқа жіктеу. Құмалақшылардың айтуына қарағанда, қырық бір құмалақ тұтас күйінде киелі саналады. Оны үшке жіктеген кезде бөлінбейміз деп дау шығарады екен. Сондықтан да, оны бөлген кезде, „Бұл менің қолым емес, Жақып пайғамбардың қолы“, — деп бөлу керек дейді. Құмалақты басқа, жүрекке және өкшеге деп үш топқа ыдыратады». (Т. Міштайұлы, 9. 28.03.91.)
Құмалақшылардың бал ашқанда, сыйынатын пірлері Жақып пайғамбар болса керек. Құмалақшылар мен балшылар осы сөзді айта отырып, өздерінің құмалақтары мен балына қасиет дарытады.
БҰЛАҚ КӨРСЕҢ, КӨЗІН АШ
«Бала кезімізде бұлақтың көзін тазалауды парыз деп білдік. Әсіресе, наурыз кезінде. Ата-әжелеріміз: „Бұлақтың көзін ашу — Меккеге сапар шеккендей сауабы үлкен, қасиетті іс. Су бар жерде тіршілік бар, бұлақтың көзі ашылса, су мол болады. Су мол болса, шөп те, гүл де жайқалып өседі, егін бітік шығады. Адамдар мен жан-жануарлар тоқ болады, олар тоқ болса, бір-біріне қастық жасамай, бейбіт жүреді. Бастау — бұлақтардың көзін ашқандарың — өмір-тіршіліктің де көзін ашқандарың,“ — дейтін еді. Осыны естігенде тіршіліктің тірегі бізге қарап тұрғандай қанаттанып, бірде-біріміз қалмай бұлақтар мен тұнбалардың көзін ашып, су ағатын жылғалардың жолын тазалауға кетуші едік. Бұл — біз үшін өзінше бір ғажайып серуен секілді еді әрі табиғатты аялаудың, қорғаудың талғамы мол тамаша үлгісі, халық өнегесі болатын». (3.)
Ауыспалы мағынасы: Талапты жас көрсең, қолдап-қуаттай біл, білім бер, үйрет, баулып, көзін аш дегенге келеді.
БҰЛ НЕ ОТТАП ОТЫР
Мылжыңдап бос сөйлеп кетті, көп сөйлеп, адамның берекесін алды деген кейістікті білдіреді.
«Қазақ даласының табиғаты отқа мол, кейбір жері суға тапшы. „От“ дегені „шөп“. Малдың шөп жеуін қазақ „оттау“ дейді. Бос немесе теріс сөз айтатын адамдарды да қазақ „бұл не оттап отыр“ дейді. Онысы адамды адамға емес, хайуанға теңегені». (С. Мұқанов, 77.86-б.).
БҮГЕ-ШІГЕСІНЕ ДЕЙІН
Бүге немесе Бүк — асықтың дөңес беті жоғары қарап жатады.
Шіге немесе Шік — асықтың бүгесіне қарама- қарсы шұңқыр қапталы. Тіліміздегі — «Бүк түсіп жатыр», «Бүге-шігесіне дейін» деген сөз тіркестері осыдан қалыптасса керек». (Д. Шоқпарұлы, 9. 17.02.94.)
Егжей-тегжейіне дейін немесе бұлтарыс-қалтарысына дейін (қарады, анықтады) тексерді дегенді білдіреді.
БҮЙРЕКТЕН СИРАҚ ШЫҒАРАДЫ
«Қысқы азыққа, яғни соғымға ірі қара мал сойылған. Әсіресе соғымға жылқы малы көптеп сойылады. Орта дәулеттілер бірен-сарандап, ал тұтас жылқы союға әлі келмейтіндер бірігіп бір жылқының етін жартылап немесе сирақтап алатын болған. Тұтас малдың етін жартыға бөлу оңай да түсінікті, ал сирақтап бөлу дегеніміз — тұтас малдың етін төртке бөлу. Мұндай бөліске жататын мал етін алушыларды риза қылатын қасапшылар. Олар өз ісінің шебрі саналады. Сондықтан қазақ шеберлік жайы сөз болғанда немесе сөзін жөндеп сөйлей білмейтіндерді кекесін ретінде „бүйректен сирақ шығарады“ деуі осыдан». (С. Мұқанов, 77.117-б.).
Бар нәрсені бүлдіреді, болайын деп тұрған істі бөгеді, түзу, жөн істің шырқын бұзды деген мәнде қолданылады.
БҮК НЕ ШІК ТҮСТІ
«Асықтың дөңестеу арқа жағының үстіне қарап етбетінен түсуін бүк немесе бүк түсті деп атайды. Ал егер дөңестеу арқа жағы жер жастанып, шұңқыр болып келген кіндік тұсы үстіне қарап шалқасынан жатса, оны шік немесе шік түсті деп атайды. Асықтың осылай бүк, не шік болып жатық түсуінен «Бүк не шік түсті» деген сөз тіркесі пайда болған. Бұл сөз тіркесі екі жақ болып бәстескенде, өзара жеребе тастағанда айтылады. Оның орысша баламасы — «орел и решка». Олар металл теңгелердің түсуі арқылы жеребелерін анықтаса, қазақтар асық арқылы «Бүк не шік түсті» деп анықтаған. Жеребе тастаудың бұл ұлттық нұсқасын ұлттық спорт түрлеріне кеңінен пайдаланса, игі болар еді.
БҮЛІНГЕН ЕЛДЕН БҮЛДІРГЕ АЛМА
«Бүлдірге — қамшы, найза, сойыл, т.б. қару-жарақтарды білекке іліп алу үшін қайыстан немесе былғарыдан тағылатын жіңішке бау. Халық шеберлері бүлдіргені көбенесе іске жарамсыз сыдырынды қайыстан тағады.
«Бүлінген елден бүлдірге алма» мақалында бүлдірге түкке тұрмайтын «арзан» зат ретінде қолданылып отыр. Яғни, халық даналығы: «Бүлінген елге зәредей, иненің жасуындай қиянат келтірме, зиян іс жасама», — деп отыр емес пе?!» (Д. Шоқпарұлы, 9. 1992.).
Бүгінде бұл сөз тіркесі жер сілкінісі, су тасқыны сияқты табиғат апаттарынан қираған, өрт жалмаған үйлерден зат, дүние-мүлік алуға қызықпа, олардың иесінің қайғысына қиянат жасама деген мәнде қолданады.
БҮРКІТ ҚАРТАЙСА, МОЛА БОЛАДЫ
«Қартайған бүркіт еріншектеніп, ірі аңдарға жөнді түспей, ұсағына ұмтылады. „Бүркіт қартайса тышқаншы болады“ деу сондықтан. Тым қартайған бүркітті еркіне жіберу салты бар». (С. Мұқанов, 77..95-б.).
«Қазақта „бүркіт қартайса, тышқаншы болады“, „бүркіт қартайса, мола болады“ деген сөздер бар. Тісі пышақтай түлкі мен тұяғы пышақтай қоңыр аңдарды алуға шамасы жетпейтінін шамалаған қыран қартайып, әлден тайғанда, „тышқаншы“ болмағанда не істейді. Икемділігі жетсе, иек артпадан сарт етіп бір тышқанды қолға түсіре алса, одан үлкен олжа бар ма. Тышқан қорыққа жақындау жерден молаға қонып, моладан ұшпаса, „мола да“ атанбас еді. Осының бәрі де қыран өмірінің ең соңғы кездерін бақылаған құсбегілердің сарапты тұжырымынан шыққан өте орынды айтылған дәлелді сөздер». (Ж. Бабалықұлы, 23.76-77-б.).
Бұл мақал адамға қаратылып та айтылады. Яғни, адам қартайса, күш-қажыры азайып, қарым-қабілеті төмендеп, бүркіт сияқты іс-қарекеті майдалап кетеді дегенді ұқтырады.
БІЗ АТСАҚ, ТАСҚА ТИЕДІ,
ЖАҚЫПБЕРДІ АТСА, БАСҚА ТИЕДІ
Бұл сөз тіркесі адамның мергендігін, әбжілдігін дәріптегенде ауызға түседі.
«Атақты Қарқара көтерілісінің батыры, Әлмеректің ұрпағы Тазабек бидің немересі Жақыпберді асқан мерген болған. Атқан оғы мүлт кетпейтін қолмергенге қатысты әңгіме, дерек көп.
Қулық тауында Жақыпберді жасақтарымен атысқан ГПУ-дің әскері: «Біз атсақ, тасқа тиеді, Жақыпберді атса, басқа тиеді» деп одан үрейленеді екен. Батырдың серігі, Жақыпбердімен бірге атылған Әуезхан ақын «Тас түрмеде туған жыр» атты дастанында Жақаңның Айырлы асуында жалғыз оқпен аэропланды атып түсіргені баяндалады». (О. Қауғабаев, 31. 29.05.2013).
БІЛГЕНГЕ — МАРЖАН,
БІЛМЕГЕНГЕ — АРЗАН
Не нәрсе болсын оның сыр-мәнісін білмесең, аяғыңның астында жатса да, керек қылмайсың, жерден көтеріп те алмайсың, тас құрлы құны да болмас еді.
Ал егер оның сыр-мәнісі саған белгілі болса, яғни қасиет-сырын білетін болсаң, оны іздеп, керегіңе жаратып, пайдаға асырар едің. «Керек тастың ауырлығы жоқ» деп, жерден көтеріп алып, бағалайтын да едің деген мағынада ұғынады.
«Ерте кездің өзінде үйдің ауасын тазартуға адыраспан түтінін пайдаланудың екі түрлі пайдасы бар екен. Бірінші — үйдің ауасын тазартып, иіс-қоңысты кетірсе, екіншісі — үй ішін жылан-шаян, қара құрттардың жолауына кедергі жасайды екен. Бабалар осының бәрін өмір тәжірибесі арқылы пайдаланған. Адыраспанның емдік қасиет-терін біздер де пайдалансақ, еш артықшылығы жоқ. Түптеп келгенде, білген істің зияны жоқ. Сол үшін бабалар: „Білгенге — маржан, білмегенге — арзан“ деп қорытқан». (З. Мейірманов, 76. 81-б.).
Біліп, таныған нәрсенің бір пайдаға, қажетіңе жаратасың, сондықтан да ол — құнды, бағалы, қадірлі. Ал сыр-құпиясы белгісіз нәрсені қанша бағалы болса да керегіңе жарата алмайсың. Демек, оның құны көк тиын, тегін берсе де алмайсың. Міне, «Білгенге — маржан, білмегенге — арзанның» мәнісі сол.
БІЛМЕСЕҢ, БІЛДІРЕМ,
БІЛСЕҢ, БҮЛДІРЕМ
«Ақпан — «ақ ықпа» сөзінен шыққан. Бұл ай ішіндегі ауа райының аумалы-төкпелі, құбылмалы сойқандығын білдіреді.
Қаңтар — аяз айы, ақпан — боран айы,
Қаңтар бөгет салады, оны ақпан бұзады,
Ақпан — қайталаманың ақ бораны,
Ақпан: «Білмесең, білдірем, білсең, бүлдірем» —
дейді». (Ж. Кейкін, 42.153-б.).
Бұл сөз тіркесін тек ақпан айына ғана емес, сел, су тасқыны сияқты табиғат апаттарына қаратып айтуға да келетіндей.
БІЛСЕ БАРЫМТА,
БІЛМЕСЕ СЫДЫРЫМТА
«Қазақтың жесір дауы барымтаға соқтырған. Барымта жәбірлік көрген елдің (рудың, атаның) жәбірлеген елден (рудан, атадан) зорлықпен мал, әсіресе жылқы айдап алуы. Әдетте, бұл әрекет түн мезгілінде жасалады. Жәбірленушілерден бір топ салт атты жәбірлеушілер еліне түн жамылып барады. „Барымта“ ру намысына жататын ұғым. Ол намысқа шаппайтын ағайын қалмаған. Олар өздеріне қарсылас елдің кез келген жылқысын айдап әкете берген. Оны білдірмей сіңіруге тырысқан. Қазақтың „Білсе барымта, білмесе *сыдырымта“ деуі содан». (С. Мұқанов, 77.64-б.).
Бүгінгі «рейдер» деп жүргеніміз де сол барымта мен сыдырымтаның айналасы ғой.
БІЛІМДІНІҢ БЕТІ ЖАРЫҚ,
БІЛІМСІЗДІҢ БЕТІ — КӨН ШАРЫҚ
«Шарық — теріден тігілген, үй іші, ауыл ішінде жүріп-тұруға қолайлы, жайлы, қара-дүрсін аяқ киім. Оны кейде шәркей деп те атайды.
Шарықты үш түрлі теріден жасайды. Бірінші, иленбеген шикі (шылғи) теріден жасалынады. Оны көн шарық деп атайды. «Білімдінің беті жарық, білімсіздің беті — көн шарық», — деген мәтел содан шыққан». (А. Сейдімбекұлы, 92.).
Яғни, бұл мәтелде «білімсіздің беті — көн шарық» деп, білімсіз адамның ауыл, үй арасынан ұзап шыға алмайтын надандығын, иленбеген терідей шикілігін тұспалдап тұр.
*Сыдырымта — біреудің бөлінген малын өз малына қосып алып, сіңіріп кету әрекеті.
БІР ЖЫЛҒА ҚОЯН ТЕРІСІ ДЕ ШЫДАЙДЫ
Арзанқол киімге немесе затқа қаратып айтылады.
«Кедей адамдар ішікті қоян, тараққұйрық (сарышұнақ) сияқты арзан терілерден де жасаған. Бірақ олардың сапасы онша болмайды. Сондықтан „бір жылға қоян терісі де шыдайды“ деуде де мән бар». (С. Мұқанов, 77.119-б.).
БІР ҚАРЫН МАЙДЫ БІР ҚҰМАЛАҚ ШІРІТЕДІ
«…Сиыр не қой сүтінен ашытылған айранды жиып, күбіге құйып, бұлғап піседі. Осы шайқаудың нәтижесінде сары май пайда болады. Майды қолмен алып, суын әбден сығып, тұздап, қой қарнына салып, сақтап қояды. Арасында су немесе бір түйір бөтен зат қалса, май көгеріп, дәмі де бұзылады. „Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді“ деп осындайды айтқан». (С. Кенжеахметұлы, 43).
Көптің ішінен бір нашар, бұзық адам шықса, солардың жасаған кесірі бәріне, басқаларға да тиеді деген ойды білдіреді.
БІР ҮЙ АШ БОЛСА — БІР АУЫЛҒА САЛМАҒЫ ТҮСЕДІ
БІР РУ АШ БОЛСА — ТҰТАС ЕЛГЕ САЛМАҒЫ ТҮСЕДІ
«Дала төсіндегі өріс-қоныс ала-құла болмай, бір жер тығыз, келесі жер бос болмай, тұтас пайдаланылу үшін шаруашылығын келістіре алмаған рулар ұдайы дәулетті рулардың ішіне сіңіп отырған. Мұның өзі көшпелі өмір салт құрылымын әлсіретудің орнына нығайтуға себепші болған. „Бір үй аш болса — бір ауылға салмағы түседі, бір ру аш болса — тұтас елге салмағы түседі“ дейтін қазақ мәтелін осындай өмір тәртібі дүниеге әкелген». (А. Сейдімбек, 94. 117-б.)
Бүгінде аштық мәселесі шешімін тапқанымен, жоқшылық, кедейшілік ауыл, қала демей үлкен әлеуметтік мәселеге айналған. Мұндай өткір мәселелер жұмыссыздыққа байланысты туындайды. Жұмыссыздық адамның отбасына ғана емес, денсаулығына, жүйкесіне де салмағын түсіреді.
Ғ
ҒЫЛЫМ ТАППАЙ МАҚТАНБА,
ОРЫН ТАППАЙ БАПТАНБА
«…Абай адамдарды осы дүниеде игілікті еңбек етіп, өнер-ғылым тауып, өз тіршілігін оңалтып, рақат көруге насихаттайды. Халықты өнер-ғылым жолына жұмылдырады: „Ғылым таппай мақтанба, орын таппай баптанба“, „Болмасаң да ұқсап бақ, бір ғалымды көрсеңіз. Ондай болмақ қайда деп, айтпа ғылым сүйсеңіз“ дейді». (М. Қани, 348-б.)
Бұл мақалдың мәнісі, бір кәсіп, мамандықтың ғылымы мен өнерін, білімін жан-жақты толық меңгеріп алмай мақтанба; егер кәсіп, мамандық, жұмыты игерсең, ол қызметке орналасып алмай баптанба, көңіліңді орнықтырып жайланба, ары қара ізденуіңді жалғастыра бер деген ойды ұқтырып тұр.
Д
ДӘМ — ТҰЗЫ ТАУСЫЛДЫ
«Алтыншы қазына — Тұз. Тұз Алланың адамдарға ғана емес, барлық жан-жануар, өсімдіктерге берілген несібе үлесі делінеді. Қазақтар тұзды нанмен қатар қояды. Қайтыс болған адамды „дәм-тұзы таусылды“ десе, әлдебір қауіп-қатерден аман қалғанда „татар дәм-тұзы бар екен“ деп жатады. Қарғыстың жаманы да — „дәм-тұзым атсын“ дейтін сөз. Опасыздық жасағанды „дәм-тұзды аттады“ дейді… Қазақтар тұзды баспайды, тұзды төгіп-шашпайды, тұзға түкірмейді. Бұл — қатал тиым. Обал болады, өйткені тұз қасиетті». (Б. Момышұлы,15. 293-б.)
Сондай-ақ дәм-тұзға байланысты: «Дәм-тұзы (тұз-дәмі) сақтады», «дәм-тұзы (тұз-дәмі) жараспады», «дәм-тұзын (тұз-дәмін) ақтады», «дәм-тұзы араласты» деген тіркестерді де атай кеткенді жөн көрдік.
ДӘСТҮРДІҢ ОЗЫҒЫ БАР, ТОЗЫҒЫ БАР
«Бұл — ертеден бар сөз. Кейбір дәстүрлеріміз бұрын болған, бірақ қазіргі заманға қисыны келмейді, соны „тозығы“ деп отырған. Сенімен бірге жасасып, саған өзінің рухани азық ретінде пайдасын тигізіп жатса, онда оны озық дәстүрге жатқызамыз. Құсбегілік туралы да көп еңбектендім. Құсбегілік — өте жақсы ғылым. Мұны озық дәстүрге жатқызса болады. Кеңес өкіметі қазақтың асыл тұқымды жылқыларын жойып жібере жаздады. Енді қайтадан осы жылқыны көбейте алмай жатырмыз. Бірақ жылқы малын көбейтуге халықтың ниеті зор. Осыны озығы бар дәстүр десек болады. Бір кездері кәдеге асқан дәстүрлеріміз уақыт өте келе жарамсыз болып қалады. Өмір түгел, жаңарып, заман өзгеріп отырады. Жаңа дәстүрлер, жаңа салттар келеді. Бұл да — өмірдің заңдылығы». (Ж. Бабалықұлы, 24.96-97-б.).
Дегенімен, халқымыздың өмір салтында ХХ-ғасырдың табалдырығынан бері аттай алмай қалған «барымта, әмеңгерлік, қалыңмал» сияқты дәстүрлердің болғанын кино, әдебиет, тарих арқылы хабардарсыздар. Ол дәстүрлер бүгінде қолданылмайды, демек, олар тозығы жеткен дәстүрлер.
ДЕҢГЕНЕ ЖЕСЕҢ ЕТТІ,
СҮЙЕГІ ЖЫРТАР БЕТТІ
Бесплатный фрагмент закончился.
Купите книгу, чтобы продолжить чтение.